Қазыбек Иса: Осыған дейін мемлекеттен жалпы спортқа, футболға бөлінген қаржының есебі берілуі тиіс
2025 ж. 23 сәуір
99
0

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса «Ақ жол» фракциясы атынан Спорт министрі Е. Мырзабосыновқа депутаттық сауал жолдап, спорт саласының қаржыландырылуы мәселесін көтерді.
"Қазақ үні" ақпарат агенттігі сауалдың толық мәтінін ұсынады.
***
Біз бұған дейін спорт саласы, оның ішінде футболға кетіп жатқан сансыз миллиардтар туралы талай рет депутаттық сауал жасадық. Бұдан төрт жыл бұрын 2021 жылы жасаған сауалымыз қоғамда үлкен резонанс тудырды. Қазақ қазынасы арқылы байып отырған шетел легионерлері шеруін тоқтату мәселесі де қоғамның қатты қолдауына ие болған еді. Ал былтыр Еуропадағы дамыған елдер, тіпті көршіміз Өзбекстан да 17-18 спорт түрін ғана қаржыландырса, біздің Қазақстан олардан 10 есе асып түсіп, 180 спорт түрін қаржыландыратыны, яғни, министрліктің спортты сауын сиыр етіп келгені туралы көтерген мәселеміз де көптің қолдауына ие болды. Бірақ, жыл сайын тек 13 жазғы және 5 қысқы олимпиадалық спорт түрлерінен ғана медал жеңіп алынады. Яғни, біз талап еткен 18 спорт түрі осы жерден-ақ шығып тұр. Өйткені, Спорт министрлігінің мәліметі бойынша «2018-2020 жылдары спорттың барлық түрлеріне 646 млрд теңге бөлінген, оның 72 пайызына жуығы еліміз үшін басымдығы мен маңызын ескерілмей бөлінгені»туралы біз бұған дейін парламентте көтерген едік.
Бір қуанарлығы, таяуда Парламент қабылдаған заңда осы легионерлерді байытуды тоқтату мен 180 спорт түрін бірнеше есеге, 62-ге қысқарту секілді бірқатар мәселелер оң шешілді. Соның өзінде Еуропа елдерінен 4 еседей көп?!
2018 жылдан бастап спорт саласының бюджеті 2 есеге өсіп, 1,4 трлн теңгені құрады. Алдағы 3 жылға тағы 1,3 трлн теңге бөлу жоспарланған.
Біз талай жылдан бері депутаттық сауалдарымызда көтеріп келе жатқан футбол клубтарын жекешелендіру жайлы ұсынысымыздың қолдау тауып жатқанына қуаныштымыз.
Жақында Ұлттық құрылтайда ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев бұл туралы және балалар футболын дамыту жайлы атап көрсетті.
"Әрбір облыс, аудан орталығында, кент пен ауылда балаларға арналған футбол алаңы болуға тиіс. Бұл – алдағы екі жылдың міндеті. Оның орындалуын тексереміз.
Сонда ғана біз бүкіл әлемге танымал әрі әлеуметтік, бұқаралық спорт саналатын осы ойынды жаңа деңгейге көтере аламыз.
Осы салаға жауапты министрлік, Футбол федерациясы, жергілікті атқарушы органдар, кәсіпкерлер клубтық футболды коммерцияландыруға нақты кірісуі керек.
Клубтар облыстық бюджеттерге ғана арқа сүйемей, шетелдердегі секілді өздері де табыс табуды үйренуі керек.
Сондықтан мен кәсіпкерлерді клубтық футболға бизнес ретінде қарауға шақырамын. Футбол клубтары жекеменшікке өтпей, іс алға баспайды. Бұл – әлемдік тәжірибе..."-деп, нақты тапсырма берді.
Иә, еліміздегі футбол мәселесі мемлекеттен бұрын ең алдымен федерацияның, клубтардың жұмысы болуы тиіс. Барлығын нарық талабы реттеуі керек. Себебі нарық заңы өз үстемдігін жүргізеді.
Сондықтан біздің көтеріп жатқан мәселеміз, бюджеттің -халықтың қаржысы тиімді жұмсалуы тиіс.
