МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛГЕ ҚАРСЫ ШЫҚҚАН ПАРЛАМЕНТ ТАРАТЫЛУЫ ТИІС! - Қазыбек Иса
2014 ж. 22 ақпан
64700
28
Ең болмағанда ана тілін аяққа басқан депутаттар кері шақырылып алынуы керек!
"ҚАЗАҚ ҮНІ" көтерген мәселеге 10 жыл!
Осыдан он жыл бұрын, 2004 жылы 20 ақпанда Қазақстан Парламенті қазақ тіліне қарсы шығып, масқара болды! Парламенттің дауыс беру стенограммасын жариялаған сол кездегі «Жас Қазақ үні» газетінің елді дүр сілкіндіріп, сең бұзған сенсацияға айналған «Мемлекеттік тілді таптаған Парламент таратылуы тиіс» мақаласына да 27 ақпанда 10 жыл толып отыр. Әйгілі тарланымыз Шерхан Мұртазаның елдің бас газеті «Егемен Қазақстанда»: «Кімнің кім екенін білгің келсе, кімнің қазақ тіліне қарсы, кімнің жақ екенін білгің келсе, тек «Жас қазақ үні» газетінен оқи аламыз. Сірә, алда келе жатқан сайлауда халық өз ана тілін ардақтаса, сол тілді қорлап, менсінбейтіндерді танып-біліп, Парламентке сайламау жағын ойластырар-ау» дегені осы кез. «Қазақ әдебиеті» газеті де: «Жас қазақ үні» газеті Қазыбек Исаның бір-ақ мақаласымен ұйқыдағы жұртты оятты» - деп жазды. Елдің бүкіл зиялысы Қазақстан Жазушылар одағына жиналып, Сенат пен Мәжіліске ашулы Ашық хат жолдады.
Ұлт мүддесі жолында ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайтынын мәлімдеп, біз бүгін сол мақаланы қайта жариялап отырмыз. Келесі жылы «Қазақ үні» газетіне 15 жыл толатындықтан, біз бүгіннен бастап, мұрағаттағы ел мүддесін қорғаған ерекше мақалаларды жариялап отыратын боламыз.
Сонымен, осыдан он жыл бұрын мемлекеттік тілге қарсы шыққан депутаттармен тағы да таныс болыңыздар!
Мемлекеттік қызметкерлері мен мемлекеттік тілде сөйлемейтін әлемдегі жалғыз елдің енді Парламенті де халықты жерге қаратты. Иә, Тәуелсіздіктің 13-інші жылы! Мамыражай жағдайдамыз деп мақтанатын мемлекет маймыл жылы маймылдай күлкіге қалып, малайлық психологиядан әлі арыла алмағанын көрсетті. Мәжіліс депутаты Амангелді Айталының «Сайлау туралы» заң жобасындағы «Сенат депутаттығына кандидаттарды тіркеу» (73-бап), «Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды тіркеу» (89-бап) және «Мәслихат депутаттығына кандидаттарды тіркеу» (104-бап) атты баптарға «ұлты қазақ үміткерлер үшін мемлекеттік тілді білуі міндетті» деген түзетуіне Парламенттің 70 пайызы мемлекеттік тілге қарсы шығып, мемлекеттік мүддені табанға таптады!..
Бізден одан арғыны күтпейтін өзімшіл өзекеңдердің кесіп түсер кекесіні мен ойыны қатты орекеңдердің: «әрине, осылай болуы тиіс» деген үстем пиғылды ащы мысқылына жеткізген Парламент партасындағылардың парасат таныта алмағандығы ұлтым деген әрбір азаматтың жүрегінде қара дақ болып қалды. Шырылдап жүрген сол баяғы Амангелді Айталы. Алашқа арман болып келе жатқан тіл теңдігін сұрап Парламент мінбесіне шыққан атпал азаматтың атасына мың рахмет. Ал, мемлекеттік тілдің арқасында үлкен дәрежеге жетіп, жайлы жерге жайғасқан біздің қалам ұстаған қайраткерлеріміз неге үнсіз? Кезінде «Елшілік қызметкерлеріне мемлекеттік тілді білу міндетті» деген бапты алғызып тастаған Ерлан Ыдырысовтың Парламентте неге еркінситінін енді түсіндік. Шет тілінде ойлайтын шекесі тар шенеуніктерге кең маңдайлы Кекілбаевтар мен шешен тілді Шерхандар отырған Парламент депутаттары қосылған соң не қайран?.. «Самарқанда бір әпкем бар, бұдан да өткен сорақы» деген мақалдың кері келіп тұр. Әрине, Әбекеңдер мен Шерағаңдар мемлекеттік тілге қарсы «атамын» десе де, аттап баспаса керек. Бірақ, айналасындағыларға ықпал ету деген болмайды ма? Әлде қазіргі Парламентте ықпалды тұлғалар жоққа тән бе?.. Мұндайда аты-жөнін халық түгіл өзінің сайлаушылары да білмейтін бейуайым, бейғам, белгісіз депутаттардан елеулі ешнәрсе де күтуге болмайтыны белгілі. Ал, серкелерсіз Сенат та, Мәжіліс те олқы көрініп қалатыны осындайда екен ғой. Бұдан бұрынғы таратылған екі Парламенттің әйгілі тұлғалары ұлт пен мемлекет мүддесіне келгенде айналасындағыларға анағұрлым ықпалды болып, ел тағдыры таразыға түсер шақта нәтижелікке қол жеткізіп жататын.
Әділет министрінің орынбасары Меркель мырза: «Депутаттарды мемлекеттік тілді білуге мәжбүрлеу – Адам құқын шектеуді білдіреді», - деп жіберіпті... Яғни, соның ішінде қазақтарға да өз ана тілін білуге мәжбүрлеу – Адам құқын шектеу болса, Тәуелсіз Қазақстанның Әділет вице-министріне не деуге болады?!
Иә, мұндай «сөздерді» Қазақстанның ғана мемлекеттік шенеуніктері еш ойланбастан мемлекеттік тілді аяққа басып тұрып айта береді... Бірақ, біздің Меркельге еш ренжитін жөніміз жоқ. Ренжи алмаймыз да... Өйткені, алдымызда өзіміздің Ерлан Ыдырысовтар мен билік айтса билеп беруге дайын депутаттарымыз тұр емес пе..?
– Сізден басқа тіл үшін тіресіп жүргендер бар ма? – деген сұрағымызға Амангелді Айталы: «Әрине, бар. Әбіш пен Шерағаңдар, Фариза мен Уәлихан Қалижан, Серік Әбдірахмановтарды атай аламын», - деп жауап берді.
Ал, «Қарсы шыққандарды атай аласыз ба?» деген сұраққа депутат мырза жауап бермеді. Олардың тізімін беруден де бас тартуын түсіне алмадық... Оның себебін «ана тіліне қарсы шыққан әріптестерінің өкпелейтінін» айтып ақталды.
Мәжіліс аппараты жетекшісіне сілтеген соң Әнуар Түгелге хабарласуға тура келді. Аппарат басшысы іссапарда болғандықтан, біз хабарласқан оның орынбасары Мәриям Қабденова біздің өтінішімізді орындай алмайтынын бірден айтты. Себебін сұрағанымызда:
– Ол стенограмманы тек депутаттар ғана сұрап ала алады. Айталыдан сұраңыз. Депутаттар өкпелесе өзі көтереді.
