Жастар телефон экранынан бас алмай жүр
2014 ж. 28 наурыз
7643
2
Заманауи техниканың дамуы, адамдарды бойкүйездікке, жалқаулыққа, оған деген басыбайлылыққа тәрбиелеп бара жатқандай... Көшеде, аялдамада, автобус ішінде, кез-келген ортада экран бетіне үңілген жұрт. Түбі неге соғары белгісіз. Голливдтың қиял ғажайып киноларындағыдай әлемге келе жатқандай екі ұдай сезім жетегінде қалдық. Тіпті, сәбидің өзі де сол «сүйкімді ойыншыққа» құмартуда. Бесік жырының орнына «диско» музыкамен ұйықтайтын сол шикі өкпелер туралы айта бастасақ, «музыкада тұрған не бар «әсіре ұлтшыл» болмай-ақ қойшы» дейтіндер де шығады. Ал, сол, ұлттық болмысты бойына сіңіріп өспеген жанның ертеңінен не күтуге болады? Осының салдарынан бұйығы, өзімшіл, қайрымсыз ұрпақ өссе ертеңнен не қайыр?
Шыны керек, кітапханаға баратындардың қатары сиреп барады. Ол шындық, қанша жерден том-томдап кітап шығарғанмен, күні ертең оның электронды нұсқасы қолыңа түседі. Сосын «помощник» «Айфад», «Айфонға» электронды букка жүктеп аласың, сосын телміресің. Ұзақ мерзім экран бетіне үңілген жанардың нұры таятындығын медицина да дәлелдеп жатыр. Айтпағымыз, қалтафонның жас буынның санасына пайдасынан гөрі кері әсері көп болып тұрғандығы.
Ұялы телефон — байланыс құралы
Автобус iшiнде үш жасөспiрiм қызу пiкiрталас үстiнде. Толықтау келген, 13-14 жастағы бала қолындағы “samsung galaxy s2-iн” төбесiне көтерiп бiр мақтанып алды. Алдыңғы қатарда отырған серiгi “ал менiкiн көр” дегендей финдiқ “Nokia” өнiмiн жарнамамалап жатты. Құлаққап кигенi болса, әңгiмеге аракiдiк араласып, өзiн ересектерше ұстауға тырысады. Иә, айтпақшы, оның қолындағысы американдық соңғы үлгiдегi “apple iphone-5” телефоны екен. Әрине, қызғаныш жоқ. Дегенмен, осы сәт менi ерiксiз ойландырды. Баладан ата-ананың аяры бар ма? Ұрпағы үшiн жүрегiн суырып беруге дайын. Адамдарға айшылық алыс жерлерден жылдам хабар жеткiзетiн, жүздеспесе де көргендей әсер беретiн қалтафонның пайдасы мол. Ұл-қызының аман-саулығын бiлiп отыруға құштар үлкендер үшiн ыңғайлы болған бұл техниканың тұрмысы нашар отбасынан шыққан балалар арасында әлеуметтiк теңсiздiк тудыратынын бiле ме екен? Оның үстiне, мектептегi ересек балалардың төменгi сынып оқушыларына әлiмжеттiк жасап, телефонын тартып алатын келеңсiз жағдайлардың болып тұратыны да жасырын емес.
Жастар — белсендi абонент
Сананы нарық билеген заманда әркiм өз шама-шарқынша жұрт қатарлы жүрiп-тұрғысы келедi. Жаңа сән қуып, киiмнiң қымбатын, техниканың озығын тұтынуды армандайды. Әрi соған қарай әрекет жасайды. Кейде “сотовыйсыз” құрбыларына заман көшiнен қалып қойғандай таңырқай қарайды.
