Екібастұзда жиһадқа қатысқандар 7 жылға сотталды
2014 ж. 22 наурыз
1927
3
Павлодар соты Сириядағы соғысқа барып қайтқан Екібастұздың қос тұрғынына осындай үкім кесті деп хабарлайды КТК арнасы.
Азамат Қазбаев жазасын жалпы режимдегі колонияда өткізетін болса, Әбусалам Мырзабаев жасаған қылмысының ауырлығына байланысты қатаң тәртіптегі түрменің біріне қамалмақ. Фемида өкілдері жиһад жасаймын деп, елді дүрліктірген екеудің тағдырын осылайша шешті.
Ал, өткенде ғана айыптылар орындығынан төбе көрсеткен Берік Жақыпов пен Борис Мырзабаев экстремистік топтарды қаржыландырғаны үшін 3 жыл шартты мерзімге кесіліп отыр. Сот залынан бостандыққа жіберілген Мырзабаевтардың үлкені 30 жаста, бұрын сотталмаған.
Ал оның 27 жастағы інісі Әбусалам 2008 жылы алаяқтық жасап, екі жыл жазасын өтеп шығыпты.
Айта кету керек, бұл іс бір жылға жуық тергелді. Адасқан төртеудің туыстары үкім шығарылған сәтте көз жасына ерік берді.
Содырлардың арасына түскенінен бөлек, әскери жаттығудан өткен қос екібастұздық Таяу Шығысқа түп-тұқиянын түгелдей көшіріп алмақ болған екен.
КТК арнасы