Назарбаев Украина дағдарысын шешуге кірісті
2014 ж. 13 наурыз
2354
0
Сарапшылар АҚШ пен Германия басшыларының Украинадағы жағдай жөнінде Қазақстан президенті Назарбаевпен де сөйлесуін әртүрлі жориды.
Наурыздың 11-інде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ президенті Барак Обама телефон арқылы сөйлесіп, Украинадағы жағдайды талқылағаны хабарланды.
"Ақорда" сайтының жазуынша, президенттер Украинадағы дағдарысты осы елдің аумақтық тұтастығын қамтамасыз ететін және барлық мүдделі тараптарды жақындастыруға септігін тигізетін дипломатиялық әдістерді пайдалана отырып бейбіт жолмен реттеу қажеттігін сөз еткен.
Ақ үйдің хабарлауынша, Обама Қазақстанды Украина дағдарысын бейбіт жолмен шешуде белсенді роль атқаруға шақырған.
Нұрсұлтан Назарбаев Украинадағы дағдарысты бейбіт жолмен шешу үшін "ымыралы шешімдерді әзірлеуге өзінің сындарлы үлесін қосуға дайын екенін" бұдан бір күн бұрын Германия канцлері Ангела Меркельмен және Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескенде де айтқан.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ МИССИЯСЫНА КҮМӘН МЕН ҚОЛДАУ
Сарапшылар әлемдегі ірі елдер – АҚШ пен Германия басшыларының Украинадағы оқиғаға орай Қазақстан президентімен сөйлескенін әртүрлі түсіндіреді. Бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев АҚШ пен Германияның Ресей мен Украинаны бітістіру үшін Кеден Одағының бір мүшесі Қазақстанға хабарласуын қисынды көреді.
"Ресейге салынатын экономикалық санкциялар Қазақстанға да әсер етпей қоймайды. Осы мәселені де дипломатиялық жолмен құлағдар етуі мүмкін", – дейді Қазбек Бейсебаев.
Ол Украинадағы дағдарысты шешуге Қазақстанның ықпал ете аларына күмәнданады. Журналист әрі саяси шолушы Сергей Расов та президент Назарбаевтың бітімгершілік міндетін атқарып шығарына күмәнмен қарайды. Ол президенттің 1990 жылдардың бас кезінде Таулы Қарабақ мәселесі бойынша Армения мен Әзербайжан арасында делдалдық етпек болғанын, бірақ одан нәтиже шықпағанын айтады.
"Назарбаевтың белгілі бір мәселелер бойынша Путинге ықпал ете алатын мүмкіндігі бар", - дейді саясаттанушы Данияр Қосназаров.
Саясаттанушы Данияр Қосназаров "Назарбаевтың белгілі бір мәселелер бойынша Путинге ықпал ете алатын мүмкіндігі бар. Бұл жайт Обама мен Путин арасындағы салқын қатынастар кезінде маңызды рөл атқаруы мүмкін" деп біледі.
"Украинадағы оқиғаларды өте мұқият қадағалап отырған Қазақстан өз мүмкіндіктері шегінде бұл оқиғаны шешу жолдарына араласқысы келетіні байқалады. Бітімгершілік, арағайындықтың халықаралық дипломатияда маңызы зор. Алайда Астана бәрібір Женева емес", – дейді Данияр Қосназаров.
Ал АҚШ-тағы Джордж Вашингтон университетінің профессоры, Орталық Азия аймағындағы саяси процестерді зерттеуші ғалым Шон Робертс Нұрсұлтан Назарбаевты Украина дағдарысын шешуге арағайындық етуге лайықты саясаткерлердің бірі деп біледі.
Сарапшының пікірінше, Назарбаев – бұрынғы Совет Одағы елдеріндегі Ресеймен жақсы қарым-қатынастағы президент. Бұл оқиға кезінде татуластыршы ролін атқаруға оның өзі де құмар. Шон Робертстің айтуынша, Қазақстан – Кеден Одағы мен еуразиялық интеграция үшін аса маңызды ел, сондықтан Ресей президенті Қазақстан басшысының пікіріне құлақ асады.