Статистикалық мәлiметке сүйенсек, Қазақстанда қол телефонын пайдаланушылардың саны жалпы халықтың 50 пайызынан асқан. Қазақстан халқының 30 пайыздан астамы жастар екенiн ескерсек, байланыс жүйесiнiң белсендiлерi де солар болып отыр. Ел iшiнде жиi қолданатын қалтафондардың Қазақстанда пайда болу тарихы берiден басталған. 10 жыл iшiнде кеңiнен таралып үлгердi. GSM, CDMA сияқты тың сандық байланыс жүйелерi қалыптасты. Сондықтан болар, байланыс қызметiн ұсынатын iрiлi-ұсақ серiктес компаниялар елiмiзде жаңбырдан соңғы саңырауқұлақтай көбейiп кеттi. Кейiнгi кездерi қалтафон брендтерiнiң өзара бәсекелестiгi нәтижесiнде олардың бағасы төмендедi. Осыған орай абоненттерге қарата байланыс қызметi де өз сыйлығын ұсынып жатыр. Мұның жарқын дәлелi аз емес. Мәселен, Шымкент қаласындағы Тәукехан даңғылы бойындағы “Гарант” ғимаратында түрлi-түстi жарнамалардан көз сүрiнедi.
Қытайдың бiр реттiк пайдаланудан аспайтын арзан қалтафонымен бiраз уақыт ұсталған телефондардың саудаланатын орнына айналған Тәукехан мен Байтұрсынов көшелерiнiң қилысындағы жол жиегiмен аяқ алып жүрудiң өзi мұң. Кiлең жастарды қызықтыратыны сол техниканың баурағыштық қасиетi екен. Өзiндiк құны да көңiл көншiтерлiк, қалтаңның қалыңдығына қарай қалағаныңды сатып аласың. Содан нәпақасын айырып жүрген Ермек Бекбосыновтың айтуынша, күнделiктi кiрiсi жаман емес екен. Аларманның көбiсi жастар, базары өтiмдi тауар ретiнде mail.ru агентке, интернет желiсiне кiретiндерiнiң бағасы жоғарылай түседi екен. Оның жастарға зиянын тигiзетiндiгiне бас ауыртпайды да, ойлағаны — қалта қампайту...
Бұрын банк қызметi арқылы кредит алып жүргендер ендi технодомдардан телефон алуына да болады екен. Ол үшiн арнайы келiсiмшартқа отырып, айлық көрсеткiш есебiнде бiр жыл iшiнде төлеп бiтсе болғаны. Бұл компаниялардың iшкi саясаты – жастарды көбiрек жұмылдыру. Оның үстiне жұртшылықтың назарын бағасы арзан байланысқа аударған акциялар өткiзу арқылы тартады. Соның арқасында жастар арасында абоненттерiнiң санын арттырмақ.
Қатерлi дертке себепкер
Ұялы телефондардың электромагниттiк сәулелердiң негiзгi тетiгi екенi айтпаса да түсiнiктi. Ендеше, жас ұрпақтың сүйiктi «ойыншығына» айналған ғаламторға шығу мүмкiндiгi бар телефондар жастардың ағзасына зиян келтiрмесiне кiм кепiл? Мамандар алдағы 10-15 жылда сымсыз телефонның әлегiнен қауiптi iсiк дертiне шалдығушылардың саны арта түсетiнiн айтуда. Көршi Қытай елiнiң ғалымдары зерттеу жүргiзу барысында қалтафонның зияны туралы айта келiп, оның зардабын әлсiретудiң жолдарын ортаға салды. Олардың мәлiмдемесiнде телефонды киiмнiң қалтасына және өзiнiң жанында алып жүруге болмайды екен. Сол үшiн арнайы қорапша дайындауға кiрiсiп жатқандығын айтады. Әрi сөйлесу уақытының аралығы күнiне 3 сағаттан артық болмауы керек дегендi алға тартады.
Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымы қалтафонның жеткiншектердiң денсаулығына зиянды екенiн ресми түрде мәлiмдедi. Он жыл бойы күнiне жарты сағат ұялы телефонмен сөйлескен адамдардың глиома дертiне шалдығу қаупi 40 пайызға дейiн ұлғайған. Бұл жүйке, эндокриндiк және жыныстық аурулардың асқынуына әсер ететiн көрiнедi. Шведтiк ғалымдардың мәлiмдеуiнше, 10-11 жастан берi ұялы телефонды тұрақты пайдаланатын жандардың ми iсiгiне тап болуы әбден мүмкiн. Себебi, электромагниттiк сәулелер ойлау қабiлетiн реттейтiн мидың жүйке орталығына енедi. Эпилепсия, жүйке аурулары, ақ қан сияқты дерттiң де асқынуының негiзгi себепкерi де сымсыз телефон екен.
