ЖҰМАБЕК ТӘШЕНОВ: ӨЗІҢ ҮШІН КУМИРДІ ҚАЛАЙ ЖАСАУҒА БОЛАДЫ?
2025 ж. 18 сәуір
1104
0

АЛҒЫ СӨЗ
Бір айдан кейін, 20 наурызда, Қазақстанның мемлекет ретінде қалыптасуына елеулі үлес қосқан және елімізді сақтау жолында тынымсыз еңбек еткен тарихи тұлға – Жұмабек Ахметұлы Тәшеновтің туғанына 107 жыл болады.
Жұмабек Ахметұлы Тәшенов 1915 жылы 20 наурызда Ақмола облысы Вишнев ауданы Танагүл ауылында дүниеге келген. Ақмола теміржол техникумын, КОКП ОК жанындағы Жоғары партия мектебін бітірген, экономика ғылымдарының кандидаты.
Бұл көрнекті мемлекеттік және саяси қайраткердің есімі тәуелсіз Қазақстанның тарихында мәңгілікке жазылған. Оның өміріне арналған кітаптар шығарылды, Астана, Алматы, Шымкент, Петропавл, Көкшетау қалаларындағы және кейбір аудан орталықтарындағы көшелерге есімі берілген. Ол көзі тірісінде-ақ халықтың сүйіктісіне айналған.
Адамзаттың бүкіл тарихы көптеген жарқын тұлға із-түзсіз жоғалып кеткен қарама-қайшы оқиғалардың молдығын көрсетеді. Отанға, өз халқына және болашақ ұрпақ үшін адал да айнымай қызмет еткені үшін талай даңқты тұлға кемсітіліп, қорланды. Егер белгілі бір кезеңге қарасақ, кеңес заманында қазақтар сот пен тергеусіз қамауға алу, қуғын-сүргін, кейде өліммен аяқталған ұзақ мерзімге сотсыз соттау түрінде орталық тарапынан қатты қысымға ұшырады. Тіпті "Хрущевтің жылымығы" кезінде де, ресейлік басылымдарда жиі жазылғандай, орталыққа қарсы шыққан тұлғаларды лауазымдарынан шеттету оңай іс болды. Жұмабек Ахметұлы – әрине, өзінің ержүректігімен, ойлау тереңдігімен, көрегендігімен және республиканың мүдделерін қорғау жолындағы мақсатты ұмтылысымен танымал санаулы патриоттың бірі. Аты аңызға айналған мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшеновтің есімі даңқты қазақ батырлары мен халық қаһармандарының тарихи есімдерінің қатарында халық жадында сақталып қалды.
ӨЛГЕННЕН КЕЙІН ДЕ БӘСЕКЕЛЕСТЕР МЕ?
70 жыл бұрын, 1952 жылдың қаңтарында Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып жап-жас Жұмабек Тәшенов сайланды. Осылайша, бүгінде қазақтардың едәуір бөлігі соғыстан кейінгі кезеңдегі республиканың ең көрнекті мемлекет қайраткері деп санайтын адамның шапшаң мансаптық самғауы басталды. Рас, осы тұлға хақындағы аңыздарға, тіпті мифтерге негізделеген пікірлердің қайсысын Тәшеновтің сөзсіз еңбегі деп санауға болатынын, қайсысы ойдан шығарылғанын түсіну өте қиын.
Ақтөбе облысының басшысы болып сайланғаннан кейін небәрі үш жыл өткен соң, 40 жасқа енді ғана толған Тәшенов Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы болды – ресми түрде бұл лауазым республикада бірінші (президент, мемлекет басшысы сияқты), ал іс жүзінде үшінші басшы еді. Тағы бес жылдан кейін ол Қазақстандағы екінші тұлға – Министрлер Кеңесінің төрағасы, яғни Үкімет басшысы болып тағайындалды. Сонымен қатар, 1960 жылы қаңтарда Дінмұхамед Қонаев республика Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды.
