ЖҮЗ ЖАСАҒАН ЖҮРЕК
2026 ж. 19 наурыз
44
0
Адал еңбеккер туралы сыр
1.
Біздіңше, адамның ұзақ жасауы өзіне де байланысты. Дұрысы – адамның тағдыры, бақытты жасауы өзінің де қолында. Дау жоқ, жаратушы Құдайдың құдіреті қашанда басты, бірінші орында. Өмір сүрген қоғамыңның рөлі де зор екені айрықша айғақ тілемейді. Аштан өлген адамдардың бәрі осал, әрекет етпеді, күреспеді деуге ауыз бармайды. Десек те абыз Абайдың мына бір айтқаны өзіне еріксіз ұйытады:
Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,
Қиындықтан қалмайды ешкім сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар
Ақылың мен еңбегің екі жақтап...
Алайда Абайдың осы айтқанына да тағы бір нәрсе жетпей тұрғандай. Игісі – оны да Абайдың өзі келесі бір шумағында толықтырады:
Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті:
Нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрек.
Яғни Абай анықтаған Толық адам болу үшін кісіге тек көп, мол ақыл емес, нұрлы ақыл керек, жай жойқын қайрат емес, ыстық қайрат қажет; бұған қоса «жылы, яғни мейірлі махаббатқа толы от-жалын жүрек қажет. Асыл адамгершілік, асқақ рух – рухани жан дүние де осыдан туындап, толығып, қалыптасса керек.
Сонда айтпағымыз не?! Періште болмаған, бірақ пенделіктен әрқашан биік тұрған Ибрагим Нұрымбетовтың Толық Адам – шын Жақсы кісі болғандығы, бола алғандығы.
Ибрагим көкеміздің ауыр балалық шағынан хабарсызбыз, балалар үйінде өткізген өмірін де жақсы білмейміз. Бұған қарамастан балалық шақтың, жігіттіктің іргетасы, ағалық кезеңінің қабырғасы, ел ағалығына көтерілген кемел кездің, одан арғы ассақ, шынайы ақсақалдықтың төбесі екеніне келіссек, тек жасы үлкендіктен келетін шындыққа керағар оның жаман бала болмағаны, нағыз жігіт болғаны өз-өзінен белгілі.
Қарқаралының қыраны атанған Мәди Бапиұлының әдемі бір әнінде мынадай бір жолдар әлді әуенде бар:
Жиырма бес – көк семсердің жүзі емес пе,
Қайрап ап қалың жауға сермегендей...
Ибрагим Нұрымбетұлының 20 мен 25 жас аралығы сұрапыл соғыс өтінде өтті. 1941 жылғы 22 маусымда Ұлы Отан соғысы басталды. Мұны естіп-білген Ибрагим қалай селқос қала алсын. Ертеңінде-ақ тиісті әскери комиссариатқа барып, Отан соғысына аттануға әзірлігін білдіріп, өтініш жазды. Бас хатшы Сталин арқылы Отаны үлкен әкелік қамқорлық көрсетсе, Сталин әкесін, Отанын қорғауы перзенттік парызы. Жазған өтінішін қабыл алыпты, майдандық әскер қатарына кірді. Алты ай арнайы даярлықтан өткеннен кейін қас дұшпанмен бетке-бет шайқасқа қатысты. Анау-мынау емес, осы орасан майдан тағдыры таразы басына түскен Сталинград түбіндегі айқасқа енді. Оттан ықпады, оқтан бұқпады. Ажалдан ықпаған соң өлімнің өзі шегінді, екі жақтан да он мыңдаған солдаттар мен сарбаздар ұстасқан, от пен оқ жалын-түтіннен аспан мен жер қан майданда ол жараланбады, талай фашистерді жер жастандырды. Қиын жеңіске өз үлесін қосты.
Осы Сталинград түбіндегі жеңістен басталып, 4 жылға созылып, 1945 жылдың 2 мамырындағы ұлы жеңіске Венгрия жеріндегі қол жеткізген ұлы жорық аяқталады. Мұның өзі – шоң бір шежіре, қаһармандық дарқан дастан. Мұн сәл тиянақтап, баяндар болсақ жеке бір – мақалаға кезек береді, сондықтан тек ерекше естен кетпес ірі-ірі тұстарын атап-атап өтейікші.