Бұл туралы да Президент қатаң ескерткен болатын. 2024 жылы 27 тамызда Олимпиада жүлдегерлерімен кездесуде еліміздегі 500-ден астам Балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебіндегі олимпиадалық спорт түрлерінің жетістіктері аз, нәтижесі төмен екенін сынады. Ал қаржының дұрыс бөлінбеуінен бюджет ақшасының басым бөлігі «желге ұшатынын» қадап айтқан еді.
Міне, біз осыған нақты дәлел келтіре кетейік.
Республикада қазір 521 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс жасайды. Мұнда 406 227 спортшы тәрбиеленуде.
Бұдан бөлек, 19 футболдан Балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық спорт мектеп-интернаты бар екен. Бұған жылына 29,7 млрд, яғни 30 млрд-қа жуық теңге бөлінеді. Сонда бәрі 174 млрд! Бұл бір жылдағы бөлінген ақша! Егер бұл миллиардтарды 30 жылға көбейтетін болсақ, калькуляторға сыймайтын цифрлар - 5-6 триллион шыға келеді...
Бір қызығы, қызығы емес, шыжығы - триллиондар жұмсалған бұл мектептердің аты «Олимпиадалық резерв спорт мектебі» деп айқайлап тұрғанмен, Қазақстан тарихта осы күнге дейін футболдан бір де бір рет олимпиадаға қатысып көрген жоқ. Сонда, алапат қаржы кетіп жатқан спорт мектептерінің түлектері қайда? Олимпиадалық резерв қайда? Нәтиже жоқ, 30 жылдан астам не дайындап келе жатырмыз? Жұмсалаған сансыз қаржының өтеуі қайда?
Анау жылы «алақайлап», Бразилияға футболдан оқуға аттандырған 78 баланың бір де біреуі футбол ойнаған жоқ. Сонда миллиардтарды шашып кімдерді жібергенбіз?!
Ең өкініштісі, 30 жыл бойы спортқа, соның ішінде футболға бөлініп келген бюджеттің осынау қыруар қаржыларына не футболды дамытқан жоқпыз, не инфрақұрылым салып жарытқан жоқпыз. Стадиондарымыз кешегі Кеңес одағынан қалған, кемі 70 жыл бұрын салынған. Қазақстан 30 жылда 1 ғана стадион салсақ, спорт бюджеті бізден бірнеше есе аз Өзбекстан еуростандартқа сай 10 стадион және түрлі спорт ғимараттарын салып тастаған... Сондықтан да Өзбекстан әр Олимпиадан алтын арқалап қайтады. Биыл 20 жасар әйгілі өзбек футболшысы Абдуқодир Усмановты әлемнің үздік клубы "Манчестер Сити" 40 млн еуроға бағалады.
Қаншама мол қаржыландыруға қарамастан, Қазақстан олимпиадалық медальдық есептерде және Дүниежүзілік спорт рейтингінде ең соңғы орындарда...
«Ақ жол» фракциясы ұсыныстары:
1.«Ақ жол» партиясы талай көтергендей, мемлекет қаржысы балалар мен жасөспірімдер мектептеріне, футбол мектептерін дамытуға, балалар бапкерлерін дайындауға жұмсалуы керек. Ауылдардағы талантты балаларға жағдай жасалуы керек. Аудан орталықтарында, қала маңында да тегін футбол алаңдарын салу керек. Секциялардағы жаттықтырушыларға педагогтармен тең лайықты жалақы төлеу керек;
2.Балалардың спорт мектептері болашақ олимпиада, әлем жүлдегерлерін дайындау үшін оқыту методикасын өзгертіп, әлемдік талаптарға сай жетілдіру керек.
3.Кәсіби спорт, футбол – бұл негізі бизнес. Ал әлемде кәсіби спорт мемлекеттің мойнына мініп алмайды. Сондықтан, бюджетке байланған футбол және басқа да кәсіптік клубтардың барлығын жекешелендіріп, мемлекеттен қаржыландыруды тоқтату қажет;
3.Осы уақытқа дейін мемлекеттен жалпы спортқа, футболға бөлінген қаржының есебі берілуі тиіс. Өйткені ол халық қаржысы!
Құрметпен, "Ақ жол" фракциясы мүшелері