- Ол кісі беруден бас тартып, сіздерге сілтеді. Депутаттар неге өкпелейді? Сонда олар өздерінің берген даусын халықтан не үшін жасырады? Ал біз, журналистер, керекті ақпаратты басқа емес, Парламент үйінің өзінен де ала алмаймыз ба? Баспасөз туралы заң бар емес пе? Заң шығарушы жоғарғы органның өзі заңды сақтамайды ма?
- Біздегі тәртіп солай. Депутаттық этика деген бар, соларға хабарласыңыз...
Сөйтіп, демократиялық негізде құралатын негізгі орган – Парламент үйінен қажетті ақпарат ала алмадық... Дегенмен, кейбір ұзынқолды мекемелер арқылы біз дегенімізге қол жеткіздік... Сонда қалай, Демократия мен жариялылық ордасы болып саналуы тиіс Парламентте депутаттар қалай дауыс бергендерін жасыруы нені білдіреді? Ұлт пен мемлекет мүддесіне қарсылықтарын сол халықтан жасырып, ертең ел алдында «еңіреген ер» болып көріну үшін жалған сөйлеп, күзде тағы да сайланудан дәметуі барып тұрған аярлық емес пе? Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың өзі әрбір келелі кеңестерде мемлекеттік тілде сөйлеп, мемлекеттік тілдің мерейін өз дәрежесіне көтеру жайлы үнемі айтып жүргені белгілі. Өткен күзде ғана Парламенттегі дәстүрлі кездесуінде бастан-аяқ тек қазақ тілінде сөйлеуі де білгенге өнеге емес пе?! Шайнап бергенді жөндеп жұта алмай жүргендерге күйініп кетіп: «Ымды білмеген – дымды білмейді», - дегенге дейін барып жатады. Тіпті, «Қазақ пен қазақша сөйлессін!» - деп ашығын да айтты. Бұдан артық не деу керек?
Ал, Президент сайлауында кандидаттар мемлекеттік тілден емтихан тапсырады. Кешегі күзде ғана Мемлекеттік хатшы И.Тасмағамбетов өткізген тіл туралы үлкен кеңесте: «Мемлекеттік тілді білуі тиіс лауазымдар тізбесін жасап, оны Парламентке тапсыру керек», - деген қорытынды жасалғаны белгілі. Мемлекеттік тілдің тағдырын қарайтын Парламентіміздің түрі мынау болса, онда «қойды қасқырға бақтырғанмен» бірдей тірлік болайын деп тұр екен ғой... Қазақша ойлауға хақысы бар кез-келген азаматтың ғана емес, озық ойлы өзге ұлт өкілдерінің де түсінбейтіні – еліміздегі ең бірінші тұлға Елбасымыз мемлекеттік тілді қолдап келе жатқанда, екінші, үшінші тұлғалар О.Әбдікәрімов пен Ж.Тұяқбай мырзалар өздері бас болып қарсы дауыс беріп жатуы қалай? Бұны қандай саясатқа сыйғызуға болады?!. Әншейінде әр нәрсеге үн қосқыш партиялар бұған не дер екен? Ормандай көппіз деген «Отан», аспандағы айды алатын «Асар», қызуы басылмаған қызылдар партиялары мемлекеттік тіл Парламент босағасынан аса алмай далада қалғанда қандай үн қатар екен?
Парламенттегі ең үлкен фракция, билік партиясы “Отанның” мүшелері елеулі ештеңе істемек түгілі, қайта Қазақ тіліне қарсы шығып жатса, асарлап болса да әрекет жасалмаса, азаматпыз деп жүргендерден азаматтық күту бос тірлік болса керек. Несіптерге немкетті қарағанмен, Бендицкийлер үшін белсеніп шыққандар тіліміз үшін қандай тірілік көрсетпек?..
Партия дейміз-ау, «Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Қайролла Ережепов бастаған «отандық» депутаттар Мақтай Сағдиев, Серік Қонақбаевтар, «Асар» партиясы фракциясының жетекшісі Рашид Ахметов бастаған Фарит Галимов, Светлана Жалмағанбетова мен Нұрлыайым Жолдасбаева, Аграрлық партия жетекшілері Роман Мәдинов пен Еркін Рамазановтар, «Ауыл» партиясының жетекшісі Ғани Қалиевтер мемлекеттік тілге қарсы дауыс берді.
Ана тілін аяққа басқан қазақтардың мемлекеттік тілді жақтап дауыс берген, азаматтық позицияларын айқын білдіріп, өз ұстанымдарынан таймаған Ә.Кекілбайұлы мен Ш. Мұртазадан, Қ.Сұлтанов пен С.Әбділдиннен, А.Айталы мен Ж.Қалиұлынан және т.б. елжанды депутаттардан саяси Һәм рухани көрегендігі артық па сонда? Әрине, керісінше... Тәуелсіз елдің еркін депутаттарының жандарына соншалықты не зор келді екен?.. Қазақ тіліне қарсы шыққан қазақтардың ең болмаса өзге ұлт өкілі Ю.А.Кубайчук секілді 73-бап бойынша жақтап, 89-бап бойынша қалыс қалуға да қауқары жетпегені ме?.. Ал, жалпы өзге ұлт өкілдері мен ұлты орыс депутаттардың «қазақтарға ана тілін білу міндетті» деген түзетуге не үшін қарсы шыққандарын түсінбедік. Қазақтардың өздері қарсы болып жатқан соң, оларды ұялтпайын деген болуы керек... Мүмкін, ертең кезек өзімізге де келіп қалар деген қауіптің алдын алғаны шығар... Кезінде Т.Квятковскаяның (бүгінде ол мемлекеттік тілге қарсы шығып отыр) жарты беттік арызы үшін Парламентті таратқанда / ол мықты Парламент еді.../, енді мемлекеттік тілімізді аяққа басқан Парламентті неге таратып жібермеске?! Осындай оқиға оңтүстіктегі көрші елдерімізде бола қалған жағдайда/ оларда болуы да мүмкін емес/ қарсы дауыс берген депутаттарға / өз ұлты болсын, өзге ұлт болсын / не болатынын елестетудің өзі қорқынышты. Ал, жалпақшешейлігі жаһанға мәлім болған Қазақстандағы жағдай қазаққа келгенде үнемі осы. Бұл жерде өзге ұлт өкілдерін түсінуге болатын шығар. Онда да енді ары кетсе, төрт-бес жыл көлемінде. Ал, өзіміздің «өгейлерге» мемлекеттік тілмен бірге ана тілдеріне де қарсы шыққандары үшін ешқандай кешірім жоқ. Жерін сатып жіберіп, желпініп жүргендер енді тілін де сатып жіберіп, тісін шұқылап, тоқ басып отыр. Ертең елін де сатып жіберетіндер осылардың ішінен шықпасына кім кепіл?.. Мүмкін, депутаттарымызға ашынып отырған біздікі де артықтық шығар. Өйткені, оларды өзіміз сайладық қой... Халқы қандай болса, парламенті де сондай емес пе? Біз бүгін бес жыл бұрын жарылқаймын деген уәделерімен сайланып кетіп... енді бүгін мемлекеттік және ана тілдеріне қарсы шығып отырған нигилист депутаттардың есімдерін беріп отырмыз. Ендігісін көзіқарақты, көңілі ояу, сауатты сайлаушылар өздері шешер..
Қазыбек ИСА
“Жас қазақ үні”, №8 (174), 27.02.2004 жыл.
ЕҢ БАСТЫ КҮРДЕЛІ МӘСЕЛЕ – ТІЛ, Қалиев мырза!
Ал, қажеттілік болса, Жандосов түгілі Марченко да қазақша сайрайды...
