«ДАМУ» ҚОРЫ – бизнес белестерінің баспалдағы
2013 ж. 28 тамыз
6630
17
Мемлекет тарапынан елдегі шағын және орта кәсіпкерлікті д а м ы т у ғ а б і р н е ш е а р н а й ы бағдарламалар әзірленіп, жүзеге асырылып жатыр. Өз ісін дамыту барысында басқаларға да жұмыс көзін тауып бергендердің мүмкіндігі кеңейе түседі. Бұл Сыр аймағында кәсіпкерлердің қатарының күн санап өсе түскендігінен көрініс тауып отыр. Мұның өзі «Бизнестің Жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан игілікті шаралар. Негізінен индустрия мен инновацияға өріс беретін бағдарлама жылдан-жылға кәсіпкерлікті қолдауға кеңінен жол ашуда. Экономиканың басым бағыттарына арналған жобаларды қолдайтын бағдарламаның қызмет көрсету салаларының бойына да қан жүгірткені ақиқат.
Аталған бағдарламаның игілігін сырбойылық кәсіпкерлер қауымы өңірдегі «Даму» қоры арқылы көріп жүр. Қордың кәсіпкерлікті дамытуды іске асыру бағытында атқарған істері ауқымды. Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді қаржылық қолдау, олардың қаржыға қолжетімділігін жеңілдету тұрғысында елеулі шаралар қарастырылған.
Әлбетте, тиісті шарттары да бар. Мәселен, кәсіпкердің қорға кепілдеме алу туралы өтініш берген уақытта мерзімі өткен, төленуге тиіс немесе лизингтік шарт бойынша, салықтық және міндетті төлемдер бойынша қарыздары болмауы тиіс. Сосын, кәсіпкер жобаға оның жалпы құныннан 10 пайыздан кем емес өз қаражатымен немесе 20 пайыздан кем емес бөлігіне өз мүлкімен қатысуы қажет. Осы шарттар негізінде алынған несиенің пайыздық мөлшерлемесі 14 пайыздан аспайды. Әрі оның 7 пайызын субсидиялау механизмі бойынша «Даму» қоры өтейді.
Облыстағы «Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар нәтижесін мәліметтерге сүйенсек, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ арқылы 2011 жылы 29,8 млн теңгеге субсидия берілсе, өткен жылы субсидия көлемі 209,5 млн теңгені құраған. Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасының қатысушыларымен төленген салық сомасы 1,4 млрд теңгеге жетіп, 700-ге тарта жаңа жұмыс орындары ашылыпты. Шағын және орта бизнес арқылы өткен жылдың үш тоқсанында 1,5 млрд-қа жуық теңгенің өнімі өндірілген.
Үстіміздегі жыл басынан бері 44 жоба аймақтық үйлестіру кеңесінен мақұлданып, 40 жоба субсидия алу мүмкіндігіне ие болды. Оған қоса құны 164 млн теңге болатын 11 жоба екінші деңгейлі банктерден алған несиелерінің пайыздық үстемесін 7 пайызға төмендетуге қол жеткізіп отыр.
«Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасының кепілдік беру бағыты бойынша Темірбек Барахатов, Айнұр Абсадықова және Дүйсенкүл Тажикова секілді 3 жеке кәсіпкерр «Даму» қорынан кепілдік алу арқылы өз кәсіптерін дамыту мақсатында несие алып тіршіліктерін жандандыруда. 1999 жылдан бері сауда саласындағы жеке кәсіпкер Айнұр Абсадықова мемлекеттік бағдарламаның көмегімен целлофан қалталар шығаруды қолға алды. Қызылорда облысында әлі күнге «түрен тимеген» шаруа үшін Айнұр Абсадықова «БанкЦентрКредит» банкінен 15 млн. теңгеге несие рәсімдеп, «Даму» қоры арқылы несиені субсидиялап және кепілдік алып, кәсібіне қолдау тапты.
