Балаға ақыл айтудан қорқатын болдық...
2014 ж. 28 сәуір
2599
1
Қоғамдық көлікке мініп, жан-жағыңызға бажайлап қараңызшы. Кешкісін жұмыстан жүйкелеп шаршап шыққан жұрт, қабағы қатулы қария, бұ дүниенің күйбең тіршілігін бір сәт те болса ұмытуға тырысып, терезеден сыртқа көз салған көңілсіз келіншек, құлағына тығын тығып, әулекі әуенге ден қойған бозбала мен бойжеткен... Айналасына шуақ шашып, мейірлене қарайтын көзқарасты емге таппайсыз. Тап бір елдің бәрінің басынан бақыт құсы ұя салмай ұшып кеткендей, бәрі де депрессияға түсіп, доллардың қымбаттағанына қайғырып, «баспананы қалай аламын, оқуымның ақысын қалай төлеймін?» деген сан сұрақтың тұңғиығына түсіп кеткендей көрінетіні рас. Расында да солайына солай-ау... Бір сәт айналаға махаббатпен мейірлене қарап, бейтаныс адамға бір ауыз жылы сөз айтуға мойнымыз жар бермейтіні де рас. Азық-түлікке толы сөмкесімен қария кісі автобусқа мінсе мойын бұрып қарайтын адам аз. Алда - жалда ұяты молдау біреу орын бере қойса апамыз рахмет те айтпай әлгі орынға қонжия кетеді. (Көсегең көгергір деп бата беретіндері кемде-кем-ау осы). Ізгі істі алғыс алу үшін істемейді ғой. Бірақ бірауыз жылы сөз жанды жадырататынын көп адам елемейтіні өкінішті. Біреу жөн сұраса қорс ете қаламыз. «Білемін деген көп сөз, білмеймін деген бір сөзді» басшылыққа алып. Жүйелі сөз жетесіне жетпеген жанға қамыққан қартқа ала көзбен ата қарап, іштей «тыныш отырса қайтеді екен?» дейміз...
Бүгінгі таңда өмір сүру қажеттіліктерінің артуы мен керекті-керексіз ақпарат легінің тым көптігі, тез даму қарқыны адамдарға стресс, депрессия,шаршау, болдыру секілді «қасиеттерді» туабітті дерттей жұқтырып жатыр. Төрт құбыласы түгел, проблемасы жоқ адам қалмағандай айналамызда. Әрине күнделікті күйбең тірлік жүйкеге жүк, санаға салмақ салатыны жасырын емес. Дегенмен соның бәріне айналамыздағы адамдар кінәлі сияқты қабылдайтындар да жоқ емес. Бүгінде біреуге жөн сілтеп, ақыл айтудың өзі артық. Ұрсысуды былай қойғанда. Адамдардың бәрі «нервный». Шырт ете қалады. Жақсы сөз айтсаң да, жаман сөз айтсаңда салғыласып, тіпті соғып кетуі де мүмкін. Әсіресе мұндай жағдайлар қоғамдық көліктерде көп болады. Ал көлік жүргізушілерінің өзі жолды бөлісе алмай тап көшенің ортасында көліктен түсе салып төбелесіп жатқанының куәсі болып та жүрміз. Осының бәрі де ашудың арқасы. Жылы сөздің жетіспеуінің арқасы. Уақыт бәрінде де тапшы. Бір сәт жол бере салып, үлкеннің айтқанына бас шұлғып қоя салу деген жоқ қой. Эгоизммен уланған ұрпақ тек өзінікін жөн санайды. Біреуге жол беріп қойса тап бір тағынан түсіп қалардай көреді.
Отбасы құндылығы бүгінде өз мәнін жойған секілді. Әкенің айтқанын заң деп қабылдайтын кезең түүүүу алыста қалғандай. Әке тұрып ұл сөйлейтін, шеше тұрып қыз қақаңдайтын заман болып тұр. Бүгінде бойжеткен қызы, ержеткен ұлы бар отбасылардың мұңына құлақ түріп көріңізші: «Айтқанымды құлағына да қыстырмайды, тек өзінікі жөн, қалай тыңдатамын?» дейді өз кіндігінен жаралған қағанағына көңілі қалып. Тіпті «бүгінгі балалардың психологиясы мүлдем бөлек қой, қатты ұрсуға да қорқамыз, өзіне бірдеңе істеп қоя ма...» деп қайғыратындары да жоқ емес. Баласын тыңдата алмаған әкеде не бедел, не сес бар сонда? Ал шешесін тыңдамаған қыз жүр би алаңында, түнгі клубта шошаңдап. Нәтижесінде ойнақтап жүріп от басып, оң жақта отырып босану. Әке мен шешені тыңдамаған ұл мен қыз өзгені тыңдар ма?
