"Бала сату" деген масқара қайдан шықты?!
2014 ж. 02 маусым
5700
2
Қазаққа жат қылық – бала сату, соңғы кездері елімізде үдеп тұр. «Заманы осы болса қайтеді» десіп, бізде оған тосырқап қарап жатқан ешкім жоқ. Бірақ сол заманның туған баласын ата-анасы ырқынан тыс айыратын аяр қауқары барын көп қазақ біле бермейді, содан кейін де бейқам сынды. Әйтпесе ювенальдық, яғни бала құқығын қорғайды деп жүрген халықаралық заңнамамыз, керісінше батыстың әлсіз қоғамды азғындаушы террор тетігі боп шығуда. Сондықтан бүгіндері әлеуметтіктен үлкен саяси дауға айналған бұл мәселе оңайшылықпен шешілмейтінін байқатып тұр...
30 жыл бойына үнсіздік сақтаған Еуропаның әйелдері соңғы кездері ғана ішкі запыранын сыртқа шығарып, әлемге бар құпиясын жайып салуда. «Бала – бауыр еті» демекші, Батыста баласын тартып алған билігіне қарсы келуде ана байғұс шарасыздық танытып, ах ұруда. Өйткені Еуропа мемлекеттерінде дүниеге сәби әкелген ананың баласына қатысты екі құқығы бар. Біріншісі – туу құқығы. Екіншісі – бала тәрбиелеу құқығы. Екеуі де зор талаптар мен заңдық шектеуден тұрады. Еуропада бала көтерген күннен бастап жүкті әйел тіркеуге алынып, жіті бақылауға алынады. Мәселен, жүкті әйелде түсік тастау қаупі туындаса, онда батыстың дәрігерлері әй-шайға қарамайды, баланы алдыртып тастайды, тіпті туу мерзімі жақындап тұрғанын да есепке алмайды. Себебі, біріншіден, ана денсаулығына қауіп төнбейді, екіншіден, дүниеге «сапасыз» сәби келмейді деп есептеледі. Ал бізде дүниеге сәби әкелгенше дәрігерге тіркелудің өзін ойламайтындар да бар, оны тіркейін деп іздеп, басын ауыртып жатқандар да жоқ. Ал түсік тастау қаупі туындаса, елімізде шарананы соңына дейін сақтап қалуға бар медициналық мүмкіндік жасалады. Әрине, бұл бұған дейінгісі, ал бүгінгі жайт бұлыңғырлау екені анық. Соңғы кездері бізде ана мен бала өлімі жиі тіркелуде. Онда да көбіне ауруханаға барғанда айырылып қалып жатамыз. Бұл да көп күдік тудыратын мәселе. Бәрінен масқарасы, ювенальдық құқық бетпердесінің ар жағында үлкен азғындықтың тұрғандығы: бала тууды шектеу, баланы алдыртып тастауға оң ықпал ету, баланы тауар ретінде түрлі мақсатқа пайдалану. Мүмкін бір жыныстағылардың отбасы құра беретін мемлекет билігіндегілердің сәбиге деген мұндай қатыгез қарым-қатынасы қалыпты да шығар. Құдай оның бетін әрі қылсын, мұндайды бізге жақындатпасын дегіңіз келеді. Алайда біз осы негіздегі халықаралық заңнаманы ратификациялап қойған ел екенімізді естен шығармалық. Одан зардап шегушілер жоқ емес, бар, әсіресе әлеуметтік осал топтар. Бірақ цифрі, әзірге батыстағыдай көп көлемде емес. Батыста ана бала тәрбиесіне лайық екенін үнемі дәлелдеп отыруы керек. Әйтпегенде соттың шешімінсіз мемлекеттік мекеме ата-анасы жанында жүрген баланы бір күні кеп «тәркілеп» алып кетуге құқылы. Ата-ананың бірінің маскүнемдігі немесе тағы басқа әлеуметтік себеп – зор факті. Мұндайда ешқандай дау жоқ. Бала мемлекеттікі болады. Ал ата-ананың бірі баласына зекіп немесе «тәртіптеймін» деп біздегідей құйрығынан тартып жіберсе бұл отбасыны бала құқығынан айыруға негізді факті бола алады.
Бәрінен бұрын заң есі толық жетілмеген баланы ата-анасын жамандауға итермелейді, сенім телефоны немесе сауалнама жауаптары арқылы. Егер олар (әлеуметтік сала қызметкерлері) коммунальдық төлем бойынша қарызы барын, баласына қалта ақша бермейтінін білсе, не болмаса, аяқ-асты сау етіп үстерінен түскенде баланың бөлмесі шашылып жатса, тоңазытқышта сүт өнімдері мен көкөніс болмаса, бірден баланы әкете береді. Сол секілді заңда әлеуметтік қызметкер жалақысы жұмыс көлеміне сай төленетіні жазылған, яғни «тәркіленген» бала санына қарай олар жақсы жалақы алады. Тағы бір жағынан, әлеуметтік қызметкерлерге мынандай айырықша құқық берілген: кез келген отбасыға жәй күдікпен-ақ шабуылдауға, баланы соттың шешімінсіз, ата-анасына ескертусіз алып кетуіне. Міне, осы факторлардан-ақ заңның өзі баланы ата-анасынан айыруға мейілінше мүдделі екенін байқауға болады. Мәселен, былтыр, бір жылда Германияда мемлекеттің қамқорлығына 70 мың бала алынған. Ал бұл мемлекет – Еуропада ең мықты дамығаны. Әлеуметтік осал отбасылар қатары сирек. Бірақ соған қарамастан мемлекет қарамағына заңмен ата-анасынан алынған бала көлемі даму жағдайы нашар елдерден де көп. Осыдан-ақ бұл арада бір шикіліктің барын анық байқауға болады. 2000 жылдан бері қарай Францияның 60 миллион отбасынан 2 миллион бала тартып алынған. Жеті жыл өткен соң оның 50 пайызы заңсыз екені дәлелденген. Әрине, атап өткен заңдағы қатаң талаптардан кейін, баласынан айырылып қалмас үшін кез келген адам жұмысқа жанын салады, сапалы адам капиталы болуға мәжбүрлі түрде тырысады. Ал біз болсақ, не деген өркениет деп Батысқа тамсана қараймыз. Нақтысында, Батыстың қартайып бара жатқандығы, ондағы жастардың кеш отбасы құруы, ең бірінші кезекте әлеуметтік жағдайын реттеуді ойлауы, ақыры, дәстүрлі (қыз бен жігіттің бас қосуы) отбасы формасынан бас тартуы астарында осындай қияңкес саясаттың жатқанын көбіміз аңғара бермейміз.
