Қазақ «қазақ» болғанда

Қазақ «қазақ» болғанда

1925 жылғы сәуір айының 15-19-ы күндері аралығында V Бүкілқазақ кеңестер съезі өтіп, ел тарихында із қалдырған айтулы оқиғаға айналды. Жиын барысында халқымыздың «қазақ» деген төл аты қалпына келтіріліп, жаңа астана – Ақмешіт қаласын «Қызылорда» деп атау жөнінде шешім қабылданды.

Таңғаларлығы, бұл екі мәселе де съез­дің күн тәртібінде жоқ еді. Мән-жай­ды байыптау үшін ғылыми іс-сапарларымыз бары­сында Мәскеу, Орынбор, Ташкент қала­ла­рының ар­хивтерінен, сондай-ақ Президент ар­хивінен көшірмелері алынған тарихи құ­жаттарға және Ресей мемлекеттік кітап­ха­на­сы­ның Химки бөлімшесінде сақтаулы ескі ба­­сылымдардың бетінде жарық көрген ма­қа­ла­ларға жүгіндік. Академик М.Қойгелдиевтің же­тек­ші­лігімен әзірленген «Алашорда ісі» атты құн­ды жинақтан да тақырыпқа қатыс­ты кейбір деректер ұшырасты.

РКП(б) Қырғыз облыстық комитеті (ол кезде солай аталатын – А.Ш.) бю­ро­сының 1925 жылғ­ы 27 ақпандағы өт­кен мәжілісінде ҚКСР Кеңестері 5-ші Өл­келік съезінің (әуелгі құ­жаттарда жиын­ның аты осылай болды – А.Ш.) мы­надай күн тәртібі бекітілді: 1. КСРО-ның халықаралық және ішкі жағдайы; 2. Үкі­меттің есебі (Меңдешов пен Нұр­ма­қов жол­дастардың баяндамалары); 3.Сауда және кооперация; 4. Халық аға­рту; 5. Жерге ор­на­ластыру және ир­ригация; 6. ҚССР-дағы қар­жы жағ­дайы (Орынбор мемлекеттік әлеу­мет­тік-саяси тарих архиві. 1-қор, 1-тізбе, 499-іс, 33-парақ, артқы беті). Сол күн­нен бастап Қыроб­комның (Қазобком) мәр­тебесі ауысып, Қы­рөлкеком (Қа­зөл­кеком) болып қолд­а­ныс­қа енгенін де атап өткен жөн. Ал бастапқыда ашы­луы 1 сәуірге белгіленіп, кейін 15 сәуір­ге ше­герілген V Бүкілқазақ кеңес­тер съезінің бірін­ші мәжілісінде күн тәртібі келесі айыр­мамен мәлімделді: 1. ҚАССР Үкіметінің есебі; 2. Халық ағар­ту; 3. Жерге орналастыру және ир­ри­гация; 4. Сауда және кооперация; 5. ҚАССР қаржылық жағдайы; 6. Сайлау (Бюллетень V-го Всекиргизского Съез­да Советов. 15.05.1925, №1, С.3). Көріп отыр­ға­ны­мыз­дай, «қазақ» та­қырыбы мен астананың атын ауыс­тыру жө­нін­дегі мәселе қарас­ты­рыл­маған. Мұның сәл алдында, 9 сәуір күні өт­кен БКП(б) Қа­зақ өлкелік комитетінің 2-ші Пле­ну­мында да осы төңіректе сөз қозғал­ма­ған (ҚР Президентінің Архиві. 141-қор, 1-тізбе, №7 сақтау бірлігі). Съездің жұмыс кестесі күн сайын таңер­тең­гі сағат оннан түскі екіге, сосын үзіліс жа­салып, сағат бестен кешкі тоғызға дейін со­зылды. Ең ақырғы – 19 сәуір күні, онда да жиын аяқталуға таяған кезде Қазақ өлкелік партия комитетінің жауапты хатшысы (республикадағы екінші дәрежелі қызмет) Сұл­танбек Қожанұлы кенеттен сөз сұрады. Ау­дармада ауытқушылық орын алма-уын қа­лай­тын ресми құжат болғандықтан, мәтінді орыс тілінде бергенді жөн көрдік (Бюл­летень V-го Всекиргизского Съезда Сове­тов. 19.05.1925, №8, С.5-7). Біріншіден, С.Қожанұлы «қазақ» пен «Қазақстан» атауларын заңдастыру тура­лы былай деді:

