ТАЛҒАМЫ БИІК, ТАҒЫЛЫМЫ МОЛ ТҰЛҒА

ТАЛҒАМЫ БИІК, ТАҒЫЛЫМЫ МОЛ ТҰЛҒА

Пердеш Есенбеков – 7О жаста

ТАҒДЫР САБАҒЫ

    Азаматтығын бәрінен асқақ бағалайтын қадірмен Пердеш Есенбековпен таныс, біліс, тіпті қызметтес болуым тіпті кездейсоқ. Кездейсоққа дейін сәл-пәл кіріспе сөз сөйлеуге тура келеді. 

      Мансап іздеу табиғатымда болмаған, табиғатымда жоқ. Табиғатымда жоқ бола тұра аяғымды мемлекеттік қызметке шалдырғанымды қараңыз. Бәріне «кінәлі» Бердібек Сапарбаев! Мемлекеттік мансапты қызмет істеу – өңім түгілі түсіме кірмеген іс. Алайда, тағдыр айдаса қайда да барады екенсің, тағдыр жолында қандай істі де атқарады екенсің. 1999 жылы Қ.А.Яссауи университетіне дәріс бергелі келдім де, Түркістанда әкімдік қызметке тұтылдым. Алдымен Түркістан әкімі Өмірзақ Әметұлы өзіне қинап орынбасар етіп, орынтаққа отырғызды. Келісіміміз бір жыл. Жылға жетпей жоспар бұзылды бірақ. Екі-үш айдан кейін кездейсоқ облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жасаған жиынның дастарханын басқардым. Оңтүстіктің бар ауданының әкімдері қатысты жиынға. Жиын аяқтала бере менің тағдырым шешіліп жүре берсе бола ма?! Тартыншақтадым. Бірақ, Сапарбаев болмады. Ақыры сол 1999 жылдың 31 желтоқсан күні Маған «Облыс әкімі аппаратыню басшысының орынбасары – Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі» лауазымына Бұйрық жазылды. Пернешпен танысуым осы ықтиярсыз қызметтің арнасында жүзеге асты.

    Жетісай. Аудан әкімі аппараты. Үш аудан қосылып, іріленген бір ауданға айналғанда ол өңірдің мәселесі тіпті күрделеніп игерім бермей кетері өз-өзінен түсінікті. Мәселесі күрделі ауданға ат ізін жиі салу – Облыс әкімшілігі міндеті. Ұраны – жәрдем беру... Тәжірибең болмаса қайтесің? Жетісай ауданының Әкімі – Кенжехан Төлебаев. Алматыда Мұқан Төлебаев көшесінде тұратын мені Төлебаев Кенжехан есімі қызықтыра қалды. Істі білетін, иманы тірі, өзі іскер азамат көрінді. Аппараттың өзінде небір иісалмастар жүре беретіні тағы белгілі. Аудан аппаратынан жылыұшырап танысып, жақын бауырға айналып кеткен бірден-бір азамат – Пердеш Есенбек. 

     Пердеш әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің журналистика факультетін бітірген. Журналист. Ауылдық комсомол комитетін басқарады. Ауыл Жастар ұйымын аудандық, облыстық өреге көтереді. Республикаға шығарады. Жұмысшылар комитетін басқарады. Екеуі де ауыл азаматтары мүддесін қорғап, халықпен мидай араласып бір жүріп, бір тұратын қызмет. Асылында, жалындаған жас Пердештің халық жүрегіне жол табуы да осы кезең болса керек. Әңгімелесе келе байқағаным – Пердеш мейлінше халықшыл. Облысқа келгенде айтары халық мүддесі. Халық мүддесі дегеніңіз өте қиын кез. Шаруашылық шаршаған, шаршаған деген сөз де аз ол кезең жағдайын сипаттауға. Ауылдағы шаруашылық түгелге жуық күйреген. Кеңшар, ұжымшар тараған. Оларға қатысты мал-мүлік, техниканың басым бөлігі (70 пайызы ма?.) басшыға берілсін – деген жоғарыдан кәдімгідей жазбаша жарлық бар. Халық мүддесі аяқасты болмағанда не?! Пердеш, бұл дұрыс емес қой»-деп шырылдайды, - Сонда әкімдік институт халыққа қызмет етпей, халық әкімдік институтқа қызмет ете ме? Мұндай жағдайда қазақ қоғамын аяғын басына, басын аяғына жіберіп қалай қызмет еткіземіз?

