Дарынды шәкірт-ұлт болашағы

Дарынды шәкірт-ұлт болашағы

 Ұстаздық – ұлы ұғым, сондықтан ұлттық мектептің ұлы мұратын ұмытпай, бойымыздағы білімімізді, ұрпақтан ұрпаққа жалғастыру міндетіміз.        

 Еліміздің өркениетті елдер қатарынан алдыңғы орындарды иеленуге ұмтылуы жағдайында жас ұрпақты жан-жақты дамыта тәрбиелеу қажеттілігі арта түсуде. Мұны жүзеге асырудың бір жолы олардың эстетикалық тәрбиесін жетілдіру болып табылады. Өйткені, жеке тұлғаның эстетикалық тұрғыдан дамуы тәрбиенің құрамдас бөліктерінің барлығымен сабақтастықта, өзара байланыста жүзеге асырылады. Әсіресе, бұл сәндік-қолданбалы өнерді үйрету үрдісінен айқын көрінеді.

     Жасөспірімдердің сәндік-қолданбалы өнерді меңгеру үрдісінде эстетикалық мәдениетін қалыптастыру оның адам өміріндегі рөлін жетік түсіндіруден, оның маңыздылығы мен мәнін және спецификалық заңдылықтарын толық ашып көрсетуден де талап етіледі. Бұл жағдай сабақтарда халық өнерін қазіргі мәдениеттің ажырымас бөлігі тұрғысынан, кәсіби өнермен өзара әрекеттестігі, ерекше типтегі шығармашылық тұрғысынан қарастырғанда ғана мүмкін болады.

   Мектептегі технология сабағында және үйірме жұмыстары барысында шәкірттерге қолөнер арқылы жан-жақты эстетикалық тәрбие беру, оларды көркем еңбекке баулу халқымыздың мәдени мұрасын жүйелі меңгеруге мүмкіндік береді, рухани игіліктерді бағалай білуге тәрбиелейді.

    Ең басты міндет оқушыларды көркем еңбек арқылы қызығушылықтарын арттырып, еңбек сүйгіштікке тәрбиелеу, еңбекке деген ынтасын арттыру.

Халық шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдарын талдап қана қоймай, соларға ұқсатып жасау баланың шығармашылық жұмысқа, ұлттық өнерге сүйіспеншілігін арттырады, әдемі заттар жасауға талпындырады, рухани-адамгершілік сапалары артады, шеберлігі шыңдалады, еңбекке, еңбек адамдарына құрметі қалыптасады, өз еңбегін және өзгелер еңбегін бағалай білуге тәрбиеленеді. Осы тұлғалық сапалардың қалыптасуы барысында эстетикалық мәдениет элементтері де үлкен мәнге ие болады.

    Әр сабақ қызықты және әсерлі өту үшін әртүрлі қолөнердің әдіс-тәсілдерін үйретуге дағдыландыру талап етіледі. Оқушыларға сәндік қолданбалы өнерді оқытқанда әр халықтың көркем мұралары сөз етіліп, халық шеберлерінің еңбектерімен таныстырылады. Оқушылардың көркемдік теориялық білімін жетілдіру, практикалық іс әрекеті арқылы өз бетімен шығармашылық жұмыс істеуге белсенділігін күшейту қажет.

Оқыту барысында оқушылар шығармашылық ізденіспен жұмыс жасаса, ұлттық тәрбиені, әдемілікке деген көзқарасты қалыптастырып, ұлттық салт-дәстүрлерімізбен қолөнерімізді бір-бірімен байланыстыра отырып жан дүниесін байытары сөзсіз.