Сталинград шайқасындағы жасаған ерліктері батыр сарбаз кеудесіне «Үшінші дәрежелі Даңқ» ордені тағылып, жарқырады.
Осындағы жеңістен кейін неміс-фашист басқыншылары тауаны қайтып, жаппай шегінуге көшті. Курск иініндегі зор шайқас майдан тағдырындағы шешуші бетбұрыс болатын. Бұдан кейін басқыншылар Днепр өзенінің арғы бетіне күшті бекіністер орнатып, табан тіреуге тырысты. Осы ретте Запорожье мекені үшін болған арпалыс Ибрагимнің мәңгі есінде. Кеңес әскері ірі шығынға ұшырап, майдан даласы жаунгерлер мәйітіне толса, алға баса отырып, қасақы жауды ұлы дариядан түре қуып шықты.
Кеңес одағы Батыс шекарасынан босатқан бір соғыс кезінде сержант Нұрмбетұлы қасындағы грузин офицерімен бірге тосын тосқауылға ұшырады. Ол осы ұрыс нәтижесінде «Ерлік үшін» медальін алды. Ал, бұл медаль мәртебесі анау-мынау орденнен жоғары болатын.
Алдарынан қос неміс танкісі шыға келді. Екеуі қаша жөнелмей снарядтан қалған шұқанақтарға жата қалып, олардың жақындап келгенде атып шығып астарына граната лақтырып қиратты. Іле жалынға орнаған танкілерден қашып шыққан неміс солдаттарын оқ жаудрып түгел ажал құштырды. Мұны артқы шептегі блиндажда дүрбісімен көріп тұрған генерал бұларға қатты риза болып:
– Жарайсың, қазақ жауынгері! – деп алғыс айтып, кеудесіне бірден «Екінші дәрежелі Даңқ» орденін қадады. Ал, грузин офицері «Қызыл жұлдыз» орденін иеленді.
Осынау соғыстағы айқасқа қатысқан әрбір күн ерекше. Бұлардың есте қалмасы бар ма? Сондай ұмытылмас біраз күндер Румыния жерінде өтті. Азаттық алған халықтардың қуанышты алғыстары мерейіңді бір өсірсе, «Будапешті азат еткені үшін» медаль ерекше бір мәңгілік ескерткіш болатын.
Әйгілі «Даңқ» орденінің соңғы бірінші дәрежесін алса, Ибрагим Нұрымбетұлының қаһармандық деңгейі «Кеңес Одағының Батырымен» теңелетін еді. Алайда әскери борыштарын бостан Батыс елдеріне өтіп, 1947 жыл басында туған жеріне сау-саламат оралуы – мерейдің де, мәртебенің де көкесі-тін. Мұның өзі батыр ұланның әрқашан Алла назарында жүргенін – бір еске салса, Құдайдың да сақталсаң сақтайтынын көрсеткен...
Туған елмен табысты. Халық құрметіне бөленді. Алайда «нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрек» жан бағып қана қоймай, жұрты алдындағы парызын одан әрі өтеуі міндет. Еңбек етуге кірісейін десе мамандығы жоқ. Ташкент теміржол техникумын аяқтай алмаған. Барып оқуын жалғастырайын десе қаржысы жоқ. Соған қарамастан жұмыс істеуге бел буды.
Соғыс жаңа аяқталса, ел есін енді жия бастаған, шаруашылық дамымаған уақытта – жаңа жұмыс орындары жоқтың қасы.
Амалсыз Жаңақорған ауданының атқару комитеті төрағасының орынбасары, жақын туыс апайдың ұлы-жиенге жәрдем сұрап барды. Таяуда жаңа жұмыс орындары ашылады. Соған дейін біздің үйде тұрып, қосалқы шаруаларға, бау-бақша егуге көмектесе тұрыңыз деді. Сынағысы да келген шығар. Ибрагим үй шаруаларын тиянақты, пысық атқарып, қолынан іс келетінін байқатты. Шамасы 6 ай өткеннен кейін ол қойма күзетшілері бастығы қызметіне кірісіп, алғашқы жұмысын орындауға кірісті. Арада біраз сезгіл өткен соң екінші қызметі кіші тексерушілікке кірісті. Нешетүрлі нәубет, надандықтарға ашаршылық, алапат соғыс зардабы ұласқан соң, талапты жастардың дені орта білімге қолы жетпеген уақытта төртінші кластық білімнің маңызы өте жоғары тұғын. Бала кезінен есепке жүйрік. Техникумда оқығаны тағы бар. Сондықтан да Ибрагим тексерушілікті дөңгелетіп әкетті. Әрине, келесі басқыш – шынауы тексерушілікке жету.