«Жас қазақ үні» газетіндегі «Мемлекеттік тілге қарсы шыққан Парламент таратылуы тиіс» атты мақала қоғамда зор сілкініс туғызды. Алдымен, Амангелді Айталы ұсынысының өтпей қалуына өкініш білдіріп, өктем үн қатқан Шерхан Мұртаза «Егемен Қазақстанда» «Өз үйіндегі өгей тіл» атты мақала жариялап, Парламенттегі ана тіліне қарсы шыққан 40 депутатты айыптағаны бұған зор серпін берді. «Жас қазақтағы» стенограммадан өз партиясының көсемі Ғани Қалиевтің атын көргенде, белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеев «Егеменнің» бетінде «Ауыл» партиясынан шыққанын мәлімдеді. Атпал азаматтың партиялық билетін атып ұрып, ана тілдің намысы үшін атойлауын ел де қызу қолдады. Парламенттегі 40 нигилист депутатқа қарсы 40 зиялының Ашық хаты Қазақстан Жазушылар одағында қабылданып, барлық басылымдарда жарияланды. Мәскеуден ұшып кеп, «Время» газетінің алдына барып зарын айтқан Ғани Қалиев пен «Айқын» газетінде мемлекеттік тілге қарсы шығу себебін дәрменсіз дәлелдеген Хайрат Шалабаев және басқа да «Жас қазаққа» жарылғыш заттай қараған депутаттар байбалам салып жатыр. Айтар уәждері оқушыны да иландыра алмайтын баяғы ескі сарын – «Бәрі бірден болмайды». Шоқ басып алғандай шоршып жатқан депутаттарға қарап, бізде өз істегенін мойнымен көтеріп, кінәсін мойындай алатын, қателігінен қорытынды шығарып, халық сөзін қабылдай білетін азаматтар да жоғалып кеткен екен ғой деп ойлайсың.
Алдымен Ғанекеңнің жауабын оқып көріңіз. «Егемен Қазақстан» газетіне берген «Саясатқа да сабырлық қажет» /№57-58, 12 наурыз, 2004 ж/ деген жауабында «Ауыл» партиясының көсемі айналып келіп бәрін А.Айталы мен Ш.Мұртазадан көреді. Біздің депутаты бар,шенеунігі бар қазақ тіліне қарсы шығатындардың бәрі – өз ішкі ділімен, жеке басы мен әулетінің мүддесімен қарсы бола отырып, оны «ел мүддесі, көп ұлтты Қзақстанның қамы» деп көрсеткісі келеді. Осыдан 15 жыл бұрын, әлі Тәуелсіздік алмай тұрғанда «Тіл туралы» заң қабылданған қарсаңда айтылған Елбасының: «Бәрі бірден мүмкін емес» деген сөзін жаттап алып, қайта-қайта қайталап, жоғарыға жалтақ-жалтақ қарайды. Ал, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін”, “Ымды білмеген дымды білмейді» деп тікелей өздеріне айтылған сөздерін «ұмытып қалады». Елбасы бұдан артық не деу керек? Ауыздарына шайнап бергенді жұта алмай отырған өздері кінәлі екені қаперлеріне де кіріп шықпайды-ау сабаздардың…
Ғ.Қалиев қазақтың қазақ жерінде, өз елінде отырып қазақ тілінде сөйлеу мүмкіндігін «саяси бүлік туғызатын қадам» деп бағалайды. Шіркін-ай, дерсің... Қандай “саналы” саясаткер десейші. Соны түсінбей жүрген Шерағаң, Әбіш Кекілбаев, Қуаныш Сұлтанов, Жекен Қалиұлы мен А.Айталылар қалай артта қалған?!. Бұл жерде Қалиев пен Қалиұлының айырмашылығы олардың тегінің жазылуымен ғана шектелмейтінін көпшілік жақсы біліп отыр. Әсіресе, кешегі парламенттегі дауыс беруден кейін ел «Кімнің кім екенін «Жас қазақтан» оқып алды» /Ш.Мұртаза/. Ғанекең тағы да мемлекеттік тіл үшін шырылдағандарды «сабырсызданып, қызуқандылықпен неге уағыздайды?»–деп айыптайды. Сонда сен тілің үшін үн шығармай өлуің керек те, тілге қарсы шығып отырған Ғанекеңнің ешкім бетіне келмеуі керек екен. «Ана тілдеріңе қарсы шыққандарың өте дұрыс болыпты. Қандай көреген едіңдер» деуіміз қажет екен.
«Тыныштық бұзады» деген құрғақ сылтаумен тілге қарсы шыға берсем, билікке жаға берем ғой дейтін жалаң оймен жан сақтауға бола ма? Бұл – барлық нигилист қазақтарға қойылатын сұрақ.
Қазақтың біртуар қайраткерлерін: «Әлде халықтың күрделі мүддесіне қарағанда, аз уақыттық жеке бастың популистік жалған бедел жинаушылықтың жетегінен шыға алмай жүр ме екен», – деп кінәләп, құлаштай сілтейді Қалиевыңыз. «Шынын айтам деп сырын айтады» дегендей, осы сөзімен-ақ ол кісі ойын білдіріп қояды. Яғни, Ғанекең үшін тіл мәселесі «Халықтың күрделі мүддесі» емес екен. Яки майда-шүйде бірдеме. Басшымыз деп жүргендер ең басты күрделі мәселе– Тіл екенін білмесе, онда «қайран сөзім қор болдының өзі екен ғой... Әрине, оларды да түсінуге болады... Материалдық игіліктер, бизнес пен билік мүдделері тұрғанда қайдағы бір қазақ тілі деген не тәйірі?! Онымен Шерағаңдар секілді жасамыс қазақтар мен «Жас қазақтар» айналыса берсін. Бірақ, бізге тиіспей, аулақ жүрсін. Бұл жалғыз Қалиев пен Шалабаевтардың ғана шала ойы емес, барлық нигилисттердің пікірі десек қателеспейміз.
«Ауыл» партиясының көсемі «Қазақ тілі үшін жан аямай күресемін» дейді. Кіммен? Өзімен және өзі секілділермен бе? «Қазақ боп тудым,қазақ боп өлемін» дейді. Қазақ боп туғанында ешкімнің күмәні жоқ... Бірақ қазақ болып өлу үшін алдымен қазақ тілін өз қолымызбен өлтіріп алмауымыз керек, Ғанеке!
«Тып-тыныш отырған елді дүрбелеңге саламыз» деу арқылы не айтқысы келді екен? «Шын саясаткер қыр астындағыны көре білуі керек»,–дейді ғой, шіркін біздің "қырағы" Ғанекеңдер. Тілі қырқылып тұрып, қыр астындағыны қайтеді десейші.
Мен де өз пікірімді Сізге және Сіздерге айтайын,Ғанеке! Тіл мәселесі өзінің дер кезінде шешілмесе ғана дүрбелең болуы мүмкін. Ал, тілдің тағдырын аянышты етіп отырған Сіздер сонда өздеріңізді кінәлай қояр ма екенсіздер? «Қаржы мен бизнес, қаражат пен құқық саласында өте білімді, алғыр қазақ жастары өсіп келе жатыр, олар іскер-ақ. Өкінішке орай, қазақ тіліне шорқақ. Бірақ, жаны да, рухы да қазақ»,–дейді ол кісі. Данышпан Мұхтар Әуезов: «Ана тілін білмеген және сөйлемеген адам мәдениетсіз һәм сауатсыз» депті. Ал, Сіз «білімді,алғыр» деп аузыңыздың суы құрып отыр. «Қыр астындағыны көре білгеніңізбен», Әуезовтей әулие емес шығарсыз. Жаны да,рухы да қазақ болса, қазақ тілін – ана тілін осы уақытқа дейін меңгеріп алар еді... Мәселенің бәрі де сол жаны мен рухы қазақ болмай тұрғанында ғой. Өйткені, жан да, рух та, тәрбие де тек Тіл арқылы ғана келеді, Ғанеке. Бұны айтулы академик, әйгілі депутат,белгілі партия серкесіне қарапайым суретші мамандығы бар ақын-журналист – менің айтып тұрғандығым үшін айыпқа бұйырмассыз деп үміттенемін.
