Хиджаб неге үрей тудырады?
2014 ж. 31 мамыр
4627
5
Хиджаб демей-ақ қояйық. Себебі, мұсылман әйелдеріне тән киім үлгісі атауының өзі кейінгі кездері кері әсерін тигізе бастады. Ұнатпайтындар көп. Хиджаб кигеннен жалаңаштаныңқырап жүргендер сүйкімдірек көрінеді. Еркектерге ғана емес. Жалпы жұртшылыққа. Халыққа. Оның себебі... Себеп көп. Ең бастысы - хиджаб кигендер де, оны кимегендер де неге қымтану қажеттілігін жете түсінбейді. Рас, «бүркеншіктерін омырауларына түсірсін. Зейнеттерін көрсетпесін» деген аят бар. Бұл – парыз. Парыз – орындауға міндеттелген амал. Демек, бүркеншік жамылған қыз-келіншектерді күстаналауға біздің қақымыз жоқ.
Мұсылмандық киім үлгісі – қорған. Сіз бен біздегі кінарат – осы «қорған» мәнін жете түсінбеуімізде. Діни тұрғыда оны «иманның қорғаны» деп бір-ақ ауыз сөзбен түйіндеуге болады. Ал мәніне бойласақ... Ең басты жайт – исламдық үрдіспен киінген қыз-келіншектер көпшілік көз сұқтануынан аулақ тұрады. «Сұқтануы» деп сыпайылап айттық. Шынтуайтына келгенде ол сөзді «көпшіліктің ләззатты сезімін қанағаттандыру» деп ұғынған жөн. Діни ұғымда ол - көз зинасы делінеді. Себебі, көз тиеді, сүйеді, аймалайды, өлтіреді. Өзгені. Сосын өзін. Солай бола тұра көшеге сәнденіп шығу мәдениеттілік өлшемі деп қабылданады. Сәні, жүрісі, әшекей-үшекейі, опа-далабы, қылығы, тағы да басқа сән-салтанаты көпшілік назарын аударып жатса, барша әйел қауымы өздерін бақытты сезінеді. Бұл – қалыпты өмір салты.
Қазір көшеде жартылай жалаңаштанған қыз-келіншектерде есеп жоқ. Қасыңнан олай да, бұлай да өтеді. Араларында Қыз Жібек пен Баянға балайтын сұлулар да кездеседі. Бірақ ешқайсысы селт еткізбейді. Қанша көз сұқтануынан өтіп тоналған сұлулықта қадір болмайды. Қайта жиреніш сезімін тудырады. Жезөкшелерде алау сезімнің болмайтындығы сондықтан. Көшедегі жезөкшелер емес. Өзімізді айтам. Оның үстіне көше сұлулығына тояттап үйіне діңкелеп әрең жеткен еркекте қайбір қауқар болсын. Оның бағына әйелі де оған ұмсына қоймайды. Себебі... Дұрыс. Ол да көшеден келген. Ажырасудың да басты себебі сол. Жезөкшелік. Бұл – «зейнеттерін көрсетпесін» деген аяттың мәні.
abai kz