МӘСКЕУ ЖАЗБАЛАРЫ
2014 ж. 26 мамыр
5828
9
МӘСКЕУ ЖАЗБАЛАРЫ
Өзен үстіндегі туған күн
Ресей астанасы Мәскеуге Астанадан 2 мамыр күні таңғы 8 сағат 30 минутта ұшып шықтық. Жолбасшымыз - "Ақ жол" партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев пен "Ақ жол" партиясы Қаржы директоры Болат Өтепбаев бұрын Мәскеуге талай барып жүргендер. Тіпті, Азекең сол Мәскеуде оқыған және тағы да оқып жатыр... Мен болсам, бірінші рет бара жатырмын. Баяғыда, ҚазПИ-дің көркемсурет-графика факультетінде оқып жүргенде Санкт-Петербург (ол кезде - Ленинград) пен Мәскеудің әйгілі Эрмитажы мен Третьяков галереяларын аралауға баратын жыл сайынғы топтан шығып қалып, дәстүрлі сапар бұйырмаған болатын... Алып лайнердің ішінде, мереке күндері болғандықтан ба, 20-30 жолаушы ғана бармыз. Үш сағаттай уақыттан соң, Мәскеуге жақындаған соң, төбеден қарасам, алып қаланың жасыл ағашқа бөленген айналасы қаптаған коттедждер екен. Шереметьево аэропортында бізді Азат Перуашевтың әскерден бірге қызмет еткен досы, мәскеулік қаржыгер, банкир, инвестициялық сарапшы Андрей Веденеев қарсы алды. Бүгін соның 50-ге толған туған күніне тура келе жатыр екенбіз. Екі джип бізді екіге бөліп алып, Мәскеудің орталығына тартып кеттік... Бізді қарсы алған екінші көлік - Азекеңнің тағы бір кәсіпкер досы Александр Михайлович Мухлаевтың жүргізушісі Петр Григорьевич Мәскеуді жақсы таныстырып келеді. Қаланы жақсы білетіні көрініп тұр, кәдімгі гид секілді әр ғимаратты, әр ескерткішті тәптіштеп түсіндіріп қояды. Өзі баяғыда әскерде жүрген кезінде біздің Қостанайға бидай жинауға келген екен. Кеудесіне нан пісіп тұрған нән қаланың ортасындағы бұрынғы Украина, қазіргі "Radisson" қонақүйіне келіп аттың басын тіредік. "Гостиница Украина" деген атауы алынбай, сақталып қалыпты. Дәл алдында ұлы кобзарь Тарас Шевченконың алып ескерткіші тұр. "Мәскеудің ең мықты қонақүйі Украинаның атында екен ғой" деймін, бұл екі елдің қазіргі қақтығысын меңзей... Бүгінгі заман талабына сай еуропалық деңгейде жасақталған әсем қонақүйге орналастық та, қаланы аралауға қайта шықтық. "Бұл кісі де, мен сияқты әрі ақын, әрі суретші ғой, алдында суретке түсейік" деп, қалжыңдап қойып, Тарас Шевченконың ескерткіші алдында Мәскеудегі алғашқы суретке түстік... Қонақ үйдің жанынан ағып жатқан Мәскеу өзенінің арғы бетінде ақ мәрмармен қапталған Үкімет үйі тұр екен. "Бұрынғы 1993 жылғы Ельцин атқылаған әйгілі Ресей Жоғарғы Кеңесінің ғимараты" деді Андрей. "Сонда қай жерден атқан?"-дейміз елеңдеп... "Өзеннің бергі бетінде, мына жерден" дейді бергі жағалауды қолымен нұсқап Андрей. Сонымен Андрей бәрімізді теплоходқа бастады. Екі қабатты алып кеменің іші жақсылап осы заманға сай жасалып қойылған екен. Осында Андрейдің туған күнін бастап кеттік... Әдеттегідей, қай жер, қай ел екеніне қарамай, Азекең асабалықты қолға алды. Алдымен өзі қатырып сөйлеп, бізді жақсылап таныстырып өтті. Содан соң кезегімізге қарай бәріміз де сөйлеп шықтық. Бәріміз де мақтап, ақ тілектерімізді арнадық. Бірінші рет көріп отырсам да, бұрын сыртынан естігенім бар, мен де ыстық лебізімді