Елбасы: "бұл девальвация халыққа кері әсерін тигізбеуі керек"
2014 ж. 13 ақпан
2041
3
Теңгенің девальвацияға ұшырауынан қараша халық зардап шекпеуі тиіс. Ұлттық валютаның төңірегіндегі туындаған түсінбестікке Елбасының өзі араласты.
Нұрсұлтан Назарбаев бұл төл экономиканың қарқынды дамуы үшін жасалған әрекет деп, жұртты дүрмекке ермеуге шақырды, - деп хабарлайды КТК арнасы.
"Бұл экономикамыз талап ететін қажеттілік деп ойлаймын. Экспорттаушыларға ғана емес, шағын бизнес үшін де керек қадам. Енді бағалардың асыра сілтеп, көтеріліп кетпеуін қадағалауымыз тиіс. Айырбастау пунктілеріндегі алыпсатарлыққа жол бермеуіміз керек. Барлық әкімдер мұны назарында ұстағаны дұрыс", - деді Назарбаев.
Президент Ақордаға премьер-министр Серік Ахметов мен Ұлттық банктің төрағасы Қайрат Келімбетовты шұғыл шақыртып, қаржы нарығындағы ахуалды ұдайы бақылауда ұстап отыруды тапсырды.
Енді бұдан әрі теңге құнсызданбай доллар да өспеуі тиіс. Елбасы қаржы нарығындағы өзгерісті халыққа жіті түсіндіріп, бағаның аспандауына жол бермеуді жүктеді. Сондай-ақ оңтайлы сәтті пайдаланған алаяқтарды қатал жазалауды талап етті.
КТК арнасы