Қызылордада колледж студенті ұстазымен сөзге келіп, өз-өзіне қол салды
2014 ж. 19 мамыр
1829
0
Қызылордада медицина колледжінде оқитын он бес жастағы қыз уланып өлді. Кесел дәріден келді деген болжам бар. Ал жақындары оған оқу ордасының мұғалімдерін кінәлап отыр. Айтуларынша, Назгүл Болатқызы журналдағы бағасына өзгерту енгізіпті.
Оған мойынсұнбаған жасөспірім үш күн ұстаздарының алдына келіп, өкінішін де білдірген екен. "Тіпті Назгүл жаны қиналып жатқанда да ұстазының кешірім етуін өтінумен болды", - дейді әпкесі.Оны біліп қойған ұстаздар топтағы алты қыздың сабаққа қатысуына тыйым салған. Құрбылары болса "үш күн бойы кешірім сұрап барсақ та, мұғалімдер жөнді жауап бермеді", - дейді. Назгүлдің жақындары сан-сауалдың жауабын мұғалімдерден талап етіп отыр. Себебі "колледж қызметкерлері қызға кешірілмейтін күнә жасадың деп, оқу орнының маңайына жолатпаған", - дейді.
"Сол жерде бүкіл врач бәрі естіді. Мені кешірмейді, химия апай, мені кешірмеді. Мені кешірмеді, сабаққа қоспады. Сол айтып кете бергені. Келдік ешкім жауап бермейді. Ағайының көкірегі аспанда, адам өлді деп тұрған жоқ", - дейді Назгүлдің әпкесі.
Медбике болуды армандаған Назгүл былтыр грант негізінде оқуға түскен. Ал оқиға болардан төрт күн бұрын тобындағы алты қыз журналға түскен химия пәнінің бағаларын өздері өзгертіп алыпты.
Артынан қателіктерін мойындап, ұстаздарынан кешірім сұрап келгенімен олар "директор келген соң қатаң шара көресіңдер" дегеннен өзге ешнәрсе айтпаған. Оны алты қыздың бірі растап отыр. "Осындай күйзеліске түскен қыздарға бір де бір ұстаз ашылып әңгіме айтып, психологиялық қолдау көрсетуге де тырыспаған", - дейді туыстары. Ал, психолог бұл жайдан бейхабар екен. "Мен бұл оқиғадан мүлде хабарым жоқ. Бүгін таңертең оқуға кетіп бара жатқанда телефоныма қоңырау шалып, осындай чп болып жатыр. Міндетті түрде келіңіз деді. Қайтыс болғаннан кейін", - дейді колледж психологы. Ал мәселеден құлағдар болған оқу орнының басшысы түс ауа шұғыл іс-сапардан оралды. "Шығарады деген ондай сөз болған жоқ. Ал қалған мәселелерді сабаққа қатыстырмаған, оның бәрін мен енді келіп жатырмын, өзім анықтаймын, өзім шешемін. Өлім туралы енді құзыретті органдар бар. Солар айналысады деп ойлаймын", - деген уәдесін берді оқу ордасының басшысы. Директор қалған бес қыз оқуларын әрі қарай жалғастыратынын жеткізді. Ал Назгүлдің өлімінің нақты себебін ақ халаттылар арнайы сот сараптамасынан соң мәлімдемек. Әзірге "шамадан тыс дәрі ішкен деген болжам ғана" бар.
7 арна