Мектепте тәртiп қатаң
Сабақ кезiнде оқушының қалтафон пайдалануы қаншалықты заңды? Сабақ барысында ұялы телефонды пайдалануына Қазақстан Республикасының Заңдары бойынша тыйым салынбаған. Сондықтан бұл жағдай әр мектептiң iшкi ережесiне сәйкес, ата-аналардың келiсiмiмен реттелiнiп отыр. Өйткенi, «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» ҚР Заңының 10-бабы, 1-тармағына сәйкес «Әрбiр баланың өмiр сүруге, жеке басының бостандығына, қадiр-қасиетiне және жеке өмiрiне қол сұғылмауға құқығы бар» делiнген. Бүгiнде облысымыздағы 1018 мектеп әкiмшiлiгi өз оқушыларына сабақ үстiнде ұялы телефонды пайдалануына «Iшкi тәртiп ережесiне» сәйкес барлық сабақтары аяқталғаннан кейiн ғана рұқсат бередi. Ал, колледж студенттерi сабақ арасындағы үзiлiс уақыттарында сөйлесе алады.
Алайда, азаматтық қоғамда әркiмнiң өз құқығы бар дегендi көлденең тартатындар да аз емес. Ашушаң апайдың сабағында “соткасын” сөндiрiп қойып, момын мұғалiмнiң дәрiстерiнде құлаққаппен музыка тыңдайтын жастар да кездеседi.
Ұялы телефон әр адамның жеке мүлкi болғандықтан арнайы нұсқау болмай, оның iшкi мазмұнын тексеруге мекеме әкiмшiлiгiнiң және оқытушылардың құқығы жоқ. Бұл мәселенi тек оқушының ата-аналармен байланысып шешуiне болады.
Осыған орай облысымыздағы бiр топ мектеп оқушыларының дәл осыған байланысты айтқан пiкiрлерiн назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Порно әуестікке жетелеуде
Жоқ десеңіз қателесесіз. Кәдімгі мектеп оқушысының қолтелефонын ақтара қалсаңыз, сіз кездесетін мәселе порно өнім. Еліктеу кезеңіндегі жас буынның санасын торлаған азғындықтың таралуы осы «момақан соткалар» арқылы таралады. Тіпті, әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларында да сондай суреттер мен видеолар салып, оны бір-біріне жіберіп жатады. Эротикалық-порнографиялық сипаттағы вирустардан қорғаудың жолы кәмелекте толмаған өскінге заманауи қалтафонды мектепте, тіпті отбасыда да тиым салумен ғана әлсіретуге болатындай.
Сергей УТКИН, заңгер:
–ҚР БАҚ туралы Заңына сәйкес «Порнографиялық өнімдер рұқсат етілген орында ғана таралуы тиіс. Ал олардың таралу орнын жергілікті атқарушы биліктегілер анықтайды. Эротикалық сипаттағы өнімдер арнайы белгіленген орыннан тыс жерде таралса, онда оны таратушы заң алдында жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ Заңға сәйкес эротикалық өнімдер 18 жасқа толмағандарға сатылса және оны жасауға 18-ге толмағандардың қатысы болғаны анықталған жағдайда оларды әкімшілік құқық бойынша жауапқа, ал өнім «порнорграфиялық» өнім санатына жатқызылса, ҚР Қылмыстық кодексі бойынша жауапқа тартылуы мүмкін. БАҚ туралы Заңда «эротикалық сипаттағы өнім дегеніміз – бұл біртұтас жүйелі түрде жыныстық қатынасты насихаттайтын құрал» делінген. Сол себепті ғаламтор желілерінде, көшеде, жарнамаларда порнография түгілі эротикалық сипаттағы кез-келген өнімді таратуға заңмен тыйым салынған. Өйткені бұл орындар жергілікті атқарушы билік тарапынан қолдау таппаған».
