Етектер неге қысқарып барады, қыздар?!
2014 ж. 17 наурыз
8064
9
ҚазГУ-дегі "маньяк" кім еді? Қазақ қыздары эксгибиционист пе? Қазақтың қыздары еркексіреп жүр ме? Қысқа киінудің 3 себебі. Playboy-дағы Мэрилин Монроның киімімен жаңалық жүргізуге бола ма? Ұятты жерге көз тию және мораль...
«Ойбаааай, терезенің сыртында жалаңаш біреу тұр!»
Кейінгі оншақты жылдың көлемінде ҚазҰУ мен ҚазҰПУ-дың жатақханасында өмір сүріп көргендер үшін бұл реплика таңсық емес. Бірінші қабатта тұратын қыздардың әлденеден шошып келіп, есік қаққандағы айтатын сөздері. Көзбен көргендер көп-ақ, соған қарағанда, бір кездері “Казгуградқа” сондай бір“маньяктың” қонақ боп кетіп жүргені өтірік емес-ау. Бірақ, шамасы оның “маньяктығы” қыздар тұратын бөлменің терезесіне келіп, жалаң бұтын көрсетумен шектелді.
Өтірік емес дейтініміздің бір себебі, өмірде өзінің түрлі мүшелерін өзгелерге көрсету арқылы рахаттанатын адамдар шынында бар. Оларды ғылымда эксгибиционист деп атайды, яғни, эксгибиционизм дертіне шалдыққандар. Эксгибиционизмнің 2 түрі бар:жасанды және шынайы. Шынайы дегеніміз – осы әрекетті жасаған кезінде өз-өзін бақылауда ұстай алмайтындар; олар расында психологиялық сырқат саналады. Ал жалған эксгибиционизм адамның өз қалауымен жасалатындықтан, көп жағдайда бұзақылық іс-әрекет ретінде танылады.
Қазақ қыздары эксгибиционист пе?
Сұрақты осылай төтесінен қоюға тура кеп тұр. Мойындау керек, қаракөздеріміз де етектің шүберегін үнемдеуден бәсекеге аса қабілеттілігімен көзге түсіп жүр. Міне, көктембасталды, енді олар кезекті рет жаппай пысынай бастайды. Неге? Себебін ешкім, тіпті, сол тершең арулардың өздері де түсіндіріп бере алмайтын шығар.
Оның үстіне америкалық сексологтардың мына тұжырымы есті шығарады: “Нәзік жыныстылардың көп бөлігі белгілі бір деңгейде – эксгибиционист!” Келіскің келмейді. Қазақтың қыздары, яғни, менің қарындастарым, тәндерін өзгелердің тамашалағанынан ләззат алады деген ой ұлттық сезімге әжептеуір салмақ өйткені.
Өйтпейін десең, солардың ойланбастан, замананың сасық желін самалдай көріп, сырттан таңылғанға топас ілесіп кетуі ішті ашытып бара жатыр. Әр нәрсенің апогейі болады. Етектің жоғары, жағаның төмен жылжуы қай шамаға дейін жалғасары белгісіз боп тұр қазір.
Күндердің күні әйтеуір бір тұсқа кеп тоқтай ма, әлде адамзат баласын, оның ішінде қазақтың қыздарын лыпасыз қалдырып, Уәлибек айтпақшы, жіпке айналып барып, үзіліп түсе ме? Онсыз да, қазір ұшы көрінбеген үш-ақ нүкте қалды.
Эксгибиционизмге қайта келейік. Сонымен, ыстығы тасығанын сылтау етіп, санасы сан ашуға жетіп жүрген қыз-қырқын әлгі ҚазҰУқалашықтағы маньякпен сырқаттас боп шықты ма? Олай болса, аянышты. Оларды емдеп алу бұ дүния тіршілігінде қолымыздан келмейтін шығар. Өйткені, тым көп. Әрі бұл сырқат жұқпалы ма деймін. Вирусы қалалық жерде көп секілді. Ыстық және қараңғы жағдайларда тегі қозатын сияқты.
