Ерлан Қошанов: Республика күнінің халқымыз үшін тарихи маңызы зор
2024 ж. 23 қазан
1714
0
Қадірлі достар!
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне орай салтанатты жиында сөз сөйлеп, қазақстандықтарды ұлтымыздың ең ұлық мерекесімен құттықтады. Елімізге еңбегі сіңген бірқатар азаматтарға мемлекеттік наградалар табыс етті.
Бұл мерекенің халқымыз үшін тарихи маңызы зор. Осыдан 34 жыл бұрын Ел егемендігі туралы декларация қабылданды. Президент өз сөзінде осы күн қасиетті Тәуелсіздігіміздің бастауы болғанын атап өтті.
Декларация арқылы Қазақстан өзінің дербестігі мен аумақтық тұтастығын бүкіл әлемге жария етті. Халықаралық қатынастардың дербес субъектісіне айналып, сыртқы саясатты өз мүддесіне сай жүргізетінін батыл мәлімдеді. Осы мызғымас принциптерді бүгінге дейін берік ұстанып келеміз.
Біздің ендігі мақсатымыз – басты құндылығымыз – тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай қорғау, оны нығайту. Президентіміз қандай бастаманы қолға алса да, осы бұлжымас қағидадан айныған емес.
Әрине, өмірде жетістік те, қиындық қатар жүреді. Ел басына күн туып, түрлі сынақтар болуы да әбден мүмкін. Оны биылғы алапат су тасқыны кезінде көрдік. Бірақ мойымадық. Президентіміздің маңайына топтасып, бұл ауыртпалықты ел болып еңсердік.
Күні кеше өткен референдумда да халықтың ынтымақ-бірлігінің куәсі болдық. Президент айтқандай, халқымыз тағдыршешті сәттерде өрлеу жолын таңдайтынын көрсетті. Бұл – «түрлі көзқарас, біртұтас ұлт» қағидатының іс жүзінде орындалуы.
Соңғы жылдары Қасым-Жомарт Тоқаев қолға алған реформалар да жемісін беріп жатыр. Оларды да тұтас ұлт болып іске асырып келеміз.
Мұның барлығы – біздің ауызбірлігіміздің, тұтастығымыз бен тәуелсіздігіміздің арқасы. Іргелі ел болып қалыптасып жатқанымыздың нақты көрінісі. Біздің дұрыс жолда келе жатқанымыздың айқын дәлелі дер едім. Сондықтан біз осы алған бағытымыздан таймауымыз керек. Ол – Әділетті Қазақстан құру жолы.
Бүгін осы жолда қажырлы еңбек етіп, мемлекетіміздің дамуына өз үлесін қосып келе жатқан бір топ азаматты Президентіміз мемлекеттік наградалармен марапаттады. Экономика, ауыл шаруашылығы, білім, ғылым мен денсаулық сақтау, мәдениет саласының майталмандары, ауыл еңбеккерлері, бизнес өкілдері мен басқа да сала мамандарына құрмет көрсетілді.
Айтулы мереке – Республика күні ел күнтізбесінен ойып тұрып орын алды деуге болады. Бұл – мемлекетімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалардың нақты нәтижесі. Біз алдағы уақытта да осы қарқынды бәсеңдетпеуіміз керек. Мәжіліс депутаттары Президент бастамаларын әрі қарай да іске асыруға атсалыса береді.
Мереке құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Ерлан Қошанов,
ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы