Тұрсынбек КӘКІШҰЛЫ, ғалым: «Шындықтың шырайын келтіріп айтпасақ, халықты тәрбиелеу қиын...»
2014 ж. 17 наурыз
2710
4
Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз мейрамының қарсаңында көрнекті әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Халықаралық Жоғары мектеп ғылым академиясының құрметті академигі Тұрсынбек Кәкішұлымен сұхбаттасудың сәті түсті. Ғалым ұстазымыздың жазу үстелінде бірнеше газет-журналдармен қатар жатқан «Қазақ үні» газетінің сандарын да көзіміз шалып қалды. Газетімізде мемлекет пен ұлт мүддесіне қатысты өткір де, ойлы мақалалардың бәрін де қалт жібермей оқып отыратынын айтып «міне, көріп отырсың ғой, «Қазақ үнін» оқып отырамын, позициясы мықты газет» деді бір сөзінде ағайымыз. Әрине, мұндай лебізді есту – біз үшін үлкен қуаныш. Наурызға қатысты сұхбатымыз орайы келгенде қоғамдағы өзекті тақырыптармен де ұштасып кетіп отырды.
Біздің нашар әдетіміз – өзгеге ессіз еліктеушілік...
- Қазақ елінің ғана емес, жалпы Шығыстың шын мәніндегі жаңа жылы – Әз-Наурыз мерекесі есік қағып тұр... Елімізде Наурыздың 21, 22, 23 күндері "Наурыз мейрамы" болып белгіленген. Өкінішке орай, егемен елімізде әлі күнге дейін Наурыз мерекесін тойлаудың нақты бағдарламасы жоқ. Наурызды тойлауды кей мекемелер айдың басында бастап жатса, енді біреулері сәуір айында да атап өтіп жатады. Наурыз мейрамын дұрыс тойлап жүрміз бе? - Наурыз мейрамын дұрыс тойлап жүрген жоқпыз. Тіпті, Наурыз мейрамының жұртымызға қайта оралуына, ұлттық мейрамдардың қатарына қосылуына өзім де атсалысқан едім. Ғалым Рахманқұл Бердібаев, тағы біраз азаматтар бірлесіп, газет-журнал беттерінде осы мейрамның баяғыдан бері елімізде тойланып келе жатқандығын көтеріп едік. Кезінде біраз азаматтар Наурызды дінге байланысты, діннің сарқыншағы деп қарсы шығып та жатты. Шын мәнінде, Наурыздың ислам дінімен еш байланысы жоқ. Өйткені, Наурыз қазақ даласына исламнан бұрын келген. 22-наурыз - күн мен түн теңеліп, табиғат-анада ерекше құбылыс орын алатын күн. Баяғыда Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында кең көлемде Наурыз мейрамы аталып өткен. Содан бері тойлап келе жатырмыз ғой. Бірақ біздің Президентіміздің жарлықтары, заңдары шыққаннан кейін, оны төменгі жақта билік тізгінін ұстап отырғандар сиырқұйымшақтатып жібереді. Дер кезінде жүзеге асыра бермейді. Сондықтан қай мейрам, мереке болса да, дәл бекітілген күні, нақты сол уақытта өткізілуі тиіс. Яғни Наурыз мейрамы да наурыз айының 22-інде тойлануы керек деп ойлаймын. Осындай ауқымды мерекелердің барлығы нақты бір күнде аталып өтсе деген тілегім бар. Ауа райы көктемде құбылмалы болып тұратыны рас, бір жерде қар, бір жерде жаңбыр жауып тұрады дегендей, бірақ күннің жылылығын күтіп отырудың қажеті жоқ. - Өзіңізге белгілі, бұл мейрамды еліміздің әр аймағы әртүрлі тойлап келеді. Мәселен, Атырау, Маңғыстау облыстары үшін бұл мейрам 14-наурыздан басталады да, өзара