білдірдім. Разы болып қалды бәрі... Әр тілектен соң, "Ақ жолдың" дәстүрі бойынша "бір, екі, үш - қандай тост!" деген хормен айтатын қазақша лепті сөйлеммен аяқтап отырдық. Айтпақшы, бұл сөзді бұл жерде ақжолдықтардың жиі қонағы болатын, бізге Мәскеуде қосылған қазақстандық кәсіпкер Дмитрий Белоусов бастап, есімізге салды. Оған разы болып қалып, рахмет айттық. Теплоход Мәскеу өзені бойымен жайлап жылжып келеді. Маңызды да, сәнді ғимараттардың барлығы осы өзеннің бойында орналасқан екен. Бәрі жарысып, маған таныстырып жатыр. Қызыл алаң, Кремль де осы өзен жағасынан жақсы көрінеді... Бір байқағаным, өзеннің бір жағы түгел ғимараттар болса, екінші жағалауы жап-жасыл ағаштар алаңы екен. Кеме ұзаған сайын, біздің әңгімеміз де қыза түсті... Азат Перуашев үнемі Андрейге тиісіп, қалжыңдасып отыратын әдетімен, "Сендер Қырымды заңсыз тартып алдыңдар, енді бізге біздің бұрынғы астанамыз Орынборды қайтарып беріңдер" дейді. Туған күніне жақсы сыйлық алып, тәуір қызып, көңілдене бастаған Андрей сөзге келмей "мақұл, ала ғой, бердім"- дейді... Мен де қиялай қосылдым: "Бұрынғы жеріміз Омбыны да беріңдер, Шоқаннан бастап, қазақтың талай мықтыларының ізі қалған"-деймін. "Болды, Омбыны да бердім"-дейді. Сол үшін бәріміз алып жіберіп жатырмыз... Азекең сәлден соң әңгіме тақырыбын тереңдетіп, " Орыстың, жалпы славяндардың, көп сөздері түркілерден алынған" - деді де "Украинадағы "Майданнан"бастап, біраз мысалдар келтірді. Бұған енді ептеп қарсыласа бастаған Андрейді орыстың тілін орыстардан жақсы білетін, орысша жыр жинағы да шыққан Азат Перуашев шегедей дәлелдерімен орнына шегелеп тастады. "Міне, біздің ғарышқа барып қайтқан корабліміз!"-деп сөзден жеңіле бастаған Андрей әңгімені басқа тақырыпқа ауыстырғанына қуанып кетіп, жағалауда бүгінде мейрамхана қызметін атқарып тұрған алып ғарыш кемесін нұсқады... Кеменің бүйірінде үлкен әріптермен "Боран" деп жазылып қойған екен... -Көрдің бе, Андрей, сендердің ғарышқа барып келген кемелеріңнің аты да -"Боран! Ол да қазақ тіліндегі сөз!"- деді Азекең. Андрейге, амал жоқ, жеңілгенін мойындауға тура келді. (Иә, кейін Мәскеу мен оның маңындағы көшелер мен ауыл аттарынан түркі тіліндегі көптеген атауларға куә болдық...) Сонымен не керек, кеме сапарынан соң, бесін ауа Андрейдің Мәскеуден 70-80 шақырым қашықтықтағы саяжайына да барып, отбасымен танысып, біраз спорт ойындарын ойнап, жарыс өткізіп қайттық. Баскетболдан Азат Перуашев чемпион болды. Баскетболдан біраз жерге барған мен, теннисқа қатысудан бас тарттым. Содан болар, теннистан Болат Өтепбаев бірінші орын алды... Жол бойы байқағанымыз, мен бұрын сықасқан тас қала деп ойлап жүрген Мәскеу қаласының өз ішінде де жап-жасыл ағашқа бөленген көгалды алаңдар көп екен. Ал айналасындағы аудандарға шықсаң, жолдың екі жағасы түгел жасыл әлем. Жолда атақты Кантемиров дивизиясы орналасқан жерден өттік... Бутынь деген ауыл атын көріп, "Бұл да түркі сөзі ғой, Бүтін ауыл деген мағына береді. Даңқты дивизияның аты берілген Кантемиров туралы тіпті түсініктеменің де қажеті жоқ" дейміз Болат екеуміз кемедегі әңгімені еске алып... Саяжайға барғанда сол ауылдың дүкеніне кіріп, салыстырып шықтым. Азық-түліктің бәрі біздегіден екі еседей қымбат... "Неге бұлай?"