Қазақ жігіттері неге "гей" болуға құмарланып барады?!
2014 ж. 17 наурыз
11649
21
Алматы қаласының 30 жастағы тұрғыны Мақсат пен оның серігі қарым-қатынастарын жұрттан жасырмай өмір сүретін күн туса деп армандайды.
Мақсат (өз өтініші бойынша есімі өзгертілді) – желілік администратор, серігі – жеке меншік компанияда менеджер. Ол бірге тұрып жатқандарына екі жыл болғанын айтады. Мақсаттың айтуынша, Қазақстандағы гейлер өзін де, қоғамды да алдап, жұрттан жасырын өмір сүруге мәжбүр.
Мақсат гей екеніңді ешкімге айтпаған дұрыс деп есептейді. Әйтпесе басқаларға қарағанда саған ақшаны да аз төлейді, қызметің де өспейді немесе кемсітушілікке ұшырауың мүмкін.
"Мектепте де балалар мазақтап күн көрсетпейтін. Түрімнің басқа балалардан еш айырмашылығы болған жоқ. Бірақ 15 жасқа қарай жасөспірімдер қыздармен достаса бастайды, ал менде дос қызым болған жоқ. Сондықтан мектепте жүргенде балалардың талай мазағына қалғанмын", - дейді қазақ жігіті.
Мақсаттың әкесі бұрындары қайтыс болған. Ал анам психолог болған соң, ұлының қалауын сезіп қойған.
Анам екеуміз бұл жайында ешқашан ашық әңгімелескен емеспіз. Бірақ ол іштей сезеді. Өйткені басқа қазақтар сияқты "Қашан үйленесің?" деген сұрақтар қоймайды.
Жас жігіттің пікірінше, қоғам ескі көзқарасты ұстанады. Жұрт көбінесе гейлерді "дұрыс жолға салуға" тырысады немесе үйден қуады. Сол үшін де, гейлер мен лесбилердің көбі өзін өзі алдап өмір сүреді, қоғам тарапынан күдік тумас үшін немесе "дәстүрлі емес жыныстық қарым-қатынас өкілі" екенін мойындағысы келмейді де тұрмысқа шығады, үйленеді. Сөйтіп өз өмірін қор қылады.
Мақсат егер Қазақстанда гомосексуализм заңдастырылса, гейлердің жағдайы жақсаратынына күмәнмен қарайды. Бірақ жыныстық таңдауы үшін адамды қудалауға болмайтыны туралы заң шықса, жұрттан қорықпай, алаңсыз өмір сүруге болатынын сөз етті. Оның айтуынша, зорлық-зомбылықсыз, қудалаусыз өмір сүруге әр адамның құқығы бар. Отбасын құру, бала сүю құқығы сияқты.
Бала кезімде. Жасым 10-ға толғанда маған қыздар емес, ұлдар ұнайтынын байқай бастадым. Бірақ қыздармен қысылмай сөйлесетінмін. Ал ұлдарға деген көзқарасым өзгешелеу болды.
Мақсат қазақстандық гейлердің бір жыныстылардың некесін заңдастыруды, бала асырап алу құқығын талап етпейтінін, олардың қорқынышсыз өмір сүргісі келетінін де баяндады.
Оның пікірінше, Қазақстанда тұратын гейлердің құқығына қатысты ахуалды қалай жақсарту үшін гейлерді қысымнан, қудалаудан қорғайтын, гейлерге қарсы қылмыс жасағандарды әкімшілік немесе қылмыстық жазаға тартуды қарастырған заң енгізу керек.
Қазақстанда жәбір көрген гейлер құқық қорғау органдарына барып шағымдана алмайды. Полиция "қазір өзіміз ұрып жықпай тұрғанда табаныңды жалтырат" дейді.
Біздің қоғамда гемосексуализм ауру деп есептелгенімен, оны "емдеу" әдістері жоқ. Кинода гейлерді анайы өмір салтын ұстанатын адамдар ретінде көрсетеді. Бірақ біздің өзгелерден айырмашылығымыз жоқ, кәдімгі жұрт сияқты өмір сүреміз.
Мақсат қоғамда адамдар гомосексуализмге тыйым салу үшін балаларды жиі сылтау етеді дейді. ЛГБТ (лесби, гей, бисексуал, трансгендер) қауымына деген өшпенділік пен агрессияны бүркемелеу үшін "балаларды қорғау" дегенді желеу етеді.
Қазақ жігіті гейлер қоғамды азғындататын жаңа ештеңе жасамағанына сенетінін де атап өтті. Оның ойынша, мораль мен адамгершілік принциптері – барлық адамға ортақ дүниелер. Жаратылысы гей емес адамнан да неше түрлі зұлымдық шығады. Ал гей болғанымен, өз елінің дамуына үлес қосып жүрген белсенді азаматтар да бар.
Қазақстан қоғамы бір жынысты некені ешқашан толық отбасы деп қабылдамайды. Сондықтан көптеген жұптар қосылмай, жалғыз-жарым өмір сүруге мәжбүр. Көбі шетелге, гейлерді аз қудалайтын елдерге кетеді. Мақсат та шетелге кеткісі келетінін жасырмады. Өйткені, оның айтуына қарағанда, Қазақстанда гейлердің құқығына қатысты ахуал нашарлай түспесе, жақсара қоймайтыны анық.
Азаттық радиосы