"Қызылорда облысы дәрі-дәрмектің отаны болуға әбден лайық"
2013 ж. 21 тамыз
5149
0
Кәсіпкерлік көкжиегі Сыр бойында қарқынды дамып келеді. Индустриялық-инновациялық жобалар аясында аймақта бір емес, үш зауыт салынады. Алғашқысының іргетасы салтанатты түрде қаланды. Көпшілікті қызықтырғаны, зауыттың салынуы емес, өңдейтін өнімі. Қызыл миядан дәрілік препараттар дайындап, экспортқа шығаруға бағытталған жоба кімді болмасын елең еткізері сөзсіз.
Ен даланы алып жатқан қызыл мияның соншалықты қадір-қасиетін кім білген?!. Осы күнге дейін өзгелер үн-түнсіз ғана тамырымен қопарып алып кетіп жатқан қызыл мия кімге керек болды? Енді, қызыл мия үш бірдей зауыттың салынуына себепші болып отыр. Жағымды жаңалық тараған тұста қызыл мияның қадір-қасиетін түсініп, зерттеп, тың жобаға енгізген кәсіпкер, "Бис-Групп" ЖШС директоры Ділдахан Әмірәліұлы Ахметовпен әңгімелесудің сәті түсті. Әңгіме тақырыбы да қызыл мияға түрткі болған жаңа жобалар мен үш бірдей іргелі зауыт жайында болмақ.
– Ділдахан Әмірәліұлы, жақында жаңа зауыттың іргетасы қаланды. Елді елең еткізген осы бір істі – өзіңіз басқаратын "Бис-групп" ЖШС компаниясын жемісі екенін жұрттың бірі білсе, бірі біле бермейді ...
– Сыр бойында кәсіпкерлік қанатын алғаш жая бастаған тұста осы жұртшылыққа белгілі "БИС" компаниясы жұмыс істеді. Біз осы компанияға еншілес компания болып құрылдық. "БИС"-тің негізгі бағыты – қауіпті жүктерді сапалы тасымалдау қызметін атқару. Сол уақытта "ПетроҚазақстан" компаниясымен әріптестік орнатып, 10 жыл мұнай тасымалдаумен айналыстық. 2011 жылы түрлі себептермен 871 адамды жұмыспен қамтамасыз еткен компания өз қызметін тоқтатты. Барлық қарыздарды өтеп, жұмысы аяқталды. "БИС-групп" компаниясы мұнан әрі "Казатомпром" компаниясының өнімдерін тасымалдау жұмысын 2008 жылдан бері атқарып келеді.
– Қызыл мияны тың жобаға айналдыру – кездейсоқ болмаса керек?
– 2012 жылы оңтүстікқазақстандық бір компания біздің тарапымыздан көмек сұрады. Қажетті техникадан көмек беріп, айналысып жүрген кәсібіне қызығушылық таныттым. Олар Сырдың бойынан қызыл мия жинап жүр екен. Қызыл мияны сол кезден бастап зерттей бастадым. Барлап қарасақ, олар қызыл мияны 1 метр тереңдікке дейін қазып алады екен. Негізінен бұл өсімдікті 30-40 см-ден терең алуға болмайды. Ал, олар соны біле тұра, түп-тамырымен жойып, тіпті,өртеп тұрып жинап алуда. Бұл істі көзбен көргенде, жүрегің ауырады.
Ұлым Руслан екеуміз қызыл мияның қадір-қасиетін түсіну үшін ғылыми еңбектерге үңіліп, бір жыл бойы ізденісте болдық. Әсіресе, бұл салаға ұлым көп еңбек сіңірді. Ол бүгінде Ресейде Путин университетінде білім алуда. Қызыл мияны пайдаға жарату мақсатында ресейлік ғалымдардың ғылыми зерттеулеріне, тәжіриебелеріне үңілдік. Мұның қасиетін жіті зертеу үшін жыл бойы ізденуден, еңбектенуден жалықпадық. Арнайы Қарақалпақстанға бардық. Олар 35 жыл бұрын-ақ қызыл мияны өңдеп, экспортқа шығарып келеді екен. Олардан қызыл мияны қалай егіп, қалай жинайтынын көзбен көрдік, тәжірибе алмастық. Мұнан соң, Қытайдың алты зауытын аралап көрдік. Оған қоса, Алматы ботаника инуститутында қызыл мияға соңғы жасалған ғылыми зерттеулерге үңілдік. Бір сөзбен айтқанда, қызыл мияны инновациялық жоба ретінде жүзеге асыруға тәуекел етуге кездейсоқ келгеніміз жоқ, әбден зерттеп, ізденіп, сонан соң барып бел байладық.
