Ел атауын өзгерту туралы пікірдің астарында не бар?
2014 ж. 11 ақпан
3086
4
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ақпанның 6-сы күні Атырау облысына сапарында мемлекеттің ресми атауын "Қазақ елі" деп өзгерту керек шығар" деп ұсынды. Назарбаевтың ел атауына қатысты айтқандары әлеуметтік желілерде қызу пікірталас тудыра бастады.
Ұсыныс айтылған сәтте-ақ кейбір сарапшылар ұсынысты "саяси ойынның" элементі ретінде қарастырған.Кейбір интернет пайдаланушылар бұл ұсынысты қолдаса, енді бірі қарсы пікірлерін жариялап жатыр.
Президенттің ел атауын ауыстыру туралы ұсынысын "трюк" деп бағалаған кейбір сарапшылар "мұндай ойын халыққа да, инвесторларға да көмектесе алмайды" деген көзқараста.
Астана атауын өзгертуге қатысты қоғамдық пікір әрқилы болса да, биліктің қалауы орындалғанын еске түсірген тәуелсіз журналист Сергей Дуванов президенттің "талқылайық" деген сөзіне күдікпен қарайды.
Айдос Сарым "Президенттің ұсынысы ойланып барып айтылған болса, қолдау керек. Ал егер бұл өзінің көпшілік жағында екенін білдіретін кезекті ойыны болса, ондай ойын керек емес" дейді.
Интернет қолданушылар арасында " Мемлекет атауын өзгертудің шығыны орасан. Елде одан басқа да проблемалар шаш етектен" деген сарындас пікір айтқандар да бар.
Қазақстан парламентінің алғашқы депутаттарының бірі, оппозициялық саясаткер Серікболсын Әбділдин мемлекет атынан "республика" атауы жоғалып, "Қазақ елі" аталса, "монархияға бет бұрамыз" деген қауіп айтады.
Ал 2010 жылы наурыздың 19-ы күні Нұрсұлтан Назарбаев "Біздің Жаңа жылымыз осы мерекеден басталса дұрыс болар еді. Қытайлар өздерінің жаңа жылын ақпанда, корейлер де өз күнтізбелері бойынша мерекеледі. Біз Жаңа жылымызды әлі күнге дейін Петр І енгізген қаңтардың 1-інен бастап жүрміз" деген.
"Азаттық радиосы"