ЖЫЛ ӨТТІ АСҚАР ТАУЫМ ҚҰЛАҒАЛЫ

ЖЫЛ ӨТТІ АСҚАР ТАУЫМ ҚҰЛАҒАЛЫ

Жұмабай Оңалбекұлын еске алсақ

Туған жердің тылсым сырын ұғып көр:

Бұлтын оның бұлт демей бір түбіт дер.

Қарап тұрып мынау шырқау шыңдарға

Қалай төмен боламыз, ей, жігіттер!

Туған жердің тылсым сырын ұғып көр:

Тұма-бұлақ дариядан үміткер.

Қарап тұрып мынау түпсіз теңізге,

Қалай тайыз боламыз, ей, жігіттер!

Туған жердің тылсым сырын ұғып көр:

Теңіз кешіп, шың басына шығыпты ер.

Көре тұра мынау ұлы даланы,

Қалай кіші боламыз, ей, жігіттер!

Сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған шумақтар қазақтың ұлы ақыны Қадыр Мырза Әлидің өлеңі, өлең болғанда қазақтың жігіттерін биіктікке, тереңдікке, кеңдікке маржандай тізілген көркем сөздермен, керемет теңеулермен шақырып тұрған тағлымы мол дүние.

Біздің кейіпкеріміз Жұмабай Оңалбекұлы да өзінің жұпар ауалы кең даласы, әр көктемде қызғалдақ теңізіне айналатын қыраттары мен жазықтары, ерекше дәмі аузыңнан кетпес қозықұйрығы мен қозықарыны жайлы тамсана әңгімелеуден жалықпайтын нағыз қазақтың кең даласының дархан көңілді перзенті еді. Сәті келген жылдары өзі бастамашы болып, сыйлас адамдарын тайлы-таяғымен қоса топтастырып алып туған жерінің әсем табиғатын көрсетуге ала жөнелетін азамат еді.

Қаладан бір күнге болса да үдеріле көтеріліп барып, кең жазиралы далада кереметтей серуенде болып, жоғарыдағыдай таңдамалы өлеңдер, әуелеген әсем әндер тыңдаған жігіттердің рухы көтеріліп, рухани көкжиектері кеңіп қайтатынды.

«Қазанаттың жолында

Жазық та бар, ор да бар.

Азаматтың жолында,

Бақыт та бар, сор да бар» – 

дегендей, осындай атпал азаматымыз Жұмабай Оңалбекұлының тұтқиылдан келген кесел себебімен бақилық болғанына да жыл толыпты. 

Енді Жұмабай Оңалбекұлының өмірбаянына тоқталайық.

Әлімқұлов Жұмабай Оңалбекұлы 1961 жылы 7 маусымда Шымкент обласы, Сарығаш ауданына қарасты Тасқұдық ауылында өмірге келді. Әкесі – Оңалбек Әлімқұлұлы, анасы – Қыздаркүл Мұсақызы. Әкесі ағаш ұстасы, анасы үй шаруасында. Отбасында 10 бала: 7 ұл, 3 қыз. 

Жұмабай Монтайтас ауылындағы Бейсен Оңтаев атындағы мектепті 1978 жылы бітірді. 

 1979 жылы Целиноград инженерлік-құрылыс институтына (ЦИСИ) оқуға түсіп, 1984 жылы транспорт саласының инженері деген мамандықпен диплом алып шықты. Мектепте басталған достықтары үлкен махаббатқа ұласып, 1983 жылы Нағима атты сұлумен отау құрды. 

1984 жылдан бастап жолдама бойынша Түркістан қаласының автобус паркіне диспетчер болып жұмысқа кірді, содан аға диспетчер қызметіне көтерілді. Ел басына күн туған 1986 жылы Украинада Чернобыль атом электростанциясының жарылуына байланысты алты ай бойы салмағы денсаулыққа ауыр қызметте болды. Чернобыльдан келген соң партия қатарына өтті, автопарктың парткомы болып сайланды. 

Жалынды жас ұйымдастырушылық қабілетімен, өмірлік ұстанымымен, іскерлігімен, өзіне тән сезімталдығымен, алғырлығымен, үлкенді сыйлай білетін кішіпейілділігімен жарқырап көзге түсті. Жастарды отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа, имандылыққа тәрбиелеу жолында көптеген жұмыстар атқарды, көпке үлгі болды. Жұмабай қай қызметте жүрсе де өзінің қарапайым еңбек адамдарына деген адалдығымен, ар тазалығымен, биязы мінезімен, көпшілікпен тіл табыса алатын білікті де сауатты басшы ретінде қызметтестерінің құрметіне бөленді.