Шаңырақ көтеріп шаттығы шалқыған жандардың арада ай өтпей, апта өтпей көңілдеріне кірбің түсетіні неліктен? Отбасы құрмай тұрғанда жігіт те, қыз да жақсы (жаман қатын қайдан шығады?). Сүйгеніне әрдайым гүл шоқтарын сыйлап, әлемдегі ең әдемі сөздерден тау тұрғызады. Ғашығына сәт сайын қоңыраулатып, сағынғанын сыбырлай жеткізеді. Театрға барғысы келмесе, киноға апарады, кофе ішкісі келмесе, коктейль алдырады. Қыздың айтқаны айтқан, дегені деген болады. Аруының қандай қалауы болса да, тіпті аспандағы айды алып бер десе де дайын болған жігіт үйленген соң неге өзгеріп кетеді? Сезімдері арнасынан асып, толып, үйленуге сөз байласқан жандардың бір-біріне ұнамды көріну үшін өз кемшіліктерін бүркемелеуге тырысатындары анық. Кездесуге келгенде олар отбасын құрса бар армандары орындалатындай, өмір тек қана бақытты сәттерден ғана тұратындай қиялданады. Ал той өткеннен кейін... Сахнаның шымылдығы түріліп, өмір атты спектакльдің қойылымдары басталады. Жағымды не жағымсыз кейіпкер болу өз қолдарында. Бұрынғы армансыз қыдырып жүрген кездері елеске айналып, күйбең тірлікке топ ете қалады. Отбасылық өмірдің жақсысына да, жаманына да үйреніп, сіңісіп кету оңай емес. Осындай міндеттерге дайын болмау, бейімделе алмау, ең бастысы төзімділік таныта алмау отбасының ойрандалуына әкеп соғуы әбден кәдік. Отбасылық өмірді ертегідегідей деп ойлап жүрген ханшайым бір сәтте көзі ашылып, аһ ұратыны да сондықтан. Енді күйеужігіттен гүл шоғын алу кезеңі бірте бірте азайып, аналар мерекесі мен туған күнде ғана туады. Түсініспеушілік, ұрыс керіс осындай майда-шүйдеден басталады. Анасынан сындарлы, салиқалы тәрбие көрген қыз мұндайда салқын ақылына салып, барынша төзіп бағады. Ақырында жеңіске де қол жеткізеді(күйеуін ақылымен, қулығымен торға қамайды). Ал ақымақ ханшайымдар тек өзімдікі ғана жөн, менің айтқаным болады деп кеуде соғып ақырында сан соғып қалады( еркекті ешқашанда ерегісіп жеңу мүмкін еместігін түсінбейтіндер үшін жеңіліспен аяқталады). Осындай сәтте сезімнің сандыққа мәңгі тұтқын болып кетпесі үшін ақылды келіншектер барын салады. Олардың «Жаным-ау» деген жалғыз ауыз сөзі қандай қату еркекті де майдай ерітіп жіберетінін көп келіншектердің түсінбейтіндігі өкінішті.
Ажырасушылардың қатары артуына себепші болуына көбіне үлкендер де үлес қосып жатады. Сезіміне селкеу түсіп, ашуға бой алдырып тұрған ерлі-зайыптыларды бір ауыз сөзбен жарастырып жіберудің орнына отқа май құятындар да табылады. Сондағысы бір ауыз жылы сөз ғой жетпей тұрғаны.
Кім кінәлі?
Бәсе, кім кінәлі? Бұл тұңғиығы терең сұрақ. Әрине өзіміз кінәліміз десек көп адамның шабына шоқ түсіріп алармыз-ау. Алайда анығы - осы.
Қаншама өзіңдікі дұрыс болғанмен бір сәт қарсыласыңның орнына өзіңді қойып көрші. Өз бойында эмпатия қабілетін (өзіңді басқа біреудің орнына бір сәт қоя білу) дамыту әр адамның өз қателігін түсінуіне жол ашар еді. Алайда оған мойнымыз жар бермейді. Тек «өзімдікі дұрыс» өйткені. Егер бір сәт осылай болса өз қателігіңді мойындасаң, екеуара түсіністік молаяр еді. Яғни, ашуыңды келтірген адамның ішкі сырын түсінуге жасалған әрекет өзің үшін пайдалы болмақ. Ұрыс-керіс, кикілжің көбіне өзімшілдіктен бастау алады. Кінәлі екеніңді сезінген сәтте кешірім сұрауға да үлкен парасаттылық қажет. Әрдайым қатты сөзге келіп, жұбайының кем-кетігін іліп-қағып отыру отбасының шырқын бұзады. Жаным деген жылғыз ауыз сөзбен-ақ жүрегін жылытуға болады.
Жанымызды жаралайтын жәйттарға кінәлі өзгелер емес, тап өзіміз. Сондықтан да игі істі өзімізден бастау керек. Әсіресе, отбасында әркім өзін түсіністік пен төзімділікке, кешірімді болуға тәрбиелей білсе ұтарымыз мол. Ең бастысы жанды жылытатын жылы сөзді көбірек айтайықшы... Жылы сөз жетпей тұр..
"Алаш айнасы"