ҰЛТ ЖӘНЕ ҰЛЫ ТАҢДАУ
2024 ж. 12 қазан
2183
4
БАЛТА ҚАУІПТІ МЕ, АРА МА?..
Діттеген жеріміз – жарықтық Аққатын сайына жүк көлігімен оп-оңай жетіп алдық. Сайдың кіре берісінен бастап отын деген жетіп артылады. Ірі-ірі, пәленбай жылдық қара талдардың жерге құлаған қураған бұтақтарынан аяқ алып жүре алмайсың. Шетінен бұта да көлігіңнің қорабына лақтыра бер. Мен «ә» дегеннен солай ойлағанмын. Бірақ ағамның ойы басқаша болып шықты. «Сен немене, мына шашылып жатқан жіңішке, жақсаң жылуы жоқ, қағазға ұқсап лап етіп барып сөніп қалатын бұтақтарды жинап алып үйге жетіп бармақпысың, жоқ, болмайды, мына құлап жатқан, өзегі кепкен, жуан-жуан ағаштарды аламыз», деді. Шынында ағамдікі жөн еді. Тамырдан нәр алуын әлде қашан тоқтатқаны бар, діңінен ажырап құлағаны бар жуан ағаштар шіри қоймаған. Әбден кепкен ағаштар темірдей қатты. Жұмыс өнер емес. Үлкен белараны ала келуді ұмытып кетіппіз. Балтамен іс мандымады. Сілтеген балтаң қатты ағашқа тиіп «таңқ» етіп кейін серпіледі. Ең кішісі дегенің толық адамның беліндей келетін ағаштарды көлікке көтеріп салатындай жобада ықшамдап шабуға аз күш жұмсамадық. Қарымыз қарысты, өкпеміз өшті. Сол күні бұйырғанын алып кері қайттық та, ертесіне беларамен келіп кеше еңсере алмағанымызды оңай жайпадық. Жалпы, ағаш кескенде ара деген балтаға қарағанда тиімді ғой. Салған жеріңді қиып түседі. Асықпай, алаөкпе болмай «зың-зың-зың» еткізіп кесе бер. Нәтижелі. Араның аты ара ғой. Бүгінде моторлы ара деген қаптап кеткен, ол тіпті сұмдық. Жусатып тастайды. Содан бері балталыдан емес, аралыдан қорқамын...
Қазақ ұлты сандаған ғасыр бойы сырт мемлекеттер тарапынан мәдени-рухани экспансияға көп ұшырағанын айтып жатудың өзі артық. Арғысы араб-парсы әлемінің ықпалын айтпағанда, соңғы үш ғасырда, оның ішінде, әсіресе, кеңес одағы кезеңінде рухани-мәдени озбырлықтың салмағы ұлтымыздың төс табанын жерге тигізді. Өкініштісі сол, осынау экспансия бүгінде өңін айналдыра, өзін жағымды ретінде көрсете дегенін жасап-ақ жатыр. Бір қызығы біз оған өз еркімізбен тұтылып, оның қаупін ескермей, қызықтап, жынды көбелекше ессіздікпен жалынына арандап жатырмыз.
Тәуелсіздік жылдарында қазақ қоғамы әлемге есігін тікелей айқара ашты да заманның, әлемнің жаңа талаптары мен заңдарының үдебарасынан шығу қамымен жүріп біржақтылыққа ұрынып, көптеген мәселеде олқылықтарға жол беріп алғандай. Осы тұста Шығыстың «Терезені ашсаң, саф ауамен бірге шаң-тозаң да кіреді» деген даналығы еріксіз еске түседі. Өзге әлемнің жақсылығының тасасында көзге оңайлықпен көріне қоймас жасығы мен жаманы да болатынын ескермедік. Осылайша қоғамымыздың өзегіне өзге әлемнің жегі құрты жанталаса түсіп, содан қазақтың мәдени-рухани өмірінде тың кедергілер жалын күдірейтіп шыға келді. Бұл қандай кедергілер, нендей мәселелер?
