Шымкенттіктерді «ш...» шаршатты...
2014 ж. 08 сәуір
2407
4
Оңтүстіктегілер біреуге риза болса, «Атасына рахмет!» дейді. Ал ренжіген адамына «шешеңнің...» деп кіжінеді. Расында Елбасының өзі айтқандай шымкенттіктер «ш» деген әріпті өте жақсы көреді. Тіпті таңғы оразасын осы «шешеңнен...» ашады десек артық айтқандық болмас. «Ш» әрпіне шашалып қалатын шымкенттіктердің осы сөзге алабөтен «махаббатының» сыры неде десек, оны ана құрсағында жатқан кезінде бастау алады деуге әбден боларлық. Өйткені боқтампаз әкесі бала құрсақта жатқанында-ақ құлағына құяды. Тіпті тілі енді шығып келе жатқан балаға «папа, мама» деген сөзді айтып үйретпей жатып-ақ шешесінен сыбауды үйретеді. Былдырлаған сәбидің тілін қызықтап, қайта қайта айтқызу алғашында қызық көрінетіні де рас. Бұл жайында осы өңірде туып-өскен «Алаш айнасының» тілшісі әңгіме айтады.
Алайда келе-келе осы әдет бойына жұғысты болып, арыла алмай қалатыны да анық. Содан басталды деңіз... Осылайша ұрпақтар «сабақтастығы» тінін жоғалтпай, ат тұяғын тай басып, алдыңғы арбаның ізін кейінгісі адаспай қуалаған рухани мүгедек ер адамдардың тізбегімен толықтырыла береді. «Шешеңді...» айтпаса тілі тұсалып, екі сөздің басын құрай алмай қалатындай көретіндер де бар. Тіпті оны «связка слов» деп ақталатындарын қайтерсіз. Ия, расында солай... Жуырда Павлодар қаласындағы колледждердің бірінің студенті былапыт сөз айтқаны үшін ... айыппұл төлеуге мәжбүр болыпты. Әдебиет пәні сабағында оқытушы мен тәлімгерлердің көзінше былапыт сөздер айтып, басқалардың мазасын қашырғаны үшін оған «Ұсақ бұзақылық» бабы бойынша айып тағылған. Қоғамдық жерде айтылған бейпіл сөзі үшін – 5 000 теңге айыппұл мойнына қиып салынған. Осыған қарап отырып күлкіміз келді. Егер әділдіктің «ақ таңы» атса, онда шымкенттіктердің бәрі сотталып кетуі мүмкін ау деп. Расында қоғамдық орын болсын, той болсын, басқа болсын жұртты аузына қаратып қойып, ш-дан бастап шықпыртатындар жетіп артылады. Тіпті оны ұят санамайтындарын қайтерсіз?
Әкесінен оза шауып, ш-ны айтудан бәйгенің басын бермей жүргендер тіптен көп. Автобуста да, оқу орнында да, көшеде де көп. Тым көп... Мұны қоғамдық дерт деуге де болар. Баланы жарық дүниеге әкелетін алтын аналарды анандай қойыртпақ сөзбен балағаттауға аузы баратындар сөздің түпкі мәнісіне мән бермейтіні анық. Егер байыбына барса олай етпес еді ғой. Оны «мода» санайтындар да жоқ емес. Осы сөзге бола жаға жыртысып, төбелесуге дейін баратындар да баршылық. Намысқа тырысып, анамды боқтама деп жағын сындырып жатқандар да көп. Сонда да болса бұл тентек сөзге тиым болмай тұр. Оны қойғызатын тетік және жоқ. Сонда жағымсыз дертті бойына жұқтырған жастарды бұдан қалай арылтамыз? Төбе құйқаны шымырлатар балағат сөздерді бытыраша бытырлатқан жастардың іріген аузынан шығып жатқан шіріген сөздерге тосқауыл табылмай тұрғаны өкінішті. Жастайынан жақсы сөзді құлағына құйып, білімді бойына қасиет қылып сіңірмегендердің кейінгі толқынға көрсетер үлгісі қайсы? Онсыз да шекілдеуік шаққандарға айыппұл салатын болып, тіпті шектен асқандарды тәуліктеп темір торға қамайтын қаулыны да қолға алдық қой. Оның қасында бұл одан да ауыр «күнә» емес пе? Ендеше «шешеңнен...» қайыратындарға қақпан құрсақ, екі елі ауызға төрт елі қақпақтың табылғаны да...
"Алаш айнасы", Гүлжан Көшерова