Асылы, қайсы бір кәсіп, мамандықты жетік игеру үшін талаптылыққа үйренуге қоса, қабілет те аса қажет. Бұл жерде қабілеттілікті жалаң ақыл, зор күш-қайрат (еңбек) деп емес, нұрланған, рухани қуат дарыған ақыл, қайрат деп түсінсек орынды. Дұрысы – Абай айтқандай: «нұрлы ақыл, ыстық қайрат». Бұларға енді адамгершілік, махаббат – жылы жүрек бірікпесе, бәрі бекер. Міне, осындай жарық сәуле, адамшылық, махаббат пен шапағат ұштасқандықтан да Ибрагим Нұрымбетұлы жалаң тексеруші, қазымыр бағалап – жазалаушыға айналмай, нағыз адам тексеруші қамқор да әділ, азамат тексерушіге айналған еді. Міне, сондықтан да пайдакүнемдік, әдейі жемқорлық пен жаңылысуды байқамай, немесе сауаты жетпегендіктен жаңылудың ара жігін білікті ажыратқандықтан талай жас сатушы қыздарды сотталауан, 5-10 жыл түрмеге қамаулудан құтқарып қалды. Тіпті, жүздеген қазақ қыздарын.
Нақтан бір мысал келтірсек, бұл оқиға 1951 жылы Төменарық қалашығында орын алды. Аудан орталығынан барған бір тексеруші мұндағы орталық сауда дүкеніндегі сауда балансында 24 мың сом ақша жетіспейтінін анықтапты. Бұл – ол кезде өте көп ақша. Сатушы Әйгерім деген жас қыз ең кемі 10 жылға абақтыда жатуға сотталады. Сатушының мұндай қылмысқа баруы мүмкін емес. Осыны естіген Ибрагим өз бастығына кіріп, «Жас маманға обал. Мен барып тағы қосымша тексеріп қайтайын» деп ұсыныс жасайды. Бұл кезде ел жемқорлық батпағына батпағанын жақсы білетін бастық қуана келіседі. Бұл Төменарыққа барып 28 күн мұқият тексеріп, жекелеген тауарлар бағасы арзан жазылып кеткендіктен үлкен жаңсақтыққа жол берілгенін анықтайды. Әйгерім бір тиын де жемеген адалдығын анықтауы, жазықсыз 10 жыл арқалаудан құтылу – зор қуаныш. Қуаныштан көз жасы тамшылаған жас қыз Ибрагимге разы болып, мың алғыс айтқан еді.
Ақсақалдың тізесі қалтырамай, тоқсанның төрінде нық отырғанын көрген бір қонақ таңданып:
– Ата, сүйегіңіз асыл болар. Мына біздер жетпістің желкесіне мінбей-ақ қалтылдай бастадық. Сіз болсаңыз: көзіңіз, жақсы көреді, сөзіңіз сұлу өрелі. Тік жүріп, нық аяқ басуыңыздың сыры неде?! – деп сұрақ қойғанда Ибрагим ақсақал:
– Сүйегіміз боркемік болмауы керек. Алайда ең бастысы – жолың да, қолың да таза өмір сүргенге не жетсін. Біз – соғыстан қайтқаннан кейін еңбекке араласқан буынбыз. Алғашқы бірер жылғы жұмыстан соң-ақ менің маңдайыма сауда саласында тексеруші, ауыл шаруашылығында есепші болып еңбек ету бұйырыпты. Алайда ел сауда мен қаржы саласында адалдық, тазалық бар дегенге оңайлықпен сенбейді. Мақтанып отыр есептеме, мен екі салада қырық жылдай еңбек еткен адаммын. Рас, қиын да өз қызығы жетерлік жұмыс. Жаңылысуға және болмайды. Артық түскен бір нөл миллион сомдық шығынға батыруы мүмкін. Мен алайда қатты қателеспей, адал жұмыс істедім деп кәміл айта аламын. Мәселен, бірнеше жыл ревизор болғанда жүздеген жанды «жазықсыз» жазадан құтқарған, орға итермей, биікке сүйреген адаммын. Қолдан келгенше көмектестім. Халық «Ер батамен көгереді» демей ме? Тоқсаннан асып отырсам, мен көмектескен мыңдаған адамдардың алғыс-баталарының арқасы шығар...