үй-үйді аралап, туған-туыстарымен көрісіп жатады. Бала кезіңізден бастап, туған жеріңізде қалай тойланушы еді? - Біздің Арқада бұл той ерте тоқтатылды десем де болады. Жалпы, Солтүстік Қазақстанның көп жерлері, Көкшетау аймағы орыс еліне ерте бағынғандықтан, сол елдің жүйесімен жүріп отырды. Бала кезімде Наурыздың қалай тойланғандығы есімде жоқ, тек ауылдың ақсақалдары мен кемпірлері бір-бірін құттықтап жататын. Әр өңір өзінің жөн-жоралғысын, дәстүрін тықпалап, әрқалай тойлауына мен қарсымын. Бүкіл қазақ елі бір күнді ғана Наурыз мейрамы деп белгілеп, мерекенің өзіндік байырғы белгілерін сақтап атап отыруы тиіс. Осы күні кейбір жастар ұлттық сусындардың орнына орыстың қалдығы – спиртті ішімдіктерді де ішіп алатынын көріп жүрміз. Біздің ел кері кетіп бара жатқан сықылды. Мұндай келеңсіздіктердің қайсыбірін айтамыз, тіпті тек өз пайдасын ойлап, халықты жеп жатқан банктерден миллиондап несие алып, той жасап жатады. Оның шығыны шаш-етектен. Қазақтың тепсе, темір үзетін жігіттері базарда арба айдап жүр. Бей-берекетсіз аталып өтіп жатқан пәленшенің 60 жылдығы, түгеншенің 80 жылдығы дегендей тойлар көбейіп кетті. Мұның бәріне шығындалғанша, халықтың жағдайын көтеруді ойластыру қажет. Тіпті, өз елімізде мал шаруашылығын дамытуды қолға алып, сырттан сатып алынып келіп жатқан сиырларды өзіміздің азаматтарымыз да өсіре алады. Ақбас сиырлардың санын көбейтуді қолға алу керек. Қазақ десе, өзімізге тиеді, біздің нашар әдетіміздің бірі – өзгеге ессіз еліктеушілік. Қазақ қыздарының көбісі жалаңаштанып бітіп еді, енді өз туған баласын болар-болмас ақшаға сатуды кәсіпке айналдыра бастаған көкек аналар қоғамды жайлай бастады. Еліктейміз деп, ерсілікке салынып, барымыздан айырыламыз ба деп алаңдаймын. Бұл – жақсылықтың нышаны емес.Наурызды жалпыұлттық мерекеге айналдыру үшін ұлттық идеология қажет.
- Биылғы наурызға дайындығыңыз қалай? - Наурыз – ол отбасылық мейрам, яғни жаңа жыл. Сондықтан отбасында, ошақ қасында қарсы алуды әдетке айналдыруымыз керек және наурыз көжені міндетті түрде пісіреміз сол күні. - 1988 жылдың басында, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне арнайы хат жолдап, Наурыз мерекесін қайта "тірілтуді" қолға алғандардың бірі Мұхтар Шаханов болды. Осы жылы Наурыз мейрамын тойлауға мүмкіндік алғаннан кейін ең алғаш Наурыз мейрамы қалай тойланып еді, есіңізде ме? - Қазіргі уақытта «бәрін біз жасағанбыз» дейтін азаматтар көбейіп кетті ғой. Мұхтардың депутат болып, Мәскеуде 1986 жылдағы Желтоқсан оқиғасы бойынша сөз сөйлегені рас. Жаңа өзің бір сөзіңде Мұхтар Шахановтың «Наурыз мерекесін адам мен адамды, ұлт пен ұлтты жақындастыратын, біріктіретін рухани күш деңгейінде тойлау туралы мәлімдемесін» айттың ғой. Қазақтың жерінің осыншама кең болуының себебін білесің бе? Осыншама кең жерге ие болуымыздың себебі, ағайын бірімен-бірі ренжіскен уақытта үйін жығып алып, арбаға тиеп, 60-70 шақырымға көшіп кетіп өмір сүрген. Ауыл-аймақтағы жаңалықтарды алыстан біліп отырған. Ал, мынадай жері тар, ұйығып отырған жерде ауызбіршілік мықты болады. Қазақтың бір-бірінен алыс жерде өмір сүруіне осы жеріміздің кеңдігі себеп болған ғой деп ойлаймын. Жеріміз қандай кең болса, пейіліміз де сондай кең. Халқымыздың осындай қонақжайлылығы сырттан келгендерді есінен тандырып жатыр ғой қазір. Өзгеге келгенде шектен асырып, пейіліміздің кеңдігін көрсетеміз де, өзімізге келгенде тарынып қаламыз. Қазігі күні журналист те, ғалым да қазақтың тарихын, әдебиетін білмей тұрып, мақала жазатынды шығарды. - Қазақ журналистеріне көңіліңіз толмай ма? - Бұрмалап жазатын журналистер көп, тіпті емін-еркін кетті. Бұрынғыдай қадағалап қарайтын жүйе жоқ қазір. Ойды сөзбен суреттеп, құбылтып жазғанына қарсы емеспін, бірақ өтірік жазатынына қарсымын. Журналистика факультетін бітіргенімен, қазақтың тарихын, әдебиетін, мәдениетін білмейтіндері толып жатыр. Бұл – журналистің болашақта азаматтық позициясының қалыптасуына кері әсерін тигізеді. Кімнен үлгі алуды білмейміз. Халқының 60 пайызы сауатсыз Америкадан үлгі аламыз ба? Кезінде Алаштықтарға қарсы сөйлегендер қазір Алаш жөнінде мақала жазып жүр. Бір-бірін өтірік мақтау, қолдап-қолпаштау – қоғамның айықпас дерті болып тұр. Шындықтың шырайын келтіріп айтпасақ, халықты тәрбиелеу қиын. Өзім жұртыма шындықты жеткізу үшін, ұзақ уақыт шаң басқан архивте отырып, жұмыс істедім. Сондықтан, шындық маған қымбат. Ешкімнің бет-жүзіне қарамай, шындықты тура айтатын мінезімнен тайған емеспін. Әрине, мұны ұнататындар аз, жек көретіндер көп. - Бүгінде Наурыз десе, жұрт тек ас мәзірін ғана тілге тиек етеді. Наурыздың басты ерекшелігі неде? Мән-мағынасын ашып, түсіндіріп берсеңіз. - Наурыздың негізгі белгісі – күн мен түннің теңелуі. Ал қазақ халқының қалыптасу барысында Наурыз тойы елеусіз қалған емес. Қайта қазақ ұлтының ең ұлы мерекесінің бірі болып тойланып келді. Сонымен қатар, ұлыстың ұлы күнін біз ерекше мейірімділікпен, зор қуанышпен қарсы алуымыз керек. Адамдар пендешілікпен жасаған кінәлары үшін кешірім сұрап, өзгелерді де кешіре білуі абзал. Жылдың басын көкейінде ешбір қыжылсыз, тазарған көңіл, таза ниетпен қарсы алуы қажет. Оны жан-жағындағы жандарға білдіретін жылы лебіздері мен ізгі тілектері арқылы мереке құрметіне жайылған дастарқанынан дәм татыру арқылы білдіру орынды. Тойдың да түр-түрі бар. Айтайын дегенім, мерекеге орай әзірленетін тағамды ғана емес, ежелден келе жатқан ұлттық салт-дәстүр, қазақы ырымдар мен жол-жоралғыларын барынша сақтап, одан әрі дамытуымыз қажет. Өткізілетін шараларда құттықтап сөз айтып, қол шапалақтаумен шектелмей, алдымен осы мәселеге баса мән бергеніміз жөн. Бұл жерде өзіміздің ұлттық үрдістерімізден, аңыз-ертегілерімізден, ауыз әдебиетінен алынған сан ғасырлық тарихымыз танылып тұруы керек. Сол арқылы өзіміз үйреніп, келер ұрпаққа сабақ бере аламыз. - Қазір халықтың Наурыз мерекесін тойлауға деген ынта-ықыласы азайып бара жатқандай көрінеді. Наурызды жалпыұлттық мерекеге айналдырып, ұлттық намысымызды жану үшін не істеуге болады? Наурызды атап өтуде қандай ұсыныс-пікірлер айтасыз? - Қазір Наурыз келгенде жер-жерлерге киіз үй тігу, ұлттық ойындарды ойнау жеткіліксіз. Наурызды ұлттық ерекшелік, ұлттық артықшылық, рухани нәр беруші, ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан ұрпақтар сабақтастығы ретінде көрсетуіміз керек. Наурызды тойлауды бүгінгі дәстүрмен байланыстырғанымыз жөн. Бір ұсынысым, мына ұлттық киімдерді киюге ыңғайлы, ықшамды етіп шығарсақ. Еуропа елдерінің киімдері ықшамдалып тігілетіндіктен, құмар келетініміз де сондықтан. Наурызды жалпыұлттық мерекеге айналдыру үшін, алдымен, ұлттық психологияны қалыптастыруымыз шарт. Ұлттық намыс, ұлттық идеология ауадай қажет. Біздің үкіметті басқарып отырғандардың 70-80 пайызы орыстілділер. Осы жағынан Украинаға жақындап та қалдық-ау... - Сонда Украинадағы жағдай біздің басымызға да туу мүмкін дейсіз ғой. - Ойбай-ау, қазақтың қазір 60-70 пайызы орыстілділер. Орыстың Жириновскийі орыстың шын ниеті мен пиғылын айтады. Сол үшін оны партия жетекшісі етіп отыр. Проханов деген жазушысы барып тұрған шовинист. Шовинистердің төресі - Путин. Қырымның күні бізге де туа ма деп қауіптенем. Біздің қазақтың орыстілді жігіттері мен қыздары, әсіресе, қыздары: "Жарайды, бәріміз орыс тілін білеміз ғой енді, қосылсақ, қосылайық" дей ме деп қауіптенемін. Тәуелсіздіктен айырылып қаламыз ба деп те қорқамын. Біздің басшымыз елдің сөзін сөйлейтін азаматтардың сөзіне ақыл салса, құп болар еді.Биліктің күші адамдарды тәрбиелеуге бағытталуы тиіс
- Осы ұлт зиялылары дегеніміз кімдер? Дәл бүгінгі күні зиялылардың негізгі миссиясы қандай болуы тиіс? - Зиялылар дегеніміз халыққа қызмет ететін, халықтың жағдайын ойлайтын азаматтар. Өкінішке орай, қазір білім алған, қолында дипломы барлар толып жатыр, бірақ солардың сөзін тыңдап жатқан ешкім жоқ... Қазір бір ақпарат құралдары зиялыларды "зияндылар" деп те атап жатыр. Бірақ мен бұл пікірді түгелімен қолдамаймын, дегенмен зиялы адам елге керекті пікірді айта білуі тиіс. Бұрынғы зиялыларымыздың қалталарында докторлық, академиктік мандаттары болған жоқ. Бірақ өз кезінде нағыз зиялы болды ғой. Қазақтың айта кетерлік бір ерекшелігі біз ауыл-ауылды өзіне қаратқан аузы дуалы ақсақалдарға бағынған қазақпыз. Тіпті қазақта түрме деген болған жоқ. Сонда қазақтың ұры-қарысы болмады ма? Әрине, болды. Барымтамен айналысқандардың айыбын төлетіп отырған осы ақсақалдарымыз болды. Қазір қалай? Теміртормен қоршалған түрмеге тығамыз, тіпті түрме жетіспей жатыр қазір. Бұл да жақсылықтың белгісі емес. Милициялар әскерден де көп. Олардың алатын жалақысы профессордан жоғары. Осындай мәселелердің бәрін реттеуіміз керек. Биліктің күші адамдарды тәрбиелеуге бағытталуы