«У нас до сего времени существует одно не­доразумение; киргизы сами себя называют ка­заками. Это они не переняли у русских ка­заков, а назывались казаками еще гораздо ра­ньше. Первый союз кочевников уже носил название казачества, так что можно думать, что русские казаки переняли это название. Те­перь киргизы полагают, что слово казак по-русски означает киргиз. В декларации го­ворится «Киргизская Республика», а тов. Ток­жигитов называет «Казакской Рес­пуб­ли­кой», так что это перевод. Надо все это рассле­­довать, т.к. мы знаем, что это остаток ста­рого; может быть переводчики, пот­ворст­вуя колонизаторским силам, так называли ка­заков (смех). Между прочим, называют кир­гиз еще и кара-киргизами. Но это не кара-киргизы, их так назвали русские. Мы просто казаки, чтобы отличить киргиз от казаков их назвали кара-киргизами или черными кир­гизами. Надо теперь узаконить, чтобы в будущем киргиз называть казаками и Респуб­лику Казахской, т.е. Казахстаном. Я предлагаю установить за киргизами это название и прежнее не совсем красивое клеймо надо смыть. Пусть V Всекиргизский Съезд Советов узаконит название «казак» за киргизским народом, а «Казакстан» за Киргизской Республикой (Аплодисменты)». 

Съезге қатысып отырған 446 делегат бұл ұсынысты бірауыздан қолдап дауыс берді. Олардың 394-і шешуші, 52-сі кеңесші дауысқа ие болатын. Делегаттардың 65,5 пайызын түрік халықтарының өкілдері (қазақтар, өзбектер, қарақалпақтар, т.б.), қалған бөлігін еуропалық ұлт азаматтары (орыстар, украин­дар, т.б.) құрады. 

Көп ұзамай, С.Қожанұлы тағы сөз алып, Ақмешіттің атын өзгерту туралы мәсе­лені алға тартты:

«Город Ак-Мечеть до завоевания царским правительством назывался Ак-Мечетью. При царской власти он был переименован в честь графа Перовского в город Перовск. К началу революции ему опять дали старое название Ак-Мечеть. Как бы он не назывался раньше, он был заброшенным городом, заурядным городом. V Съезд Советов мы считаем переломным в жизни Казакской Республики. Этот съезд мы называем первым съездом. Увеличивает значение этого съезда и то, что съезд проходит в новом центре Казахской Республики Ак-Мечети и заурядный городок Ак-Мечеть превращается в центр Казахской Республики.

Я предлагаю в связи с этой переменой значения этого города, переменить и его название в чисто казахское. Раньше сущест­вовали центры ханских образований, как нап­ример – Ак Орда, знаменитый хан назвал свой центр Кок Орда, что значит синяя, и мы свой центр можем назвать красным центром – Кзыл-Орда. Я предлагаю центр Ак-Мечеть (Перовск) назвать отныне Кзыл-Орда (Апло­дисменты)».

С.Қожанұлының бұл ұсынысын да съез делегаттары толық мақұлдады. 

Сөйтіп, V Бүкілқазақ кеңестер съезі қазақ халқының тарихи дұрыс атауын қалпына келтіру жөнінде шешім шығарды. 