Ақиықтан ашық айтап, бағаласаң да тәттісі мен ащысы тең, жақсылығы мен жамандығы кен, дос қана емес қас та болып табылатын өмір ешкімді алаламайды, іс жүзінде «нұрлы ақыл, ыстық қайрат» танытып, маздаған жылы жүрегің жылу-махаббатымен жаулап-баурап алмас сені дараламайды, жарылқамайды. Тура жүріп, кілең дұрыс алға қадам басса да, отызға іліне отбасын құрып, отыздың өрінде орда бұзған Ибрагим Нұрымбетұлын өмір талай сүріндірді. Бала шақтағы тауқыметтен кейін қиындық жолықпады деп ойлайсыз ба?
Сауда, асхана, ресторан орындарында ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып жүрген Ибрагим бір-ақ күнде жұмыстан босап, қадірсіз болып қалды. Тексерушілер мекемесінің бас есепшісі күтпеген жерден қолқа салсын: «Маған бір маңызды іссапарға бару қажет. Соған 5 мың сом бөліп, куәлік қағазға мөр басып бер.» Бас есепші бекер айтпайды. Кейін бұл ақшаны жабатын мүмкіндігі де бар. Бірақ кері тартпалығаннан гөрі туабітті принципі ұстаған болуы керек, заңсыздыққа бара алмайтынын мәлім етті. Соңы не болды, арнайы жоғары білімі жоқтығы бетіне басылып, бір аптадан соң жұмысымен қош айтысты.
Міне, солай, Ибрагим жолдас! Бірер апта жұмыс іздегенмен, оңтайына келер қызмет табылмады. Бұдан басқа жол жоқ екенін ескеріп, Шымкент қаласында жаңадан ашылып жатқан бухгалтер дайындайтын курсқа түсті. Сегіз ай оқып маман есепші куәлігін алды. Қалай десек те адалдың аты арып, тоны тозбайды. Іздегенге сұраған дегендей, нақ сол кезде шалғай Қиыр Шығыстан Қазақстанға кәрістер қоныс аударып жатқан. Бір шоғыр жұрты Жаңақорған жеріне табан тіреп «Тақыркөл», «Сүттіқұдық» мекендеріне орныққан, жаңа ұжымшар (колхоз) ұйымдастыруға кіріскен. Жаңа шаруашылыққа есепші өте керек. Білікті бухгалтер Ибрагим Нұрымбетұлы мал фермасына есепші болып орналасты.
Кәрістер – ұйымшыл да өте еңбекқор халық екен. Жаңа колхоз ісі өрге басты, жүздеген гектар күріш егіп, алғашқы жылы-ақ мол өнім жинады. Мал басы да тез құралып, жаңа шаруашлыққа мүше болған қазақ қой, сиыр түліктерін жылдан көбейте бастады. Жұмыс көп болғанмен, жемісті болса, шаршамайсың. Мол табысқа сай тұрмыс та түзеле бастады.
Таза жүріп, таза жұмыс ету қанына сіңіп, әдетіне айналған Ибрагим бір күні түсте үйіне келсе, кіреберіс дәлізде бір жілік сиыр еті жатыр. «Мынаны кім әкеп тастады?» десе, әйелі Нәліше білмейді. «Тегін. Сіздерге тиесілі» деп бейтаныс біреу қалдырып кетті. Бұрын мұндайды көрмеген Ибрагим шошып кетті. «Бұл не?» Заттай пара ма, жоқ ауызбастырық па? Апыл-ғұпыл қайта киініп, үзіліс бітер-бітпес кеңсеге барды. Бір бас маман отыр екен, соған: «Біздің үйге біреу бір жілік сиыр етін апарып тастапты. Қайтарайын деп едім..? Бұны жақсы танитын бас маман күліп жібереді.
– Ибрагим Нұрымбетұлы! Біз сіздің адал, жақсы маман екеніңізді білеміз. Бірақ нақ мұндай әсіре коммунист екен деп ойламаппыз.
