«Толық емес отбасы» көбейіп барады
2014 ж. 22 мамыр
7485
1
Бүгінде «толық емес отбасы» деген сөз күнделікті елең еткізбейтін сөз тіркесіне айналды. Кәзіргі қоғамда ер балалардың тәрбиесіне көңіл бөлініп жатқан жоқ. Неке қияр орталықтарының мәліметтеріне жүгінсек, жаға ұстататын мәліметтерге тап болады екенбіз. Некеге отырғандардың 65 пайызына жуығы көп ұзамай ажырасып кетеді екен. Мектеп оқушыларының арасында 70 пайызға жуық бала әкесіз тәрбиеленіп отырған толық емес отбасыларының ұл-қыздары. Әкесінің аты төлқұжатында тіркелмеген балаларға да үйреншікті әдетпен қабылдайтын болдық.
Күнкөріс қамымен әке бір жақта, ана бір жақта – балалары бөлек өзінше өмір сүріп жатқандарың да куәсі болып жүрміз. Бала тәрбиесінен алыс, тірлігі беймәлім әкенің бала тәрбиесіне қандай ықпалы болады? Әке неғұрлым баланың қасында жүрсе, соғұрлым бала әке тәрбиесін көріп өседі.
Қазақтың табиғатында болмаған, залалын тигізіп отырған өзге ұлтпен некелесу, бір жынысты неке – біздің ертеңімізге, ұрпағымызға не береді?! Бұл – табиғатқа қарсы келетін жаман әдеттерді бағзы бабаларымыз «мал құлағы – саңырау» деп қатты сақтандыратын.
Жасыратын несі бар үй-жайы, айтарлықтай жағдайы бар елуді еңсеріп, алпысты алқымдаған азаматтар еліне, туған жеріне қол ұшын берудің орнына жеке басының қызығы үшін жалғызбасты әйелдерді жағалап, екінші, үшінші, бесінші әйел алып мақтанып жүргендер бар. Бабаларымыз ондай екінші, үшіншіні бәйбәшелерімен келісіп, оң жақта отырған беті ашылмаған қыздарды құда түсіп, ата жолымен алған. Ұрпақ көбейту үшін ол заманның бәйбішелері таңдап жүріп, текті жерден күйеулеріне өздері айттырып кіші әйел алып беретін болған. Өздері қызметтеріне сай «бәйбіше» деген статус алған. Ол заманның ерлері біреудің жесірін баласымен алғанды намыс көрген. «Сүйегімізге таңба болады» деп намыстанған. Кәзіргі жігіттер ұрланып жүріп көшедегі келіншектерге болмаса жалғызбасты балалы әйелдерге барып, қолдарына кіріп алуды ар көрмейді.
Әкеден мейір, анадан жылу көрмеген тастанды балалар туралы айту бөлек әңгіме, өте ауыр. Осы мәселеге тоқталарда бір уәж айтқым келеді. Тастанды балалар туралы айтқанда біз үнемі бір жақты ғана қарап, көкек аналар туралы айтамыз, оны сол деңгейге жеткізген әкелер туралы айтпаймыз. Жауапкершілік екі жаққа да бірдей болу керек емес пе?! Жеке бастың қызығын ойлап, отбасын оп-оңай тастап кете беретін әкелер туралы неге айтпаймыз?
Өзінің бауыр еті – баласын аз уақыттық жеке бас қызығына айырбастап кететін әкелер біреудің баласына қандай тәрбие береді?! Жат бауыр ұрпақтан намысшыл, рухты ұрпақ емес – жасқаншақ, кекшіл, жасық бала өседі. Өгей әкелер көбейді.Өгей әке өгейлігін көрсетпей тұрмайды.Өзінен тумаған балаға материалдық тұрғыдан көмек бере алатын шығар, шын әкелік ықыласпен мейірлене алмайды.
Белгілі қаламгер Тұрсын Жұртбаевтың «Қоғамда әйел билегендігінің белгісі – анасын ғана тыңдап өскен, әкенің алдында жасқануды, ұялуды білмейтін қыздардың ертең ерін сыйлап, еліне лайық ұл өсіретініне күмәндімін» дегені бар. Рас, соңғы уақытта баланың тәрбиесін анаға жүктеп қою жиі кездеседі. Айбарлы әкенің орны әлсірегенін өкінішпен айтуға мәжбүрміз.
Тағы да бір белең алған мәселе – отбасынын берекесін өзі кетіріп, жанжал шығарып, күш көрсету. Негізінде әке жанұя мүшелерін қамқорлығына алып, үй ішіндегі тыныштық пен ынтымақты қамтамасыз етуі керек.
Әз Тәукенің жеті жарғысының 4-ші тармағында: «Өзге біреудің әйелімен зинақорлық жасап, ақ некені бұзушыларға өлім жазасы бұйырылсын» дейді. Бұл жарғы отбасы бірлігін сақтау арқылы неке парызын өтеу, ұрпақ тазалығын сақтау үшін маңызы зор болған. Отбасындағы азаматтың орны мен Қыз баланың тәрбиесі жөнінде айтарда мынандай тәмсілді басты назарда ұстаған жөн. Әйелді жылатпа! Өйткені оның көз жасын жаратушы санайды екен. Әйел - еркектің жанына жақын болу үшін, өзімен тең болу үшін, қолтығының астында қорғалуы үшін, жүрегіне жақын - сүйікті болу үшін қабырғасынан жаралған. Құдайдың өз еркі бар. Әйелді еркектің аяғынан жаратқан жоқ - аяқ асты болып, қорланбау үшін. Еркектің басынан да жаратпады - басынып, басына шығып кетпеу үшін.
Ел тағдырына алаңдайтын, білімді, іскер, намысшыл, өз шаңырағының тірегі болатын нағыз азамат тәрбиелеу – Біз бен Сіздің борышымыз.
abai kz