тиіс. Әрине, мен осы уақытқа дейін коммунист болғанымды ойлап отырғам жоқ, кеңес тұсында қазақ интеллигенциясы қырылып қалды. Мысалы, 1932 жылғы ашаршылықта 2,5 млн. адам шығын болса, 1937 жылы 105 мыңы тұтқынға алынып, соның 22 мыңы атылып кетті. Соның ішінде Сәкен, Бейімбет, Ілияс сияқты тағы басқа адамдардың барлығы кетті ғой. Қазіргі күні мәңгүрттенуіміздің себебі де осы, кілең елдің сөзін сөйлейтін азаматтар атылып кетті де, мәңгүрттердің қолында қалдық. Қазір үкімет басындағылар Мәскеудің ықпалынан шыға алмайды, тіпті өз тәуелсіздігімізді алсақ та әлі күнге дейін жалтақтап отырамыз. Украина Мәскеуге бағынбаған соң, мынадай жағдайлар орын алып жатыр ғой. Қандай мәселе болса да Мәскеуден именіп, соған ыңғайланып отырамыз... Мәскеудің Қырымға қызығуының себебі, Қырымның барлық орындары демалуға өте ыңғайлы, әсіресе Қара теңіздің жағалауларында демалыс орындары керемет. Ресей Қырымнан бөлек, Абхазияны, Оңтүстік Осетияны да қосып алды, осының бәрі бауырларын іздеп, емешегі үзілгендіктен емес, экономикасын көтеру үшін, жерін кеңейту үшін жасап отыр. Орыстар Қырымнан кейін бізге ауыз салуы да ғажап емес, себебі Путин орыстарды, орыстілділерді қорғау міндетіміз дегенді ашық айтты ғой. Кезінде Қазақстанның 5 облысын Ресейге қосамыз дегенде Жұмабек Тәшенов: "Қоспақ түгілі, осыны ойлаудың өзіне қарсымын" деп Хрущевті тоқтатып еді. Президентіміз осыны басты назарда ұстауы қажет. Кеңес үкіметі құлағаннан кейін, бастықтардың араны ашылып кетті. Жемсауы кең жемқор бір басшыны көргеннен кейін оның орынбасарлары да, түрлі деңгейдегі әкімдер де соларға еліктейді. Әсіресе біздің Қазақстанда сыбайлас жемқорлық етек алып кетті. Ақша деген "құдай" шықты. Бұл капитализмнің белгісі ғой. Өкімет басындағылар тамағы тесік екендігін көрсетпеуі тиіс. Алдыңғы жылдары Ресейдің 8,5 мың шақырым жерін араладым, Омбыға, Орынборға, Уфаға бардым, нанасың ба, жол-жөнекей Путиннің немесе Медведевтің бірде-бір суретін көрген жоқпын. Ал бізде ше? Облыс, қалаларды айтпағанда, алыс ауылдарға дейін Президенттің суретін іліп тастаған. Мен Нұрсұлтан Назарбаевтың абыройлы болғанына қарсы емеспін, бірақ әкімдерде ұят деген болуы керек қой... Қазақстанда, мен жиі айтып жүремін, ұят деген жоқ, жойылып кетті... - Кезінде Президенттің өзі де жергілікті биліктің бұл орынсыз әрекетін сынға алған жоқ па? - Әрбір аудан, облыс әкімі жағымпаздық жасаймын деп, шегінен шығып кетті. Жағымпаздық деген қасірет, біздің Қазақстанды, әсіресе, зиялыларды құртып бара жатқан дүние осы. Зиялылардың барлығы атақ-абырой алғысы келеді. Назарбаевтың қабылдауына барған зиялылар қағазға жазып алып сөйледі бір жолы, бұл не деген масқара?! Өз ойын жеткізе алмайтын зиялы бола ма? Екі сөзінің бірі «сіздің бастамаңызбен», «сіздің арқаңызда» деген қыстырма сөздермен аяқталады. "Сен құдайдан да кем емессің" деп жүрген ақындарымыз бар...Зиялылар қоғамнан тыс өмір сүрмейді...