Қызылорда облысы, Шиелі ауданында ойын-сауық орталығын ашу жобасына «Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы 7 пайыздық несие алуға мүмкіндік алған кәсіпкер Сұлушаш Смағұлованың мұндай мемлекеттік қолдауға ризашылығы шексіз. Шиелі кентінде 2010 жылы екі балабақша ашып, бүлдіршіндердің мектепке дейінгі тәрбие алуына жағдай жасаған кәсіпкер «Ойын-сауық орталығында» қонақ үй, балалар ойын-сауық орталығы, тренажер залы, 2 бассейн, сауна мен сұлулық салоны қызметін ұсынып, Шиелілік тұрғындардың өмір сапасын арттыруға үлес қосуды мұрат тұтады.
Жалағаш ауданында нан және нан өнімдерін пісірумен айналысатын «Құндызды» ауылдық округының кәсіпкер тұрғыны Күлжан Әбдіғаппарова өз жобасына «Даму» қорынан 1 млн 400 мың теңгеге кепілдік алыпты. Бұл БТА банкінен алатын несиенің 50 пайызына тең. Кәсіпкер несиені 7пайызбен қайтарады, қалған 7 пайызын қайтарымсыз негізде «Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша «Даму» қоры төлейді. Өз кәсібін 2008 жылы үйінің бір бөлмесінен нан пісіретін құрал-жабдық орнатып, нан пісіруден бастаған Күлжанның жұбайы араға төрт жыл салып, арнайы ғимарат салып, наубайхана ашады. Тәулік бойы екі ауысыммен жұмыс жасайтын наубайханаға үш ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.
Облыстың барлық 7 ауданында және Қызылорда қаласында жастар ресурстық орталықтары ашылып, жұмыс жасай бастады. «Жастар ресурстық орталығы» – жастарды кеңес беру мен кәсіпкерлікке баулуға бағытталған. Орталықтың ашылуына тікелей мұрындық болған облыстық жастар саясаты басқармасы ауыл жастарының ғаламторды тегін пайдаланып, бизнес идеяларын жүзеге асыру жайлы кеңестер алуына мүмкіндік орнатудың пайдасы ұшан-теңіз боларына сенеді. Ресурстық орталық мамандары аудан орталығында және ауылдық округтерде тегін оқыту семинарларын өткізеді. Жақын күндері «Даму» Қорының Қызылорда облыстық филиалының мамандарының қатысуымен ресурстық орталықтың ашылып, жастарды «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасымен кеңінен таныстыру мақсатында құрылған арнайы топ Жаңақорған ауданының бірнеше ауылдық округтерін аралап қайтты.
Төменарық ауылдық округінде құрылыс заттарын шығарумен айналысып және ауылының бірнеше азаматын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырған жас кәсіпкер Манас Нәлібаев «Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасымен танысқан соң, осы бағдарламаның бірнеше жобасына қатысуға ниет білдірді.
Жалпы, негізгі мақсат –кәсіпкерлікке тарту арқылы жас жұмыссыз азаматтардың қатарын азайту үдесінен шығады деген үміт бар. Рас, өз ісін бастаған адамның бірінші кезекте табиғи қабілетіне, бейімділігіне сәйкес әрекеттенетіні белгілі. Әйтсе де, қай салада болсын мол ізденіссіз, біліктіліксіз жұмыстың өз деңгейінде жүйелі жүзеге асуы екіталай.