Сiз не дейсiз?
Алтынгүл САНСЫЗБАЙ, студент:
— Қазiргi бала бар қызықты ұялы телефоннан тапты. Дос тауып беретiн де, әншiсi де, жаңалығы да - аса құрметтi қалта телефоны. Баланы ата-ана емес, ұялы телефон тәрбиелейтiн күйге жеттiк. Күнi бойы қалтасынан түспейтiнi өз алдына, "жастанып" жататындардың қатары калың. Технологиясы мен моделi жаңарған сайын қалтафонның қымбатына жүгiрген балада есеп жоқ.
Бәрi техниканың "құлына" айналғандай... Қолымыздағы, яки қалтамыздағы ұялы телефонның зиян-зардабының шаш-етектен екенiн бiлемiз. Бiрақ қолданамыз. Дәрiгер мамандар ұялы телефон қаншама емi жоқ аурудың көзi деп дабыл қақса да, оған селт еткен бiз жоқ. Қалта телефон денсаулыққа ғана емес, бiлiм алуымызға да кедергi болуда. Сабақ барысында оқушылар мен студенттердiң басым бөлiгi телефон қолданады.
Не кереметi барын әлi түсiнбей әлекпiз. Ұялы телефонға бесiктегi бөбек те кұмар. Ойыншығы үйдей үйiлiп жатса да, тәй-тәй басқан баланың өзi қалта телефонға жүгiредi. Сөйлейтiн, билейтiн, жүретiн қытайдың ойыншықтары мұның қасында жiп есе алмай қалған.
«Ұялы телефонның зиянынан науқас болыпты» дегендi әзiрге естiген жоқпыз. Дәрiгерлер технологияның зардабы уақыт өте байқалады деген пiкiрде. Бiрақ қалта телефонның құрсауында кетiп бара жатқан жеткiншектердi күнде көрудемiз. Қалай болғанда да, ұялы телефон ұямызды бұзбасын.
Таңшолпан БЕГӘЛIҚЫЗЫ, 11-сынып оқушысы:
— Оқушылардың сабақта қалтафон алып жүруi заңсыз. Менiң түсiнiгiмде, мектеп ауласында ұялы телефонын алып жүру оқушыға керi әсерiн тигiзедi. Сабақ оқу барысында ойды бөлiп, зейiнiңдi төмендетсе, үзiлiс уақытында достарыңның ортасынан шет қалуға соқтырады.
Бiздiң ауданның мектептерiнде ылғи тәрбие iсi жөнiндегi орынбасар бiрнеше ұстаздармен бiрге тексеру жүргiзедi. Яғни ұялы телефоны бар бала одан сөзсiз айырылады. Ата-аналарымыз қалта телефонын мектепте ұстамау жөнiнде келiсiмге қол қойған. Мен 11-сыныпта оқимын, мүмкiндiгiнше телефонымнан алыс жүруге тырысамын.
Алайда, телефонын қолынан тастамайтын, тұйықталган балалардың көп екенi жасырын емес.
Алма ҚАЗАҚБАЕВА, Отырар ауданындағы "Қоғам" жалпы орта мектебiнiң қазақ тiлi мен әдебиетi пәнiнiң мұғалiмi:
— Бала телефонды бекерден-бекер ұстап жүрген жоқ, ғаламтор желiлерiнде отырады. Ал, ғаламторда не жоқ дейсiз? Әрине, керегiңмен қоса, пайдасызын да табасың. Алайда, бос уақытта рұқсат. Өйткенi, бала заман ағымынан қалыс қалмауға тиiс. Ең бастысы, бiлiм үйренудiң бiр сәтiне де "агент" секiлдi ғаламтор қызықтары кедергi келтiрмеуi маңызды.
Нұршат Төкен, "Алаш айнасы"