-деген сұрағыма Азекең: "Бұларда жалақы да біздегіден екі есе жоғары ғой,"-деді. Дүкеннің тура түбінде шағын үйдің қақпасына "Сатылады" деп жазып қойыпты. Қызық үшін жүргізушіміз Петр Григорьевичке: "Ана телефонға хабарласыңызшы, бағасы қандай екен?"-дедік. "Кейінгі кезде үйдің бағасы екі-үш есе қымбаттап кетті, бір миллион рубльдан аспаса, кем болмайтын шығар" деп, ол әлгі үйге телефон соға бастады. Сәлден соң ол бізге қарап: "Үш миллион рубль екен! Бұл бізде 100 мың доллар болады,"-деді көзі бақырайып. "Мәскеуден 80 шақырымдай жердегі мынадай екі-үш бөлмелі ескі үй жүз мың доллардай болса, қымбат екен!"-деп қойдық.Мәскеу шайханасы
Кешке Қызыл алаңды көрдік. 9 мамыр-Жеңіс күні шеруіне қызу дайындалып жатыр екен. Сонда да адам көп. Сөздері құлаққа таныс ортаазиялық бауырлар да кездесіп қалды. Содан "ертең ашқұрсақ күндер басталады, жақсылап тамақтанып алайық" - деп, тура Қызыл алаңның айналасындағы "Шайхона №1" деген мейрамханаға келдік. Осы шайханаға келе жатқанда бір көшеден "Ханқала" деп жазылған мейрамхана, әлде кафені көріп, көзім шырадай жанды. Иә,тура қазақша, "қ" әріптері солай құйрықшасымен жазылған. Мәскеудің қақ отасындағы Кремль маңынан бұлай атауы қазақша жазылған кафе көремін деп ойламаған басым, аңтарылып отырғанда, көлік зырылдап келесі көшеге бұрылып кетті. "Жаңағы "Ханқаланы" тауып алайық, тура таза қазақша жазылыпты, соған барайық" деп шырылдап едім, Андрей: "Қайтарда тауып аламыз, сол кезде сонда барамыз"-деп жұбатты. (Ал қайтарда Андрей шұғыл іссапарға кетіп қалып, өзіміз ол кафені таппай қалғанымыз өкінішті болды...) Шайхананың даяшылары кілең өзбек жігіттер екен. Олармен қазақ тілінде еркін сөйлесіп кеткен бізге мәскеуліктер аңтарылып қарайды. Қазақша еттен бастап, шығыс тағамдарының бәріне тапсырыс беріп, түн ауғанша отырдық... Бұл жерде де біраз әңгіменің басын қайырдық. "Мынау "бешбармақ" деген сөз дұрыс емес, бұл қазақ сөзі емес. Осыны алдымен өзіміздің Қазақстаннан бастап, барлық жерде "Қазақша ет" деп жазғызуымыз керек"- деп, тағамдар тарихына да біраз тоқталдық. Шайхана, өзбектер демекші, мысалы, Кремль мен Қызыл алаңның тура жанында және қалада бірнеше жерде орналасып, жүйесі қалыптасқан "Шайхоно №1" мейрамханасы атауын орыс тілінің ережесінде емес, өзбек тілінде жазғанына разы боласың. Тағы бір риза болғаным, тура Ресейдің барлық тағдырын шешетін жүрегі - Кремль орналасқан әйгілі Қызылаңға барып тірелетін көшелердің бірінің аты: "Большая Ордынская " деп жазылып тұр. Бойлап келе жатқанда, бір бұрылыстағы көшеге "Малая Ордынская "-деп жазылыпты. Көзіме оттай басылған көше атауының тарихын сұрағанымда Петр Григорьевич: "Иә, кезінде осы көшемен Алтын Орда ханы Қызыл алаңға келген екен дейді..."