– Кез келген жоба жасалғанда жұмсалатын шығыны мен қайтарымды табыс есептелетіні белгілі...
– Қызыл мияны егу көп шығынды қажет етпейді. Ең қуаныштысы, судың көп керегі жоқ. Жерге сәл ылғал тисе болды, шыға береді. Дәрі сұрамайды, жер талғамайды. Ауа-райына да қарамайды. Ыстыққа да, суыққа да шыдамды. Бір ексе, 10 жылға дейін шыға береді. Тамыры 40 метрге дейін жайылады. Сыр бойында қызыл мия алқабы аз емес. Зауытқа қажетті мөлшерден біз еш қиналмаймыз. Бүгін де аймағымызда 100 жылға жететін қор бар.
Бір айта кетерлігі, қызыл мияның табысы мұнайдан екі есе көп десем артық айтқандық емес. Кез келген ауылдағы шаруа жеріндегі қызыл мияны алдымен малына азық етіп орып алады, сонан соң тамырын алып зауытқа өткізеді. Жылда 2000 га жерге қызыл мия егіп отырсақ, біздің зауыттың толық жұмыс істеп тұруына жетеді. 70-жылдары қызыл мияның қадірін түсінбей, тіпті, онымен күрестік қой. Егін шықпайды деп, қызыл мияны өртеген кездер де аз емес.
Байыптап қарасақ, күріш еккеннен, қызыл мия еккен оңай, әрі шығынсыз, пайдасы жетерлік. Шығыны мен табысын есептеп, бизнес-жоспар жасап болған соң зауыт салу жұмысына кірістік. Үш зауыттың бірінші зауытында қызыл мияның шырыны сығып алынады. Қызыл мияның шырынының пайдасы көп. Мұны консерві өнімдеріне, өнеркәсіптерге, косметикаға пайдаланады. Германияда өндірілетін кремдердің 25-30 пайызы қызыл мия шырынын құрайды екен. Яғни, адамның терісін жасартуға ықпал ететін қасиеті бар. Бағасы өте қымбат тұрады. Сондай-ақ, қызыл мия шырынынан қант алынады екен. Бір қасық шырын бір келі қанттың тәттілігін береді. Шырыннан алынған қантты негізінен сусын өндіретін компаниялар пайдаланады. Яғни, тәтті сусындардың құрамына кәдімгі қант емес, қызыл мия шырынынан алынған қант қосылады.
Ал, екінші, үшінші зауыттарда дәрілік препараттарға қажетті шикізат өндірілетін болады. Бүгін де үш зауытты қатар салып жатырмыз. Бұл үшін арнайы 10 га. жер берілді. Негізінен қызыл мияның негізгі алқабы Шиелі, Жаңақорған жақта. Әдепкіде сол аудандарға жақын орналастыру жоспарда болған. Алайда, экономикалық жағдайы жағынан өзге аудандармен салыстырғанда көрсеткіші төмен, халықтың жұмыспен қамтылуы жағынан да мүмкіндігі аз аудандар жайы ескеріліп, қай ауданға болмасын, тиімділігі ескеріліп, Жалағаш ауданынан шығаберіс жер таңдалды.
Алдағы уақытта Шиелі, Жаңақорған ауданынан да бір зауыт салу жоспарымыз бар. Зауыт салу барысында Қытайдың соңғы үлгімен жабдықталған зауыт құрылысының жобасын алдық. Қытайлықтар бұл жобаның жүзеге асу жұмысының 30 пайызын атқаратын болады. Келісім-шартқа сәйкес, зауыттың барлық материалдық-техникалық базасын қамтамасыз ету қытайлықтардың мойнында. Сондай-ақ, олардан 6 маман жұмыспен қамтылады және 1,5 жыл уақыт ішінде біздің 4 маманымызды даярлау талабы қойылды. Қытайлықтар тарапынан жұмыс орны сұралған болатын, алайда, біз келісім бермедік. Жұмыс күші өзімізде де жеткілікті, жергілікті халықты жұмыспен қамти алмасақ, несіне зауыт саламыз?! Сондықтан, жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылады.
– Зауыт қанша адамды жұмыспен қамтымақ?