Мұнан соң, БКП(б) Қазақ өлкелік коми­теті бюросының 1925 жылғы 9 мамырдағы мә­жілісінде V Бүкілқазақ кеңестер съезінде қабылданған Ақмешіттің атын – Қызылорда, Қырғыз Кеңестік Социалистік Респуб­ли­ка­сы­ның атын Қазақ Кеңестік Социалистік Рес­публикасы деп өзгерту туралы қаулыны бе­кіту үшін Бүкілодақтық Атқару Комитетіне ұсы­ныс жасау туралы С.Қожанұлы сөз сөй­леп, бұл істі аяғына дейін апару ҚазОАК тө­ра­­ғасы Жалау Мыңбаев пен ҚазХКК төрағасы Н.Нұрмақовқа жүктеді (ҚР Президентінің Архиві. 141-қор, 1-тізбе, №13 сақтау бірлігі).

Нәтижесінде, 1925 жылғы 15 маусымда БОАК «Қырғыз Автономды Социалистік Кеңес Республикасының атын Қазақ Авто­ном­ды Социалистік Кеңес Республикасы деп өз­герту туралы» декрет, ал КСРО ОАК Пре­зи­диумы 2025 жылғы 24 шілдеде «Ақмешіт қаласының атын Қызылорда деп өзгерту туралы» қаулы қабылдады.

Бірақ мұнан кейін де орыс тілінде ұл­ты­мыз «казак», республикамыз «Ка­зак­стан» аталып, біршама қолайсыздық ту­дыр­ды. Тек ҚазАКСР ОАК-і 1936 жылғы 9 ақ­панда шешім шығарған соң ғана тиісінше «казах», «Казахстан» деп жазылатын болды.

Сонымен, өзін ғасырлар бойы «қазақ­пын» деп келген қазақ Ресей империя­сының қол астына қараған дәуірде «қырғыз» боп шыға келгені аян. Екіұдай түсінік пайда бол­ды: қазақтың өз аузында – «қазақ», пат­шаның ресми құжаттарында – «киргиз», «кир­гиз-кайсак». Абай: «Біріңді, қазақ, бірің дос//Көрмесең, істің бәрі – бос», – дейді. Ыбы­райдың жинағы «Киргизская хрес­то­матия» деп аталғанымен, ішіндегі мысалдарда қа­зақ өз атымен кездеседі. Міржақып ұлт-азат­тық қозғалыстың манифесі саналатын кіта­бына «Оян, қазақ» деп ат қойды. Соның үлгі­сімен жарық көрген кітаптардың мұқа­ба­ларында «Тұр, қазақ», «Жатпа, қазақ» деген жазу­лар тұрды. Сүйегі тәжік топырағында жат­қан ел қайраткері, ақын Елеусін Бұйрин 1911-1913 жылдары тұңғыш рет «Қазақстан» де­ген атпен газет шығарды. Алаш жұртының мінберіне айналған «Қазақ» газетінің (1913-1918) де осы атты иемденуі бекер еместігі бел­гілі. Сұлтанмахмұт: «Мен қазақ, қазақпын деп мақтанамын» деп өлең жазды. «Түрік баласы» деген бүркеншек есімді автор (Әлихан, Ахмет, Міржақып үшеуінің бірі деген пікір бар) «Қазақтың тарихы» атты мақаласында: «Тарих кітаптарындағы көп қатенің бірі – тарих жазушылардың ешбірі қазақ пен қырғызды айырмайды. Қазақ – қазақ! Қырғыз – өз алдына қырғыз... Орыстың атты ғаскері «казак» атанғандықтан, біздің қазақ өзінің атынан айырылып, «қырғыз» атанып жүрмекші емес. Қияметке шейін қазақ болып жасамақ», – дей отырып, әрі қарай: «Орысша оқыған қазақ жастарының мойнына алатын бір жұмысы... «қырғыз» деген жаңылыс атты қойып, «қазақ» деген атты қолдануы тиіс», – деген мәселе қойды («Қазақ» газеті, 1913 жыл, №3). 