деп жауап берді... "Е-е, ол біздің бабамыз ғой,"-деп мен отырмын... Мәскеуге келгесін үнсіз кетпейін деп, Қазақстан Жазушылар одағының Ресейдегі өкілі, белгілі ақын Тұрсынай Оразбаеваға хабарласып, хал-жағдайын біліп қойып едім, апайымыз қуанып қалды. Ертеңіне, 3 мамыр күні екі машинамен Железнодорожный қаласына тарттық. Қала Мәскеудің шетіндегі айналма жолдан Горький тасжолы бойымен 11 шақырым қашықтықта орналасыпты. Қасында қалың орманы бар Рузи өзені ағып жатқан, жасылға бөленген әсем мекен екен. Біздің Арыс қаласы сияқты тоғыз жолдың торабына айналған бұл қаланың өзінше тарихы бар көрінеді. Орыстың ұлы жазушысы Лев Толстойдың әлемге әйгілі атақты "Анна Каренина" романындағы махаббат майданында жолы болмаған Анна осы жерде пойыздың астына түсіп өлген екен... Осыны естіген мен еріксіз ойға беріліп кетіп, алғашқы жыр жолдары да орала берді:Лев Толстой. Анна Каренина
Махаббаттың азабын шырай көрген, Соқыр болған сезімге шыдайды ел кем... Қызыл иті қыңсылап Қызғаныштың, Тәрк етті барлығын құдай берген... Жүргеніңді не қылар сенің зорға, Тағдырдан бұл аса алмас көңіл жорға... Өмір жолы арудың аяқталды, Темір нүкте қойылған темір жолда... Қалаулыңды жібермес кәне, бұйда?.. Рахат бер, махаббат және қина! Бәрі - құрбан, Төзім мен бар еді иба... Өлімге айдап барған соң кейіпкерін, Азаптады авторды - Каренина! Анна Каренина!..Ұлы Абай және Мәскеу мешітіндегі намаз
Сонымен, Мәскеудегі іссапарымыз жемісті болды десек те болады. Қаншама кездесулер өткіздік. Болат Өтепбаев екі күннен кейін қайтып кетті де, орнына «Ақ жол» партиясы Орталық Комитеті хатшысы Берік Дүйсембинов келді. Берік досымыз келгенде бүкіл Қазақстан көшіп келгендей қуандық. 11 мамыр күні сағат оннан өте бере екі машинемен Александр Михайлович Мухлаев келіп Мәскеуді аралатуға алып кетті. Ол кісі Кеден Одағы майөндіру ассоцациясы атқарушы директоры. Қасындағы серігі Владислав Анатольевич Романцев осы ассоцация басқармасы төрағасының орынбасары екен. Менің ұсынысыммен алдымен Ұлы Абайдың ескерткішіне барып, гүл қойдық. Ресейдегі Қазақстан елшілігі алдындағы "Чистопрудный бульвар" деген жерде екен. 2006 жылы 4 сәуірде Қазақстанның тартуы ретінде қоладан жасалған ескерткішті екі елдің президенттері Н.Назарбаев пен В.Путин ашқан. Авторлары - мүсінші Марат Әйнеков, сәулетшілер Валерий Романено мен Тимур Сүлейменов. Ескерткіш құны - 162 миллион теңге. Сол кездегі бағаммен 1 миллион 250 мың доллар. Ұлы ақынымыз Абай ой үстінде отыр. Айдаладағы ауылда туып, асыл жыры, озық ақыл-ойымен әлемге танылған қазақтың қара шалы бір кезде кешегі Кеңес империясының астанасы - Мәскеуде де ескерткіш болып тұратынын ойлады ма екен деймін қиялға беріліп... Біір әттеген-айы ескерткішке "Абай Кунанбаев" деп тек орыс тілінде ғана жазылыпты. Ақыр Қазақстанның өзі жасаған екен, неге Абайдың өз тілінде де: "Абай Құнанбайұлы" деп жазылмағанына қынжыласың... Құдайшылығын айтыңдаршы, осыған қандай ақыл керек? Мысалы, кавказ елдері немесе өзбектер осындай мүмкіндікті өмірі жібермес еді, міндетті түрде өз тілдерінде жазар еді... Бірақ, Сыртқы істер министрлігіндегілердің, ескерткіш авторларының сұрқына қарап, бәрінің қазақша қақпайтын, тек орысша ойлайтындар екенін білген соң, Абай атамша: "Қайран сөзім қор болды-ау!.."