Кеңес одағының солақай саясатынан, бір ұлтты өзгелерден жоғары санау, оны теңдік әперуші халық деп асыра дәріптеу шараларынан пайда болған айбалта қазақ руханиятының, аса бағалы құндылықтарының тамырына аяусыз сілтенді. Бұл балта үздіксіз сілтенсе де қазақтың тамырын, беломыртқасын мүлде қиып түсіре алмады. Өйткені, оған іштей қарсылығымыз оянып, содан азда болса ұлттық имунитет пайда болды. Балта жаралаған жеріміздің біразы жазылып та қалды. Бүгінде әлгі балтаның жүзі бұрынғыдай емес, кертіліп, аздап майырылды, оның үстіне оған қарсы ұлттық, қоғамдық іс-қимылдар біршама қолға алынды. Жағдай осылай қалыптаса бастағанда өзін жау емес дос ретінде көрсете білер тағы бір тарап –майлы ішектей айналдырып алып тырп еткізбес аралы жау қылаң беріп, олар атырабымызда өрісін жедел әрі тиімді кеңейте түсті. Қоғамымызда демократияны дамытамыз деп күлшелерін (гранттарын) тықпыштап, азын-аулақ қаржысымен сүйкімді көрініп, өзін құтқарушыдай көрсете білер сабаздарың еркінсіп кеткендей. Біз оларды дос көріп, құлдық ұра жылы шыраймен қабылдап жатырмыз. Шынында бұлар бізге дос па?..
Басымызға өзгенің ноқтасын кимесек өмір сүре алмайтындай ұлтқа айналғандаймыз. Біреудің ноқтасынан басымызды шығарар-шығармас тағы біреудің темір құрсауына мойынымызды сұққыштап әуреміз. Көпке танымал «Қошқар мен теке» деген анимациялық фильміндегі теке мен қошқар сияқтымыз. Әлгі жануарлар қожайынының қорасын қапас көріп еркіндікке ұмтылмай ма. Қорадан қашып шығып бостандық алаңына аяқ басқанда алдынан жарқырап көрінген кеңістіктің түні, азуын ақситқан қасқыры барын басына бұлт үйірілгенде бір-ақ білген теке мен қошқар байғұс әрең дегенде аман қалады. Теке мен қошқар әлгі оқиғадан кейін ғана өздерінің бұрынғы тіршілігінің қадірін түсінеді. Сондықтан біз де әлемдік кеңістікке көзсіз, ойсыз ұмтыла бермей, ұлтымыздың болашаққа өзімен бірге алып баруға тиіс болмысына нұқсан келтірер қауіп-қатерлерді ескеріп, жөнсіз қадам жасамауымыз керек-ақ.
Солтүстіктегі көршіміздің бүгінде жүзі майырылған, сілтенуі әлсіз балтасынан мойынымызды алып, америкалық, батысеуропалық өте өткір араның астына өз еркімізбен қойып жатқандаймыз... Америка, Батыс Еуропа, түкпір-шығыс елдері сапалы да озық технологиясымен, қоғамдарындағы күнкөріс деңгейінің жоғарылығымен (бұл арада кейбір араб дәулеттері де бар) біздің алдымызда беделі зор. Олардың осынау артықшылықтарына көзсіз қызығып, табынып, «шаң-тозаңдарын» да құмарлана жұтып жүргеніміз өтірік пе?..
Рас, орыс әлемінен аз зардап шеккеніміз жоқ. Бірақ біз осы әлемде көптеген қиындық көрсек те ұлт ретінде сақталып қалдық, сондай-ақ болашаққа деген сеніміміз өшпеді. Бүгінде әлі аталған әлемнің ықпалынан шыға алмай жүрсек те шынайы мүмкіндіктер сағаты соғып тұр. Олай болса, бір шұңқырдан шығар-шықпастан қайтадан екінші бір таныс-бейтаныс тұңғиықтың тереңіне құлауға неге құмартамыз? Оған бір түссек қайта бас көтеріп шыға аламыз ба? Қайдам, ол бір араны ашылған, бір жұтқанын жұтқыншағынан кері шығармас алпауыт әлем ғой.
Түсінеміз, қужақтың қанды шеңгеліне арандап, одан үлкен шығынмен зорға құтылғанымызға құлдығымыз асып, елімізге басшы болып келген, бір бармағы бүгулі Мирзоянды «Мырзажан» деп еркелеткен аңғал қазақпыз... Қандай қапасқа қамалсақ та бәрібір, әйтеуір тасыраңдаған орыс әлемінен құтылсақ болды деп біржақты келте ойлау бізге опа бере ме? Одан да, сесі болғанымен алаң көңіл, қауқары азайған белгілі көршіміздің жылуы жоқ, жыртық-жыртық, жамау-жамау шекпенін ақырындап ысырып тастап, өз қазанымызда қайнап, қоң жинап, бұрынғы импералистік рух пен сана-сезімімізді оятып алып барып әлемдік кеңістіктегі қым-қуат бәсекеде бақ сынағанымыз әлдеқайда маңызды емес пе?