Бұл арада мемлекет балаларды тәркілеп не істемекші деген заңды сауал туындайды? Оның жауабы қарапайым: заңдағы ювенальдық технология баланы және бала органдарын сатуға үлкен жол ашады. Сондықтан да әлемде балаларға сұраныс артып, оны саудалаушылар да делдалдар да қалтқысыз жұмыс істеп жатыр. Бір мысал. БАҚ беттерінде барша жұртты шу еткізген Америкадағы соңғы жағдай естеріңізде болар. Орталық Азиядан бала асырап алған америкалықтар әлеуметтік желіде аукцион жариялайтынын ашықтан ашық жарнамалаған. Бұл – АҚШ-қа сырттан келетін балаларды сатуға және айырбастай беруге болатынын байқататын факті. Әйтпесе, басқа-басқа америкалықтардың өз құқығын білмей қалуы мүмкін емес. Сол секілді Қазақстаннан асырап алынған қос жасөспірімді сексуальдық қатынасқа мәжбүрлеген америкалық отбасының сотталғанын да көрдік. Бұл да асырандылар құқығы шетелде белгілі бір деңгейде қорғалмайтынын байқатады. Оларға соңына дейін тауар секілді қарайтынын бүгінгі статистика айғақтап отыр. Мәселен, соңғы жылдары әлем бойынша 12 млн бала сатылса, оның 5,5 миллионы сексуальдық құлдықта жүр екен. Масқара жағдай! Осылайша әлемде ең бірінші боп Ресей Федерациясы былтыр дабыл қақты. Сөйтіп баланы сатуға тыйым салатын заң қабылдады. Міне, осы тұста баласынан себепсіз айырылып, оны қайтарып алудың жолын таппай сеңдей соғылып жүрген жер шарының түкпір-түкпіріндегі, әсіресе еуропалық ата-аналар Ресейдің Жоғарғы сотына шағымдана бастапты. Бала сатуға тыйым салу туралы ресейлік заң Сочи олимпиадасы барысында халықаралық қауымдастықпен қатты сынға алынған нысанның бірі болды. Демек, бала сатпаймын десеңіз сыртқы әлемге жау боп шығады екенсіз. Кімнің бізде не шаруасы бар дерсіз. Бірақ осы халықаралық саяси қарсыласудың өзі бұл мәселе ар жағында үлкен гәп барын анық байқатады.
Евгения Хильден, Пори қаласының білім комитетінің кеңесшісі (Финдляндия):
– Заңда ата-ана құқығын асыра шектейтін баптар бары рас. Мәселен, әлеуметтік қызметкер соттың шешімінсіз баланы тартып алып кете барады. Баланы тартып алуға бюджеттен мол ақша бөлінеді, ал, керісінше отбасыны қолдауға ешқандай материалдық көмек қарастырылмаған. Әлеуметтік қызметкерлер мен балалар үйі арасында жасырын келісімдер, сыбайлас жемқорлық болады. Сондықтан бұл заңды қайта қарап шығу керек немесе мүлде алып тастау керек деп есептейміз. Бастысы одан зардап шегіп жатқан бейкүнә ана-аналар қатары көбейіп барады.
Уәлихан Төлешов, саясаттанушы:
– Соңғы кездері ювениальдық технология ХХІ ғасырдың геноциді ретінде қарастырылып жүр. Бірақ ол толықтай дәлелін таппаған. Жаңа әлемдік тәртіпке қарсы тұрудағы Ресейдің бір бағыты осыған негізделген. «Таяқтың екі ұшы бар» демекші, бұл арада да екіжақты ой айтуға болады. Біздің менталитетімізде балаға жаман көзбен қарау деген жоқ. Сондықтан ата-анасы тарапынан ювенальдық құқықтағы көп шектеуді түсіне алмауымыз мүмкін. Ал Батыста педофиль және тағы басқа моральдық айуандар жетіп артылады. Сондықтан осындай қатаң талаптар заңда қарастырылуы заңды болуы мүмкін. Сыбайлас жемқорлық бұл заңды бөтен мақсатқа пайдалануға жол беріп отыр. Бізде де талай заңды осындай жолмен өз қажетіне пайдаланып жүргендер баршылық. Қалай дегенмен де демография - ел дамуының стратегиялық көрсеткіші. Осы жағынан алғанда, баланы сатуға мүлде тыйым салу керек, ал қара базардағы заңсыздықтармен ұдайы күресу қажет деп санаймын.
Нарықтағы нәресте құны:
Нигерияда – 6400$
Қытайда – 7800$
Малайзияда – 6588$
Солтүстік кавказда – 17500$
Қытайда ұл балаға сұраныс жоғары – 14 473$
Ганада ата-анасына 50$, сатушыға 300$ ұсынылады
Қазақстанда бұл сома 100 мың теңгеден басталады
"Алаш айнасы" Камшат Сәтиева