- деп тынасың... Мәскеуліктерге осыдан екі жыл бұрын Ресей астанасында блогер Алексей Навальный бастап, В.Путинге қарсы митингке шыққан оппозицияның "Оккупай Абай" қозғалысы осы қазақ ақыны Абайға келіп мұң шаққандарын айтып едім, хабарлары бар екен, қостай жөнелді. Иә, соның бірі 2012 жылы 13 мамырда ресейлік белгілі жазушылар Борис Акунин, Дмитрий Быков, Виктор Шендерович, Юлия Латыниналар бастаған он мыңдай оппозицияшылар Абай ескерткішіне кезекті марш ұйымдасырған болатын... Ресей оппозициясы Абай ескерткішіне осы кезден бастап, көңіл аударып, Абай өлеңдерінің аудармасын тауып алып, көптеп шығарып таратып, ескерткіш басында оқып жүрді... Қай кезде де әділдік іздеген халық алдымен ұлтына қарамай-ақ халық мұңын жырлаған ақынға жүгінеді екен ғой деп ойлайсың. Бар халыққа ортақ болып отырған данышпан Абайдың ұлылығына бас иесің. Ескерткіш орналасқан алаң шетінде Қазақстанның Ресейдегі елшілігі бар екен. Елшілік үйі төбесіндегі Көк туымызды көріп, көңіліміз өсіп қалды. Алдына суретке түстік. Александр Михаилович қағылез қимылдап, фотоға түсіріп жатыр. "Тура "Қазақ үні" газетінің Мәскеудегі фототілшісі секілдісіз"-деп, қалжыңдап едім, разы болып қалды. Абай ескерткішінің тура жанында, көшенің арғы бетінде "Суши Япоша" деген кафеден жеңіл тамақтандық. Бұл жерде де ағайындар -қырғыз бауырлар даяшы болып жүгіріп жүр. Жапонның дәмді сорпасын сүйсініп ішсек те, қанағаттанбай отырған Берік екеумізге қарап Азекең: "Түстен кейін шайханаға барып, жақсылап тамақтанамыз"- деп, көңілдендіріп қойды. Бір қуанарлығы, Азекеңнің ұсынысымен мешітке бардық. Жолай "Тағзым тауына" соғып, алып алаңның арғы бетіне өткенде қызыл кірпіштен қаланған мешіт күмбезі көзімізге оттай басылды. Айналасында тақия киген татар ағайындар көп екен. Түрік тектес үш-төрт мұсылман "Ассалаумағалайкум!"- деп қолдарын кеуделеріне қойып, сәлем беріп өтті. Ішіміз жылып қалды. Мешіт қабырғасына: "Мемориал мешіт Мәскеу үкіметі мен Ресейдің Орталық Еуропа өңірі мұсылмандары діни басқармасы бастамасымен Ұлы отан соғысында құрбан болған мұсылман жауынгерлерге ескерткіш. 1997 жылы салынды."-деген жазуы бар тастақта ілулі тұр. Ішке кіріп, кешегі саяси қуғын сүргіннің зобалаң, зұлматы мен Ұлы Отан соғысы құрбандарына құран бағыштадық. Сағатқа қарасам, екіден енді асып барады екен, бесін намазының төрт рәкат парызын оқып шықтық. Сыртта күтіп тұрған мәскеуліктерге Азекең: "Көрдіңіздер ме, жолымыз болды, бесін намазына тура келіппіз" деп жатыр. Белгісіз сарбаз алаңына барып, құрметті қарауыл қойылған мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойдық. Есіме ауылдағы екі рет Даңқ орденінің иегері Балқаш Исаев бастаған соғыс ардагерлері түсті. Мектепте жүргенде жылда 9 мамыр жеңіс күні кездесу ұйымдастыратынбыз. "Бүгінде қайсысы қалды екен?"-деп ойладым... Содан соң Ваганков зиратына, Сергей Есенин мен Владимир Высоцкийдің басына бардық. Есенин сол баяғы орда бұзған отызындағы жап-жас жалындаған жанарлы әдемі келбетімен әлемге қарап тұр... Ақынның ажары айшықты бейнеленіпті. До свиданья, друг мой, до свиданья. Милый мой, ты у меня в груди. Предназначенное расставанье Обещает встречу впереди. До свиданья, друг мой, без руки и слова, Не грусти и не печаль бровей, - В этой жизни умирать не ново, Но и жить, конечно, не новей...