Құдайға шүкір, қазақ үшін бүгінде «Қайда барсаң да Қорқыттың көрі» дейтін заман жоқ. Бірақ бір көрден шығып екінші көрге түсудің де қажеті шамалы.
Ағылшын тіліне жаппай құлдық ұру – қауіптің нақ өзі
Америкалықтар мен батысеуропалықтардың біздің тамырымызды байқатпай, шошытпай кесе бастаған беларасының тоқтаусыз әрі мүлтіксіз жұмыс істеуіне кейбір жағдайда өзіміз болысып отырмыз. Басқасын айтпай-ақ, бір ғана мәселеге тоқталайық. Ол – ағылшын тілін білуге деген қажеттіліктің шамадан тыс артып кеткені. Басқасын білмейміз, кезінде Қазақстанда орыс тілін білуге деген қажеттілік өте жоғары деңгейде қалыптастырылды да, оны білмегенге қоғамнан лайықты орын болмады. Осыдан келіп орысшаң жоқ болса «адам болмайсың» деген ұғым берік орнады. Көп қазақтың тілі орысша шықты. Бірақ қазақ зиялылары, қазақ әдебиеті, қазақ баспасөзі, қазақ теле-радиосы ана тілімізге деген адалдығын сақтап, көп қолданылатын, баршаға ортақ сөзге айналып бара жатқан орысша сөздерді тезге салып, қазақша аудармасын, жаңа сөздер ұсынып, мағынасын дәл беріп жанталаса күресті. Соның нәтижесінде ана тіліміз өз биігінде қалды. Ал қазір ше? Бүгінде орыс тілінің кезіндегі үстемдігі мысалына ұқсас кепті киіп отырмыз. Енді ағылшынша білмесең «адам болмайсың» деген ұғым қоғамда берік орнығып алды. Ағылшын тілін білуге деген құлшынысымыз зор. Мұнымызға уәжіміз мықты – әлемдік көшке ілесудің, озық технологияны меңгерудің сенімді де төте жолы – ағылшын тілін білу. Бұған қарсы пікір айту ақымақтық деп саналатындай деңгейге жеттік. Ағылшынша үйренудің қажеттілігін атқарушы билік, қоғам айқайлап айтып тұр. Ата-аналар балаларына бесікте жатқан кезінен әлгі үстем де менмен тілді меңгертуге ден қойған. Қазір байқала қоймайды, мұның «жемісін» таяу жылдарда көре бастаймыз. Орыс тілді қазақтың бетін бері бұра алмай жүргенде ағылшын тілді қазақты өзіміз қаптатқалы отырмыз. Бұл деген ана тіліміздің болашағына, әлеуетіне сенбеуді, Қазақ елінің келешегін қазақ тілімен байланыстыра қарастыру ниетіміздің жоқтығын көрсетпей ме?
Ағылшын тіліне деген құлдығымыз асқынып тұрғаны соншалықты, дәрістерін тек осы тілде жүргізетін жекеменшік мектептер, лицейлер, тіпті университеттер құлашын кеңге жайып келеді. Кейбір университеттер үйрететін мамандығының түріне қарап талапкерді ағылшын тілін білетін болса ғана қабылдайды. Бұл арада бізге біраз мәселе түсініксіз болар, бірақ өз елінде ана тілінде жоғары білім ала алмау, мамандық игере алмау қисынға келмейтін сияқты. Бұл қалыптасқан жағдайды жөнге келтіруге, «өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын» жағдайды ойластыруға ниетіміз жоқ. Ең қауіптісі осы. Міне, аралы жаудың бір күзірі. Осылайша, «ақымақ болсаң да ағылшынша білсең орның төрде» деген заман орнап қалды.
Ана тілін білмейтін баласы үшін ұялмайтын, ағылшын тілінде сайрайтын перзентін мақтан ететін ата-аналар армиясының қатары қалың. Қазақтың ділі тілінде, оны сақтау жолында ағылшын тіліне деген қажеттілікті тым асқындырмай, оны бақылауда ұстау үлкен құрбандықты қажет етпейді.
