ҚАРЫНДАШТЫҢ ҰШЫ
2025 ж. 26 шілде
470
0

Әр адам бір-бір әлем деп жатамыз. Расында да солай. Өмір жолыңызда ұшырасқан, дәмдес-тұздас болған, өз ғұмырыңызға ықпал еткен нағыз еңбек адамдары туралы ойласаңыз, саналуан тағдыр иелері көз алдыңыздан өтпей ме. Сонда түпсіз телегей-теңіз әлеміне сүңгігендей немесе бір сәт шексіз көк кеңістігіне қанат қаққандай күй кешпейсіз бе...
Әскер қатарына аттанардан біраз бұрын бос жүріңкіреп қалған кезең еді. Желдібай досымыз екеуіміз қалың шаш желкеден түсіп, шалбардың балағы далақтап, көшеде салып-ұрып келе жатқанда алдымыздан кесе-көлденеңдеп бір «Зил-130» көлігі тоқтай қалды. Самосвал. Шопырын танимыз. Василий Мелеко дейді жұрт... Үлкен кісі...
Машинаның жолаушылар отыратын жағынан шолақ пәлтесінің етегі елбең етіп Ермек ағам түсті. Досбергенов. Басында ескілеу ақ бәйке қалпағы бар. Маған ру жағынан, шөберелес деуге келетіндей, өте жақын адам. Ақшатау комбинатындағы Жөндеу-құрылыс басқармасы бас директорының орынбасары. Қырықтар шамасында. Толықша денелі, бидай өңді, келбетті кісі. Жанары жарқырап, жүзі нұрланып тұрады. Кезінде Комсомол комитетінің секретары... керемет футболшы болған жан. Қазақ пен орыс іштартып «Дос» деп атайды. Өткір қалжыңы бар, қажет тұста, көкейдегі ойын күлбілтелемей тіке айтатын шалт мінезі де жоқ емес.
– Әй, далақбайлар, қайдан келесіңдер?! – деді ұсынған қолымызды саусақ ұшымен селқос алып тұрып.
Күмілжиміз:
– Жүрміз ғой жай...
– «Жай жүргенді» доғарыңдар! Давай, таңертең сағат сегізде маған келіңдер! Түсіндіңдер ме?!
Машинаға қайта мініп жатып үлкен көздерін алайта, ажырайта қарады. Одан сұқ саусағын безеген. «Айтқан уақыттан кешіксеңдер оңбайсыңдар!» дегені болу керек.
Қысқасы, ертеңіне жұмысқа кірістік.
Тірлігімізді сырттан байқап жүріп, босқа сенделгенше шешелеріне де, өздеріне де пайдасы тисін деп шешкендей. (Желдібай екеуіміз де әкеден ерте айырылыппыз). Сөйтіп «Ағаш шеберінің шәкірті» («Ученик плотника») деген «лауазымға» ие болып шыға келдік. Жүз жиырма сом айлықпен...
Өз басым балташылыққа ертеден-ақ икемдімін. Үлкен әкем ұста болғандықтан шығар, қолара мен балғаға бала жастан үйренгенмін. Тіпті, алтыншы класта оқып жүргенде ауладағы жаздық ас үйді ағаштан өзім салып шыққанмын. (Рас, негізгі қаңқасын ағаларым құрастырып берген). Дегенмен, кәнігі кәсібиліктің қыр-сырын өмір бойы алып құрылыстарда шыңдалған Антон Пилис, Василий Марчук, Григорий Кооп деген мамандардың қасында жүріп білдік. Әсіресе, Антон Николаевич істің хас шебері-ді. Құрал-сайманының өзі керемет. Балтасының өткірлігі сонша, қарындашты да сонымен ұштайтынбыз...
Ұлты поляк. Алпысты алқымдаған адам.
Бұ кісінің жеке адамгершілік өнегесі де мол. Мысалы, темекіге әуестенгенімді аңдағанда:
– Ой, темекіні неғыласың... Сасытып... Одан да анда-санда мен секілді аздап таза шарап іш. Және ертеңгі күні шылымды қою оңайға түспейді. Ол үшін кәдімгі соғыстағыдай зор ерік-жігер, үлкен ерлік қажет. Қиналуға тура келеді, – деп ескертті.
Қатардағы жұмысшы адамның сырбаздығы, парасаттылығы тамсантатын. Орташа ғана айлықпен-ақ жеткілікті, жарасымды деңгейде күн кешуді осы кісілерден үйренуге болар еді. Ұсынақтылықтың, қанағатшылдықтың арқасы шығар. Салауатты өмір салтын да Антон Николаевичтен байқадық. Демалыс күндері ақсия күліп, немерелерімен тау бөктерлерінде жүргенін немесе буы бұрқырап орталық монша үйінен шығып келе жатқанын көресің. Тірнектеп жиған-тергенін жаз айларында Қырым секілді курорттық орындарға да жеткізетінін аңғарушы едік...
