АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН АБЫЗ
2024 ж. 05 қазан
1659
0
Биыл 2024 жылы 27 қыркүйекте Ақтау қаласында қазақ әдебиетінің классигі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының 85 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған қаламгерлер мен қайраткерлер, ғалымдар, ұлт зиялылары қатысты.
ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың құттықтау сөзін оқып беріп, Әбіш Кекілбайұлы туралы кеңінен толғады.
Әйгілі тарлан тұлғамыз Асанәлі Әшімов құттықтау сөзін айтты.
Жиынды Маңғыстау облысы әкімі Нұрдәулет Қилыбай жүргізіп отырды.
Пленарлық мәжілісте негізгі баяндамалар жасағандар - ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Омаров, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасы, жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мереке Құлкенов, М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас директоры, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Кенжехан Матыжанов, мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сауытбек Абдрахманов, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма хатшысы, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса, философия ғылымдарының докторы, Түркиядағы Кастамону университетінің профессоры Орхан Сөйлемез, техника ғылымдарының докторы, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Еділ Жаңбыршин, ТүркСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы, Қырғызстанның халық жазушысы Сұлтан Раев,
Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры, Ұлттық Құрылтай мүшесі, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрімбек Құрманәлиев,
ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, “Қазақ газеттері” ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанбибі Дүйсенбаева және тағы басқалар.
Конференция түстен кейін Әбіш Кекілбайұлының шығармашылығы мен қайраткерлігіне арналған әр тақырыптағы секциялар отырыстарына жалғасты.
Біз бүгін ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма хатшысы, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Исаның сөзін жариялап отырмыз.
АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН АБЫЗ
Қадірлі ағайындар!
Асты да, үсті де асыл қазыналы қасиетті Маңғыстаудағы 362 әулиені өткен ғасырдың аяғында 363 әулие деп атай бастағанда, соңғы қосылған әулие Алаштың абызы атанған Әбіш ағамыз екенінде ешкімнің де күмәні болған жоқ!
Телегей терең білімі теңіздей толқытып, шалқар шабыты шалқытып жүретін көкірегі көмбе алтын Әбіш ағамыздың тұлғасы жыл өткен сайын асқақтай беретіні анық. Бұл туралы жаңа сөйлеген ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Жақанұлы: “Таулар алыстаған сайын биіктей береді” деген қанатты сөз бар ғой. Бірақ Әбекең сол кездің өзінде асқар тау болды, биік, заңғар шың болып көрінетін”-деп, кестелі сөзінде жазушының асқақ тұлғасын дәл бейнелеп берді. Маңғаз Маңғыстаудан басталған мерейтой астаналарда, әр өлкеде жалғаса беретіні анық.
Қасиетті Пір Бекет атаға бара жатқанда, жолдағы киелі Шопан ата кесенесінің тас қабырғасына осыдан жеті жыл бұрын жазылған: “Өмір-жалған, жазу - мәңгі”-деген сөздің шындығын Әбіш Кекілбайұлының жауһар шығармалары да дәлелдеп тұр.
1.ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІНЕ МӘҢГҮРТ ОБРАЗЫН ӘКЕЛГЕН ЖАЗУШЫ
Әбіш Кекілбайұлының 1968 жылы шыққан «Дала балладалары» керемет жинағындағы ғажап жазылған «Күй» хикаятындағы Мәңгүрт образы қазақ жазушысының әлем әдебиетіне әкелген зор жаңалығы. Бірақ Мәңгүрт образы Әбіш Кекілбайұлының бұл шығармасынан 12 жылдан кейін 1980 жылы шыққан «Адамзаттың Айтматовы» атанған Шыңғыс шығармасы («Ғасырдан да ұзақ күн» романы) арқылы көп таралғаны белгілі. Бұл Әбіш шығармаларының әлемге кең танылуына оның шұрайлы да құнарлы бай тілімен, көркемдік қуатына өзге тілдердің аударма қуатының жете бермегені кедергі болғаны анық.
Дана жазушымыз XVIII ғасырдағы тарихи оқиғалар арқылы жасаған мәңгүрт образы арқылы да бүгінгі қоғамдағы ана тілі мен ұлттық мүддесіне қарсы шабуыл жасап, ұлттық жадын жоғалтқандар бейнесін меңзегені анық. Содан бері қазақ қоғамындағы тілін ұмытып, ділін жоғалтқандар мәңгүрт аталып келеді. Бұл көркем шығарманың қоғамға әсерін көрсетсе керек.