Кеңес өкіметі орнаған соң да – басылым­дары­мыз «Еңбекші қазақ», «Қызыл Қазақстан» деген аттармен жарық көргенімен – «баяғы жар­тас – бір жартас» күйінде қала берді. Тіп­ті, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы мен дауыл­паз ақын Сәкен Сейфуллиннің «Жизнь на­циональностей» апталығында басылған 1919-1920 жылдардағы мақалалары сәйкесін­ше «Революция и киргизы», «О киргизской интеллигенции» деген бастақырыптармен ұсынылды. Сондықтан Міржақып Дулатұлы «Қазақ-қырғыздың аты, тегі туралы» еңбегін 1923 жылы «Шолпан» (Ташкент) мен «Қызыл Қазақстан» (Орынбор) журналдарында бір­дей жариялап, онда: «Қазақ пен қырғызды бө­тен жұрттар бұл күнге шейін дұрыс ата­май­­ды. Мәселен, орыс халқы қазақты «кир­гиз-кайсак» деп бір сөз орнында атайды... Қа­зақ өзін қашаннан «қазақ» деп, қырғыз өзін «қырғыз» деп келеді... «қазақ» атты қа­зақ­тың өз алдына жұрт болғаннан бері өзге­ріл­мей келе жатқаны, еш уақытта қазақ өзін өзге атпен атап көрмегені анық. Қазақтың «қа­зақ» аты Парсы, Бұхар, Хиуа һәм өзге Азия жұрт­тарының көбіне мәлім», – деп жазды. Сол мезгілдегі республикамыздың Халық Ко­миссарлар Кеңесінің төрағасы Сәкен Сей­фуллиннің «Қазақты қазақ дейік, қатені тү­зе­тейік» атты мақаласы «Еңбекші қазақ» га­зе­тінің 1923 жылғы 15 ақпандағы санында «Ма­нап Шамиль» деген бүркеншек атпен жа­рық көрді. Ұлт қайраткері: ««Қазақтың ор­та­лық үкіметі «киргиз» дегенді қойып, «қа­зақ» деген есімді қолдануға жарлық (декрет) шы­ғару керек», – деп, нақты іске шақырды. Бұл осы тақырыпқа қатысты қазақ қоға­мын­да ұзақ уақыттан бері әбден пісіп-жетілген көңіл күйді дөп басты. Расында да, билік жүйе­сінің тәртібі бойынша мұндай қаулыны қа­былдау ХКК емес, ОАК-інің құзырында бо­латын. 

Бірақ мәселенің шешімі кешеуілдеді. Бұ­ған объективті себеп те бар еді. 1924 жылы Кеңес билігінің ұйғарымы бойынша Орталық Азияны ұлттық- территориялық жағынан межелеу саясаты жүзеге асты. Бұрын араласа-құраласа өмір кешкен қазақ, өзбек, түрік­мен, қыр­ғыз, тәжік, қарақалпақ ха­лық­тары Түр­кі­стан республикасының аумағын бөлісіп, әр­қайсысы тиісінше автономды республика, облыс және аудан болып өз ал­дына отау тікті. Же­тісу мен Сырдария облыс­тарының қазақ­тар басым бөлігі (негізінен қазіргі Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алма­ты, Жетісу облыс­та­рын қамтитын жер­лер) Қазақстан құра­мы­на қосылды. Рес­пуб­лика орталығы Орын­бор­дан Ақмешітке ауыс­тырылды. 

Сөйтіп, V Бүкілқазақ кеңестер съезі өтіп жат­қан кезде, 1925 жылғы 17 сәуір күні «Ақ жол» газетінің бетінде «Енді қазақ демей бол­майды» атты мақала жарқ ете қалды. Авторы – Ахмет. Біз қай Ахмет екенін айта алмаймыз, өйткені дәйегіміз жоқ. Газет редакциясында сондай адам қызмет істеді ме екен? Оқы­мыс­ты көп зиялының бірі ме? Әлде, Ахмет Бай­тұр­сынұлының беделін пайдалану үшін шарт­ты түрде қойылған есім болар, кім біл­сін...