Өткенде Сіз қайта-қайта оқыған «Егеменде» тегеурінді ақын Темірхан Медетбектің «Бір ұлт неге екі тілде сөйлейді?» атты мақаласын да оқи салуыңыз керек еді. Сонда мынадай бір оқиға айтылады. Қазақ тілін білмейтін бір топ қазақ жастары Түркияға оқуға кетіп, түрік тілін «беске» біліп алыпты. «Ау, қайдан үйрендіңдер, қазақ тілін білмейсіңдер ғой? –десе, «Түрік тілін білмесең, тірлік етуің қиын екен»,–депті «өте білгір», «алғыр» жас қазақтар.
Көрдіңіз бе, қажеттілігі болса жаһанға мәлім жақсы экономист Жандосов түгілі, марғасқа Марченко мен миллиардер Машкевичтер де қазақша сайрайды. Тек қажеттілік керек. Ал, қажеттілік тудыратын Заң қабылдайды деген Парламентімізде Сіз және Сіздер сияқтылар отырсыздар.
«Саясатқа сабыр керек»,–деп сап-салмақты нүкте қойып қоясыз. Сабырлылықтыңда шегі бар. Сағыздай созыла беретін сабырлылық сан соқтырып та қалуы мүмкін. “Енді бір 7-8 жылда бәрі ойдағыдай болады деп кәміл сенемін» деп кәдімгідей қорытынды жасайсыз. Сіздің әріптесіңіз Хайрат Шалабаев та: «Уақыт керек. Нақты мемлекеттік бағдарлама белгіленіп, оның орындалуы да қатаң қадағалануы қажет. Латвия мемлекеттік қызметкерлерге тілді үйрену үшін екі жыл уақыт берді. Біз бес жыл берейік», –дейді. Әйтеуір Сізден екі-үш жыл берірек белгілепті. Оған да рахмет. Ау, біз «Тіл туралы» Заң қабылдаған 1989 жылдан бері (1997 жылы сол ескі заңға косметикалық. өзгеріс қана жасалды) бері 15 жыл болған жоқ па?!. Сол кезде де, "Бәрі бірден болмайды. 2000 жылы барлық қатынас мемлекеттік тілде болады", – дедік. Ол кезде 2000 жыл дегеніңіз өте алыс мерзім секілді еді. Өкінішке орай, ол да тез жетіп келді. Ал, тіл сол баяғы бодан кезіміздегідей аянышты хәлде. Айтпақшы, қазір 2004 жыл, жаңа ғасыр. Маған сенбесеңіздер, күнтізбеге қараңыздар. Енді бүгін тағы да 7-8 жылда бәрі қалпына келеді дейміз. Біз бұл түрімізбен «Бәрі бірден болмайды» деген сөзді айна-қатесіз 2020 жылы да айтып отыратын шығармыз. Иә, біздің бүгінгі депутаттарымыз аман болса, оған да жетеміз. Хайрекең: «Кейбір депутаттар мені сынағанша Конституцияның тілге қатысты бабына, Тіл туралы заңға өзгеріс енгізуді ойласын»,–дейді. Өте дұрыс! Бірақ ол ұсынысты енгізгенде дауыс беретін тағы өздері, Қалиев пен Шалабаевтар емес пе? Атазаңға өзгеріс енгізу түгілі, «Сайлау туралы» заңдағы «Ұлты қазақ /барлық ұлт емес/ депутаттыққа кандидаттар мемлекеттік тілді білуі міндетті» деген бапты өткізбей тастадыңыздар, оны қайтып өткізесіңдер? Өйткені, қарсы шығатын сіздер отырсыздар ғой, Хайреке. Сонда бұл қандай ойын?
Ендігі бір айтар мәселе – Парламенттегі мемлекеттік тіл туралы мәселеге қазақ тілді басылымдар үн қата бастады. Орыс тілді басылымдардың ойы белгілі. Жүгіріп келіп, жүгініп отырған Қалиевтерді миығынан күліп қарсы алады. Алдымен, басты басылым, елдің мұңын мұңдап келе жатқан «Егемен Қазақстан” газеті «Жас қазақ үні» газетінде басталған жанайқайды іліп алып, барынша қолдап, ағалық көрсетіп келе жатқанына алғысымыз шексіз. «Егеменнің» бетіндегі Шерағаңның зор даусын естіген ел қазір «Жас қазақты» жаппай іздеп жүр. Хат-хабар ағылуда. Түрлі мазмұндағы телефондар соғылуда. Қазақстан Жазушылар одағында өткен зиялы қауымның Парламент депутаттарын айыптап, Сенат пен Мәжіліске жолдаған Ашық хаты “Жас Қазақ үні” газетінде, «Егеменде», «Жас алашта», «Қазақ әдебиетінде», «Ана тілінде» және т.б жергілікті газеттерде жарияланды. Ол үшін елдің ықыласы шексіз.
Дегенмен, кейбір газеттерде «Жас қазақта» жариялаған стенограмманы оқымай-ақ үн қатуға талпынғандар, асығыстықтан болар, мемлекеттік тілге қарсы шыққан депутаттар Х.Шалабаев,С.Әлібаев,Ш.Оразалинов, У.Қайсаров және Т.Квятковскаяларды «атына кір келтірмеген» депутаттар қатарына қосып жіберіпті. Мемлекеттік тілді һәм ана тілін аяқ асты етсе де, қалайша «атына кір келтірмейді» деп көпшілік аң-таң күйде. Ал, «Ана тілі» газеті екі аптадан кейін болса да, Парламент стенограммасын факс арқылы бізден сұрап алып, депутаттар тізімін басқанына риза болып қалдық. Бірақ... аталмыш газеттің кез-келген қарапайым ауыл тілшісі білетін сілтеме жасау этикасын «ұмытып» кеткені болмаса... Тіл газетінің тірлігін істеп, жұмысын жеңілдетіп бергені үшін жас газетті «Жарайсың!» деп арқадан қағудың орнына, «Жас қазақтың» атын барлық газеттер өзгертусіз басқан Ашық хаттың ішінен де іздеп тауып, бас салып сызып тастаған Бас редактордың әрекетін түсінбей қалғанымызды жасырмаймыз. Шамасы алыстағы ауыл оқырмандарын аңқау деп ойлап қалса керек. Бірақ, бұның бәрі ештеңе емес, әрине. Ең бастысы – ана тіліне қарсы шыққан «қалаулыларымыздың» бетперделерін сыпырып тастаған тізімнің Шерағаң айтпақшы, «тек «Жас қазақта» ғана емес, ірі-ірі газеттердің бәрінде және теледидарда жарияланғаны әділетті болар еді».