- Ғалымдарға көңіліңіз тола ма? - Мынау қазақ дейтін халық атақ-даңққа өте құмар. Маңдай терін төгіп атақ алса, сол абырой. Атақ алу жағына келгенде ғалымдарымыз бір-бірінен басып озғысы келеді. Тамыр-таныстықпен кандидаттық, докторлық қорғап жатады. Түрлі айла-шарғыларын пайдаланып жүріп, әйтеуір, доктор, профессор болып жүр. Университеттің есігін ашпай, ғылыми атақтарының арқасында министр болып отырғандар бар. Мамандығы буфетші болып, медицина ғылымдарының докторы болып жүргендерді көзімізбен көріп жүрміз. Медицина деген өте ауыр сала емес пе?.. - Қазақтың болашағын қалай елестетесіз? - Біз талай қиындықты бастан өткіздік қой. Көрген қорлығымыз жетерлік. Бірақ соған қарсы тұрып, жеңіп келдік. Ұлықбек Есдәулеттің "Атаңа нәлет, көнбістік" деген өлеңі ойыма оралып отыр. Осы көнбістіктің арқасында осы күнге дейін жеттік деп ойлаймын. Жалпы, бізде ұлттық намыс жоқ. Қазір үш жүздің арасында текетірес жайлап кетті. - Осындай рушылдықтан, тамыр-таныстықтан құтылудың жолы бар ма? - Бұдан құтылудың бір-ақ жолы бар, ол - үкіметке келгендер өз туысын, жақын-жегжатын ұмытып, тек халық игілігі үшін жұмыс істеуі керек. 1956 жылдан бері қазақ тілі үшін күресіп жүрген адамның бірімін. Жоғарғы жақтағылар мені ұната бермейді. Кемшілікті бетке айтқан адамды кім жақсы көрсін. Қазақ тілінің болашағына алаңдаймын. Сонау 1923 жылы Сәкен Сейфуллин "Қазақ тілінде іс жүргізу" туралы 9 мақала жазды. Кеңсе қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу туралы жиналыс жасады, сонда орыстардың 80 пайызы Сәкеннің ұсынысымен келіскен де, қазақтар аузын ашпаған. Сол кездегі Баянауылдың, Қарқаралының әкімдері қазақ тілін менсінбей, түбінде орыс тілі жеңеді деп сенді. Сол уақыттан бері тіліміз әлі өз тұғырына қона алмай келе жатыр. Сәкен Ахмет Байтұрсынұлы 50 жасқа толғанда жиналысты өзі басқарды. Ахмет Байтұрсынов қазақтың ең ұлы ғалымы. Патша заманында талай түрмеге қамалды, азапталды. Ахмет нағыз ұлтшыл болды. - Тәуелсіздіктен бері күн тәртібінен түспей келе жатқан маңызды тіл, дін, жалпы, ұлттық мүддеге қатысты тақырыптар бар. Осындай келелі мәселелерді тереңірек қозғап жүрген басылымдарға көңіліңіз тола ма? - Күнделікті барлық басылымдарды оқып отырмын десем, артық болар. Бірақ соңғы жылдары "Қазақ үні" газеті ұлттық міселелерді жақсы көтеріп жүр. Сендерге өзі бәрін ашық жазуға, сынауға болады ғой деймін, өкіметтен бастап, сынамайтын адамдарың қалмады ғой... "Түркістан" газеті де жақсы жазады. Ал мемлекеттік газеттер тек басшыларды мадақтайды. Бұны редакторларына да талай ескерткемін. Күнде-күнде жиналыс... Анау министрлер не бітіріп жатыр? Осындай басқосуларды өздері өткізе алмаса... Ана бір жолы бас газетіміздің бір нөмірінде Президенттің 17 суреті шықты... Не деген масқара бұл? Таңертеңнен кешке дейін мақтай берудің жөні жоқ... - Аға, соңғы сұрағым, жазушының, жалпы зиялының саясатпен айналысқаны дұрыс па? - Әрине, дұрыс. Жазушылар, ел зиялылары қоғамнан тыс өмір сүрмейді. Елмен қатар жүргеннен кейін, сол елдің жоғын жоқтауға міндетті. Кезінде Жазушылар Одағында Ғабит, Сәбиттердің сөзі өтімді болды. Тіпті, соғыста жүрген Қасым Аманжоловты соғыстан қайтарып алған кезі де болды. Менің байқауымша, қазір жазушылардың шығармалары да, өздері де қадірсізденді, абыройы түсті. Қазақ елін әлемге танытатын мұнайы немесе экономикасы ғана емес, сөзі мен өнері де. Мысалы, бірде Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" арқылы біздің қазақтарды таныған шетел жазушысы туралы да газеттерде жазылды. Нұрлан (Оразалин) қазір барлық жазушыларды біріктіріп, басын қосып отыр ғой. Елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын шындықты жазушы, зиялы айтпағанда, кім айтады? Назарбаевтың қасында Бұқар жырау сияқты шындықты айтатындар отырса, қандай керемет болар еді... - Салиқалы сұхбатыңызға көп рахмет!Сұхбаттасқан,
Айнұр АХМЕТ
www.qazaquni.kz