Яғни, қорыта айтқанда әлем әдебиетіне мәңгүрт образын енгізіп, қоғамдық айналымға кіргізген Әбіш Кекілбайұлы.
2.АЛАШ АРЫСТАРЫНЫҢ ІСІН ЖАЛҒАСТЫРУШЫ
Еліміз Тәуелсіздік алғасын Әбіш Кекілбайұлы ҚР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, еліміздің тұңғыш Мемлекеттік хатшысы секілді мемлекеттік жоғары лауазымды қызметтер атқарса да қолынан қаламы түскен жоқ.
Иә, ширек ғасыр мемлекеттік қызметте болыпты. Аты аңызға айналған алып жазушымыз өмірден өткенде, «Егер Әбіш Кекілбайұлы көп жыл мемлекеттік қызметтер атқармаса, шырайлы шығармалары бұдан да көп болар еді...» деген өкініш те айтылып қалды. Жаңа сөйлеген сөзінде тарланымыз Асанәлі Әшімов те бұл туралы өзі де кезінде Әбекеңе айтқанын келтіріп кетті. Бірақ бұған қазақ әдебиетінің классигі көзі тірісінде өзі жауап беріп кеткен еді:
"Мен өз басым әдебиеттен ешқайда кеткен жоқпын деп ойлаймын. Өйткені қолымнан әліқаламым түскен жоқ. Ал саясатқа келетінболсақ, саясат маған ешқашан жат болып көрген жоқ. Менің бүкіл шығармаларымның негізгі тақырыбы біреу-ақ болатын – ол халықтың тағдыры. Мен әдебиетші болмасам, саясатқа келмес ем. Суреткер болмасам, күрескер де болмас ем. Бұрын суреткер ретінде толғандырған мәселелер – мені азамат ретінде де толғандырып жүрген мәселелер еді. Қиял арқылы шешіп келген мәселелерге нақты өмірде тікелей атсалысуға мүмкіндік туып тұрса, одан қалайша бас тартамын?" деген еді...
Әбіш Кекілбайұлының Ел тәуелсіздік алып, азат мемлекеттің құрылысы жасалып жатқанда, «елдің саяси майданында шаруасы жоқ жазушыдай» сырттап қалмай, сарабдал саясаткерлік, қарымды қайраткерлік танытуы – осыдан бір ғасырдай бұрынғы қазақ қаламгерлерінің, мысалы Алаш арыстарының Азаттық жолында саясат пен қоғамдағы, халық ағартудағы алапат еңбектерінің жарқын жалғасы еді. Парламенттегі ұлттық мүдде үшін, мемлекеттік тіл үшін күрестерде Әбіш Кекілбайұлының алып тұлғасы, терең білімі мен салмақты саясаткерлігі, ең бастысы қанымен біткен ұлтшылдығы үлкен рөл атқарғаны анық. Мысалы, 1991 жылы тәуелсіздік алу талабы мен мемлекеттік тілімізге тас лақтырған парламенттегі Тамара Жаворонкова бастаған депутаттардың кедергілерін темірдей тегеурінді дәлелдерімен тас-талқан еткені белгілі. Бұл туралы белгілі қаламгер, мемлекет қайраткері Сауытбек Әбдірамановтың “Абыз Әбіш” кітабында жеткілікті баяндалады.
3.ЖАЗУШЫ ӨМІРІНЕ ӘСЕР ЕТКЕН НАРТҰЛҒА
Әбіш Кекілбай өз тағдырына әсер еткен үлкен тұлғалар туралы үнемі айтып жүретін. Мысалы, еліміздің ең қиын кезеңінде, екінші дүниежүзілік соғысы кезінде 1938-1951 жылдары 13 жыл үкімет басқарып, ел экономикасы мен мәдениетін көтеріп кеткен біртуар мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасынов туралы жазушы Шойбек Орынбайға берген сұхбатында ыстық ықыласпен еске алады.
–Нұртас Оңдасынов – өз өмірімен өлмес із қалдырған аса үлкен мемлекет қайраткері. Республикамыздың көгеріп-көркеюіне ондай қалтқысыз еңбек еткен тұлға кем де кем. Ұзақ жыл үкімет басындағы қажыр-қайраты аңызға айналған. Қызметі төмендеген сайын абыройы аспандай түскен. Мың тоғыз жүз елу жетінші жылы мектеп бітірдік… «Ауылымызда қалып, мал бағамыз деп, бүкіл облысқа үндеу тастаңыз», деген қолқа миымызды күні-түні жегі құрттай жеп болды. Ақыры көндік. Аттестаттарымызды аудандық оқу бөлімі сейфінде сақтады.