     Тіпті бірде екеуміз бірдей ерекше құрметтейтін Алтынбек Сәрсенбаевтың Республика басшылығы облыс әкімдерін, облыс әкімдері аудан әкімдерін, аудан әкімдері ауыл әкімдерін сорып тып-тыныш отыр-деген пікірін жақтап, қолында газет, облысқа келіпті. Мен қосыла мұңдасамын. Одан арыға бара алмаймын... Шындап шыққанда барар жерім Сапарбаев. Ол да түсінеді бәрін. Түсінгендігі ғой: «Президенттің туған күніне салынған салықты көтере алмай отырмын...»-деп салғаны...

     Сөйтіп жүргенде бір күні (2001жылы болса керек) әділетті әкім Бердібек Сапарбаев ауыл әкімдерін Сайлау жөнінде шешім алды. Оңтүстік өңірде алғаш сайланбалы әкім болып біздің Пердештің аты озды. Орнына отырғызуға алымсыз қалған Аудан әкімі жауыр аттай қиқаңдайды қарсы болып.... Айтар сылтауы – Пердеш ауылшаруашылығы маманы емес, журналист. Шаруашылықты алып жүре алмайды... Құлбек Ергөбек сияқты... Сыпсың-сыпсың әңгімелер көп-ақ... Жеңер ақыға журналист С.М.Кировтың кезінде Ленинград обкомын басқарғанын, тіпті қызметті ұршықша үйіріп әкеткені соншалық И.В.Сталиннің өзі қауіптеніп, өлтіртіртіп «құтылғанын» айтамын басшылыққа....

      Тағы да Сапарбаевқа жүгінеміз. Облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың әділеті арқасында Пердеш өзі Сайлауда жеңіп алған ауыл әкімі болып қызметін жақсы жалғап жатты. Қызметіне қарай құрметі. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев тар кезеңде тартысып жеңіп шыққан әкімді үштің бірі етіп ҚР Президенті жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшелігіне қосты. Ауыл әкімі Пердеш Есенбеков сөйтіп Астана төрінде халық мұңын мемлекет мүддесіне жалғап, Астана төрінен ой толғады....

     Сол биігінде қызметін абыройлы атқарып, өңірдің сүйікті басшысына айналды. 

     Пердеш Есенбековті ендігі бір кезекте ақындық биігінде көремін. 

    Жетісайда азаматтығын да, ақындығын да ерекше қадірлейтін Әлібек ағам тұрады. Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай сазды драма театры директоры Әлібек Мейірбеков. Бағы жанбаған «бунтар ақын» Марат Отаралиевтің жан досы. Алматыда жүрген кездері өздерінен кейінгі буынға «культ» болған қос тарлан. Дулат Исабековті, оның достарын қоса айтқанда, тырнақалды шығармаларын жастар газетіне жариялатып, тұсауын кесетін – Әлібек Мейірбеков. Сыртынан мақтауын келістіріп, өлеңін жатқа оқитын Пердешпен Әлібек ағамның үйінде кездестім бір күні. Әдеттегідей Әлібек ағам Пердеш інісінің бір өлеңін жатқа оқысын. Обалы кәне жақсы өлең. Жақсы өлең бізді баурай жөнелді. Әлібек аға өлеңді жандырып жақсы оқитын. Өлең жақсы емес-ау, жаман өлеңді жақсы етіп тұрған Әлібектің өлеңді жандырып жақсы оқуының арқасы емес пе?- деген күдік басы қылт ете қалды. Іштен қылтиып көрінген күдікті басу үшін Пердешті қолқалап, өзіне өлең оқыттық. 

    Мен жаныммен сүйемін осы ауылды,

    Осы ауылда сүйдім мен жас аруды

    Осы ауылда таптым да қосағымды,

    Осы ауылда жақтым мен ошағымды.


    Осы ауылда аштым мен әліппені

    Әліппе болашаққа ләріптеді.

    Ауылда асыр салған қара бала,

    Алматы жаққа қарай еліктеді...