P.S. Парламентте депутат А.Айталы тіл мәселесін тағы да қайта ұсынып,кейін қайтып алыпты. Бұл түзетуді енді депутат Жекен Қалиұлы бастаған бір топ депутат қолға алып, ұсынып жатыр екен. Біз Жекен Қалиұлының жігеріне сеніп, жетер жеріне жеткізер деп үміттенеміз.
Қазыбек ИСА
“Жас Қазақ үні”, №11,(177) 19.03.-25.03.2004ж.
ҚАЛЫС ҚАЛҒАНДАРЫҢЫЗ ДҰРЫС ЕДІ… ҚАРСЫ ШЫҚҚАНША?!.
Сіздер пір тұтатын әлемдік тұлғалардың бәрі ұлттық мүддеге адал болатын
Былғары қолғап шебері неге былғанды?!
Парламент Сенатының депутаты Зәуреш Батталованың «Жас қазақ үні» газетінің мемлекеттік тіл ткралы жарияланымдарына байланысты «Мен неге қалыс қалдым?» атты «Азаттық» радиосы мен «Азат» газеті тілшілері және «Жас қазақ үні » газеті редакторына жауап» деген мақаласы «Азат» газетіне (№13, 2004жыл ) басылды. Жауабын «Жас қазақ үні» газетіне жібермесе де (мақала түгел «Жас қазақ үні » туралы), кейбір партия көсемдері секілді орыс тілді газеттерден «саяси баспана» сұрамай, мәселеге жедел үн қатқан сергектігі үшін сенатор ханымға рахмет.
«Мемлекеттік қазақ тілінің мәртебесін көтеруге қарсы болған 55 депутаттың 36-сы қазақ екені мәселеге сырттай қараған адамға сұмдық болып көрінуі заңды. Солай болды да. Бірінші болып «Жас қазақ үні» газеті (27 ақпан) «Мемлекеттік тілге қарсы шыққан Парламент таратылуы тиіс»деп дабылдатты. Депутаттардың аттарына «ана тілін аяққа басқан», «ертең елін де сатып жіберетіндер», « ешқандай кешірім жоқ» деген сияқты ауыр сөздер айтылды. Және қарсы болғандарға дауыс бермеуге шақырды. Газеттер мен тілшілер мұны сенсацияға айналдырып, қарсы болғандарға қарсы майдан ашатын қауіптері байқалып отыр» – деп, Зәуреш Батталова салған жерден мемлекеттік тіл туралы мәселені мемлекеттік мәселеге айналдырып жібергені үшін «Жас қазақ үні» газетін кінәлаудан бастайды. Әрине, елдің бас газеті «Егемен» де, оның бетінде ойып тұрып үн қатып, «Жас қазақ үнін» қолдаған Шерағаң да, бұл мәселені «сайлау қарсаңында дауысқа салып жүрген» Амангелді аға да аман қалмайды. Негізі, біз басында алғашқы дауыс беруде Зәуреш Батталованы қарсы шықпай «қалыс қалғаны үшін» соншалықты қатты кінәлай қойған жоқ болатынбыз. Ал, кейін 15-наурызда Жекен Қалиұлы бастаған депутаттарымыздың «Ұлты қазақ үміткерлер мемлекеттік тілді білуі тиіс» деген ұсынысында З.Батталованың қарсы шыққанына куә болдық. Бұл жолы жалғыз Зәуреш Батталова емес, бұрын дауыс беру кезінде қатыспай қалып «судан құрғақ шыққан» «патриот» Ғани Қасымовтың, қыстағы дауыс беруде жақтап, көктем келгенде айныған сенатор Қуаныш Бөлтаевтың, «Ол қатысса,ана тілін жақтар еді» деген оңтүстіктің үмітін табанға таптап, мемлекеттік тілге қарсы дауыс берген Төлепбек Қосмәмбетовтың шын бет-бейнелері айқындалды.
Мысалы, әйгілі спорт жұлдызы Серік Қонақбаев осымен төрт рет (20 ақпанда – 3 рет ) қазақ тіліне қарсы шықты. Серік ана тіліне деген мұндай қарсылық пен табандылықты ол үшін барлық қазақ жылаған Мәскеу Олимпиадасында да қарсыласына көрсете алған жоқ... Сөйтіп саясатқа араласқан былғары қолғап шебері былғанып шыға келді... Біздің редакцияға хабарласып жатқан жерлестері Жамбыл облысының ғана емес, көптеген облыстағы оқырмандарымызды да аяп кетесің. Олар Серік Қонақбаевты ондай жамандыққа қиғысы келмейді. «Бірақ, амал не, шындық солай» дейміз, біз Серік үшін намыстанып. «Және 1 рет емес, 4 рет » дейміз күрсінісімізді жасыра алмай... Ұлт намысы үшін шаршы алаң шаңын шығарған боксшы саясат алаңында неге намысын жоғалтады?.. Жақсысын жамандыққа қимайтын қазақ байғұс олардың бұл дауыс кезінде ең болмаса өзге ұлт өкілі О.Кубайчук секілді бірде қалыс қалғанын немесе тіпті қатыспағанының өзі дұрыс еді ғой дейді...
Зәуреш Батталова жауабында: «Ш. Мұртаза ағамыз да «Егемен Қазақстан» газетінің наурыз күнгі санында жарық көрген мақаласында: «Рас, кімнің кім екенін, кімнің қазақ тіліне қарсы, кімнің жақ екенін тек «Жас Қазақ үні» газетінен ғана оқи аламыз»,– деп, онда жарияланған жоғарыдағы тізімге сілтеме жасайды. Дей-дей келіп: «Сірә, алда келе жатқан сайлауда халық өз ана тілін ардақтаса, сол тілді қорлап, менсінбейтіндерді танып-біліп, Парламентке сайламау жағын ойластырар-ау»,– деп сол тізімдегі тестілеуге қарсы болған депуаттарға дауыс бермеуге ашықтан-ашық шақырады», – деп кінәлайды. Ал, бұқара халық керсінше, ұлт мүддесін қорғаған Шерағаңдар мен Айталылардың аз болғанына өкінеді. Бірақ, «кімнің кім екенін» біліп, көздері ашылған сайлаушылар «күз келгенде көрерміз әуселелерін» деп қос алақандарын ысқылап отыр...
Елбасы ең алдымен ел тілегін ескеретіні мәлім. Президент Нұрсұлтан Назарбаев өткен республикалық кеңесте «Мемлекеттік тілді білу – мемлекеттік қызметкерлерге міндетті» дегенге саятын тапсырмаға сай сөз айтты. Бізде әйтеуір бәрі де «қызық». Мемлекет басшысы «мемлекеттік тілді білмей, патриотизм туралы сөз қозғау қиын» десе, Патриоттардың көсемі Ғани Қасымов мемлекеттік тілге қарсы шығады. Сөйтіп, өзінің мемлекеттік тіл туралы «жаза салған» жазбасы құнын жоғалтып алды. Кезінде жоғарыдан жасалған сценарий бойынша аяқ астынан «Қазақстандық Жириновский» боп шыға келген бұрынғы бас кеденші ресейлік әріптестерінің ширегіне де жете алмады. Себебі кез-келген саясаткердің салмағы ең алдымен өзінің ұлттық мүддесін қорғай алуымен айқындалары анық.
Бұл тұрғыда Жириновскийге жету қайда?! Дегенмен, өзінің бойынан сол сценарий бойынша берілген «имиджден» басқа ешнәрсе көріп тұрмаған болу керек, әлі баяғы образды нашар ойнап келеді. «Бүйтіп патриот болғаныңа болайын» дейін десең, бізде саясаткердердің бәрі демей ақ қояйық, көбісі осы шамалас.