Сөйтіп, жүргенде обком басшысы өзгерді. Нұртас Оңдасынов келді. Бірінші өткізген бюро мәжілісінде біздің үндеуіміз де қаралыпты. «Мал болса, малшы табылады. Бізде оқыған мамандар жетпейді. Балаларды жолдарынан қалдырмаңдар. Оқуларына барсын», депті.
Бұл үшін ол «Ленинская смена» газетінде қатты сыналды.
Арада көп жылдар өтті. Бір күні жұмыста отырғанымда есігімді серпіп ашып, біреу кіріп келді. «Сен осы 1957 жылы Маңғыстауда мектеп бітірген Кекілбаевсың ба? Айналайын-ай, сол жылы оқуыңнан қалып қойсаң, сенен бүгінде кім шығарын кім біліпті? Мен сендерді оқуға жіберткізген Нұртас Оңдасынов деген ағаңмын ғой» деп, қолтығына қыстыра келген «Үркер» деген кітабыма автограф жазғызып алды. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа жолығып, кетіп барады екен. Маған кіре шығыпты.»-деп, жоғары бағасын береді.
Қылышынан қан тамып тұрған кеңес империясының қазақ жастарын жоғары білім алуға қалаға жолатпай, қойшылықтан шығармау туралы «Шұбартаулық жастар бастамасы» сияқты жымысқы саясатына батыл қарсы шыққан, Қазақстанның батыс өлкесіне көз алартқан Кремльге кедергі жасаған Нұртас Оңдасыновтай нартұлға өмірінен өтерде өзі зейнетке шыққасын Мәскеуде өткізген өмірінде ұзақ жыл зерттеп, жазған қазақша-арабша сөздігін Қазақстандағы Әбіш Кекілбайұлына беріп жібергенде «ет жүрегім езіліп кетті» деп еске алады жазушы ағамыз.
Қолына таяқ ұстап, қой бағуға далаға кеткелі тұрған бала Әбішті қолына қалам ұстатып, ой бағуға қалаға жіберіп, дана Әбішке айналуына зор үлес қосқан Нұртас Оңдасыновтың өзінің туғанына да биыл 120 жыл толып отыр. Ал бес жылдан кейін мерейлі 125 жылдығы. Бұл биыл парламенттің бір топ депутаты депутаттық сауал жасаса да, ешқандай елеп-ескеріп жатпаған, қимылдауы қиын біздің үкіметке бес жыл бұрын ескертіп жатқанымыз…
4. «АҢЫЗДЫҢ АҚЫРЫ» - АБЫЗДЫҢ АҚЫРЫ
Осыдан 7 жыл бұрын 2017 жылы Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада қазіргі Қазақстанның халық жазушысы Смағұл Елубайдың 70 жылдық мерейтойлық шығармашылық кешін жүргізгенімде қаламгердің түрік тілінде басылған елге белгілі «Ақ боз үй» романы мен Әбіш Кекілбайдың әйгілі «Аңыздың ақыры» романының ағылшынша аударылған кітабының тұсаукесерін жасаған едік.
Шығармалары әлемнің 16 тіліне аударылған жазушының ең көп аударылған шығармасының бірі - «Аңыздың ақыры» тарихи, философиялық-психологиялық күрделі романы.
Ұлы даланың ұлы суреткері Әбіш Кекілбайұлы «Дала балладаларындай» дара шығармаларын жазып, ел тарихының «Елең-алаңын» көркем суреттеген «Үркердей» жарық жұлдызды туынды тудырған, ой әлемінің «Шыңыраудай» тереңдігін көрсетіп, атақты “Аңыздың ақырын” жазып, өзі де Абыздың ақыры болып қалды! Яғни, кең даласындай кемел, телегей теңізіндей терең, асқар тауларындай асқақ биік, заманымыздың заңғары, ХХ ғасырдағы әлемнің даңқты қаламгерлері қатарына кірген жазушы шығармалары қазақ әдебиетінің асыл қазынасы ретінде қазақ халқымен бірге мәңгі жасай береді.
***
Қазыбек ИСА, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма хатшысы, Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлық – «Алтын Күз» ордені иегері, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты.
“Қазақ үні” газеті