- деп, өмірден өр қалпында өткен Есенин есімі аңызға айналып кеткен санаулы саңлақтардың бірегейі.Санкт-Петербургте «Интернациональ» қонақүйінде жұмбақ жағдайда қайғылы қазаға ұшыраған ақын өлімі туралы түрлі нұсқалар тоқсан жылдан бері толастаған жоқ... Ақынның жанына кейін анасын әкеп жерлепті. Екеуі бір зиратта жатыр. Есениннің "Письмо матери" деген анасына жазған жыры есіме түсе берді: ...Я вернусь, когда раскинет ветви По-весеннему наш белый сад. Только ты меня уж на рассвете Не буди, как восемь лет назад. ...Так забудь же про свою тревогу, Не грусти так шибко обо мне. Не xоди так часто на дорогу В старомодном ветxом шушуне. Өмір бойы бір-бірін күтумен өткен ақын мен ана ақыры бір жерден мекен тауып, анау дүниеде мәңгілікке қауышыпты... Торға қамалған тоқырау заманында еркіндікті жырлап өткен асау ақын, әнші-сазгер, актер, қазақша айтқанда сері Владимир Высоцкийдің қабірі басындағы ескерткіші қылбұрауға байланып, бұғауда бұлқынған асау тұлпардың көкке шапшыған бейнесінде бейнеленіпті. Жақсы шешім!Пушкин ескерткішінде оқылған жыр
Содан соң орыстың ұлы ақыны Александр Пушкиннің ескерткішіне бардық. Метроның "Чехов" станциясы арқылы көшенің қарсы бетіне шыға келсең, қарсы алдыңнан Александр Сергеевичтің алып ескерткіші қарсы алады екен. Орыстың ұлы ақынының қасына келгенде Азат Перуашев орыс тілінде керемет жыр жолдарын шабыттана жатқа оқи жөнелді. Даңқты қазақ ақыны Олжас Сүлейменовтың Пушкинге арнаған өлеңі - "На площади Пушкина" Поэт красивым должен быть, как бог. Кто видел бога? Тот, кто видел Пушкина. Бог низкоросл, черен, как сапог, с тяжелыми арапскими губами. Зато Дантес был дьявольски высок, и белолиц, и бледен, словно память. Жена поэта — дивная Наталья. Ее никто не называл Наташей. Она на имени его стояла, как на блистающем паркете зала, вокруг легко скользили кавалеры, а он, как раб, глядел из-за портьеры, сжимая плотно рукоять ножа. «Скажи, мой господин, чего ты медлишь!.. Не то и я влюблюсь, о, ты не веришь!.. Она дурманит нас, как анаша!..» Да, это горло белое и плечи, а грудь высокая, как эшафот! И вышел раб на снег в январский вечер, и умер бог, схватившись за живот... Жыр жолдары біткенде мәскеулік кәсіпкерлер бастап, бәріміз ду қол шапалақтадық. Александр Михайлович ерекше разы болып, сүйсінгенін жасыра алмады. Ескерткішті айналып қарасам, артында 1862 жылы орнатылғаны туралы жазылыпты. "Сол кезде алып ақындарына мынадай алып ескерткіш орнатқан орыстарың мықты екен" деп ойлап қойдым... Тура Пушкин ескерткішінің артында "Шайхоно №1" мейрамханасы тұр екен, соған тарттық. Зор мейрамхананың ішінде де адамдар толып отыр. Бұл жерде даяшылардың барлығы қырғыздар екен. Олармен де қазақша сөйлесіп кеттік. "Бүгін жақсылап тамақтанып алайық! Қалған диетаны ертеңнен бастап-ақ ұстармыз..."