Мүмкін, олардікі жалған эксгибиционизм болар. Яғни, ол да құлын мүшесін көрсетуге деген құлшыныстың бір түрі, бірақ саналы түрде. Бұл аурудан гөрі бұзақылық әрекетке(хулиганство) көбірек сәйкес келеді. Ондай жағдайда, біздегі “киінген жалаңаштардың” Ресейдегі мемлекеттік мұражайларда жаппай жыныстық қатынас сеансын өткізген (секске қойылған қоғамдық шектеулерге қарсылық ретінде) “Война” тобынан; жұлдыз екені, жезөкше екені белгісіз Алеся Молибу немесе Перис Хилтон сияқтылардан не айырмасы қалады?
Қазақтың қыздары еркексіреп жүр ме?
Атақты, атақсызын қайдам, тағы бір америкалық сексолог Шарлотта Касл қыздардың жеңіл киінуін олардың қатынастан қанағат таппай немесе соған аңсары ауып жүргені деп түсіндіріпті. Қазақшалағанда, күйлеу. Бұл да намысымызға тиетін тоқтам. Қазақтың қыздарына жала жабылып жатқандай ма?
Анығында, қазақ қыздарының қысқа киімге құмарлығының өздері мойындамаса да біз долбарлайтын бірнеше себебі бар:
- әрдайым басқадан биік болу (тіпті шалбарының балағы да басқалардікінен биік тұру керек). Бұл көбіне, өзіне сенімді, өзін әдемі санайтын қыздарға тән психология;
- өзгелермен терезесі... яғни етегі тең болу. Ортаға бейімделгіш адамдардың істейтіні;
- өзін “отсталая сезінбеу”. Өзіне сенімсіз қыздар кейде қысыла-қысыла қысқа киіп алады. Кейін соған еттері үйреніп кететіні өкінішті;
Бұл тізімге ауа райының ыстықтығы, жүріп-тұруға ыңғайлылық деген секілді өтірік себептерді қосуға болмайды. Тағы бір ескеретін жайт, еркек психологиясын беткі жағынан ғана білетін қыз-қырқын «жігіттер қысқа киген аруларды ұнатады» деп қатты қателеседі. Қиялдағы ханзадаларын сөйтіп қаратам деп ойлайды.
Ендеше, қарындастарым, біліп қойыңыздар, сіздердің қайқы құйрықтарың ешкімнің сезімін қытықтап, махаббатын оятпайды! Оятса да, тек еркектік нәпсісін оятады. Тыртиып көшеге шыққан күні еркек кіндік комплимент айтып, жігіт біткен жымыңдай қараса, ол әдеміленіп кеткендігіңізден немесе олардың жүрегін жаулағалы тұрғаныңыздан емес! Бәрі демейін, бір адам болса да, “мынау талайды көрген ғой, сынуы оңай” деп сыртыңыздан сыбыр етсе, ондай сұлулығыңыздың бес тиындық құны бар ма? Өйтіп жүріп қалай адал махаббатты армандайсыз? Маған жүректегі махаббат емес, нәпсінің қолжаулығы болу да жарай береді десеңіз, мархабат, гардероб өзіңіздікі.
Playboy-дағы Мэрилин Монроның киімімен жаңалық жүргізуге болады
Егер сіз сән әлеміндегі, киім кеңістігіндегі өзгерістер табиғи түрде, өздігінен жүзеге асып жатыр, біз тек сол ағыспен жүзіп келеміз деп ойласаңыз, қателесесіз. Еуропаның өзі күні кешеге дейін етегі домаланған көйлек киіп, кеудесін баумен аямай тартып байлап жүргенін көзбен көрмесек те, ішпен біліп отырмыз емес пе? Мысалы, 1953 жылы “Playboy” журналының алғашқы саны мұқабаға Мэрилин Монроның фотосын басқанда ел жағасын ұстаған. Бірақ, Мәкеңнің сол киімімен қазір қысылмай жаңалық жүргізуге болады.
Демек, адамзаттың жаппай шешіну кезеңі аса ұзақ кезеңді қамтыған жоқ. Ол кезең“сексуалды революция” деп аталды. Жыныстық еркіндікке жол ашқан төңкерістің бір салдары осы біз сөз етіп отырған лыпаны көше киміне айналдыру еді. 60-70 жылдары АҚШ пен Еуропада орын алған бұл өзгерістің өздігінен басталып, өздігінен жүзеге аспағаны анық (Ол туралы келесі бір мақалаларда таратыңқырап айтармыз).
Мақсат – дәстүрлі құндылықтардан алыстата отырып, адам санасын билеудің жаңа сатысына шығу. Батыстағы неке деген ұғымның аяқасты болуы, жасанды түсіктің заңдастырылуы, төсек жасының төмендеуі осы төңкеріске тән “құбылыстар”.
Төсек төңкерісі Батысқа аз зардап әкелген жоқ. Демографияға кері әсер етті, отбасы құндылығын күйретті, жұқпалы дерттер көбейді, оның екінші кезеңі наркоманияға ұласты. Өз ауласында сәтті өткен тәжірибе сөзсіз күллі әлемге заһарын шашуы тиіс-ті. Осы мақсаттың жолында қазір барша өнер, бизнес атаулы жұмыс істеп жатыр.Киноиндустрия, шоу-бизнес, жарнама, бәрі-бәрі... Осы тұста, АҚШ-тағы революцияның, шартты түрде алсақ, неден басталғанын тағы бір еске алып өтелік... жұлдыздарды, артынан қарапайым адамдарды шешіндіруден.
Екіқабат эксгибиционист
Хош, сонымен, біздің ел сексуалды революцияның қай сатысында жүр, әлде, эволюциясын бастан кешіп жатыр ма, ол жағын сексолог болмағасын, айта алмаймыз. Бастысы, жүйе жасағыштар жүйесін жасап қойған. Өздігінен жұмыс істей береді. Ақпаратпен миыңыз ми емес, аппаратқа айналдырылған. Сізде енді “неге?” деген сұрақ аса жиі туа бермейді. Неге қысқа көйлек сәнді? Неге қолтығы ашық кофта немесе арқасы жоқ тағы бірдеңе биыл тренд?
Неге былтыр жүрегің айнитын қызғылт түсті биыл киіп алдың? Осының бәрі кездейсоқтық па? Неге теледидар жүргізушілерінің төсінің сызығы көрініп тұру керек? Оны кім сәнді деп тауыпты? Санамызда ондай сауалдарға орын жоқ. Өйткені, оны ақтап алатын ақпаратымыз жеткілікті. Заман талабы, эстетика, қырт, сырт... Оның сыртында ел танитын, сыртынан ақылды көрінетін, сұлу саналатын қыз-қырқынның көбі жалаңаштықтың жарнамасын жасайды. Тіпті, екіқабат болса да! Оны эксгибиционизм демеске амал жоқ енді...: бетті басқан, қатты сасқан смайлик.
Батыста жоқ, бізде бар деп кеуде қағатын жалғыз мақтанышымыз бар-тын. Отбасы құндылығы. Әке-шеше, ата-әже институты. Қыздардағы көктемгі өзгерістерге бұл институтбасшыларының қалай көз жұма қарап отырғанына таңым бар.