Бүгінде қазақтың мойнына мінезсіздіктен мықтап мініп алған бір мехнат бар, ол – өзгемен сөйлесерде соның тілінде сөйлеу деген тәкаппар міндет.
Қазіргі таңда ана тіліміз ағылшын тілінен қыспақ көре бастады. Ағылшыншадан енген сөздер белең алып барады. Биік мінбелерде оқылатын баяндамаларда, әдебиетте, баспасөз бен ғаламтор желілерінде жарияланатын материалдарда, теле-радио өнімдерінде ағылшын тіліндегі сөздер өріп жүреді. Онлайн, оффлайн, тренд, стартап, флешмоб, кейс, хит, тембилдинг, челендж, респект, буллинг, пост, коуч, тренинг, таргетолог, медиатор, бизнессвумен, HR, репетитор, хакер, папарации, брокер, телесуфлер, инвестор, диллер, дистрюбьютор, фриланс, фрилансер, прайс-лист, стилист (стильші) копирайтер, модератор, супервайзер, веб-дизайнер, бармен, амбассадор, промоутер, дауншифтер, риэлтор, имиджмейкер, спикер, волонтер, кэш, кэшбэк, инвестиция, акция, биткоин, банкрот, гарант, дивиденд, бенефициар, бонус, нумеролог, бионика, регенерация, тағысын тағы жазсаң кете береді. Тілдік қолданысымызға еркін еніп кеткен жоғарыдағы біз мысал еткен бұл сөздер осы санаттағылардың шағын бір бөлігі ғана. Басқасын айтпағанда осының өзін санап көріңізші. Осынау кірме сөздерді қолданамыз деп қазақтың қаншама сөзі қуысқа тығылып, ысырылып қалып жатыр. Бұл деген үлкен қауіп. Қазақ тіліне деген қастандық. Жоғарыда келтірілгендерді ата-бабаларымыздан қалған сөздей қолданатын болып барамыз. Бұлардың қазақша аудармасы, мағынасы жоқ деуге сенгің келмейді. Бұл ана тіліміздің кең мүмкіндігіне күмәнмен қарау немесе ана тілімізді білмегендік, бәлкім менсінбегендік.
Кеңес кезінде орысша кірме сөздерге лайықты тосқауыл қоя білдік. Зиялы қауым, ғалымдар, ақын-жазушылар, журналистер бұл мәселеде үлкен жұмыстар атқарды, қазақша кітаптарда, газет-журналдарымыз бен теле-радиоларымызда осы тұрғыда ана тіліміздің абырой-беделі өз деңгейінде қорғады. Ал бүгінде атқарушы билік, зиялы қауым өкілдері, баспасөз, ғаламтор, әлеуметтік желілерде материалдар жариялайтын, теле-радиоларымызда хабар тарататын, бағдарламалар жүргізетін жамағат тіл тазалығына мән берудің орнына тілін бұрап, әлгі ағылшыншадан енген кірме сөздерді жарыса қолданып, онысын бедел, мақтаныш көріп жүргендей.
Кезінде Алаш зиялылары, сондай-ақ кеңестік кезеңдегі тұлғаларымыз кірме сөздерді «езеуретпей», аптығын басып, тезге сала білді. Басқасын айтпағанда, бір ғана А.Байтұрсынұлы орыс тілі терминдерінің ерекшеліктерін зерттеді, қазақ тілінің мүмкіндіктерін ұтымды пайдаланып, терминдер, жаңа сөздер жасады. Бұлардың қазақ тілінің бірқатар терминологиялық сөздігіне әлі күнге дейін өзгеріссіз қолданылады. Сол сияқты ана тілімізде психология, өсімдік шаруашылығы, геометрия, математика, география, педагогика салалары бойынша терминдер де оңтайлы қалыптастырылды. Айналып келгенде осынау жұмыстардың барлығы қазақ тілін ғылым тіліне айналдырудың қамы еді. Өйткені терминдер ана тілімізде қалыптаспаса ол ғылым тіліне айнала алмайтынын тұлғаларымыз жақсы білді. Осы орайда қазіргі кезде де тиісті жұмыстар атқарылып жатқанымен оның нұсқамаларын қоғам, БАҚ құлағына ілер емес. Талап етушілік болмай тұр.