-деп, тандыры, пәтірі бар, неше түрлі нандарға қарық болып, палау мен кәуаптан дәм таттық... Бізді сыйлап, күтіп жүрген кәсіпкер Александр Михайлович Мухлаевтың талайды көрген тарлан екені сөздерінен байқалып тұрады. Жасы жетпістен асқан дейді, бізден ширақ, бізден жеңіл... Талай шетелде жұмыс істеген оның тәуелсіз мемлекеттер, ұлттар арасындағы мәселелер, бүгінгі Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстар жайлы терең де, салмақты ойлары ерекше көңіл аударады. Сөздері мен мәдениеттілігіне қарасаң, кәнігі кәсіпкерден гөрі зерделі зиялыға ұқсайды.Мысалы, Александр Михайлович әңгіме арасында Қазақстандағы орыстардың осы күнге дейін неге қазақ тілін үйренбей жүргеніне қынжылды. Мен ішімнен: "Ойбай-ау, орыстарды айтасың, өзіміздің қазақтарды айтсайшы! Мемлекеттік тілді білмей-ақ, министр болып жүрген Ерлан Ыдырысов сияқты мемлекеттік лауазымды қызметкерлер толып жүр ғой"- деп қоямын. Лақ еткізіп, бәрін ақтарып салуға жалған намыс жібермей отыр. Александр Михайлович Украина туралы да: "Украинадағы орыстар негізгі ұлттың - украин тілін менсінбей, мына қақтығыстың басты бір себебі содан да шығып отыр"-деп, әділ сарабдалдық танытты...
Бетімізге қан жүгіріп, көңілдене бастаған соң, мен де қарап отырмай: "Осы Ресейдің Қорғаныс министрі, түркітұқымдас тувалық Сергей Кужегетұлы Шойгу Шыңғыс ханның тұқымы екен ғой..."-деп, бір бүйірден қойып қалдым. "Солай ма?!."-деп, отырғандар қозғалақтап қалды. Азекең "Иә, мен де бір жерден оқып қалған едім"-деп, мені қостап қойды. Владислав Анатольевич те қостағандай болды. "Мен интернеттен Сергей Шойгудың Алтын Орда хандарының тұқымы екені туралы ақпарат оқыған едім"-деп, бұл деректі әбден бекіттіріп алдым да: "Сонда кеше Мәскеуде Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске арналған әскери шеруді Шыңғысханның ұрпағы Сергей Шойгу қабылдаған екен ғой!.."-деп тура тарттым. Абыржып қалған мәскеуліктер қозғалақтап, бір-бірінің бетіне қарап үнсіз қалды. Азекең: "Символично!"-деп сарт еткізіп, бір күліп алды... Шайханадағы қырғыз бауырларға рахмет айтып қоштастық. Бір байқағанымыз, қырғыздар мен өзбектер тек мейрамханаларда ғана емес, қонақүйлерде де, шипажайларда да да көп көрінеді...Атақты Арбат бойында
Шайханадан шыққан соң, Азат Перуашев маған: "Қазеке, сізге Мәскеудің Арбатын көрсетейік. Анатолий Рыбаков жазған атышулы "Дети Арбата" романы осы жер туралы екенін білесіз ғой. Ресейдің өнері мен мәдениетінің ізі жатыр бұнда. Талай ақындары осында болған. Сіз суретшісіз де ғой, бірақ бұл жердегі көше суретшілері біздің Алматының Арбатындағы суретшілерден мықты емес"-деп, Арбатқа бардық. Көше толы ығы-жығы адам. Бір жерде шаштары жалбыраған сақалды суретшілер сурет салып, бір жерде жасы-кәрісі бар түрлі көше ансамбльдері ән шырқауда. Актерлар үйі осы жерде екен. Белгілі Евгений Вахтангов атындағы театр да осында. Көшенің екі жағы толған дүкен. Үйдегі балаларға сыйлықтар алайық деп, кіре қалсақ, кілең қырғыздың әдемі қыздарының бәрі осы дүкендерде сатушы болып тұр. Олармен де қазақша сөйлескен біздің қазақ екенімізді біліп, қыздар біраз әңгіме