Неміс Григорий Кооптің де кәсіптік деңгейі осал емес-ті. Бірақ бұ кісіде арсың-гүрсіңдік, алаңғаралық басым. Кейде күлкі келтіретін күйгелектігі де жеткілікті.
Бірде маған әлденені шегелесем де, ұстазыма ұзын тақтайдың шетін ұстассам да... жұмыс қолғабын шешпейтін әдет пайда болды. Жұмсақ, ыңғайлы секілді. Бұл дағдым жетекшімнің жүйкесіне тиеді.
– Өй, сен, осы, әжетханаға барсаң қолғабыңды шешпейтін шығарсың?! – деп ашуланады.
Оған қасымыздағы сылақшы әйелдер:
– Дұрыс мұныкі! Бұл сен секілді кәртәміш емес. Жас адам. Болашағы алда. Бұған амандық керек! – деп күледі.
Кооп дәрмені бітіп, түңілген кейіпте қолын сілтеп:
– Тфу-у! Дауа жоқ сендерге! Сендейлермен адам деп сөйлесіп тұрған өзім де ақымақпын, – дейді.
Ерекең жұмысқа жаңа түскен екі досты арасында құрылыстан өзге де шаруаларға жұмсайтын. Бір күні Желдібай екеуіміз Таңат Мақашев деген әкемізбен бірге Ақадыр стансасына аттандық. Сондағы тасымал базасынан бір машина құрама жем тиеп әкелуіміз керек екен. Цехтағы жұмысшыларға қосымша көмек ретінде берілетін нәрсе...
Әрқайсымызға бес-алты сомнан іссапар ақысын бөлген сияқты. Ол ақша – Тәкеңнің қалтасында. Бұ кісі де ағаш шеберлерінің бірі. Жас кезінде әлдеқалай мертіккен секілді. Бір аяғын шойнаңдап басады. Керемет ақкөңіл адам. Өзінің он төрт перзенті бар екен. Үлкен ұлы бізден де ересек, сонда да бізді ешбір баласынбай, әрдайым тең дәрежеде сөйлеседі...
Ақадырмен екі аралық – тоқсан шақырым. Межелі жерімізге цехтың «Газ-51» автомашинасымен келдік. Басшыларымыздың ұйғаруы бойынша, Таңат аға осы көлікпен қайтады да, біз сағат түскі төртте бері қарай қозғалатын автобусқа үлгеріп мінуіміз керек деп келістік.
Тапсырманы теңертең ерте шығып, базаға жеткен соң түске дейін-ақ апыр-топыр қылып, орындап тастағанбыз. Қоймадағы жемді жүзшақты қапқа салып, аузын буып, мәшине қорабына мұқият қаттап тиеу аса қиынға соққан жоқ.
База асханасына түскі тамаққа кіргенімізде Тәкең асқа қоса бір жартылық шарап алды. Дауысы шәңкілдеңкіреп шығатын кісі:
– Әй, мынадан көресіңдер ме ептеп? Шаршаған шығарсыңдар? Командировкаға күнде шығып жатқан жоқпыз, – деп, оны бізге де ұсынды.
– Жоқ-қ, ақсақал! – дейміз. – Өзіңіз іше беріңіз. (Расында, о кезде ішімдік атаулы татып көрмеген нәрсеміз еді).
– Ә-ә, өздерің біліңдер енді!..
Қырлы стақанды бір ғана толтырып ішті. Сәл орталанған шөлмектің аузын газет жыртығымен мұқият тығындап, қара толстөпкесінің қалтасына салып алды. Желдібайға:
– Жолдарыңа! – деп алты сомдай ақша берген.
Билет бағасы екі сомнан еді.
Былай шыққан соң Желдібай тосын ұсыныс айтты:
– Әй, осы, әрі-бері ағылып жатқан жүк көліктерінің бірімен қайтсақ қалай қарайсың? Мынаған, расында, ептеп шарап ішіп көрейік!
– Мейлі...
Жолшыбай бүйірдегі азық-түлік дүкеніне соғып, екі шөлмек шарап пен «тістемеге» қатқан балық па, бірдеңе алған сияқтымыз.
Поселкенің сыртына шығып, жол жиегіндегі биік бетон қалқаның тасасына жайғасып, «бұйырған дәмді» ортаға алдық.