Жалпы, ойлауға, таңдануға хақысы бар адам ретінде, мені бірнәрсе таңғалдырады. Біздің «әсіре интернационалистердің» (жұмсақ айтқанда), шындығын айтқанда шолақ нигилистердің бәрінің үнемі айтып жүретін пір тұтатын әлемдік тұлғалары бар. Сол тұлғалардың бәрі ең алдымен ұлт мүддесіне адал екенін олардың ойына әлі де кірер емес...
«Ертең» деген сөз ертегіге айналмас үшін бүгін нақты іс – қимыл керек.
Ал, сайлаушылар ақиқатты білуі тиіс.
«Байрағымды қозғасам, қозып кетер қайдағым »,– деп жырдың сойы Сүйінбай ақын айтпақшы, Тәуелсіз елдің байрағы болуы тиіс мемлекеттік тіл туралы айтсақ, тоқтауымыз қиын. Енді басында бастаған Батталова ханымға қайта оралайық. Сенаторымыздың да өзгелер секілді екі сөзінің бірі – «кейін, ертең» деген ертегі сөздерден кенде емес екен. «Қазақ тілін біраз адамдардың меңгеріп келе алмай жатқаны уақытша, орны толатын олқылық екені даусыз. Парламентіміз де, министрлеріміз де бүгін болмаса ертең қазақша сөйлейтіні сөзсіз» – деп жазады. Егер келесіде сайлаушылар бүгіннен сабақ алмаса, Парламентте дәл осы бүгінгі құрамдағыдай депутаттар отырса, яғни, тиімді заң жасалмаса, онда Парламентіміз де, министрлеріміз де еш уақытта қазақша сөйлемейді. «Ертең» деген сөз ешуақытта «бүгін» болмайды. Өмір бойы ертеңмен кетуіміз мүмкін. Ертең – ертеңге емес, ақиқатқа айналуы үшін бүгінгі іс-қимыл керек. Іс-қимылдың барлығы заңнан басталады. Онсыз не істесек те заңсыз. Ау, біздің заң болғанда да, Атазаңымыз бар емес пе? Сонда «Қазақ тілі – Мемлекеттік тіл» деп айқын жазылған ғой дейді, адал да кінәсіз оқырман.
Бірақ, бізде көбінесе заңның бірінші тармағынан гөрі екінші тармағы өтімді. Қалау, ниет сондай болған соң, бәрі де солай. Бірақ, сол Конституцияның өзіне де рахмет. Егер Конституция бүгінгі Парламенттің қолына түсе қалғанда, бұл күнімізге де жылап көрісер едік... Қалиевтерге Қалиұлылар ешнәрсе істей алмас еді...
Бізге қазір ең болмағанда кешегі кеңестік кезеңде қабылданған «Тіл туралы» Заңды қайта қарап, Тәуелсіздік рухында жаңа мықты Мемлекеттік тіл туралы Заң қабылдау керек.
Мүмкін, бұны Парламенттің жаңа құрамы қолға алып қалар. Ол кезде де осындай ордалы ойды нілдей бұзатын нигилистер өтіп кетіп, дұшпанға таба қылмау үшін сайлаушылар дұрыстап таңдау жасауы тиіс. Айтқандай, қазір Парламент Мәжілісі депутаты Жекен Қалиұлы «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға еліміздің азаматтары 2010 жылы 1-қаңтардан бастап мемлекеттік қызметке алынған кезде мемлекеттік тілді білетіндігі жөнінде ауызша түрде сынақтан өтеді», – деген бастама көтеріп отыр екен. Аталған заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобына кешегі дауыс берулердің бәріне де қазақ тілін жақтаған білікті депутат Зейнолла Мақашев жетекшілік жасайтыны да көңілге үміт ұялатады.
Тек, біздің қосарымыз – 2010 жылы деген тым ұзақ. Бұған әрі кетсе 2 жыл мерзім беріп, 2006 жылдан – Президент сайлауы болатын жылдан бастау керек. Өйткені, біздің шенеуніктер ағылшын тілін алты айда үйреніп алдым деп мақтанады ғой. Әйтпесе, ұзақ мерзім беруден кенде болып келе жатқан жоқпыз. 2010 жылы деген санның өзі – сананы «ұзын арқан, кең тұсауға» бейімдейді.
А.Айталының ұсынысы "оппозицияға қарсылық, сайлау алдында әдейі жасалып отыр", деп: "Ал, жоғарыдағы қазақ тілінен тестілеу өткізуді көтеріп отырған талапшыл ағаларымыз шын патриот демократтардың, шын халықшыл күрескерлердің жолын кескілері келеді. Парламентке өтуге тестімен бөгет салғылары келеді. Сөйтіп, биліктің сойылын соғып отырғандарын аңғармайды", – дейді. Бұл өзі қызық пікір екен.
Біріншіден, ана тілін, яғни, мемлекеттік тілді білуге міндеттеу – не үшін оппозицияға қарсылық болып табылады. Олар сонда мемлекеттік тілдің ата жауы болып табыла ма? Немесе ана тілінен мақұрым ба? Егер шынында да солай болса, оны оппозицияшылдардың өзі солай мойындап, отырса, онда ондай оппозицияның құны көк тиын емес пе? "Жас қазақ үні" ұлт мүддесіне келгенде ешкімді аяған да, алалаған да, емес. Масановтан Ыдырысовқа, Тұрсынбаевтан Қалиевке дейінгі аралықта талай билік басындағылар да, оппозициядағылар да сынға ұшырап жатады. Ал, оппозицияда жүргеннің бәрі патриот, биліктегінің ешқайсысы елжанды емес деп кім айтты, сізге?..
Екіншіден, тіл мәселесін қозғау оппозицияға қарсылық десеңіз, мұнда қызыл коммунистердің басшыларының өзі – С.Әбділдин де, Т.Тоқтасын мен И.Әлімжанов та мемлекетік тілді жақтаған ғой. Яғни, жағымды жағынан көрінген. Сонда қалай, әлгі әйгілі коммунистер де "биліктің сойылын соғып отыр ма?!". Осыған жауап беріңізші.
Ал, қайта әшейіндегі белсенділер Ш.Оразалинов, С.Әлібаев, Е.Сағындықов, Н.Нұрманбетов, Ж.Төрегелдинов, К.Симамбаев, Ж.Әбдиев, З.Қадырова, Р.Сарпеков, М. Тінікеевтер мемлекеттік тілге бір емес, төрт рет қарсы шығып, шын мәніндегі позицияларының қандай екенін көрсетіп алған. Оны "Жас қазақты" оқып жүретін, оқи алатын кез-келген оқырман біледі.
"Ана тілін меңгеріп үлгермегендерге тосқауыл қоятын болсақ, онда келесі Парламентке әзірге тілі қазақ бола қоймағанымен, діні қазақ, жаны мен қаны қазақ, нағыз күрескер жігіттеріміз бен қыздарымыз депутаттыққа тіркеле алмай қалып қор болуы мүмкін" – дейсіз. Өткенде "Ауыл" партиясының төрағасы, академик-депутат Ғани Қалиевке айтқан әңгімені сізге де қайталайын. Жаны мен қаны, жүрегі мен діні қазақ болса, олар ана тілінде ең құрығанда ауызекі сөйлей алуы керек. Мәселенің бәрі олардың жаны мен жүрегі, өзге тілде ойлайтын миында! Қазақ өз жерінде, өз елінде өзінің мемлекеттік тілін пайдалана алмай, осылай қор болғанша, ана тілін білу үшін күресе алмаған "күрескерлер" қор болғаны дұрыс емес пе...
