ТҰЛҒА ТӘРБИЕЛЕГЕН ҰСТАЗ
2024 ж. 22 қазан
1388
0
Ұстаз-болмысынан тас тесетін су секілді. Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, оның ұшқыр қиялына қанат бітіретін, болашақ биіктерге самғауына берік тұғыр қалайтын осы ардақты ұлағат иесі емес пе? Ұлағатты ұстаз болып, есімі келер ұрпаққа үлгі болған, халқына адал қызмет ететін тұлғаларды тәрбиелеген ұлағатты ұстаздар қаншама. Бүгін қолыма қалам алуыма себеп болған, ой тербеткен осындай ұлағатты ұстаз, менің асыл Анашым.
Анам-Зұлпыхарқызы Аманкүл 1969 жылдан бастап «С.Қожанов атындағы №42 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 37 жыл бастауыш сынып мұғалімі болып зейнетке шыққан. Өзінің мол тәжірибесі мен терең білімімен қаншама жас ұрпақты тәрбиелеп, мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерді майталман бағбандай мәпелеп баулып, бойларына білім нәрін дарытып, сөйлеген сөзі мен парасаттылығымен шәкірттерінің жүрегіне жол таба білді.
«Ұстазы жақсының-ұстанымы жақсы» демекші, анамның шәкірттері бүгінгі таңда халқына қызмет етіп жатқан тұлғалар. Солардың бірі Шүкір Шахай. Ол еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан облысы Киров (қазіргі “Мақтаарал”) аудандық “Комунистік еңбек” газетінде фототілші болып бастаған. Одан кейін 1990 жылы республикалық ”Халық кеңесі” газеттерінің фототілшісі болды. 1990-1996 жылдары жалпыұлттық “Егемен Қазақстан” газетінде фототілші болып еңбек етті. Сондай-ақ республикалық “Жас алаш”, халықаралық “Түркістан” газетінде де жұмыс істеді. 2002 жылдан бері Қазақстан Республикасының Премьер-Министр Кеңсесі Баспасөз қызметінің Бас сарапшысы.
Оның еңбек жолында жеткен жетістіктері
Қазақстан Республикасының Президентінің Құрмет грамотасының (2013ж), “ҚҰРМЕТ” орденінің иегері (2018ж). “ Астанаға 10-жыл”, “ҚР Тәуелсіздігіне 20-жыл”, “Кониституцияға 20-жыл”, “ҚР Астана 20-жыл”, “ҚР Тәуелсіздігіне 25-жыл”, “Қазақстан Халық ассамблеясына 25-жыл”, “Егемен Қазақстан 100-жыл”, “Қазақстан Тәуелсіздігіне 30-жыл”, “ҚР Мемлекеттік Фелдерлік қызметке 30-жыл” медальдардың иегері. Қазахстан фотожурналистикасына сіңірген еңбегі үшін “ФОТОӨНЕР ҚАЙРАТКЕРІ ”
Міне, менің анамның шәкірттері осындай еліне қызмет етіп жүрген тұлғалар. Анам қаншама жас ұрпаққа саналы білім, өшпес тәрбие мектебі болып қалды. Қазіргі таңда, мен және жолдасым мен қыздарым анамның жолын басып ұстаздық етіп келеміз. Анамның ұлағатты өнегесі ұрпақтары мен өзі оқытқан шәкірттеріне дән болып егіліп, өсіп-өркендеп жатыр. Ұрпағыңыз, шәкірттеріңіз сізді ұмытпайды. Жәннаттың төрінде болыңыз, Анашым!
Асқар Жумадиллаев,
С.Қожанов атындағы №42 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің дене шынықтыру пәні мұғалімі