Ең бастысы, араға бір күн салып, қазақ аты қалпына келтірілді.

Қазір айтуға оңай, ал сол заманда, одан кейінгі зобалаңдар тұсында да «қазақ» атын дәріптегені және мақтанышпен жырлағаны үшін ақындарымыз қатал сынға ұшырады. Қасым Аманжолов: Ей, тәкаппар дүние!//Маған да бір қарашы.//Танисың ба сен мені?//Мен қазақтың баласы!», – деп бастап бергені сол еді, көпке бармай «ұлтшылдық» айы­бы тағылды. Оның ізбасар досы, кейін Ха­лық жазушысы атанған Қуандық Шаңғыт­баев соғыс жылдары «Мен – қазақ!» атты өлең жаз­ған соң баспасөз бетінде: «Қ.Шаңғытбаев шы­ғармаларындағы ұлтшылдық сарын ең ал­дымен «Қазағым»-нан басталады. Ол қазақ, оның қаны да, жаны да, өлеңі де қазақ ұлты үшін ғана», – деген секілді жала жабылып, тіпті «қазақ деген ұғымды Отан деген ұлы сөз­ден бөліп сарнағаны» туралы үкім айтыл­ды («Екпінді» газеті, 1951 жыл). Ақын бұл жө­нінде: «...осы өлең үшін мен көп соққы көр­дім. «Мен – қазақ!» деген сөздің өзі менің тағ­дырымды, көп уақытымды күйінішке тол­тырып кетті», – деп еске алды. «Мен – қазақ­пын» поэмасының авторы, егеулі қалам иесі Жұбан Молдағалиев 1943 жылы жазылып, алғаш рет майдандық «Отан үшін» газетінде б­асыл­ған, ізінше Әбу Сәрсенбаев, Сәбит Мұ­қа­нов, Мұқан Иманжанов секілді жазушы­лар­дың қолдауымен Қазақстан Жазушылар Ода­ғында оқылған, республикалық радио эфи­рінен таратылған, «Социалды Қазақстан» газетінде қайта жарияланған «Қазақ» атты өлеңін 38 жыл бойы суырмасында сақтауға мәж­бүр болды. Онда да өзінің атақты поэма­сы секілді, советтік цензура тарапынан күзе­ліп, түзеліп барып жарық көрді. «Мен қазақ­пын мың өліп, мың тірілген» деген танымал тіркестің бір кілтипаны осында. 

Астананың Ақмешітке көшуінің де қилы тарихы бар. 1920 жылғы 13 маусымда РКСФР ХКК төрағасы В.Ленин РК(б)П ОК қабыл­да­ған «РК(б)П-нің Түркістандағы міндеттері ту­ралы» шешімнің жобасына өз ескертпелерін жа­зып, онда: «1) Түркістанның Өзбекстан, Қыр­­­­­ғызстан (Қазақстан – А.Ш.) және Түрік­мен­стан деп сараланған картасын (этног­ра­фиялық және басқа) жасау тапсырылсын; 2) Бұл 3 бөлікті қосу немесе ажырасу шарттары не­ғұрлым егжей-тегжейлі анықталсын», – деп тапсырма берді. Көп ұзамай, 1921 жылы Әулиеатада өткен қазақ-қырғыз съезінде Түркістан қазақтарының Қазақстанға қосылу мә­селесі қаралды. Ал 1922 жылғы 22 наурыз күні Ташкентте болған ТүрОАК жанындағы қазақ бөлімінің мәжілісінде Жетісу мен Сыр­да­рия облыстарын Қазақстанға қосуды ке­шеуілдете тұрудың келесі себептері көрсе­тіл­ді: 1) Түркістандағы жер реформасын аяғына дейін апару; 2) Қазақстанның астанасын Орын­бордан көшіру; 3) Қазақстанда кеңес жұмысына жергілікті жұрттың адамдарын кеңінен араластырып, отаршылдықтың қал­дықтарын жоюға қол жеткізу (Өзбекстан Рес­публикасының Орталық мемлекеттік архиві. 17-қор, 1-тізбе, 277-іс, 82-парақ). Алай­да осы шарттар орындалмай тұрып, Ор­талық Азияны бөлшектеу науқаны баста­лып кетті. Республикадағы ең жоғары мемле­кет­тік орган – Түркістан Орталық Атқару Ко­­митеті төрағасының орынбасары қыз­ме­тін атқарып, межелеу комиссиясы жұмы­сы­ның алғы шебінде жүрген С.Қожанұлы әуелде Орталық Азия Федерациясын құру идеясын ұсынды. Оған тойтарыс берілгесін, «Қазақ ұлт мемлекеті жасасын!» атты мақаласын жария­лап («Ақ жол» газеті. 24.08.1924), РКП(б)П ОК Саяси бюросының 1924 жылғы 11 қазан­да­ғы мәжілісінде Қазақстанның КСРО құра­мы­на шарттық негізде кіргізілуін және Қа­зөлкекомның Қазақ коммунистік партиясы болып өзгертілуін ұсыныс етіп енгізді. Бірақ бұл мәселені де жария талқылауға тыйым са­­­лынды (Ресей мемлекеттік әлеуметтік-саяси тарих архиві. 62-қор, 2-тізбе, 80-іс, 23-парақ). 