Үшіншіден, тіл туралы ұсыныс сайлау, қарсаңында ғана әдейі қолға алынып отыр деген айыптау да негізсіз. Өйткені, бұл сайлау туралы заңның бір бабы ғой. Ал, Сайлау туралы заңның "сайлау қарсаңына" дейін созылуына кінәлі депутаттардың өзі емес пе? Бұл жерде "Жас қазақтың" жазығы жоқ, Зәуреш Батталова ханым.
Ал, "Жер кодексі" туралы айтып өткеніңізге келсек, "Жас қазақ үні" газеті оның да стенограммасын жариялағанын оқырмандарымыз жақсы біледі. Иә, қарсы болған 7 депутаттың бірі ретінде сізді де атап өткенбіз.
"Мен Парламентте әр жылдың бюджеті қаралған сайын қазақ тілін дамытуға, үйретуге арнайы қаржы бөлуді талап етуден жалыққан емеспін", – дейсіз де, өзіңізді депутаттар қолдамағанын айтасыз. Ол үшін сізге үлкен рахмет. Ел алғыс айтады. Ал, мәселенің шешуші кезеңінде – дауыс беруде өзіңіз "қолдамады" деп айыптаған әріптестеріңіздің алдына сіз де түсіп алып, қазақ тіліне қарсы болғаныңыз үшін халықтың енді қарғыс айтып жатқанын естіп-біліп жатқан боларсыз...
Сөзімнің соңында айтарым, ойыңызды бүгіп қалмай ашық айтқан жауап хатыңыз үшін рахмет! Сізге жауап жазамын деп көптеген депутаттарға оқырмандардың қатты ренішін жеткізіп, аманатын орындап, арқам босап қалғанын айтқым келеді.
Сайлау дүбірі жақындап қалды. Тіпті басталып та кетті десе болады. Өйткені, Оңтүстікте шай беріп, шапан жауып, ақсақалдардың аузын алып қойғандар көбейіп тұр. "Көктем Оңтүстіктен басталады" деп саңлақ ақын Сабырхан Асанов айтпақшы, барлығы да осы өлкеден бастау алатыны рас. Ал, бұл сайлаудан қазіргі депутаттардың 90 пайызы қайта дәмеленіп отыр десек қателеспейміз. Сондықтан да олар Мемлекеттік тілге қарсылықтарын елге жариялап жіберген "Жас қазақ үні" газетін жау көріп жүргені мәлім. Бірақ, қайтесіз, ШЫНДЫҚ әрқашан да ащы. Ал, қарапайым сайлаушының ақиқатты білуі ешқандай да заңға қайшы емес, құрметті депутаттар.
Қазыбек ИСА
“Жас Қазақ үні”, 23.04.-29.04.2004ж.
ТАСБАУЫР ПАРЛАМЕНТ ТАСМАҢДАЙ ТІЛІМІЗДІ ТАҒЫ ДА ТАПТАДЫ...
Сенат төрағалығы қазақ тіліне қарсы шығатын лауазым ба?
Мәжіліс депутаты Амангелді Айталының Парламенттегі мемлекеттік тілге байланысты ұсынысы өтпей қалғанына байланысты қоғамда үлкен шу туғаны белгілі. Әрине, оған басты себепкер болған «Мемлекеттік тілге қарсы шыққан Парламент таралуы тиіс» деген мақала жазып, дауыс берудің стенограммасын жариялап жіберген «Жас қазақ үні» газеті мен оны ел газеті «Егемен Қазақстанда» қолдаған әйгілі тұлғамыз Шерхан Мұртазаның «Өз еліндегі өгей тіл» атты мақаласы еді. Бұл қозғалысқа белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеевтің «Ауыл» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Ғали Қалиев қазақ тіліне қарсы шыққаны үшін оған «Егемен Қазақстан» газетінде өзінің партия қатарынан шығуы туралы жазған ашулы хаты да қосымша серпін беріп, ақыр аяғы Қазақстан Жазушылар одағында еліміздің бір топ зиялы қауымының Ашық хаты қабылдануына себеп болды. Бұл хат барлық республикалық газеттерде жарияланып, жергілікті газеттерде жалғасын тапты.
Наурыздың 15-күні «Сайлау туралы» Заң жобасына байланысты тіл туралы мәселені А.Айталы тағы көтеріп, Парламенттегі "ауа-райының" қолайсыздығына байланысты кейін бас тартты. Бірақ, ұлт мүддесіне келгенде енді бұл мәселені «Отан» партиясының мүшесі, белгілі депутат, қоғам қайраткері Жекен Қалиұлы өзінің әріптестері А.Айталы, Ж.Жексенбинов, О.Рахманбердиев, О.Сәпиевтермен бірге қайта көтеріп, үлкен жігерлілік танытты. Бірақ, «Қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем - жалмауызым» дегендей, біздің тасбауыр Парламент тасмаңдай тілімізді тағы да таптады. Өткенде «Қазіргі заманғы саясат институты» /Бас директоры Ерлан Карин/ ұйымдастырған «Қазақ тілі және қоғамдық саясат» атты дөңгелек үстелде кейбір басылым өкілдері "Парламенттегі дауыс берудің стенограммасын жариялау неге керек?» деген ойлар мен тіл мәселесінің маңызынан гөрі тақырыбынан кінә іздеушілік секілді сыңар езу пікірлер естіліп қалғаны бар еді. Бірақ, сол депутаттардың нағыз бет-бейнесін әшкерелеген мақаланың арқасында осы жолы мемлекеттік тіл мүддесін қорғаған депутаттар саны анағұрлым артты. Бұл,әрине, «Жас қазақ үні» газетіндегі жанайқай мен «Егемен Қазақстан» газетіндегі үлкен қолдаудың және қазақ зиялыларының Ашық хатының арқасы десек, қателеспейміз.
Мемлекеттегі екінші тұлға мемлекеттік тілге қарсы
Әбіқаев алғашқы қадамын ана тілін аяқ асты етуден бастады
Бір қызығы дейміз бе, «шыжығы» десек дұрыс болар, мемлекеттік тілге су жаңа Сенат төрағасы Нұртай Әбіқаев та қарсы шықты. Мемлекеттік хатшылыққа шығарып салған бұрынғы спикер Орекең де өзі жақсы білетін ана тіліне қарсы шығып еді. Енді міне Нұрекең... Соған қарап Сенат төрағалығы қазақ тіліне һәм мемлекеттік тілге қарсы шығып отыратын лауазым ба деген ойға келесің. Дегенмен,сұр кардинал атағы бар Нұртай Әбіқаев саясаттағы алғашқы қадамын ана тіліне қарсы шығудан бастауына қарап бұл кісінің өзіндік ой-пікірі олқылау ма деген ойға келіп қалып отырғанымызды да жасырмаймыз.
Алдыңнан жарылқасын «Ауыл» партиясы
Қалиев пен Қалиұлының айырмашылығы неде?
Жалпы Үкімет пен Парламенттегі мемлекттік тілдің аянышты жағдайы елім деген ерлерді ойландырмаса, ертеңіміз өкінішті болары анық. Ауыл тілі болып қана отырған мемлекеттік тілге «Ауыл» партиясының төрағасы Ғани Қалиевтің қасарыса қарсы болуын қалай түсінеміз? Бұндай жағдай тек байғұс қазақ мемлекетінде ғана болары анық. Егер Өзбекстанда болса, "біздің Ғанилардың" орны қайда болатыны айтпаса да түсінікті...