Бірер жыл бұрын төменгі сыныпта оқитын қарындасым қалаға қыдырып келген. Көршінің еркектің іш киіміндей ғана шорты киген кішкене қызы қарындасыма: “Жаздыгүні ұзын шалбармен ыстықтамай қалай жүрсің?” деп қатты таңырқапты. “Ал сенің мына жүрісіңе әкең ештеңе демей ме?” деген қарсы сұрақ қойылған біздікі тараптан. Екі жақ та “жоқ” деген жауаппен тарқасыпты. Мәселе күннің ыстықтығында емес, отбасындағы тәрбиенің салқындығында боп тұр ғой дедік те қойдық. Әйтпесе, қызына труси киме деп айтпаған әке, қандай әке?!
Тағы бір өмірлік мысал. Таныс апай: “Қызым қысқа кигісі келмейді, ел сияқты современный болсаңшы, аяғың қисық болса бір жөн деп шорты сатып ап бердім” деп аттың басын жіберіп отыр. Сенген кісілер сөйтсе...
Көтеніңізге көз тиеді
Киім жайлы әңгіме бола қалса, “енді маған нәғыл дейсің, бүрмелі көйлек киіп жүрейін бе, бүркеніп алайын ба” деп шығатын қарындастарым көп-ақ. Әрине, әлемде үш-ақ түрлі киім қалып, оның бірі паранжа, бірі бүрме көйлек, енді бірі лыпа болса, түсінер ем бұл уәжді. Қуанышқа орай, киімнің түрі де, өлшемі де көп қой.
Десе де, қатып қалған материалист емеспіз. Сондықтан, адамдарды жаппай жалаңаштау – “ел бұзылса, құрады шайтан өрмек” дегендегі шайтанның құрған көп өрмегінің бірі екенін айтпай кетсек тағы болмас. Жалпы, ұяттың көп жағдайда киіммен, ұятсыздықтың әуретпен ассоциация беруінің өзі көп жайды аңғартпай ма? Киімнің қысқарғаны ұяттың қысқарғанын меңзейді. Психологтар адамдар арасындағы диалогтың ұят деңгейі киіп тұрған киімдеріне қатысты болатынын дәлелдеп тастаған. Өзіңіз де, “секси” боп жүрген күні еркектердің орынды орынсыз қылжақтай беретінін байқаған жоқсыз ба?
Тағы бір гипотеза. Осы күні омырау рагы әйелдер үшін нөмір екінші ажалға айналды. Зайырлы дәрігерлер мұны омырау терісінің өте нәзіктігімен, тиісінше, күн сәулесінің радиациясына төтеп бере алмай, ісікке шалдығумен түсіндірсе, діндар дәрігерлер көз тиюмен байланыстырып жүр. Екеуі де қисынсыз емес.
Құрбыларыңызға айта барыңыздар!
Құрметті қазақтың қыздары! “Қазақтың қыздары” деп ән салғандар сала берсін. Бұл жазба қазақы қарындастарға арналады. “Ұлы сөзде ұяттық” жоқ деп (жалпы осы мәтел бұл араға келе ме, келмей ме, білмедім) бірде ашып, бірде астарлап, бірде қатты, бірде жұмсақ етіп, айтарымды айттым. Келісу, келіспеу еркіңізде, тым құрыса құрбыларыңызға айта барарсыз... (Өз құқығым, араласпа дейтіндер де табылар. Әрине, өз құқығыңыз. Бұл мақаланың заңдық күші жоқ, сондықтан, құқығыңызға қауіп төнбейді. Ал жеке пікір ретінде айтар болсам, менің ондай қыңыр құқыққа қақырғаным бар. Киім қашанда адамзат мәдениетінің ажырамас бөлігі саналған, мен де солай ойлаймын және осы мәдениеттен мақрұм қалғандардың (яғни, мәдениетсіздердің) менің және балаларымның алдында көлбеңдеуін өз құқығымның тапталғаны деп түсінем). Осы бір жазбамды ағаның қарындасқа базынасы деп, тегі болмаса, қырқыншы үйдің, қала берді қара күңнің тыйымы деп түсіністікпен қабылдауларыңызды сұраймын.