– Зауыт толығымен іске қосылған кезде вахталық әдіспен 156 адамды жұмыспен қамтитын болады. Ал, жаз мезгілі егіс алқабында 500-600 адам жұмыс істейді. Бірінші зауытты қаңтарда іске қосамыз деп жоспарлап отырмыз. Бүгінде үлкен шаруа қожалықтарымен келісім-шарт жасау жұмыстары жүріп жатыр. Бір айта кетерлігі, зауыт 100 пайыз шығынсыз. Зауыттан шыққан қалдықтың өзі бағасы қымбат тыңайтқыш болып саналады. Мұның жерді жақсы тыңайтатын қасиеті бар. Алдағы уақытта тыңайтқыш зауытын салсақ деген жоспарымыз да уақыт еншісінде. Бүгінде Болгариядан қажетті техника шығаратын зауытты таптық. Мамыр айының ішінде қызыл мияны оратын машина әкелмекшіміз. Бұл техниканың ерекшелігі, қызыл мияны түбімен қопармайды, 30-40 см. тереңдікке дейін ғана барады.
– "Қызылорда облысына зауыт салу тиімсіз" деген пікірлер жиі айтылады. "Халқының саны аз, экологиясы нашар" деген сылтаулар тізбектеле береді. Сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Зауыт салынғаннан кейін халықтікі болып қалады. Қандай да бір зауыт салынса, елге қызмет етуі тиіс. Ол салынып, тұрғындар жұмыспен қамтылып жатса, қажетті өнім сұранысқа ие болса, неге тиімсіз болсын?!. Меніңше,Қызылорданы фармацевтикалық облыс етіп жасауға болады. Сырдың бойында көп кездесе бермейтін қасиетті өсімдіктер аз емес. Көптің қолы жете алмай жүрген, Қызыл кітапқа енген дәрілік өсімдіктердің барлығы осында. Сондықтан, Қызылорда облысы дәрі-дәрмектің отаны болуға әбден лайық.
– Экология кедергі етпейді ме?
– Сыр бойының ауа-райы Алматы мен Шымкенттің табиғатынан еш кем емес. Тек, жаздағы ыстық, қыс мезгіліндегі қара суық аздаған кедергісін келтіруі мүмкін. Осында тұрып, тіршілік етіп, экологиядан зардап шегіп жатқан ешкім жоқ. Мұндағы ауру басқа облыстарда да бар. Тек, Аралды толтырсақ, экологиядан да құтыламыз. Ол үшін, су шығынын азайту керек. Экологияны өзіміз қолдан жасап жатырмыз. Негізі, байлық деген жердің астында емес, үстінде. Тек, дұрыс жарата алсақ болғаны. Ал, бізжердің астынан іздеп, Жер-Ананың мазасын алдық....
– Жаңа жобаны толығымен жүзеге асыру үшін қандай жағдайлар жасалуы тиіс: экономикалық жағдай, биліктің қолдауы т.с.с...
– Көзін тауып еңбек еткенге, ізденген адамға мүмкіндік көп. Қолдау да жетерлік. Осы тұста айта кетейін, бизнес-жоспарымды алып облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қабылдауына кіргенімде, бірден қолдады. Жергілікті билік тарапынан жасалатын қолдаудың барлығын жасады. Сондай-ақ, Жалағаш ауданының әкімі С.Сермағамбетовке риза болдым. Аудан әкімі бізбен бірге ботаникалық институтқа еріп барып, ғылыми кеңеске қатысты. Ғалымдардың алдында жобамызды жоғары деңгейде қорғағанымызды көзімен көрді. Ел үшін жасалып жатқан жобаның жүзеге асуына барынша қолдау білдіріп жатқан жергілікті билікке алғысым шексіз. Біздің бұл жобаны жүзеге асырғанымызға институт ғалымдары да қуанып жатыр. Қаншама жылдар бойы зерттеу жасаған жұмысымыздың, ғылыми еңбегіміздің нәтижесі деп шексіз ризашылықтарын білдіруде.
– Жыл бойы зерттеу барысында қызыл мияның қандай қасиеттеріне қанықтыңыздар?
– Қызыл мияның қай салаға болмасын, пайдасы шаш-етектен. Оның құрамында 1200 түрлі өнім шығаруға болатын қасиет бар екен. Тамырынан жасалған дәрілер онкологиялық ауруларға, СПИД-ке, демікпе ауруына, өкпе, қолқа, жұтқыншақ ауруларына таптырмас ем. Сонымен қатар, балалар ауруына ем болатыны жиі кездеседі. Бір айта кетерлігі, қызыл мия тамырынан өңдеу цехында жұмыс істеген адамдар жыл он екі ай тұмаумен ауырмайды екен.
– Маңызды мәліметтерге толы ұтымды ойларыңызбен бөліскеніңізге көп рахмет! Жұрттың «Өз қолын өз аузына жеткізу» үшін атқарып жатқан жобаларыңыздың ғұмыры ұзақ болғай!
Сұхбаттасқан Г.ДІЛДӘБЕКОВА,
Қызылорда облысы