С.Қожанұлы енді елорда тақырыбымен бел­сенді шұғылданды. Пікірлерін «Ақ жол», «Ең­бекшіл қазақ», «Тілші», «Лениншіл жас» ба­сы­лымдары арқылы көпшілік талқысына сал­ды. Мысалы, «Ұлт шекарасын ашу һәм Қа­зақстан» мақаласында: «Жарияланғанына 5 жыл болса да, Қазақстан (Қазақ ұлт рес­пуб­ли­касы) әлі қазақ ұлт мемлекеті болып аяқ­тал­ған жоқ. Астанасы – Еуропа топырағында, қа­лың орыс ортасы – Орынбор қаласында. Хал­қының көпшілігі жат ұлттар болып, Қа­зақстанда ұлт мемлекеттерінде жүргізілетін сая­сат осы кезге дейін жүргізілген жоқ», – деді (Тілші. 31.08.1924). Қазақтар үмітті болған Таш­кент шаһары РК(б)П ОК-інің шешімімен 1924 жылдың қазанында біржолата өзбек ағайынның қанжығасына байланды. Астана туралы айтыс өрбіп, Ақтөбе, Ақмола, Ақмешіт, Әулиеата, Семей, Шымкент, т.б. қалалар ауыз­ға алынды. Бір қызық факт: РКП(б) Қыроб­ко­мы атқару бюросы 1924 жылғы 8 шілдеде жә­не 14 қыркүйекте, сондай-ақ ҚырОАК-і сол жылғы 29 қыркүйекте Қазақстанның ор­талығын Шымкент қаласына көшіру тура­лы қаулы шығарған еді. Бірақ бұл шешімдер орындалмады.

«Мемлекет астананың жұртшылығына сүйе­ніп жұмыс істемесе, бас хүкіметтің ісі оң­байды. Олай қылайын десе, Қазақстан хү­кіметінің аз ғана күш, азын-аулақ дәулеті Орын­бор губерниясынан артылмайды» деген С.Қожанұлы орталықтың шалғай шетте ор­наласқанын қаламады. Орынборды ол Ресей империясы Шығысқа жол ашатын қақпа ретінде салған «отар қоныс» деп бағамдады (Ақ жол. 12.11.1924). Оның ұстанымы қазір ел­ге кеңінен танымал боп кеткен: «Қайда бол­са да, Қазақстан кіндігі қазақ ішінде бол­сын. Киіз үйге орнаса да, қалың қазақтың ор­та­сы болсын», – деген сөздерінен көрінді (Ақ жол. 28.01.1925).