Жақында колхоз басқармасы жиналыс жасап, сонда төраға Петр Цой ұсынысымен шаруашылығымыз, жан-жақты өрге басып, табысы артқанан кейін жауапты мамандарға көмек ретінде ай сайын бір жілік ет беріп тұруға шешім шығарылған. Жақсы еңбек үлесіңіздің есесі. Тегін. Қорқпай-ақ жей беріңіздер.
Мұны естіген Ибрагимнің көңілі орнына түсіп, әйелінен кешірім сұрап, ай сайын жас ет жеп тұратындықтарын айтқан.
«Красная звезда» колхозы дамып, ірілене түсті. Күллі Қазақстан экономикасы өсіп, өркендей келе ұжымшар өз орнын кеңшарларға берді. Көп кәрістер келген жерлеріне қайтты ма, қалаларға қоныс аударды ма, күрт азайды.
Білікті де сенімді маман Ибекең үлкен совхоздың №3 бөлімшесінің есепшелігіне ауысты. Жұмыскерлер – негізінен сол, байырғы ел тұрғындары. Әрине, қарттар зейнеткерлікке шығып, орындарын жастар – жаңа мамандар басуда. Тұрмыс оңалған соң, табиғи рухани талап-тілегің де молаяды. Газет-журнал оқып қана қоймайсың, жақсы демалып, көңіл көтергің де келеді. Арақ-шарапқа тәбетің шабары бар. Қонақтық, көңілді отырыстар да бөлімше меңгерушісі Таңатар Омарбек:
– Біздің Ибекең арақ ішпейді, өздерің бөлек отырып, сонда көрерсіңдер ғой – дейтіні бар. Әдетте. Іні-басшысы айтып отырған соң, әрине, бұл тартынады. Дегенмен, кей-кейде ішкісі келері де жоқ емес. Айнала қауымға, әріптестер алдында беделді, абыройлы. Жұмысы үнемі жақсы, табысы да тәуір. Сондықтан ішсе де артық емес-ау. Ара-тура солай сезінсе де, ішпегені одан да дұрыс екенін түсінеді. Себебі, іше алсаң да, арақ түптің түбінде аздырмай, қия бастырмай қоймайды. Бұған бақсақ, Омарбек інісінікі – жанашырлыққа қоса қамқорлық, мұның ақ та адамдығын жалғастыра түсуін қалағандық болып шығады.
Іші тар, пейілі қар адам ғана барды қимайды, мүмкіндік болып, қолдан келгенше жақсылық жасап жатсақ – ғанибет. Жақсылық жасаса ғана жарықты ма? Осындай парыз, парасат бойына біткен Ибрагим Нұрымбетұлы №3 бөлімшесінің ең еңбеккерлері көңілінен кілең шыға білді. Әсіресе, кесімді жұмыс мерзімі жоқ, күні-түні түлікті бағатын ағайын шопан, малшыларға арнайы қамқорлық, көмек ақылардан тысқары қалмауын жүйелі қадағалайды. Есеп-қисап дұрыс, әділ болса, тұрмыс көңілді, жан дүние өмірлі емес пе? Жалғызбасты қойшы ана Күлтайдың Ибекеңнен көрген шарапаты өзге шапандар қағажу қалмаған шапағаттармен қосылса, ол жұмыс істеген 32 жыл ішіндегі жүздеген Күлтайлардың алғыс-пейілі, жүрек-мейірі жиналып, күн болып шуақ шашпай ма? Ал шуақ жайлаған жерде қара таңдаққа, теріс пейілге орын қаламасы, ақ шуаққа шомылған ғұмыры жүз жасқа дейін ұзарары күмәнсіз.
Айтпақшы, бір ауылда, бір шаруашылықта 40 немесе 32 жыл кінәратсыз, табан аудармай таза жұмыс істеген адамның өзі аса сирек. Бірнеше совхоз директоры ауысты. Су ағады, жартас қалады. Тіпті, ол зейнетке шыққанынан кейін 3 жыл жұмыс істепті. Мұның өзі рекорд есепті көрсеткіш. Зейнеткерлігі төртінші жылға жалғасар бір күні совхоз басшысы:
– Ибеке, мен білгелі таза жұмыс істеп келесіз. Еңбек демалысына шыққаныңызға да 3 жыл толыпты. Алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Енді орныңызды жастарға бергеніңіз жөн болар – дейді өтініш жасап.
