ЗАҢДЫ ТАЛАП ЕТКЕНІ ҮШІН ЗАҢСЫЗ ҚУДАЛАУ!

ЗАҢДЫ ТАЛАП ЕТКЕНІ ҮШІН ЗАҢСЫЗ ҚУДАЛАУ!

ҚАЗАҚ ТІЛІН ҚАЖЕТ ЕТПЕГЕНДЕРДІҢ ҚАЗАҚҚА ДА ҚАЖЕТІ ЖОҚ! 

1.“Қазақ тілінде сөйлей берсейші” дегені үшін Магнумнан жұмыстан шығарып жіберген Еркін ұлты қазақ!

Оған қарсы шығып, пост жазған Асылхан - қазақ!

Ал Асылханның постын аңдып отырып, алақайлап қуанып кетіп, Еркінді шұғыл космостық жылдамдықпен жұмыстан шығарған да - қазақ!

Сонда бұл жерде қандай ұлтаралық мәселе бар, қандай “нацистік” пиғыл бар? Жоқ! Бұл таза заңды талап ету мәселесі!

2.а)Еркін Асылханның қазақ екенін көргесін айтты “Қазақ тілінде сөйлей берсейші” деп. Ешқандай дөрекіліксіз! Егер оның орнында орыс не өзге ұлт өкілі болса, олай айтпайтыны анық еді.

ә). Еркіннің талап етіп отырғаны суахили немесе шүршіт тілі емес! Тәуелсіздік алғанына 34 жыл болған Қазақстан Республикасының Конституциясымен де, Тіл туралы заңымен де тайға таңба басқандай бекітілген МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІ!

Яғни, Еркін Қазақ Мемлекетінің Мемлекеттік тілін заңды түрде қорғап отыр!

Ендеше Магнум басшылығы оны жұмыстан қуудың орнына, алғыс жариялауы керек еді.

3.Ендеше заңсыздық жасап, Мемлекеттік тілді талап еткені үшін курьерді жұмыстан шығарған Магнумға қарсы дүр көтерілген халықтың қарсылығы - Мемлекеттік мүддені - Мемлекеттік тілді қолдауы және қорғауы деп білу керек!

Бұл жерде әр қазақ өзін қазақ тілін талап еткені үшін жұмыстан қуылған Еркіннің орнында сезініп отыр! Сондықтан да наразы! Бұл қазақы қанмен, жанмен келген қарсылықты ешкім баса алмайды! Басу үшін осы өте күрделі мәселені шешу керек! Шешу үшін Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдануы тиіс!

4.Ендеше, бұл заңды талап етуді “нацистік” деп бұрмалап, мемлекеттік тілін қорғаған азаматқа жала жауып, заңды бұзып отырған, “Долой нацизм”-деп, ұран тастап, елге іріткі салып, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіріп отырған видео үндеулер иесін және соны қолдаған, сол мағынадағы посттар таратқан іріткі салушыларды тиісті органдар Бас прокуратура, ҰҚК түгел жауапқа тарту керек!

5.Магнум енді не істеуі керек?

1).Қазақ Мемлекетінің Мемлекеттік тілін заңды түрде талап етіп, қорғағаны үшін Еркін курьерді заңсыздық жасап, жұмыстан шығарған, сөйтіп халықты дүр көтеріп, қарсы шығарған Магнумның директорын (?) жұмыстан шығару керек!

2).Қазақ мемлекетінің алдында Мемлекеттік тілге қарсы қарекет еткені үшін кешірім сұрауы керек.

3).Магнумда қазақ тілінің өркен жаюына қайрат жасайтынына сендіру керек!

Барлық жерде Мемлекеттік тілде сөйлеуіміз керек!

Қазыбек ИСА,

Қазақ үні