С.Қожанұлы бастапқыда: «Ауылжақтықты қоз­дырып, әркім өзіне тартып өшігіп, ақы­рында қиысып келісе алмағандықтан, жүк ескі орнында қалып жүрмесін. Ортаға қойыл­ған мәселе Қазақстанның жалпы астанасы еке­ні ұмытылмасын», – деп алаңдаса (Ақ жол. 23.12.1924), соңыра «Қазақстан кіндігі қай қала болсын?» атты мақаласында: «Аты ата­лып жүрген Ақмешіт қаласы түстігі – Қара­қалпақ облысы мен Сырдария губерниясы, күншығысы – Жетісу, теріс түстігі – Ақмола мен Торғай, күнбатысы – Ақтөбе мен Орал бо­лып, үлкен жолдың үстінде тұрған ың­ғай­лы қала. Қазақ ұлт мемлекетін жасау ісін аяқ­­­­тағанша, Ақмешіт үлкен қала болып ке­тетіні анық», – деген тұжырымға келді (Ақ жол. 28.01.1925).

1925 жылғы 9 ақпанда Қазақстан Орта­лық Атқару Комитеті астананы Орынбордан Ақмешітке көшіру жөнінде қаулы қабылдады. С.Қожанұлы «Лениншіл жас» журналының сол жылғы 1-2 санында «Ақмешітті неге орта­лық қылып сайладық?» деген сауалға жан-жақты жауап қайтарды. Қаланың орналасқан жерінің экономикалық байланысқа қолайлы екенін, табиғи байлық көздеріне таяу тұр­ғанын, Сырдария өзенінің егіншілікті өр­кен­детуге мол мүмкіншілік беретінін, ең басты-сы – шаһар халқының тоқсан пайызын қазақтар құрайтынын тілге тиек етіп, көші-қон жұмыстарын аялдатпауға шақырды. Ол БК(б)П Қазөлкекомының орталықты Орын­бор­дан Ақмешітке көшіру бойынша іс-шара­ларды әзірлеу жөніндегі комиссиясын бас­қарып, мәжілістеріне төрағалық етті және хат­тамаларына қол қойып отырды.

Сайын сахарада ат жалы, түйе қомында күн кешіріп дағдыланған қазақ қоныс жаңалаудың бұрын болмаған таңсық түрі – астана көшіне қамданды. Орынбордан Ақ­мешітке дейін үш жарым тәулік жүрген он екі вагонды отарбаның жолаушыларымен бір­ге бастан кешкен тарихи сәттер туралы жазу­шы Сәбит Мұқанов «Есею жылдары» кітабының «Көңілді сапар» атты тарауында баяндап берген. Ал көрнекті ақын Әбділда Тә­жібаев өз естелігінде: «Астана көшіп келі­сімен-ақ, сәуір айында (15-19 күндері) Қазақ автономиялы республикасы Кеңестерінің съезі болып, онда Сұлтанбек Қожановтың ұсы­нысымен сол кезге дейін ұлтымыздың «қыр­ғыз» делініп келген жалған атын өзгер­тіп, өзінің тарихи-этникалық «қазақ» деген атын қалпына келтіру туралы қаулы қабыл­данды. Тағы бір есімде қалғаны, Кеңестердің сол құрылтайында жаңа астананы Қызыл­орда деп атауға шешім шығарылды. Бұл да Сұлтанбектің ұсынысы арқылы өтті», – деп жазды («Егемен Қазақстан» газеті. 10.05.1998).