Ал, үлкен саясаткер, философия ғылымының докторы, профессор Амангелді Айталы мен кезінде сыртқы саясатта да басшылық жасаған Жекен Қалиұлы, біртуар тұлғалар Шерхан Мұртаза мен Әбіш Кекілбайлардың зор жігермен мемлекеттік тілді қолдап, яғни мемлекет мүддесін қорғап отырғаны қазақ тіліне қарсы шыққан әріптестерін неге ойландырмайды? Қосмамбетовтер мен Қалиевтер ана тілдеріне қос қолдап қарсы болатындай бастарына не күн туды?!
Екінші рет 10-наурыздағы дауыс берудегі Ғани Қалиевтің сөзін,орыс тіліндегі газеттерге берген сұхбаттарына қарап ол кісіні 37-ші жылы өмір сүретін кісі екен деп ойлап қаласың. Бүгін Жаңа ғасыр емес,өткен ғасырдың отызыншы жылдары болса Ғани Қалиев қазақ тілін қорғағаны үшін айтулы тұлғалар Айталы мен Шерхан Мұртазаға қосып, бас қазақ басылымы мен «Жас қазақ» басылымының басына бұлт төндіріп, репрессияға ұшыратып жіберетіні күмәнсіз секілді.
Тінікеевтің тірлігі тілге қарсы шығу ма?
Мемлекттік тіл – біздің рухани өміріміз. Ол толыққанды өмір сүріп отырмағаны аян. Мемлекеттік тілді аянышты халдегі ауру, ресми тілді реңі келіскен сауға теңесек, дәрі-дәрмек, яғни Мемлекеттік қолдау мен қаржы, қайсысына берілуі керек екені айдан анық емес пе? Ал,осыны түсінбей, Елбасының: «Бәрі бәрден болмайды» дегенін жаттап алып, «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін». «Ымды білмеген дымды білмейді» дегендерін естігісі келмейтін Қалиевтер мен Тінікеевтердің тірлігін не деуге болады? Ана тілді, мемлекеттік тілді, яғни ұлттық мүддені шахтадағы көмір қазуымен теңестірген Тінікеевтің өресі қандай дәрежеде? Ал, Уалихан Қайсаровқа рахмет, тегеурінді ақын Темірхан Медетбектің «Егемендегі» өзі туралы мақтауын кейін оқып қалған болуы керек, нәтижесінде мемлекеттік тілді жақтап шықты. Жас қазақ сенаторына «Жас қазақтың» іші жылып қалғаны сондықтан... Ал, Жекен Қалиұлы бастаған істі соңына жеткізбей қоймайтын қайсар тұлға екені белгілі. Сондықтан енді ол кісі осыдан 15 жыл бұрынғы «Тіл туралы» заңды тәуелсіз еліміз тұрғысынан қайта қарап, өзгерістер енгізу үшін қайрат көрсетіп жатыр. Елім деген ерлерді құдай қолдасын дейік.
Ресейде туған Ромин Мәдиновке разы болып, Шымкенттен шыққан Қосмәмбетов пен Бөлтаев үшін ұяласың...
Мәжіліс депутаты Жекен Қалиұлы депутаттар ұсынған мемлекеттік тіл мәселесіне байланысты толықтыруға дауыс беру кезінде Мәжілісте алға жылжу байқалды. Қарсы болғандар мен жақтағандар теңесті – 29:29. Ал, Сенаттағы дауыс саны – 16:13.
Дауыс бермегендер – Өмірзақ Байгелді, Ғалым Байназаров және Амалбек Тшанов. Ал, қалыс қалғандар – Ю.Кубайчук, М.Трошихин, А.Гусинский, С.Есімхан, С.Бисетаев және Е.Рамазанов.
Бұл жолы мемлекеттік тілді жақтағандар ішінен бұның алдындағы дауыс беруде қарсы шыққан Мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбай бастаған М.Сағдиев, Р.Ахметов, Р.Мәдинов, Х.Шалабаев, Е.Рахметов, Б.Тұтқышев, А.Қожағалиев, У.Қайсаров секілді депутаттарды көріп разы болдық. Ал, өткен дауыс беруде қатыспай немесе қалыс қалып, абыройлары сақталып қалған «Патриоттардың» тағы бір көсемі Ғани Қасымов пен Демократиялық таңдау қозғалысының мүшесі Зәуреш Батталовалар бұл жолы мемлекеттік тілге қарсы шығып, ашық бет- бейнелерінің қандай екенін көрсетті. Ресейде туған Аграрлық партияның төрағасы Ромин Мәдинов ана тілін үйреніп, мемлекеттік тілді жақтап жатқанда қаймағы бұзылмаған қалың қазақтың ортасынан – Оңтүстік Қазақстан облысынан шыққан депутаттар Төлепбек Қосмәмбетов пен Қуаныш Бөлтаевтың қазақ тіліне қарсы шығулары қай сасқаны?... Бұл қандай әсіресақшылдық һәм әсіресаясатшылдық! «Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Қайролла Ережепов туралы әңгіме болғанда Маңғыстаудан сайлаушылар бірінен соң бірі хабарласып: «Ол кісінің қазақ тіліне қарсы шығуы мүмкін емес. Егер шынымен солай болса, маңғыстаулықтар оны кешірмейді» деген қатал үкім айтып еді. Ал, Қайролла Ережеповтың қалай дауыс бергені өткен нөмірде айтылды. Сол секілді өткенде дауыс бермей қалған кезде абыройы сақталған Т.Қосмәмбетов бұл жолы өзінің мемлекеттік тілді һәм ана тілін қалай аяққа таптайтынын дәлелдеді. Жер сату кезінде де қос қолын көтеріп жақтаған Қосмәмбетов енді тілді де сатып жіберіп жайбарақат отыр. Баяғы 1999 жылғы бәріміз қатысқан сайлау кезінде қазақтың көрнекті жазушысы Дулат Исабековты /басқа 10 кандидатты атамай-ақ қойғанда/ «жеңіп» депутат болған Төлепбек көкеміздің бұл тірлігі тас төбеден таспен ұрғандай әсер етті. Егер сол кезде бүгінгі «Ауыл» партиясының Алматы қалалық комитетінің басшысы Дулат Исабеков депутат болып кетсе, өзі нан тауып отырған қазақ тіліне өлсе де қарсы шықпас еді. Бұл жолда өзінің бастығы Ғани Қалиевті де тыңдамас еді деп ойлаймыз. Өткенде мемлекеттік тілді жақтаған сенатор Қуаныш Бөлтаевты бұл жолы қандай құдай ұрғанын кім білсін. Қосмәмбетов пен Бөлтаевты, шымкенттіктер тегі кешірмесі анық. Сонда бұл екеуі өздерін жерлестері, өткенде қарсы болса да, бұл жолы тілді жақтаған Мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбайдан, тіл үшін ұсыныс енгізген сенатор Орынбай Рахманбердиевтен артық көрегенбіз деп ойлай ма екен. Әлде «осылай ұлттық мүддеге қарсы шыға берсек, күзде тағы да сайланып кетерміз» деген есекдәме ме?
Қазыбек ИСА
“Жас Қазақ үні”, 13(179) 02.04-08.04.2004ж.
*Тақырыпқа тұздық
Парламентті әшкерелеп, елді дүр сілкіндірген оқиға
ҚАЗАҚ десе ҚАНЫ ҚЫЗАТЫН ҚАЗЫБЕК
"Қазақ үні" газеті
2012 жыл