– Ісімде мін жоқ болса, денсаулығым жақсы, қызметімді жалғастыра берсем қайтеді. Талай жастардан білігім артық. Тәжірибем мол...
– Заң бойынша жақсы жұмыскер зейнетке шыққаннан кейін 1-ақ жыл жұмыс істей алады. Сіз болса 3 жыл бойы есепшілікті атқарып келесіз.
Бұл келіспейді. Сол себепті совхоз басшылығы ауданнан комиссия шақыртып, мұны аттестациядан өткізеді. Әрине, аттестация жұмыстан босату үшін керек. Бұл өтпей қалады. Ибрагим ақсақал патша көңіліне тізгін ұстатқан да шығар, жұмысқа қайта оралуды жөн деп тауып, облыс орталығы Қызылорда қаласына аттанады. Онда бұл күндері өңірге танымал, облыс деңгейіндегі беделді бастықтардң бірі, жора-жолдас арттырып үлгірген екінші ұлы – Жорабек тұрады. Соған барды. Ақылдаспақ, лажы болса айтқаны жерде қалмас үшін бастықтардың біріне қоңырау шалдырып, орнына қайта тұрмақшы.
Бұған дейін біреуге жүзін салып көрмеген әрі келіннен ұялған ол кешкі асты ішіп болған соң, ұлын екінші оңаша бөлмеге шақырып, келген шаруасын айтты. Әкесін қатты сыйлайтын және жақсы көретін ұлы мұның перзенті болып қана емес, мемлекеттік деңгейде ойлайтын, пісіп кемелденген әріптестің сөзін айтты:
– Әке, айтқаныңыз артық емес. Денсаулығыңыз жақсы. Жаңа орналасқан көп жастардан жұмысты жақсы істейтініңіз де ақиқат. Десек те, заң бар, қалыптасқан абыройлы тәртіп-жүйе бар. Сіз зейнетке шықсаңыз да басыңызды, үлкен жасыңызды сыйлап, 3 жыл жұмыс істетіпті. Осыны түсінгеніңіз жөн болар. Олай болса енді есе қумай, қаласаңыз зейнеткерлікке шығып, балаларыңыздың үйлеріне қыдырып, көңіліңіз қалаған нәрсемен шұғылданып, көп жылғы бейнетіңіздің зейнетін рахаттанып көргеніңіз орынды шығар.
Әке ұл сөзіне тоқтады. Ұялып та қалғандай. Алайда өз басымыз қарияның бұл талап-тілегінде де дұрыстық бар деп ойлаймыз. Өйткені, үстем қоғамдық жүйе заң-тәртібі жөн болса да, бұдан көтеріліп, жақсы адамдық тыныс-тіршілік тәртіп-заңдылығынан келсек, адамның еңбек ету үшін, оның ішінде елдің еңселі ұлы, азамат болған адамның халқына қызмет қылуы жарасатынын бағамдасақ, нұрлы ақылы кемел, ыстық қайраты қаз-қалпындағы жалын жүректі Жақсы Адамның әлі де еңбек етпеуі, жамағатына жақсылық жасауын жалғастырмауы – қиянат, әділеттілік емес деп санаймыз.
2.
Дана халқымыз да «Жақсы адамның жүрген жері – жайқалған бақ» деген қанатты сөзі де бар. Көрікті лебіз. Даусыз, жақсы қай жерде жүрсе де жай жүрмейді, жемісті еңбек етеді, нұрлы ақылын жомарт жұмсайды, жалын жүрегінің жарық сәулесін жан-жағына қалдықсыз, қалтқысыз шашады. Сондықтан ол еккен, өсірген, гүлдеткен бақ біреу емес, бірнешеу болуы мүмкін.
Әділеті – өзі өмірден өтсе де сөнбес шуақ. Мөлдіреп аға берер бұлақ. Таусылмас, таным-тәрбие тарата түсер адамгершілік қуат.