Олардың арасында жасырын бәсекелестік болды ма? Иә, әбден мүмкін, жастау (төрт жас кіші) әрі амбициясы күшті Тәшенов бір күні Қонаевтың орнын басуды армандаған шығар, ал ол өз кезегінде оны қарсылас ретінде көрмеуі мүмкін емес. Бір жылдан кейін Тәшенов қуғынға ұшырады – облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары етіп Шымкентке жіберілді. Бірер жылдан кейін Қонаевтың да лауазымы төмендеді (Тәшенов сияқты құлдырамаса да, оған да өте ауыр тигені анық). Алайда, тағы екі жыл өткен соң оның жұлдызы қайта жарқырады: 1964 жылғы қазандағы "партияішілік төңкеріс", Никита Хрущевтің тақтан тайдырылуы және Қонаевты құрметтейтін Леонид Брежневтің көтерілуі нәтижесінде ол Орталық Комитеттің бірінші хатшысы қызметін оралды. Содан кейін жиырма жылдан астам уақыт бойы республиканы басқарды.
Неліктен қазір кеңес дәуірінің осы екі қайраткерін бағалауда Қонаевтың еңбегін төмендете отырып, Тәшеновты "батырландыру" басым бола бастады (Қонаевтың мұрагерлері мен жанкүйерлеріне Жұмабек Ахметұлын тұғырға көтеріп, Дінмұхамед Ахметұлын одан құлатуға тырысқандарға жиі тойтраыс беруге тура келіп отыр)? Мүмкін, бірнеше себебін атауға болар. Олардың біріншісі қазақ қоғамында кеңестік өткенге, оның ішінде республикамыздың Қонаев есімімен байланысты кезеңіне теріс көзқараспен қарайтындардың үлесінің артуына байланысты. Екіншісі біздің жаппай санамызда "режим құрбандарына" деген жанашырлықтың жойылмайтындығына байланысты. Өйткені, бүгінде көптеген адам Тәшеновті дәл осындай құрбан деп санайды. Ақырында, үшінші себеп Тәшеновтің сол кездегі партиялық-шаруашылық элитаның көптеген басқа өкілінен айырмашылығы – ана тілінде еркін сөйлеп қана қоймай, оны белсенді қолданып, халықтық дәстүрлерді білгендігінде. Бір сөзбен айтқанда, ол "таза қазақ" болған, ал Қонаев осы тұрғыдан "шала-қазақтарға" жатқызылған сияқты.
Негізінде, Тәшеновті мұндай "батырландырумен", тіпті идеалдандыруымен келісуге болар (мүмкін, ол шынымен де ерекше тұлға, нағыз патриот және т. б. болған шығар), бірақ ол көптеген басылымда, деректі фильмдерде, кітаптарда еш қателеспейтін етіп көрсетіледі, ол туралы жазылғанның және айтылғанның көбіне сену қиын – әсіресе саналы ғұмырын кеңес заманында өткізген және сол кездегі тәртіп пен әдет-ғұрыпты жақсы білетін адамдарға. Сонымен қатар, бағалау көбінесе құжаттық дәлелдерге емес, біреудің біреуге айтқанына, дәлелденбеген болжамдарға негізделген. Авторлардың көзге ұрып тұрған субъективтілігі де әсер етеді – мысалы, бұл Тәшеновке арналған "Шынжырда өткен жолбарыс" кітабында айқын байқалады: оған тек жағымды қасиеттер берілген, ал бәсекелесі Қонаевтың портреті толығымен қара түспен боялған. Шынайы өмірде бұлай болмайды.