   Адамда таусылмайтын арман екен

   Арманды ертеңіме жалғап өтем.

   Ауылда тұрып ауылды қимайтыным,

   Кіндігіммен байланып қалған екем...-деп маздады Пердеш. 

    Біз онан әрі қолқалай түсеміз мейірімізді қандырмақ болып. Ол қысыла бастап өлеңін оқиды:

   Қараша ауыл, қалғиды қара шаңырақ,

   Қара шаңырақ қалайша аласармақ.

   Қалушы едік қауым боп қауқылдасып,

   Жатушы едік төрінде балаша аунап.


   Әкем менен анамның көзіндейсің,

   Көнекөз қарияның сөзіндейсің.

   Қарашада қалды деп қарашаңырақ,

   Жан жүрегің қалайша езілмесін.

   Қимастық сезімменен көз ілмейсің.

   Жылқылары қорада кісінеді,

   Асыраған алабай күшігі еді.

   Көшкен жұрттай көңілім күйзеледі

   Айтшы досым, кім мені түсінеді?

    Пердеш тағы маздады. Әлібек ағам мен Пердеш ініме кезек-кезегімен өлең оқытып, түн жарымын аударып тарап едік-ау, шіркін, сол бір түні. Күнді былай қойып, өзіңе тиесілі түніңде өлең оқуға, өзіңді әдебиет әлемімен тыныстатуға жағдай жоқ кез еді. Күніңді былай қойып, түнің де шайқалған шаруашылыққа жұмсалатын қира кезең уақыт. Қазақтың қасқа маңдай ақыны Әлібек Мейірбековтің үйінде сөйтіп, бір әдемі түні жылға жетер рухани әсерге бөлеп өткізгеніміз есімізге сағыныш болып оралады. «Осы ауылда сүйдім мен жас аруды...» - деп өлең созған сәтте Әлібек ақынның аяулы жары Үрбибі: «Пердешті ағаң екеуміз үйлендіргенбіз. Келін Сәлима да бір айналайын аяулы жан..»-деп екінші бір сырдың шетін шығарған. «Уай, бәрекелде!»-дегенбіз біз, ұл өсіріп ұяға қондырған, қыз өсіріп қияға аттандырып үлгерген Пердеш бақытын қызықтай. «Құдай көп көрмесін... Тфә-тфә... Сол жылдардың сағынышқа айналатын реті де бар.

     Әңгіме арқауына айналатын, бәріміз ұстаз тұтатын жайсаң Әлібек аға да жоқ бүгінде мынау жарық жалғанда. Әкімдік пен ақындық тізгінін қатар ұстаған Пердеш інім де тұңғышы, болымды Абайын жер-қойнына бергелі біраз уақыт. Шарасыз Абайының иісін іздеп немерелерін иіскеп жүрген енді... Қайтесің, тағдыр! Ондай тағдыр сабағын біз де алғанбыз... Немере де қалдырмай өткен Сәбитімді еске алып отырғаным... Сәбит тіпті тұқымсыз, тұлдыр кетті. Оған қарағанда Сенің Абайыңнан қалған із бар-деп жұбатамын, іні-досымды! Өзімді қалай жұбатармын бірақ... 

     Тағдыр сабағын бірге алып, тағдыр тауқыметін бірге кешіп келе жатқан ақын да, ақынбейіл әкім Пердешке ағалық жүректен тілерім қалған ақ-адал өмірдің баяндылығы!

Құлбек ЕРГӨБЕК,

Әдебиет сыншысы

ТАЛҒАМЫ БИІК, ТАҒЛЫМЫ МОЛ ТҰЛҒА

      Мырзашөл аймағына аты таныс десек аздық етеді, бүкіл оңтүстіктің қоғамдық – саяси өміріне, мәдени-әдеби әлеміне сүбелі үлес қосқан саңлақ, саналы ғұмырын, сарқылмас жігерін ел игілігіне арнаған ардагер, бергені мол, көргені көп, өресі биік парасат иесі – Пердеш Есенбеков алға жүйткіген асау жылдармен жарысып, 7О жастың асқаралы биігіне аяқ басып отыр. Ол әлі ат үстіңдегі адам.