Байқайсыз ба, қаламымыз – жаза берсек – ақ қағаз үстінде жорғалай түсер түрі бар. Мәселен, жүз жасаған кеіпкеріміздің сегіз қыры, сарқылмас сырының осыған дейін жүзден бірін қамтып жеткізе алдық па?! Адам жаны өлмейтінін мойындасақ, жарқыраған шуақ та – иесі опат таппаса – ақ сәуле төге берері анық. Қоры түгелмесе, мөлдір бұлақтың мәңгі аға берері, әсіресе, рухани қуаттың – махабаттың сөнбей, мәңгі жана берері күмәнсіз. Бұлай болса бір күндік сәулесін бойымызға сіңіріп, Алтын күннің қандай екенін байқай алатынынымызға бағып, шалқар көлдің дәмін бір тамшысын татып біле алатынымызға көніп, Жақсы Қазақ Жүз жасаған Бәйтерек Ибрагим Нұрымбетов жөнінде осы жазғанымызға – оқырман қауымға жеткізгенімізге қанағаттанғымыз келеді.
Бәрібір қандай бір мақала-жазбаға да қорытынды, түйін керек. Нүкте қою шарт. Кейіпкеріміздің келбетіне, сом тұлғасына осы тұрғыдан келгенде оған ғанибет ғұмыр кештіріп, жүзге еркін жеткені, тағдыр-тіршіліктің талай тауқымет үлкен сынағынан талдырмай өткізген жүз мыңдаған басқа қандастарынан бөлекшелер, жеке қарақан басына ғана тән талмас толыққанды төрт қыры, өзіндік төрт белесі, тағылымы терең Төрт сыры андағайлап көзге көрінеді екен.
Біріншісі – бозбала жігіттің батылдылық, ақылдылық, берендік танытып, жүз мыңдаған Жақсылардың жендеті, халықтар әкесі, болаттай сұсты Сталинге дұғай хат жазуы. Бұл – оның өміріндегі бірінші бетбұрыс, мықты қадам, құтты қаракет.
Екіншісі – сұрапыл Сталинград шайқасында зеңбірек тұтқасын ұстап, жалмауыз жауларды топырлатып жоюдан да қиын қызмет – тексерушілік-есепшілік қызметті қырық жыл бойы қыңбай, тайсалмай таза атқаруы. Саннан сәл жаңылыссаң, шотты бір бұрыс қақсаң, елге, қазақ деген ұлтыңа жүздеген мың сом теңге шығын келтіретін, өткір пышақтың жүзінен таймай жүргендей қызметті қырық жыл қиналмай атқару, әдетте қарғыс бұйырар мыңдаған тұстан мыңдаған алғыс алу, разылық арқалауы – оның өміріндегі жүзге беттеткен екінші белес, бетбұрыс кезең десек қателеспейміз.
Үшіншісі – Нәліше анамызбен бірге 10 ұл-қызды дүниеге әкелгенмен, жартысын Жаратушы қайтарып алса да, қалған 2 ұл, 3 қызды өсіріп жеткізуі. Дер шағында ұлдарын әулет ұясына қондырып, қыздарын сәулет дәулет қиясына қанат қақтырумен қанағаттанбай, қатарға қосып қана қоймай, қазақтың «мен» дейтін қос ұлына, «ол» дейтін қадірлі қыздарына деңгейіне жан-жақты жоғары білім алдырып, кешегі және қазіргі күндер қазынасына озық олжа салдырды, қым-қуыт өмір қабырғасына өзіндік кірпіш болып қаландырды. Бұлардың бойы мен сойына да нұрлы ақыл, ерен еңбекті, мейірбан жүректі тән етті. Осы төгілген тер, тәрбие-тәлімі нәтижесінде қос ұлы қазақтың қайраткер перзенттер дәрежесіне көтерілсе, үш қыз – қазақтың ардақты да аяулы қыздары. Жар, ана, әжелер болып отыр. Сөзсіз, адам ұрпағымен мың жасайды десек, Ибрагим ата мен Нәліше әженің тұтас бір ұрпақтар тәрбиелеп өрісті кеңейтуі ұлтымызды өсіруі, байытуы болып табылады.