ОЙДАН ШЫҒАРЫЛҒАН ЖАЙТҚА КӨЗІМНЕН ЖАС ПАРЛАЙДЫ…
Орыстілді аудитория Тәшеновтің тұлғасының айналасында қандай аңыз бен миф жасалғандығы туралы, былайша айтқанда, шоғырланған түрде "Өткеннің жарығы" деректі фильмінен түсінік ала алады – ол теледидарда көрсетілді, қазір Youtube-те бар. Автор немесе жүргізуші Зарина Мұхамедәли өз әңгімесін Абылай ханның бір көрегендігін айтудан бастайды, содан кейін былай деп жалғастырады: "Ресей империясының отаршылдық саясаты, Кеңес Одағының сәтсіз реформалары Тәуелсіз Қазақстанға қызығарлықтай мұра қалдырған жоқ. Бірақ одан да жаман болуы мүмкін еді: Хрущевтің кезінде Қазақстан ең бастысы – өзінің аумақтық тұтастығынан айырылып қала жаздады. Бүгін біз өз мансабын құрбандыққа шалып, кейінгі ұрпақ үшін туған жерін қорғап қалған адам туралы әңгімелейміз".
Фильм кейіпкерінің басты ерлігі туралы әңгімеге кіріспес бұрын ол сарапшы ретінде тартылған Тәшеновтің өмірі мен қызметін зерттеуші Гүлнәр Кенжебулатова екеуі бұрын болған жайларды еске алады. Жұмабек Ахметұлы "Социалистік Қазақстаннан" бастап барлық қазақ газетінің жабылуына қарсы шығып, оларды құтқарып қалған көрінеді. Бірақ, мұндай қадамды кім және қашан бастағаны туралы сөз жоқ. Сонымен қатар, мұндай қауіп бар екенін көрсететін құжат та жоқ. Шынында да, біреу "Социалистік Қазақстанды" – республиканың басты партиялық басылымын, демек, ең маңызды (әсіресе теледидар бізде сол кезде ғана пайда болғанын ескерсек) идеологиялық құралды жауып тастағысы келді деп елестету мүмкін емес. Жергілікті қазақтілді баспасөздің де барлығы дерлік партиялық болды.
Иә, республика Жазушылар одағының органы – "Қазақ әдебиетінің" тарихын еске түсіруге болады: 1956 жылы онда "ұлтшылдық идеологиясының белгілері" байқалған. Бірақ бұл газет қайта шыққаннан кейін бір жылдан соң неге жабылуға тиіс (алдыңғы он бес жыл ішінде ол шығарылған жоқ)? Сол кезде – "жылымық" кезінде мұндай мәселелер қарапайым жолмен шешілген: бас редактор ауыстырылып, қалғандары қатаң ескертілетін – осының өзі жеткілікті еді. Айтпақшы, "Қазақ әдебиетінің" бас редакторы қызметінен босатылған ақын Сырбай Мәуленов 1959 жылы "Құрмет белгісі" орденін алды. Бұдан мынадай қорытынды жасауға болады: билік газет жарияланымдарынан онша қылмыс көрген жоқ.
Немесе тағы бір дерек-мыс: Тәшенов Семей полигонындағы ядролық сынақтарды тоқтатуға шақырыпты, ал Хрущев "өзінің аса белсенді бағынышты қызметкерімен достық қарым-қатынаста болғандықтан, оны жалпы сөзбен үміттендіріпті". Шынтуайтында, ядролық қару КСРО-ның АҚШ-пен және бүкіл Батыспен егесіндегі қауіпсіздігінің негізі болды. Ал Хрущев үшін, беделді тарихшылар атап өткендей, бұл кәдімгі "фикс идеясына" айналды: оған сеніп, Никита Сергеевич 1950 жылдары әскерилердің барынша қарсылық білдіргеніне қарамастан, тіпті қарапайым Қарулы Күштерді түбегейлі қысқартуға барды. Тәшеновтің өзі де ядролық сынақтарды қысқартуға шақыру "саяси соқырлық" ретінде қарастырылатынын және өзін өзі саяси өлтірумен тең болатынын түсінбеуі мүмкін емес.
