АЛТЫНТІН
2025 ж. 23 шілде
447
0

Ермұраттың танымайтын адамы жоқ.
Ермұратты танушылар да жыртылып айырылады...
Бірінші көріп тұрған адамыңды осы Ермұрат есімі арқылы тануға болады.
Өйткені ол елдің қажетін ашып жүреді.
Осы Ермұраттың есімін айтып ғана талай шаруаңды бітіріп алуыңа болады...
Ермұраттың іздейтін адамдары да аз емес болар...
Алайда оны іздеушілер қарасы қашанда қалың.
Өйткені ол керек адам...
Аудан әкімі шеше алмайтын шаруаңды шешіп жібереді-ау... Қолында ешқандай да қызметі болмаса да...
Ол талай құйқалы қызметтің құлағын ұстаған.
Соның біріне жабысып қалған жоқ.
Ол талай рет жұмыссыз қалған.
Бірақ ешкімнің алдына бармады.
Жұмыс сұрап...
Жұмыс оны өзі іздеп тапты...
Осыдан-ақ Ермұрат Шораұлының кім екендігін білуге болар... Әкім емес, әкімнен былай да емес...
Турасын айтсақ – жұмыстың адамы.
Басқаларды қайдам, ал Ермұратты мен жұмыссыз елестете алмаймын.
Оны өзім де іздеп жүремін.
Қилы себептермен.
Өйткені ол дүкендесуге жарайды.
Ол дүкеннің адамы.
Ертерек дүниеге келгенде дүкенші болар ма еді, дүкен ұстар ма еді!
Маған солай болып көрінеді.
Осында тағы бір жұмыстың адамы – Зияда Мұқатайұлы бар.
Ол да дүкеннің адамы.
Ол да дүкендесуге жарайды.
Енді осы үшеуімізді не біріктіреді?
Дүниенің боғын айтпай-ақ қояйын.
Этнография...
Олар менің оппоненттерім...
Өйткені мені оқиды. Менің жазбаларымнан оқығандарын еш жерден таппайды. Содан барып басталады. Теріске шығару деген...
Алайда бұлар дүкеннің адамдары ғой!
Соңынан оларға өзім оппонент боламын!
Соның бірін айта кетейін.
Әңгіме ақбөкен мен киік туралы. Иә, дұрыс аңдап отырсыз. Екеуі екі аң. Алайда толып жатқан анықтамалықтарға үңілсеңіз екеуін бір аң деп шегелейді. Оның ішінде зоологтар...
Мен әу бастан екі аң деп білгем. Боқшамды ақтарып отырсам менің ақбөкен жөнінде де, киік жөнінде де жазған өлеңім бар екен. Жиырма жасымда жазыппын. Бірақ киікке, не бөкенге шыққан адам емеспін.
Ал жоғарыдағы екі бауырым аңкөс жігіттер.
Олардың алмаған аңы жоқ болар...
Киік те алған, әрине...
Бөкен де алған, әрине...
Бұл тақырыпты ұшығына ел жетпегенде мен жетемін деп айту қиын. Бірақ біраз жерге дейін дөңгелетерім анық. Өйткені мен кешегі Ақшатау өңіріне аты шыққан Тойымбек аңкөстің немересі болып келемін. Ол кісі киік жаятын...
Құланның қандай жануар екенін қазақ баласы білсе керек.
Соны Прежавальский жылқысы деп жүрген жоқпыз ба?
Олай болса біздің әңгімеміз алда-ау деп білемін.
Күні кеше ғана жары Нәсіпкүлмен үйге соғып кетті. Көрімдігін беріп, «Тәңірқұтымды» алып кетті. Кемі бір үш күннен кейін онымен кайтып кездесетініме сенемін.
Өйткені ол аңкөс адам!
Бұл кітапты мен емес, Ермұрат, болмаса Зияда бауырым жазуы керек еді!
Сондықтан олар менің сарапшыларым!
Ермұратпен бір мектепте оқыдық. Бір сынып төмен оқығаны болмаса қашанда бірге жүрдік. Электр, тоқ жағына жақын жүрді. Қашанда физика кабинетінен көруші едік. Мұғалімдер бізге сенбей Ермұратқа кабинеттің кілтін ойланбай бере салушы еді.
Содан да жер-көктің радиосы сонда болатын. Шарманкалардың сол кездегі нұсқасын осы Ермұраттың үйінен көруге болар еді. Өз қолымен жасағаны.
Қашанда мойынынан фотоаппарат түспейтін. Мектебіміздің маңдай алды фототілшісі болды.
Қалай екенін қайдам, біздің сыныптың жігіттерімен тонның ішкі бауындай араласты. Кейінде сол азаматтармен дос болып кетті.
Былтыр біздер мектеп бітіргеніміздің елу жылдығын атап өттік. Соның жуан ортасында Ермұрат пен Нәсіпкүл жүрді.
Ел соны түсінбей жатты. Бұл қалай деп. Бір сынып төмен оқымап па еді деп.
Мен болсам қалжыңдаймын:
– Бізбен бірге оқыған. Бір жыл қалып қойған, «второгодник» – деп.
Ел соған сенер-сенбесін білмейді.
Негізі жақсы оқыды.
Мұғалімнің баласы емес пе, қашанда алғадайлықта жүрді. Еңбек жолын балташылықтан бастап еді, балташылықпен аяқтайтын шығар. Өзі болса арашымын дейді. Өйткені, адам баласының алғашқы мамандығы – арашы. Өйткені үй соғу керек...
Өйткені, ол жасампаз адам. Қора салады, қопсы салады, гараж салады, саяжай салады, баспана салады... Соның бәріне ағаш керек.
Бас механик, бас электромеханик қызметтерінің талайын атқарған. Ақшатау комбинатында, Жезқазған «Қазэнергоцветметте», Қайрақты тау-кен металлургиялық комбинатында...
Бүгінде ол вахтада...
Менің бас редакторым...
Менің бас сарапшым...
Төрехан МАЙБАС,
жазушы.
Қарағанды қаласы