Ибрагимнің жеке өмірінде ғана емес, әулет өміріндегі төртінші бетбұрыстың белесі, ерлік еңбегі – жүз жасауы. Жарық дүние табалдырығын аттаған адамдар мүмкіндігіне жүгінсек, биология, физиология ғылымы әрбір адамның 150 жасқа дейін өмір сүре алатынын алға тартады. Демек, мәселе – Жаратушының жарылқауында ғана емес, жоғарыда шет жағасын жеткілікті айта кеткеніміздей, адамның жеке басының жақсы, адал, өмір сүруінде, адамгершілік – мейір-махабатқа толы қам-қаракетінде. Міне, Ибрагим ақсақалдың күллі өмірі – әрбір жылы, айы, күні, сағаты – осының айдай айғағы, бұлтартпас дәлел-дәйегі. Не жасрары бар, Ибрагим ақсақалдың жүз жыл бойы жарқын да жасампаз ғұмыр кешуі – облыс көлемінде, зерделі зиялы қауым арасында танымал болуына бір ықпал етсе, оның Жорабектей танмал, қайраткер, сөз айта алатын лайықты ұлының – әзиз әкеден туып, ата жолын лайықты қуып, әке-әулет танымалдығына екінші бір әсер етсе керек.
Ардақты ақсақал 2020 жылы 21 сәуірінде өмірден өтті. Дәл есептесек, 99 жыл 4 ай жасапты. Бірақ дұрысы және әділі – ең кемі 100 жыл 4 ай емес пе? Неге десеңіз халқымыздың әдетте ұзақ жасаған адамға бақилыққа кеткенде әрбір 30 жылына 1 жыл қосатынын қаперге алмасақ та, дүниеге деген асыл ана құрсағында 9 ай 9 күн өмір сүретінін міндетті түрде ескеріп, 1 жас қосатыны – әділеттілік қой. Шынында да, бір тамшы ұрықтың адамға айналуы 9 ай 9 күнге созылса, мұның өзі жоқтың барға айналуын айғақтаса, барды қалай есептемеуге болады. Олай болса марқұм ақсақалдың мәңгілік жер бесікке бөленгенде 101 жыл жасады деп жазылғанына сенуіміз кәміл.
Жарық дүниеде еншіңе тиген, өлшеніп берілген өміріңнің әрбір күні қызық бақыт қана өлшенеді. Яғни жасыңа, жағдайыңа, бітірген ісіңе, қалдырған ізіңе қарай бағаланады. Тіпті, өлімің де, өмірден өткеннен кейінгі өмірің де. Абыз Абайдың «жақсы өлісің, япырмай» дейтіні сондықтан шығар.
Әдетте қазақ асарын асап, жасарын жасаған адамның өмірі – той деп те жатады. Әрине, той емес, қанағат, шүкіршілік. Біздіңше бірақ ол – ой, жасырып көрсетілер биік бой, ең игісі – таусылмас танымдық, мәңгі тағылымдық сой. Яғни, жалғаса берер сымбат, жақсылық, өнеге. Соның сұлу көрінісін, баянды белгісін марқұммен қоштасуы сәтінде де жиі көрініс тапты. Облыс әкімі, республика Сенатының депутаттары, тіпті, Орыстандағы Тимирязев академиясының Астанадағы филлиалы жетекшілері шынайы көңіл айтуларынан айқын аңғарылды. Қалың ағайын, құда-жекжат, қаншама жұрттың қайғыны бөлісуі өз алдына. Бір белгілі жақсы кісінің өлеңмен көңіл білдіруін келтіре кетелік:
Сіз жансыз сөнбес шырағы,
Батаңыз есте жаңғырып;
Бақи дүниенің жұмағы
Мекеніңіз болсын мәңгілік.
Осы ақ тілек – менің де тілегім, халық мақалында айтылғандай, «Жақсының аты өлмесе, Сіздің де атыңыз өлмейді. Нұрлы ақыл иесінің хаты өшпесе, сіздің де өнеге үлгіңіз, ұрпағыңызға айтқан ақыл-хатыңыз да өшпейді». Айтпақшы, Сіздің жақын да алыс болашаққа жолдаған датыңыз да бар. Ол – отбастарыңызда өмірге келген, ұлдар-қыздарыңыздан өрбіген немере-шөберелеріңіз. «Датым бар, болашақ. Қарсы ал, қабылда немере-шөберелерімді!» дейміз пәк ниетпен, жылы жүрекпен.
Ұлтыңызбен бірге ұрпақтарыңызбен мың жасаңыз, Ибрагим ақсақал!
Бақыт САРЫБАЛАҰЛЫ,
жазушы