Фильм авторлары ұлты қазақ еңбеккерлер Социалистік Еңбек Ері атағын ала бастағанын да Жұмабек Ахметұлының еңбегіне жатқызады. Ал қазақтар оған дейін ондай атақ алмап па? Мысалы, 1940 жылдардың аяғында бұл атаққа шопан Жазылбек Қуанышбаев, күріш өсіруші Ыбырай Жақаев, жылқышы Ниетқали Жүнісов, колхоз төрағасы Нұрмолда Алдабергенов және басқалар ие болды. Тәшенов мемлекеттік наградалардың берілуіне ықпал ету мүмкіндігіне ие болған кезде Социалистік Еңбек Ері атанған қазақтардың саны ондаған адам еді. Жалпы, атақтарға, ордендерге ұсыну оның Жоғарғы Кеңес төралқасының төрағасы ретіндегі функциялық міндеті еді (1955-1960). Фильмді жасаушылар Мұхтар Әуезовке "Абай жолы" романы үшін 1959-шы жылы Лениндік сыйлық тапсырылуын да Тәшеновтің айрықша еңбегі деп санайды. Ал жазушы он жыл бұрын, 1949 жылы эпостың бірінші бөлігі үшін КСРО-дағы ең жоғары Сталиндік сыйлықты алған болатын (Лениндік сыйлық 1957 жылы тағайындалды).
Авторлар Жұмабек Ахметұлының саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауда атқарған үлкен рөлі туралы да айтады. Өз лауазымына байланысты тиісті комиссияның басшысы болып тағайындалған ол осы жұмыспен айналысуға міндетті емес пе еді? Тағы бір сұрақ – ол орталық белгілеген талап аясында әрекет етті ме, әлде мүмкіндігінше көбірек зардап шеккендердің құқықтарын қалпына келтіру үшін оны батылдықпен айналып өтті ме? Тәшеновтің комиссия төрағасы ретіндегі қызметін осы сауалға жауапқа қарап бағалау қажет. Бірақ ешкім мұндай жауап берген жоқ.
"Медеу" кешенінің құрылысы, Мәскеуде Қазақстан күндерін өткізу (1958 жыл), республика астанасындағы Абай ескерткіші, Бауыржан Момыш-ұлының "За нами Москва" кітабын басып шығару және т.б. – осының барлығы үшін, фильмде айтылғандай, біз Тәшеновке қарыздармыз. Оның қосқан үлесі маңызды шығар, бірақ Қазақ КСР-нің басқа басшылары да көмек қолын созған болар. Айтпақшы, Медеудегі мұз айдыны 1951 жылы құйылды, ал 1970 жылы жасанды мұз кешенін салу туралы шешім қабылданды. Демек, бұл нысанды салуға Жұмабек Ахметұлының қатысы бар деген сөз ойдан шығарылған болып шықты ғой.
АЛ "ЕРЛІК "БОЛДЫ МА?
Енді "қазақ жері үшін күрес" – Тәшенов туралы жазып, айтушылардың басты тақырыбы туралы. "Өткеннің жарығы" фильмінде айтылғандай, ол 1950-ші жылдардың ортасында Оңтүстік Қазақстаннан басталып, оның кейбір жерлерін орталық Өзбекстанға беру туралы шешім қабылдаған. Еш өзгертпей дәйексөз келтірейін: "Хрущев Жұмабек Ахметұлы бастаған арнайы комиссияның аумақты оңтүстік көршінің пайдасына иеліктен шығару туралы бұйрықты негізсіз деп жариялаған қарсылығына қатты ашуланды (осындай қисынсыз тұжырымды оның авторларының ар-ұжданына қалдырайық). Содан кейін не болғаны туралы ештеңе айтылмайды. Шындығында, былай болған еді: 1956 жылы 21 қаңтарда Тәшенов қол қойған республика Жоғарғы Кеңесінің "Бостандық ауданы мен Бетпақдала жерлерінің бір бөлігін Қазақ КСР-інің құрамынан Өзбек КСР-інің құрамына беру туралы" қаулысы шықты.