      «Су Сүлеймендікі, жер Қадірдікі, 7О –ке жеттім, аспаныңды өзің ал» деп шалқасынан түсіп, шіреніп жатқан жоқ. Елмен етене араласып, қоғамдық мәдени іс-шаралардың ұйытқысы болып, өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, көрікті ойларымен көптің назарынан тыс қалып жатқан жоқ. Жақсы адамға деген жан жадыратар жылы сөзімізді аямауымыз керек. Адамның қанында бар асыл қасиет түптің түбінде қайраткерлікке жол ашады. Айталық, Пердеш Есенбековты ұлт жанашыры деп ауыз толтырып айтуға болады. Ол қай істе болсын салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды, ұлттық мәдениетіміздің ұшан теңіз байлығын қамырдан қыл суырғандай байыппен дәріптеп, атадан қалған мұраға адалдық танытып келеді.

      Тақыр жерге тау тұрғызғандай болмайық, болмысты болған күйінде баяндап көрейік. Ана бір жылы ауыл әкімі қызметін атқарып жүріп Президент жанынан құрылған Ұлттық кеңестің мүшесі болды. Бұл – екінін біріне бұйыра бермейтін абырой, тау тұлғалы азаматтарға ғана артылатын үлкен сенім еді. Бұл – Есенбековтың еңбегіне берілген баға, қабілет қарымына көрсетілген құрмет еді. Бір сөзбен айтқанда, Пердеш Есенбеков бүгінде жұмыс істеп тұрған Ұлттық құрылтай кеңесінің алғашқы қарлығаштарының бірі болған еді. Кейіпкеріміз жайлы әңгімені жоғары нотадан бастап отырған себебіміздің сыры осы. 

      Жетісай топырағынан түлеп ұшқан Пердеш Есенбеков жеткен жерде жығылмай, толған кезде төгілмей бүгінгі мерейлі жасқа биік беделімен, асқақ абыройымен жетіп отыр. 7О жасты еңсерген Есенбековтың азаматтық келбетінен көп жайды аңғаруға болады. Әсіресе ел мен жерге деген сүйіспеншілік, қашан да тыным таппай, елгезектік танытып, жолы ауыр жақсы істің, бейнеті қалың берекелі шаруанын басы-қасында жүріп, үлкен істердің ұйытқысы болғанын ел біледі. Қол қалт еткен шақта, жым-жырт түнде, жып-жинақы жыр жазатыны бар. Ол өзінің «Ауыл» деген өлеңінде: - 

                         Мен жаныммен сүйемін осы ауылды,

                         Осы ауылда сүйдім мен жас аруды.

                         Осы ауылда таптым да қосағымды,

                         Осы ауылда жақтым мен ошағымды, -деп аунап өскен ауылын жырға қосып, арманының ақбоз атымен алысқа шарлап, қуатты қиялға ілесіп, адал бейнет шегіп, бүгінде ардагерлер армиясының алдыңғы шебінде келеді. 

      Тағдыр Пердеш Есенбековты еркелетпепті. Алты жасында әкесінен айрылып, ұзақ жылдар аурушан анасының қас-қабағына қарап өсті. Күн ұзақ бір бітпейтін үй тірлігінен бой тасаламаған. Керек жерінде кір жуып, қамыр илеп, күбі піскен, сиыр сауып, мал баққан. 

       Елгезек Есенбеков қағылез қабілетімен қатарынан қалмай, оқуда оқ бойы озып жүрген. Содан болса керек, ол қашанда кішіпейіл, жұмсақ, жайдары мінезімен адамдарды өзіне баурап тұрады.

      Еңбек жолын қарапайым колхозшы болып бастаған кейін мәдениет үйінің директоры, комсомол комитетінің хатшысы, кәсіподақ ұйымының төрағасы, партия ұйымы хатшысы қызметтерін абыроймен атқарған. 2ОО1 жылы елімізде тұңғыш тәжірибе ретінде өткізілген сайлауда халық қалауымен ауыл әкімі болып сайланған. Талғамы биік, таным терең Пердеш Есенбеков қай қызметте болсын үлкен жауапкершілікпен, жаңаны жатырқамай, жасампаздықпен жарқын істерге жол ашып, ауыр тірліктің астында, қиын шаруаның қасынан табылған. 