Егер біз ағылшынша сөздердің ағынына қазірден бастап лайықты тосқауыл қоя алмасақ немесе оларды ана тіліміздің қорына сәтімен ендіре білмесек, ертең кеш болады. Дәлірегі, кірме сөздер мен атаулардың қазақ тіліндегі баламасын қолданып, тіліміздің заңдылығына орай өзгерте алсақ, осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесін, яғни жөн деп табылған қазақша баламаларды ақпараттық технология мүмкіндіктерін пайдалана отырып халық назарына сәтімен ұсынып отырсақ, ерлегеніміз.
Жалпы, жаңа сөздер тілдік қорымызды байыта түседі, бірақ олардың шамадан тыс көп болуы тіліміздің өзегін өзгертіп, табиғи қалпын бұзып жіберетінін ұғуымыз керек.
Ағылшын тілінің әлемдік деңгейдегі мүмкіндіктерін еліміздің ғылымы мен өзге де салаларын дамыту үшін кеңінен пайдаланамыз, әлемдік бәсекеде бәсімізді жоғары ұстау үшін ағылшын тілді ұлт боламыз деп жүріп ана тілімізді өз шыңынан құлатып алып жүрмейік. Бұл орны толмас, қайта түзелмес қателік болар еді.
Осындайда Мұстафа Кемал Ататүріктің жасампаз ісі еріксіз еске түседі. Түркия Республикасын құрып, оның тізгінін ұстаған Мұстафа Кемал түрік тілінің тазалығын сақтауды, қорғауды ұлтына қызмет етудің ең басты өлшемі ретінде қарастырды. Ол ел тізгінін ұстаған алғашқы жылдардан бастап түрік тілін араб, парсы тілдерінің ықпалынан шығару үшін барын салды. Сол кезеңдерде Ататүріктің Түркияны дамыту мақсатында құрған ұйымдардың ішіндегі алғашқысы әрі ең беделдісі «Түрік тіл» қоғамы болды. Осы күнге дейін жұмыс істеп тұрған бұл ұйым түрік тілін араб, парсы элементтерінен тазартты. Бүгінде түркиялықтар Ататүріктің халқына арнаған ерлікті еңбектерін айтқанда оның түрік тілінің тазалығы үшін атқарған еңбегін ең алдымен әрі мақтанышпен айтады. Бұдан біз ұлт тілін сақтау, қорғау, мәртебесін көтеру жолындағы еңбекке ештеңе жете қоймайтынын ұғамыз. «Ұлттық сезім мен тіл арасындағы байланыс өте күшті. Тілдің ұлттық деңгейде және бай болуы – ұлттық сезімнің дамуына әсер ететін басты құбылыс. Түрік тілі – ең бай тілдердің бірі. Оның тек саналы түрде қолданылғаны ләзім. Елін, мәртебелі тәуелсіздігін қорғай білген түрік ұлты тілін де шет тілдердің мойынтұрығынан құтқаруға тиіс», дейді Ататүрік.
Ататүрік айтқандай, біз де ана тілімізді шет тілдердің мойынтұрығынан құтқаруымыз керек. «...Тілімізді тұйыққа тіреген екенбіз. Тілді мұндай тұйықта тастауға бола ма? Жоқ! Біз енді бәрінен бұрын оны құтқаруды ойластырайық!» дейді көреген тұлға. Сондай-ақ ол: «Жаңа сөздер ұсынуымызға болады. Бұл бағытта табанды түрде жұмыс істеуіміз керек. Бірақ біз оларды түрік тілінің кемелденуі жолындағы қозғалысқа бағындыруымыз қажет», деп жол көрсетеді. Міне, бізге де дәл қазір осындай шешімтал, мінезді іс-қимыл керек.
Біз жоғарыда америкалық, батысеуропалық белара жөнінде босқа сөз қозғап отырғанымыз жоқ. Өйткені, басқа экспансияларды айтпағанда осы ағылшын тілі ықпалының өзімен-ақ олардың беларасына, бәлкім моторлы арасына туралып кету қаупінің алдында тұрмыз. Тіпті, ағылшын тілін сыртқы күштің қолындағы бізді турап тастауға арналған құрал – жүзі өткір белара деп те сипаттауға болар, бәлкім.
Кириллицаның «айыбы» не?