айтып қалды.. "Мұхтар Шахановты жақсы білеміз. Роза Рымбаева, Қайрат Нұртастардың әнін тыңдағамыз"- дейді олар жарысып. Азекең: "Біздің Мұхтар Шаханов мына кісінің, Қазыбек Исаның ағасы"- деп еді, қыздардың тіпті әңгімесі көбейіп, қоршап алды... Әйгілі әнші Виктор Цойға тілектер жазатын ескі қабырға бар екен- қаптаған жазу! Кезінде, Кеңес одағы тараған соң, бұл қабырғадағы жазулар өшіріліп тасталған екен, Цойдың табынушылары қайтадан жазуға толтырыпты. Белгілі бард ақын Булат Окуджаваның ескерткіші тұр. Оның "Трамвай" атты әйгілі өлеңі үшін Арбат бойына трамвай орналастырылып, ол кафе жұмысын атқарып тұр. Пушкин мен әйелі Наталья Гончарованың махаббатына арналып, екеуінің ескерткіші тұрғызылған. "Не деген әдебиет пен өнерге деген құрмет пен құштарлық!"-дейсің осының бәріне риза болып. Арбаттан шыққан соң, Александр Михаилович пен Владислав Анатольевичке рахмет айтып, рұхсат бердік. Шығарып салып тұрып, Александр Михаилович жүрекжарды тілектерін айтты. Берікке мені меңзеп:" Берегите, нашего друга!"- дегенде, жүрегім жылып сала берді... Аз ғана күн серік болған зерделі досымызбен қимай қоштастық... Аэропортқа шығып бара жатып, жолай Азекеңнің тағы бір досы "РосЭнергоСтрой" компаниясының иесі Михаил Трофимовтың үйіне бардық. Мәскеудің тура іргесінде әдемі коттеджі бар екен. Жер телімі кең. Ауладағы әрбір тал, әр гүлден, үлкен хауыздан ұқыпты шаруақор кісінің қолы байқалады. Тіпті жазғы алаңында шайханасы, қазан-ошағы да бар екен, разы боласың. "Әйелі татар, күйеу баламыз шайхананы әйелінің нұсқауымен жасаған ғой"-деп, Азекең қалжыңдап қойды. Тек далада дастарханға отырғанда қайта-қайта мақтай берген шетелдік тұқымы бөлек итінің дастархан жаныннан кетпей қойғаны ерсі көрінді. "Паспорты бойынша аты Астра, әлемдегі саны бес жүздей ғана" дейді Михаил Трофимов мырза. Менің дастарханға жақындай берген атасы бөлек итті жақтырмағанымды байқады ма, әлде үй иесінің итін көп мақтап кеткені өзі де аңшылық иттер ұстайтын аңшы Беріктің шабына тиді ме, ол әлгі итке ежірейе қарап тұрып: "Мынаны біздің Ақтұмсық тазы екі шайнап, бір-ақ жұтады" - деді қазақшалап. Әй, бір рахаттанып күліп, әлгі иттен ақымды алғандай болдым... Мәскеуге аэропорттан кіріп келе жатқанда да, басқа бағытына шығып бара жатқанда да, маңайындағы жол бойының бәрінде әр шақырым сайын атышулы Жириновскийдің партиясы "ЛДПР" аты үлкен әріптермен жазулы тұр. Мұны байқаған мен: "Жол бойына бұлай баннер қойса, біздің "Ақ жол" партиясының аты қатып кетер еді, жолаушыларға Ақ жол тілеп тұрады ғой" деймін "Ақ жол" партиясы төрағасы Азат Тұрлыбекұлына. "Алла жазса, ол күнге де жетерміз!"-деп жауап берді Азекең.Сонымен "Қош бол, Мәскеу!" деп, Астанаға аттанып кеттік. Он күннің өзінде Тәуелсіз Қазақ елімізді, Астанамызды сағынып қалыппыз. Азекең шыдамай: "Өзіңнің тәуелсіз елің, осындай асқақ Астанаң болғанға не жетсін! Қаншама елді аралап жүрміз ғой, бірақ өз еліңе ешнәрсе жетпейді!" - деді. Бұған әрине, бәріміз қосылып, қуана қоштадық.
Иә, Тәуелсіз өз мемлекетіңе не жетсін әлемде!
Қазыбек ИСА
Астана - Мәскеу- Астана