1987-1993 жылдары жылдан бастап Түркістан автовокзалының бастығы болып еңбек етті. 1993 жылдан бастап түрлі коммерциялық жұмыстармен айналысуды бастады.

2003-2010 жылдары теміржол саласында Алматы ТЭК мекемесінде басшы болып, аса жауапты қызмет атқарды.

2012 жылы Шымкент қаласына отбасымен қоныс аударып, «ЛТД тұрмыс» мекемесінде зейнетке шыққанға дейін инженер болып жұмыс істеді.

Жұмабай отбасында 4 қыз, 1 ұл асырап өсірген өнегелі әке. «Болашақ» бағдарламаасы бойынша Швейцарияда білім алған үлкен қызы Динара – ұлағатты ұстаз, Назарбаев Зияткерлік Мектебінде ағылшын тілі мұғалімі. Екінші қызы Дана – қазақ тілі пәнінің мұғалімі. Үшінші қызы Ұлжан өнер жолын таңдаған, мамандығы музыкант-әнші, Шымкент филармониясында жұмыс істеген. Жұмабай мен Нағиманың үш қызынан 8 немересі бар.

Төртінші қызы Жания Еуразия ұлттық университетінің «Халықаралық қатынастар» факультетін бітіріп жатыр, АҚШ-та 5 ай стажировкада болды. Италияның Рим қаласындағы Сапиенза университетінің грант иегері, биыл күзде Италияға оқуға аттанады. Шаңырақтың иесі, тұлпардың тұяғы Еділ – Мұхтар Әуезов университетінің спорт факультетінің 3-курс студенті.

Жұмабай жан-жағындағы жақындарына жаны ашып жүретін, бауырмал азамат болды. Анасына, бауырларына, туған-туыстарының бәріне қолдан келгенше жәрдемін аямайтын. Анасын, бауырларының бәрінің басын біріктіріп киелі қала Түркістанға қоныстандырды. Анасына үй салып берді, бауырларын жұмыспен қамтамасыз етті.

Саналы өмірінде «Байлықтан артық достық бар, достықтан артық байлық жоқ» деген ұстанымда болған Жұмабай көптеген жолдастарымен, достарымен тығыз достық қарым-қатынаста болды. Алыстағы досыңа ат берсең де жарасар – үйіне мініп барсын деп, Жақындағы досыңа хат берсең де жарасар – ұмытса есіне алсын деп, достарынан барын аямайтын Жұмабай қазақтың небір ардақты азаматтарымен дос, сыйлас болды, бұл жерде курстастары Сәуірбай Есжанов, Талғат Әміриев, Нышанәлі Орманов, Құдасбек Бабаханов бастаған бір топ достарын, кластастары Ерзатхан, Төлбасы, өзімен қатарлас ағайындары Малғаждар Исмайылов, Серікбай Бердібеков бастаған жігіттерді атап өтсек болады, сәйкесінше осындай азаматтардың ықыластарының арқасында Жұмабайдың отбасына лайықты моральдық қолдау көрсетіліп отырған жағдайы бар. Марқұм болған курстас досы, осы өңірдің белгілі тұлғасы Айдархан Орынбасаровпен де Жұмабайдың сыйластығы мен бір-біріне деген құрметттері елден ерекше болған еді.

Енді Жұмабайдың жылдық Асы қарсаңында «өліге иман, тіріге жүрім» тілей отырып, еске алу мақаламызды өлеңмен бастап едік, өлеңмен аяқтайық.

Жыл өтті асқар тауым құлағалы,

Жыл өтті анам іздеп жылағалы.

Күніміз сағынышпен өтіп жатыр,

Жүрегіміз «әке» деп соғады әлі...

Алла салды басымызға сынақты,

Жиі еске алсын деп пе, неге жылатты?

Қайғысы мен қызығы көп өмір-ай ,

Бір көтеріп, бірде жығып құлатты...

Еске алады бүгін туыс-бауырың,

Дос-жараның, ұл-қыздарың, ауылың.

Рухың риза болсын деген ниетпен,

Құранын да бағыштамақ қауымың.

Бір топ сыйлас ағайындары атынан 

Тұрақ-Серік Мұсабайұлы,

Қазақ үні