    Технология сабағында халқымыздың қолөнеріне үйрету арқылы оқушыларға ұлттық дәстүрде тәрбие берудің артықшылығы көп. Қолөнерге баулу, шығармашылықпен ұштастырып білім беру, еңбек етуге баулу мен қатар ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрге тәрбиелеу қазіргі заман талабы. Қолөнерге қызықтыру үшін кез келген бұйымның , туындының жасалу құпиясын, тарихын ашып көрсетсек, қосымша әдебиеттерден мағлұматтар берсек, қайталанбас ерекшеліктерге толы жасалу технологиясымен таныстырсақ оқушы іскерлікпен шығармашылыққа кіріседі. Оқыту үрдісінің ғылыми негізі мұғалімнің өз жұмысын жоспарлай білгеніне байланысты, сонымен бірге ол оқушының іс-әрекетін де ұйымдастыра білуінде. 

 «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға», — деп қазақ халқының ұлы, кемеңгер, данышпан ақыны Абай айтқандай, зерек те, іскер бес саусағынан өнер таматын шәкірттерді оқытуға, үйретуге біз ұстаздар әрқашанда дайынбыз. 

   Осындай дарындылық пен шығармашылық қабілетін бойын сіңіре білген талантты шәкіртіміз Түркістан облысы, Кентау қаласы, Тұрар Рысқұлов атындағы № 24 жалпы білім беретін мектебінің 2 «В» сынып оқушысы Қосан Дарын. Ол Көкшетау қаласында өткізілген «Технология және өнер» секциясы бойынша «Гипстен жасалған бұйымдар» тақырыбында ғылыми жобасын қорғап, таяуда «Зерде» Республикалық 2-7 сынып оқушылары арасында зерттеу жобалары мен шығармашылық конкурсының жеңімпазы атанып, І дәрежелі дипломмен марапатталды. Ол өзінің зерттеуінде гипс тек пайдалы қазбалар және құрылыс материалдары ғана емес, балалардың шығармашылығы мен адамдардың өмірінде кеңінен қолдануға арналған қызықты материал екендігіне көз жеткізді.

   «Менің жетекшіммен бірге жасаған ерекше бұйымдарым тек сән үшін емес, үйіңізге жылулық пен әсемдік сыйлау үшін жасалады. Мен гипстен алтын балық, мысық, қоян, жинақ сандықшаларды, кәдесыйларды , 42 әріптер мен әртүрлі математикалық пішіндерді және де ұлттық аспаптар қобызды, домбыраны жасап үйрендім. Әрбір өнімім қолмен жасалған, сүйіспеншілікпен өңделген ерекше туындылар деп айтар едім- дейді жас өнерпаз.

   Гипс - экологиялық таза, құрамында зиянды заттар жоқ және өздігінен зиянды заттар бөлмейді. Иісі жоқ, отқа төзімді, берік, жұмыс істеуге және өңдеуге өте ыңғайлы және оңай қалпына келтіруге болатын материал. Бүгінгі таңда гипстен жасалаған үй қабырғалары мен сылақпен безендірілген бөлме төбелері сұранысқа ие және де сәндік интерьерлерге ерекше әдемілік береді. Гипс түрлерін сондай –ақ көркемдік және скульптуралық өндірісте де қолданылады.

  

  Шәкіртімнің болашақта қазіргі трендте болып жатқан тойбастар, кәдесый, сыйлықтар және де үй интерьерлердің басқа түрлерін жасауды кәсіп етіп, келешекте табыс көзіне айналдыру ғана емес ұлттық өнерге өз үлесімді қосамын деген ойы бар . Бұл өнердің өзегі – дарын мен шабыт екендігі белгілі, сондықтан өнер- адамның рухани дамуы, адамның шығармашылық әлеуетінің толық ашылуын қамтамасыз етеді. 

   Қолөнер қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінің қайнар көзі болған, ғасырлар бойы жалғасын тауып келе жатқан асыл дүниелер болып саналады. Жалпы алғанда, өнерге деген құштарлық жастардың талабына, дарынына, қабілетіне, сонымен бірге талап-тілегіне сай бағыттау шәкірттердің мәдени дамуына өзіндік әсерін тигізетіні сөзсіз.

Ақтолқын Шоманова 

Т.Рысқұлов атындағы № 24 жалпы білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі

Түркістан облысы, Кентау қаласы