«Даму» қорының кеңес беру, оқыту қызметтерін пайдаланушылар қатары жыл сайын арта түскен көрінеді. Былтыр 1500-нан астам адам орталыққа кеңес алды. Демек, «Кәсіпкерлікті қолдау орталығының» өңір экономикасын өрістетуге ықпалы зор. Кеңес беру барысында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының тиімділігі туралы мағлұматтар беріліп несие, лизинг бойынша пайызды субсидиялау, «Даму» қоры арқылы ұсынатын кепілдеме алу, кәсіпкерлікті енді бастаған азаматтарды гранттық қаржыландыру, оқыту және сервистік қолдау жайында кеңінен ақпараттандырылады. Өткен жылы бухгалтерлік, заң, мемлекеттік сатып алу, кедендік бақылау қызметтері, менеджмент және маркетинг салалары бойынша 4 кәсіпкерлік мекемелеріне ақпараттық қолдау көрсетілді. Биыл мамыр айында сервистік қызметті «бір терезе» қағидасымен тегін көрсету мақсатында аймақта «Кәсіпкерлікті қолдау орталығы» ашылып, онда бүгінге дейін 200-ден астам кәсіпкер тегін кеңес алды.
Оқыту жұмыстарының жалғасы ретіндегі «Кәсіпкерлік әуелетін күшейту» деп аталатын бағыт бойынша кәсібін экономиканың басым бағытты салаларында жүргізіп жатқан кәсіпкерлер іскерліктің заманауи үлгілерін енгізу мақсатында еліміздегі мақтаулы жоғарғы оқу орындарының бірі Назарбаев университетінде «Шағын және орта бизнестің топ менеджментін» оқуға қатысатын болады. Өткен жылы «Назарбаев Университеті» АҚ-на балықты қайта өңдеу және консервілеу, баспа өнімдерін шығару, өндіріске ауыз су жеткізу, медициналық қызмет көрсету, жалюзи және перде тігу секілді кәсіпкерліктің бірқатар салалары бойынша істің қыр-сырын меңгеруге аймағымыздан 5 кәсіпкер барған. Биыл аталған оқу орнында білім алған жерлестеріміздің саны 3 есеге артып, 17-ге жетуі өңірімізде кәсіпкерлік әлеуетінің артып отырғандығына бұлтартпас дәлел.
« І с к е р л і к б а й л а н ы с т а р » жобасының бірінші кезеңі бойынша былтыр сырбойылық 19 кәсіпкер Астана және Алматы қалаларында екі апталық оқу курстарында білім жетілдіріп, шетелдерде тәжірибеден өтті. Жаңақорғандық екі кәсіпкер АҚШ-та тәжірибе алмасып қайтты.
Шетелдіктерден көңілге түйгенін кәсібін дамытуда қолдана бастаған пластикалық есік-терезе жасау ісімен щұғылданатын Айман Каюпова «Берекет Әлем» ЖШС иесі. АҚШ-қа іссапарға шығудан бұрын Астана қаласындағы халықаралық «Тұран Профи» кәсіптік академиясында бизнес-тренингте жасаған бизнес жоспарын сәтті қорғаған Қызылордалық кәсіпкердің жобасына Вашингтондық мамандар қызығушылық танытады. Сөйтіп, құрылыс индустриясын дамыту бағытында тәжірибе алмасуға барған ол АҚШ-тағы кәсіпкерліктің даму бағытын көзбен көріп, шет мемлекеттің шағын кәсіпкерлікті дамыту орталығында болып, кәсіпкерлікті дамыту құрылымының құпи я- сыр л а рын меңг е р іп, шетелдік әріптестермен іскерлік қарым-қатынастар орнатуға қол жеткізгенін мақтанышпен тілге тиек етеді. Дәл осындай мүмкіндіктерге ие болған кондитерлік өнім шығару, нан пісірумен айналысатын Дариха Бәйменова мен Ерболат Сейілхановтар та алдағы уақытта аймақтағы осы салаларға тың серпілістер әкеледі деп күтілуде.
Биылғы жылы «Бизнес кеңесші» бағдарламасының төрт түлегі грант иегерлері атанып, ерекше идеяларын жүзеге асыру мақсатында геодезиялық компания «Қазтерра» ЖШС-гі «Коворкинг орталығын»ашу мақсатында 6 млн теңгені қанжығасына байлаған. Тұрақты кеңсесі жоқ, үй жағдайында жұмыс істеуге кедергі келтіретін, мейрамханаларда кездесуге қолайсыз, іскер азаматтарға пікірлесуге жайлылық туғызатын орталық қызметі Батыста кеңінен таралған кәсіп болғанымен, сыр өңіріне тосын жаңалық. Орталықтың мақсаты – мүдделес адамдардың идеяларын ортаға салуға, талқылауға ыңғайлы орта қалыптастыру.