Зорға деп бір шөлмекті ғана орталаппыз. Отырған жерімізде ұйықтап қалған екенбіз, ұйпа-тұйпа болып, көзіміз қызарып оянсақ, кеш батып қалыпты. Әйтеуір, күн жылы.
Дегенмен, далада қалып қоятын қауіп төнді.
Әлден мезгілде қайтерімізді білмей аңырып тұрғанда, анадайдан заулап келе жатқан сары «Волга» көрінген. «Газ-24». Төбесіне қондырған арнайы белгісі бар. Кәдімгі такси.
Желдібай қол көтерген. Шиқ етіп, дәл тұсымызға тоқтай қалды да, жүргізуші терезеден еңкейе, ежірейе қарады. Еңгезердей кісі екен:
– Иә, қайда барасыңдар, жігіттер?
– Ақшатауға дейін.
– Мен Балқаш қаласына кетіп барамын. Жолайрықта тастай кетейін. Жарай ма?
– Жақсы, жақсы.
– Сегіз сом!
– Жақсы, жақсы...
Арттағы орындыққа жалпайып отыра кеттік.
Көз қиығымен досыма қарап қоямын. Қалтасында артық ақшасы бар екен деп қуанып қалдым. Және жолайрыққа жетсек те арман жоқ. Әрі қарай екі-ақ шақырым жер...
Жүйткіп, жетіп келгенімізді де аңдамай қалыппыз.
– Ал, жігіттер, міне, келіп те қалдық, – деді таксист те көңілдене тіл қатып.
Балқаштан Ақадыр станциясына біреуді алып келіп, енді қайта қайтқан ол да, тәрізі, аяқ астынан басқа жолаушы кездескеніне қуанғандай.
Одан оң қолын созып, бас бармағы мен сұқ саусағын үйкеледі. Жолақысын сұраған белгісі.
Желдібай да елпілдеп, бірінен кейін бірін созып, екі сарықұлақты ұстата берді.
– Бұл не?! – деді аңтарылған жүргізуші өңі бұзылып.
– Ақша!
– Осы ғана ма? Қалғаны қайда?!
– Басқа жоқ!..
Сөйтсем, Жекеңде екі-ақ сом қалған екен де. Оны шопыр да түсінген секілді. Түтіге ашуланған:
– Кәне, кетіңдер! Құртыңдар көздеріңді!
Түсе қаштық...
Бір күні Ермек ағам маған сыйақы жазды. Комбинаттың көркемөнерпаздар оркестріне қатысып жүруші едім. Домбырашымын.
Басында оған қатыса да қояйын демегем. Бір күні Мәскеу консерваториясын бітірген атақты күйші Қуанышбек Сәтбек ағамыз үйге өзі іздеп келіпті.
– Әй, біз үлкен оркестр құрғалы жатырмыз, сен соған қатыс, – деп.
– Ойбай, аға, мен бір-екі-ақ күй білемін. Оның өзі шала-пұла.
– Өй, оған бола уайымдама. Өзіміз үйретіп шығарамыз...
Сөйтіп бастағанмын. О кездегідей киім үлгісі қазір де жоқ шығар. Құндыз бөрік. Қоңыр велюрден тіккен шолақ жең бешпет. Өңірінде қара жібекпен кестелген оюы бар... Жырық балақ шалбары да сондай. Жағасы талыстай қанқызыл атлас жейде. Комбинат өте бай, тапсырысты Алматының өзіне берсе керек.
Үлкен Мәдениет үйіндегі кезекті концертімізді кездейсоқ көріп қалған Ермек ағамды осы жағдай қайран қалдырған сияқты. Ертеңіне жұмысқа келген бойда шақырып алды:
– Өй, сенің осындай да өнерің бар екен ғой?!
– Иә, бар ғой аздаған...
– Молодец! Мен саған цехтың атын шығарғаның үшін «премия» жазайын, – деді. – Елу сом... Бірақ жиырма бес сомын маған бересің... Жарай ма!
– Жарайды.
– Ешкімге айтушы болма. Тіпті, шешеңе де тіс жарма!
– Жо... Айтпаймын...
Шынында, нем бар айтып. Көктен түскен жиырма бес сом қалтамда қалатын болса...
***
Сонау бейнелер қазір аса бір жарқын кейіпте еске түседі. Талай нәрсеге үйретіпті. Еңбексүйгіштікке, шеберлікке тәрбиелепті. Қым-қуыт өмірдің қиындықтарын жеңуге дағдыландырыпты.
Қазір ойласам, әлгі кезеңдер қарындашты ғана емес, ойды... қиялды да ұштауға баулыған екен ғой.
Құлан САҒАТҰЛЫ,
жазушы