С.Қожанұлы бұған дейін де Исатай-Ма­хам­бет, Жанқожа көтерілістерін жойып-жан­шуда, Ақмешітті бағындыруда қаталдық көр­сеткен қандықол генерал Перовскийдің аты берілген қаланың тарихи тағдырында із қал­дырып үлгерген болатын. Оны мына құ­жат растайды: «Қазақ бөлімі және қазақ тұр­мысын зерттеу жөніндегі комиссияның 1922 жылғы 11 сәуірдегі бірлескен мәжілісінің №7 хаттамасы. Тыңдалды: Бірқатар облыстар мен уездердің отаршылдық атауларын өзгерту туралы. Қаулы етілді: Сырдария облысының Перовс­кий мен Голодностепский уездері, сондай-ақ Семиречье облысы патша үкіметі белгілеген отаршылдық атауларды иемденіп отырғаны назарға алынып, бұдан былай олар өз тарихи атауларына сәйкес: Перовский уезі – Ақмешіт уезі, Голодностепский уезі – Мыр­за­шөл уезі, Семиречье облысы – Жетісу облы­сы болып өзгертіліп аталсын. Қаулы ТүрОАК коллегиясының шешімімен 1922 жылғы 12 сәуірде бекітілді. Қол қойған: ТүрОАК төра­ғасының орынбасары С.Қожанов» (Өзбекстан Республикасының орталық мемлекеттік архиві. 17-қор, 1-тізбе, 277-іс, 105-парақ). 

Ақмешіттің атын ауыстырарда қазақ зиялыларының өзара ақылдасқаны белгілі. Бұл туралы мәліметтерді жоғарыда айтылған «Ала­шорда ісі. 1920-1940 жж. Құжаттар мен ма­териалдар» көптомдық жинағынан (Ал­маты: Кітап Пресс, 2023) табуға болады. Бірік­­кен мемлекеттік саяси басқарманың те­р­геушілеріне 1931 жылғы 20 қыркүйекте бер­ген жауабында белгілі қайраткер Қоңыр­қожа Қожықов: «Ақмешіттің аты Қызы­лорда боп өзгеру тарихын мен жақсы білемін. Бұл былайша болды: 1925 жылғы Кеңестер съезі кезінде мен, Жандосов, Қожанов және басқалар қазақтардың бірінің үйінде түскі асқа жиналдық. Түскі ас үстінде жаңа аста­наны қалай атау керек екені жөнінде мәселе көтерілді. Мен оны «Қызылорда» деп атауды ұсындым және бұл бәріне ұнады, мұнан соң Қожанов бұл атты Кеңестер съезінде ұсынып, ол қабыл алынды», – депті (Алашорда ісі, 4-том, 66-бет). Дінше Әділовке қатысты іске жү­гінсек, 1928 жылғы 24 және 27 желтоқсан күн­дері жүргізілген тергеу материалдары да бұл деректі растайды. Өз жауабында ол Емберген Табынбаев деген семинария бітірген мұғалімнің үйінде өзі, Қожанов, Есболов, Қо­жықов түскі ас ішкенін, «Қызылорда» атауын бірінші Қожықов ойлап тапқанын, «неге олай?» деген сұраққа «қызыл» боль­ше­виктерге ұнайтынын, ал «орда» ұлттық атау екенін, сондықтан бұл екі тараптың да көңілінен шығады деп айтқанын, одан әрі Қожановтың съезде кезектен тыс сөз сұрап, ұсыныс енгізгенін келтіреді (Алашорда ісі, 1-том, 188-189-беттер). Ендеше, Қызылорда қа­ла­сының шежіресінде Қоңырқожа Қожықовтың ойып орын алатыны айқын.  

Әзербайжан, түрікмен тілдерінде «қызыл» сөзі алтынды білдіретінін, қазақ жеріндегі ал­тын шығатын кен орнының бірі «Қызыл» деп аталатынын ескерсек, «Қызылорда» атауы­ның түп мағынасы «Алтын Орда» атауы­мен де ұштасып жататыны назар аудартады. 

Жалпы, «қазақ» этнонимін қалпына кел­тіру, республика астанасын көшіру мен оған жаңа ат қою секілді тағдыршешті мәселелер сол мезетте ұлт қайраткерлерінің басын бірік­тіріп, ортақ мақсат жолына жұмылдырды деп айтуға болады. 

Амантай ШӘРІП,

ҰҒА академигі