Әрқайсысы 3 млн теңгеден қайтарымсыз грантты еншілеген С.Божбанов ландшавттық дизайн элементтерін жасауға қажетті барлық тауарларын алса, Б.Райымбеков құрылыста полистирольдан жасалған пенопласқа деген жоғары сұранысты қанағаттандырмақ. Құрылыс саласында жылумен, сумен жабдықтауға, қ ұ б ы р л а р ғ а , қ а б ы р ғ а л а р ғ а , шатырларға, мансардқа, өндірістерге, тұрғын үйге панель арасына герметизация үшін, есік пен терезе қораптарына кеңінен қолданылатын пенополиуретан өндірісін қолға алған жеке кәсіпкер Н.Пармышевтың тіршілігі де ерекшелер тізбегінде.
Тағы бір жаңалық, ауылдықтар кәсіпкерлікпен айналысу үшін табалдырық тоздырып, уақыт оздырмайды. Айына бір рет белгіленген кестеге сәйкес мобильдік орталық өңірдегі 7 ауданды түгелдей аралап шығады. Мобильді топтың алғашқы бастамасы ауылдықтардың кәсіпкерлікпен айналысуға ерекше ықыласын оятуда.
Жұмыссыздықты сылтау ететін кейбір жандарға кәсіпкерлікпен айналысып, жетістіктерге жеткен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды үлгі етіп жатады. Ауыр тағдырына мойымай, күнкөрісін берекелі етіп отырған жандардың мұндай тірлігі ерлікке тең. Сондай кәсіпке икемді мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдауды «Даму» қоры ескерусіз қалдырмаған. Мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерге арналған «Даму- көмек» бағдарламасына былтыр 44 өтініш түсіпті. Олардың 31-не демеушілік көмек жасалған. Биыл 10 мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерге қажеттілігіне қарай ноутбуктер, тігін машиналары және кәсіпке қажетті құрал-жабдықтардан көмек берілген. Олардың кәсіптерін дамыту әрі ынталандыру мақсатында жүзеге асатын «Казкоммерцбанк» тарапынан «Құс жолы» қоры мен «Даму» қоры бірлескен «Жұлдыздарға қара» жобасы негізінде бөлінетін гранттарға қатысатын азаматтар қатары да өсе түскендігі байқалады. Өткен жылы жобаның 1-ші, 2-ші кезеңдерінен өткен 8 мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлер 100 мың теңге көлемінде грантқа ие болса, биыл грант көлемі 150 мың теңгеге ұлғайып, республика бойынша 13 грант иегерлерінің 7-еуі қызылордалықтаратанды.
«Даму» қоры өткізген семинар- тренингтері нәтижесінде үстіміздегі жылдың сәуір-маусым айларында «SES Сеньор» сарапшылық қызметі бойынша Германиядан келген медицина ғылымдарының докторы, дәрігер-стоматолог облыс орталығындағы «Алма-Дент» ЖШС- нің мамандарымен тәжірибе бөлісті. Қызылорда қаласындағы «Астана» мейрамханасына шақырылған аспазшы-сарапшылар мемлекеттік қолдау негізінде жергілікті кәсіпкерлерге тегін кеңестер берді.
Экономиканы жаңаша қарқында дамытуға бағытталған «Бизнестің Жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы шағын және орта кәсіпкерлікті өркендету арқылы жұмыссыздық пен өнім өндіру мәселесінің түйінін шешуге себептігі тигізуде. Осы тұрғыда «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры – бизнес белестерінің берекелі баспалдағына айналып отыр.
Раушан СӘДУ