"Бірақ Хрущев үшін ең тәбетті бөлік – орындалған кеңестік утопия – тың өлке болды", деп жалғастырады Зарина Мұхамедәли. «Никита Сергеевич жаңа әкімшілік-аумақтық құрылым құрып, содан кейін оны Қазақстаннан бөліп алу туралы шешім қабылдады. Мұндай қадамға ашық қарсылық білдірген және оны үзілді-кесілді түрде жасаған республика басшыларының бірі Ташенов болды, сонысы үшін лауазымынан және кез келген мансаптық перспективадан айырылды», дейді ол.
Хрущевтің идеясы қандай болды, ол бес облысты біріктірген болашақ Тың өлкесінің жерлерін Қазақстаннан шынымен тартып алмақ болды ма және оны қандай нысанда жоспарлады (РСФСР-дің құрамына енгізу немесе 16-шы одақтық республиканы құру) – бұл туралы бүгінде ешкім нақты айтпайды. Оның естеліктерінде де, Қонаевтың естеліктер кітабында да бұл туралы ештеңе айтылмаған. Осы тақырыпқа қатысты ешқандай құжат та, елеулі зерттеу де жоқ. Оны тарихшылар алдағы укақытта жасайды деп үміттенеміз.
Бәлкім, 1960 жылдары Тәшеновтің Тың өлкесінің құрылуы көп жақты комбинацияның алғашқы қадамы деп санауына негіз болып, содан қаймығып, орталыққа ашық түрде қарсы тұруды ұйғарған болар. Тек бұл туралы ешкім білмейді. Бірақ оның демаршының бүгін қалай көрсетілетіні күмән тудырады.
Мысалы, Тәшеновтің Хрущевке айтқан, «егер республика шекарасын өзгерту басталса, халықаралық сотқа (қай сотқа екен?) жүгінуге дайын» екендігі туралы сөзі үнемі еске салынады. "Өткеннің жарығы" фильмінде келесі сөз тіркесі бар: "Жұмабек Ахметұлы жағдайды байсалды бағалады, халықаралық сотқа жүгіну қаупін төндіргені үшін өзін қудалайтынын түсінді". Бірақ егер ол жағдайды байсалды түрде бағаласа, ешқашан мұндай қауіп төндірмес еді. Егер ол солай деп айтса, онда бірден партбилетін үстелге қоюға мәжбүр болар еді және КГБ оның соңына түсер еді. Қазір ғана халықаралық соттарға жүгінуге болады, ал ол кезде бұл туралы ойлауға да болмайтын еді.
Фильмнің тағы бір фразасы: "Қонаев өзінің естеліктерінде Тәшеновтің қорықпайтындығына таңданып, оның: "Туған жерім үшін өзімді құрбан етуге дайынмын" деген сөзін еске алады». Бұл енді фантастика саласынан. Қонаев өз кітабының екі нұсқасында да Тәшеновке назар аударған бір ғана пікірін білдірген. Оның отставкаға кетуіне байланысты: "Ол Министрлер Кеңесінің төрағасы болып жұмыс істей отырып, республика үкіметінің негізгі жұмыс учаскелерін толық қамти алмады. Оның үстінен КОКП Орталық Комитетіне көптеген арыз-шағым түсе бастады. Бұған оның кісімен сыйыспайтын мінезі, ұстамсыздығы, менмендігі әсер етті. Мұның бәрі КОКП Орталық комитетін, Хрущевті оны жұмыстан босатуды ұсынуға мәжбүр етті". Әрине, Қонаев берген бағаны соқыр сеніммен қабылдауға болмайды – ол да субъективті баға. Оны осындай фильмдер мен жарияланымдардың авторлары тарихты қалай бұрмалайтынын көрсету үшін ғана келтірдік.
Қайталап айтамын: мүмкін, Жұмабек Тәшенов қазақ халқына адал қызмет еткен, республиканың аумақтық тұтастығы үшін аянбай күрескен керемет адам болған шығар. Алайда, оның есімінің айналасында мифтердің, тіпті ап-ашық өтіріктердің жүруі осы тарихи тұлғаны тиісінше бағалауға кедергі келтіреді.
Жандос АСЫЛБЕКОВ
«Әділет газеті», 25 ақпан, 2022 жыл