Жүктіліктен кейінгі беташар
2014 ж. 23 мамыр
3509
9
Кез келген жоғары оқу орнында, тіпті мектепте білім беретін ұстаздарды тыңдай қалсаңыз жастардың жағымсыз қасиеттері туралы жиі ауызға алады. «Киелі орда – білім нәрін құятын мекемеге түнгі клубқа келгендей қысқа етек, ашық кіндік киіммен қыздарымыз, майка, шортымен ұлдарымыз еш қысылмай кіре береді. Сол туралы жақ аша қалсаң, ұялып жерге қараудың орнына тап жауын көргендей өзіңе дүрсе қоя бергенде қайта барарымызды білмейміз»,- дейді олар.
Шетелдің жақсысын үйреніп, жаманынан жиренудің орнына барлық бей-берекетсіздігін сорғыш қағаздай сіңіріп алып жатқан қыздарымыз үшін оң босағаны аттамай жатып, тазалығынан айрылу тіпті де ұят саналмай қалды. Ол қайта сән. Жақсы көретін жігіттен айрылып қалмау үшін «жүкті болып қалу» әдісін пайдаланатын бойжеткендер саны да артып келеді. Одан кейін барып той болады.
«Қызға қырық үйден тыйым» деп қыз тазалығын ауыл-аймақ, ағайын-туыстың арына балаған қазақтың сүйегіне басылған ұлы таңбаның бірі осы болып отыр.
Бүгінгі мәліметтерге қарасақ, төбе шашымыз тік тұрады. Жасөспірімдер арасында мерез ауруы кейінгі сегіз жылда 180 есеге өсті! Жастар арасындағы жезөкшелік, есірткіге және ішімдікке әуестік бой алуда. Бұл ең алдымен ұлттың генофондына шабылған балта.
Жастарды бей-берекет жыныстық қатынасқа тәрбиелеудің негізгі мақсаты – әлі жан-жақты қалыптасып үлгермеген бозбала мен бойжеткенді бұзу. Оны сексуалдық қызмет пен жүктіліктен сақтандыру құралдарын тұтынушыға айналдыру. Қысқасы, бұл жерде сауда көзі, ақша тұр.
Кез-келген мәселеде алдымызға тартатын АҚШ-та 1970 жылы «сексуалдық білім беру» бағдарламасын мектептерге енгізіп, ол үшін жүздеген миллион доллар бөлгенімен, бүгінде ол ойынан түпкілікті айнып отыр. Өйткені, ойланбай қолға алынған осы істің нәтижесінде ондағы жасөспірімдер арасындағы аборт жасату деңгейі 55 пайызға өсті.
Сондықтан бүгінде Америкада отбасын қадірлеуге, жанұя құрғанға дейін тазалық сақтауға тәрбиелеу жұмысына қыруар қаржы бөліп, үгіт жүргізіп бағуда. Көріп отырғанымыздай, бүгінде жастарды рухани тазалыққа, үлгі-өнегеге тәрбиелеу барлық жерде жалпы ұлттық маңызға айналып отыр.
Өкініштісі, бұл мәселеге әлі бас қатыруды артық санайтын біз ғана. Оның орнына «жезөкшелер үйін заңдастыруымыз керек» деп дабылдатып жатырмыз. Дүние есігін ашқан бейкүнә сәбиді өмірдің түрлі арсыздығынан арашалап алу үшін отбасындағы тәрбиені жолға қоюымыз керек. Ол әрине, ата-аналардың жанұя алдындағы парызын толық орындауына байланысты.
Елдос ЕСБЕРГЕН