Тағы бір ерекше тоқтала кететін жайт, латын әліпбиіне өту мәселесі. Кейінгі жылдары кириллицадан латын әліпбиіне көшу мәселесі біршама қозғалды. Бұл ниетімізден әлі қайта қойған жоқпыз. Негізінен, латын әліпбиіне өту қазақ тілін ағылшын тілінің тезіне салып берумен бірдей. Ататүрік түрікшені араб, парсы тілдерінің ықпалынан шығару үшін өз елінде латын жазуына негізделген жаңа әліпби енгізді. Бұл өзін-өзі ақтады. Ал біз қазіргі кезде араб-парсы тілінің емес, ағылшын тілінің құрсауынан сақтану, қорғану мәселесімен бетпе-бет тұрмыз. Сондықтан латын әліпбиінен бойымызды аулақ салғанымыз абзал.
Бізге латын әліпбиіне көшуге байланысты айтылып жүрген себептер ұлттық деңгейде соншалықты маңызы жоқ. Бұл себептер қазақ тілін ағылшыншаның ықпалында қалдырмау ісінің жанында түк те емес. «Латын әліпбиіне көшудің негізгі себептерінің бірі – орыс әлемінен ірге ажыратып, түркітілдес елдермен жақындаса түсу» деген пікір айтылады. Алайда аталған себептерді қазақ тілінің келешегінің жолында кедергі етпеуіміз керек.
Біз кириллицадан жамандық көргеніміз жоқ. Осы әліпбимен заманауи қазақ әдебиеті ұлтымызға жоғары деңгейде ұсынылды, көптеген көне мұрамыз осы қаріп түріне көшірілді. Бар бағалы құндылықтарымыздың мазмұнын осы қаріппен біліп, насихаттап келеміз. Қасиетті Құранмен, Абай шығармаларымен, «Абай жолымен» осы кириллица арқылы таныстық. Кириллицаның біздің алдымызда бір ғана «айыбы» бар, ол – бұл әліпбидің орыс әлемінде қолданылуы, сондай-ақ, кезінде солақай саясаттың салқынымен, кеңестік идеологияның тікелей пәрменімен, бұйрық-жарлықпен енгізілгені. Басқа ешқандай «айыбы» жоқ. Бұл «айыбы» үшін кириллицадан ат-тонымызды ала қашу әбестік әрі өзіміз үшін қолайсыз болар еді.
Қазақ «Өзіңе өзің берік бол, көршіңді ұры тұтпа» дейді. Осы мән-мағынасы өте терең, даналықты мәтелді алға тарта сөйлесек, орыс әлемінен кету ұлттық ең басты мақсатымыз болмауға тиіс. Онсыз да балтасы майырылған, рухани-мәдени тұрғыдағы шекпені жыртық-жыртық, жандалбасалаған бұл әлеммен бәсекелесуге мүмкіндігіміз де бар. Соншалықты қауіпті алаң емес. Кириллица дамуымызға анау айтты кедергі болмайды. Тіпті, кириллицаның қазақ әлемін өзгеден ерекшелейтін, басқаға ұқсап кетпеуімізге, өз қазанымызда қайнауымызға мүмкіндік беретін бір құрал екенін түсінуіміз керек. Қолымыздағы осынау мүмкіндіктен, қолданыстағы дүниемізден безіп береке таппаймыз. Бүкіл әлем латын қарпіне көшіп кетсе де грузиндар сияқты өзіміздің ерекше әліпбиімізбен қала бергеніміз жөн. Кириллица қазақтың төл әліпбиіне айналып кеткенін мойындайтын да кез жеткендей.
Қалай десек те, балталы көршіден аралы тараптың сынағы оңай болмайды. Аралы жау қазірден бастап дегенін істей бастады. Оған бір тұтылсаң әрі қарай жұтыласың. Оның тұңғиығынан қайта шығу..., әй, қайдам.
Біз байқай бермейміз, шын мәнінде ұлтымыздың алдында ұлы таңдау тұр. Дұрыс таңдау жасау – үлкен сын. Тәңіріміз қазақты өзінің ақ жолына түсіргей. Ұлтымыздың бүгіні мен болашағын өзгенің емес өз таразымызға салайық.
Біздікі өзіміздің көзқарасымызды білдіру. Ой-пікірлеріміз халқымыздың қажетіне жарап жатса, құба-құп.
Жолдыбай БАЗАР,
Қазақ үні