ІСТІ СҮЙСЕҢ МЕНШЕ СҮЙ
2025 ж. 08 сәуір
1924
0

«Бақыт – нағыз жұмысшының қолында!».
ЛЕОНАРДО ДА ВИНЧИ
Бесеудің бірі
Тоғызыншы сыныпты бітірген бес жеткіншек каникул кезіндегі өндірістік практиканы кеніш карьерлерінде өткізуді ұйғарған. Техникаға үйір елгезек балалар жаздай алып «БелАЗ» көлігіне кен тиеуші экскаватор машинистерінің тілалғыш қолқанаты бола білді.
Карьерден байыту фабрикасына жүк тасып жүрген қырық тонналық «БелАЗ» жүргізушісі Айтек Шортай жұмыстан ұлы Көбекпен бірге қайтатын. Баласының еңбекке икемді болып өсіп келе жатқаны әке жүрегіне қуаныш сезімін ұялататын-ды. Қайтар жолда ол баласының май жұққан жүзіне сүйсіне қарап, жымиып қоятын. Әке-шешесін қуантып, үлкендермен қатар еңбекке араласа бастаған ұлан да мұндай сәтте қанаттанып, шаршағанын ұмытып кетуші еді...
Ақыры карьерде жүрген бес жеткіншектің бесеуінің де сол жазда машинистік мамандықты ұнатып тынғаны белгілі болды.
– Экскаваторшы боламыз! Жеке машина аламыз! – десті олар бір ауыздан.
Бірақ бұлар үшін алғашқы бетте ол мамандықты игертіп шығаратын оқу орнының қай қалада екендігі беймәлім болатын.
Бесеуі өзара ақылдасты да, тілектерін Көбектің әкесіне айтқан. Ол кісі ата-аналармен, мұғалімдермен пікірлесе келіп, жеткіншектердің талабын қайтармау керек деп шешті. Дұрыс бағыт сілтеді.
Сөйтіп, бес талапкер құжаттарын салып алып, Қарағандыдағы кәсіптік-техникалық училищелерінің біріне аттанған.
Бесеуі де екі жылдан соң орта мектеп бітіргені жөніндегі аттестатпен қоса мамандық куәлігін алып шықты. Көбек Шортай өз жолдастары – Жүніс Сағынай және Мәтбек Базарбай үшеуі Шұбаркөлге келіп, еңбекке араласты. Қалған екі жігіт жүрек қалауымен өзге екпінді кұрылыс орындарына аттанған. (Кейінірек білгеніміздей, Көбек бауырымыздың ұлты ноғай екен. Аталары Қазақ еліне бұдан талай жыл бұрын баяғы Тың игеру кезеңінде Ресейден жолдамамен келіп, осында қалып қойған отбасы көрінеді).
Сенім жүгі – салмақты
Экскаваторшылық куәліктің көмегі тиді – Отан алдындағы қасиетті борышын өтеу үшін әскер қатарына шақырылған Көбек Шортайды бөлім қомандирі көп ойланбай, танк жүргізуші-механиктерін даярлайтын курсқа жіберген. Жас жауынгер училищеде алған білімінің бос кетпегенін білді. Ол әскери-техникалық даярлықта үнемі үздіктер қатарынан көрініп отырды. Мақтауға ілікті.
Ал әскер қатарында алған тәрбие азаматтық өмірде де көп көмегін тигізеді екен.
Армия қатарынан техника тілін жетік меңгеріп, ысылып қайтқан Көбек қайтадан экскаватор пультіне отырып, еңбекке араласқанда осыны аңғарды. Оның бойындағы тындырымдылық пен тәртіп, уақытты ұтқыр пайдаланушылық, істегі ұқыптылық пен батылдық қасиеттері сол әскер қатарында нығая түскендей екен.
Көбектің елдімекенді жылу және сумен қамтамасыз етуші мекемеде жұмыс істеп жүргеніне биыл он жылдан асты. Оның осы уақыт ішінде өзіне жүктелген тапсырманы шыңына жеткізіп орындамаған сәті кездеспепті. Біртоға, іскер жігіттің еңбекқорлығы ұжымда үнемі жоғары бағаланып отырды. Кеніш өміріндегі қоғамдық істерге белсене араласатын ол ұжым арасында үлкен ұйымдастырушылық қабілетімен де құрметке бөленген. Көбек Шортай кеніш басқармасындағы топ жетекшісінің орынбасары. Мекемедегі елгезек, тындырымды жанның әңгімесі көп көңіліне ұдайы жол тауып жатады.
Кейін партия қатарына қабылданған жұмысшы республикалық форумға делегат болып сайланды. Жауапкершілікті үнемі жіті сезінетін Көбек Шортайдың бұл сенімге кір келтірмейтіні анық.
«Күйеу бала»
Экскаваторшының өміріне қатысты мына бір жайтты ескерусіз қалдырсақ болмайтындай: оның келіншегі Әсем – қазақ қызы. Көбектің өзі:
– Мен бүкіл қазақ халқына күйеу баламын! – деп әзілдейді.
Жөн сұраса келе білдік, оның қайын жұрты Жезқазғанда екен.
– Жұмыста жүр едім, жігіттер аузының суы құрып, «Карьерде Алматыдағы политехникалық оқу орнын бітірген бір әдемі қыз жүр» – деп шулап келді. Басында аса мән бере қойған жоқ едім. Әсемді көргеннен кейін есім шығып қалды. Қарақат көз, қара торының сұлуы! Жасыратын не бар, шын ұнататынымды білдіру үшін талай сергелдеңге түстім. Қазақ тілін үйрену үшін де көп әурелендім. Өзім орыс мектебінде оқыған соң туған ноғай тіліне де шорқақтау едім. Көп тер төгілді ғой, несін айтасың! – дейді «күйеу баламыз» ағынан жарылып. – Көріп отырсың, жеңіске жеттік қой ақырында! Шынымды айтайын, Әсем арқылы қазақ халқына деген құрметім бұрынғыдан да арта түсті. Қысқасы, мен бақытымды осы қарапайым еңбегімнің айналасынан тапқан адаммын. Сол себепті кейде әріптестеріме: «Кәсібіңді менше сүй, сонда қор болмайсың!» деп қалжыңдап қоятыным да жоқ емес.
Қазір бұл отбасында Салтанат зәне Зарина деген үріп ауызға салғандай екі бүлдіршін өсіп келеді.
Біз Көбекпен қоштасарда:
– Жасай бер, күйеу жігіт! Қайын жұртыңның атына кір келтірме! – деп әзілдеп аттандық. Көңілде жылы әсер кетті.
Елжас МҰҚАШ,
Қарағанды облысы