      Пердеш Есенбеков еңбек демалысына шыққанға дейін 15 жыл ірілендірілген Мақтаарал ауданы әкімдігінің ішкі саясат мәдениет бөлімін басқарып, жарқын істерді жүзеге асырып, жемісті еңбек етті. 

     «Мырзашөл жұлдыздары» атты облыстық жас эстрады әндері орындаушыларының байқауын 21 жылдан кейін қайта оятып, қолға алды. Облыс әкімін қатыстырып, назарын бұрды.  

      Осы жылдары ол ауданның мәдени-әдеби ортасын қалыптастырып, береке түбі-бірлік, ырыс бастау – ынтымақ екенін терең де мәнді іс-шаралармен, салиқалы жиын, салмақты бас қосулармен жандандыра түсті. Жергілікті қаламгерлердің көшбасында жүрді. Ұлы тұлғалардың мерейтойлары атаусыз қалмады. Жыр мүшайраларын ұйымдастырып, талантты жастардың жолын ашты. 

       Жалпы ауданның қоғамдық-саяси, мәдени-әдеби өміріне үлкен сілкініс әкелді. Пердеш Есенбековтың бұл айрықша еңбегі бүгінде ұмытылудың аз-ақ алдында түр. «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» демекші Есенбековтың ескі жолын жалғастыратын кемел ойлы көшбасшы көрінбейді. Өкінішті-ақ...

      Әдебиетпен ауызданып, өнерге бір табан жақын жүретін Пердеш Есенбеков – талғамы биік, танымы терең рухани бай адам. Алдыңғы толқын ағаларын ардақтап, кейінгі толқын інілерінің табысына қуанып, жомарт жүрегін жайып салады. Атақты ағалары: Қасым Қайсенов, Мұхтар Шаханов, Шәмші Қалдаяқов, Тұманбай Молдағалиев, Қалдарбек Найманбаев, Мыңжасар Маңғытаев, Сабырхан Асанов, Көпен Әмірбек, Н.Нүсіпжанов, Д.Исабеков, Қ.Ергөбек, спортшылардан М. Ділдәбеков, Б.Сәрсекбаев, Е. Ибраимов, інілері Қ. Иса, Б.Әшірбаев, С. Сыбанбай, Ә. Шегебай, Қ. Бегмановтармен т.б. жиі қарым-қатынаста болып, әдеби мұраларын насихаттап, өзі үйреніп қана қоймай, өзгеге де үлгі етіп жүреді. Ол нағыз бақытты адам, себебі рухани бай адам. 

       Пердеш Есенбековтың жүрек қалауымен, таудай талабымен таңдап алған мамандығы – журналист. Өзі журналист, өзі ақын, бәйгеге қосса әлі де озатын, бойынан жастық жалыны өшпеген, қуатты ойларынан шуақ төгіліп туратын досым Пердешті мерей тойымен құттықтап алдағы ғұмырына бақ –береке тілеймін.

Махамбет САПАРМҰРАТОВ,

Мақтаарал ауданының      

Құрметті азаматы 

Жетісай ауданы

«Қазақ үні» - халықтың қазынасы

Ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Исаға

Ерекше құрметі де тілге деген,

Сөз айтты биік-биік мінберлерден.

Мірдің оғы секілді мүлт кетпейтін,

Сын да айтар қоғамға да күрделенген.

Қыраны Қызылқұмның қырда туған,

Керемет кеудесінен жыр да туған.

«Ақ жолды» алға сүйреп адымдайды,

Саясаттың майданында ширатылған. 

Жылдарда жылжып ағып алыстаған,

«Қазақ үні» қатардан қалыспаған.

«Қазақ үні» халықтың қазынасы,

Оятып оқырманын ой ұштаған. 

Алаштың арыстарын алға салып,

Мәңгүрттерді жүресің жолға салып.

Қаз дауысты Қазыбек бастағандай,

Саңқылдаған үніне бой жасадың. 

Талмасын қағысынан қос қанатың,

Төменде ұшатындар жасқантын.

Мансап емес, маздасын елге дәйім,

Қазыбек ақын деген асқақ атың.

Пердеш Есенбек