АЛЫПТАРДЫҢ АЛЫБЫ - АЗАМАТ МАҚҰЛБЕК АЛТЫН МЕДАЛЬ ЖЕҢІП АЛДЫ
2024 ж. 13 қыркүйек
1846
0
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде V Дүниежүзілік Көшпенділер ойынындағы “Алыптар айқасының” чемпионы Азамат Мақұлбекті қабылдап, қолымыздан келген сый-сияпатты жасадық.
Азамат пен “Толағай - алыптар айқасы” көпсайысының басшысы, түйе көтеріп, темірден түйін түйген Темір Сыпатай екеуі Дүниежүзілік Көшпенділер ойынындағы “Алыптар айқасының” қалай өткенін қысқаша әңгімелеп берді.
Әлемнің 18 елінен келген, алды 180-170 кг келетін атан түйедей апайтөс алыптар алғашында 110 килолық қазақ Азаматты менсіне қоймайды. Ақырында өгіз көтеру, тас көтеру, бөрене көтеру секілді көпсайыстың ең ауыр түрлерінен бірінші орын алған Азамат
көпсайыс қорытындысы бойынша 184 ұпай жинап, алыптардың өзін таңғалдырып, алтын медальды жеңіп алды. Екінші орын алған Иран балуаны Резаның ұпайы 182 болды. Салмағы 170 кг болатын алып балуан әлемдік рейтингте бірінші болып тұрған атанжілік апайтөс! Үшінші орын 107 ұпаймен Ресей балуаны Дениске бұйырды. Салмағы ең үлкен 180 килолық Кипрдің алапат алып балуаны Илия 84 ұпаймен 6 орынды қанағат тұтты.
Тағы бір айтарымыз, Темір Сыпатай балуанымыз бастамашы болып жүрген “Толағай-Алыптар айқасын” Көшпенділер ойынына қосуға сол кездегі Спорт министрі Ермек Маржықпаевқа айтып жүріп, өзіміз үлес қосып едік. Елімізге 18 елден алыптар келіп, дүрілдеген сайыс өтті. 180 килолық алыптар келгенде көпсайыстан алтынды Түркістан облысының баһадүрі Азамат Мақұлбек жеңіп алғаны керемет болды!
Айтпақшы, 2023 жылы 7 шілдеде елордамыздың 25 жылдығына арналған “ТОЛАҒАЙ - АЛЫПТАР САЙЫСЫ” атты Астана алаңында өткен, түйе көтеріп, темір илеген Темір Сыпатайдың сайыпқыран сарбаздарының ғажайып өнерін тамашалаған едік.
Кешегі қазақты әлемге танытқан Алаштың аттары аңызға айналған балуандары Қажымұқан, Балуан Шолақтардың ізбасарлары бүгін де ортамызда жүргеніне көз жеткізіп, алып күштің алапат көріністеріне куә болғанбыз.
Осы алпауыттардың алапат сайыстарында да ең жоғары ұпай жинаған Түркістан облысы, Арыс ауданының алып батыры Азамат Мақұлбек жеңімпаз атанған еді.
Елдің еңсесін көтеріп, қайрат пен жігер сыйлайтын осындай Алаш алыптарының аламанын Ұлттық спортымыздың бір саласы ретінде тіркеп, мемлекеттік қолдау жасауымыз керек.
Біз бүгін Дүниежүзілік Көшпенділер ойынындағы “Алыптар сайысында”
“Алыптардың алыбы” атанып, алтын медальды жеңіп алған Азамат Мақұлбектің апайтөсіне “Алаштың алтын медалын” тағып, қазақтың дәстүрімен иығына шапан жаптық.
Жыр кітабымды сыйлап:
“Сайысқа бұл қатысса да сан ұлт та,
Жеңісіңді арнадың сен халыққа!
Қажымұқан жолын жақсы жалғай бер,
Айнала бер Алпамыстай алыпқа!” деп қолтаңба жазып бердім.
“Толағай - алыптар айқасы” көпсайысының басшысы, алыптардың ағасы Темір Сыпатай да Алаштың алтын медалымен марапатталды.
Ұлттық спортты, әдебиет пен өнерді қолдап келе жатқан “Ақ жол” партиясы 2020 жылы Қазақ Республикасының 100 жылдығында Азат Перуашевтың ұсынысымен Алаш арыстарының құрметіне Алаш медалын шығарған едік. Содан бері елге еңбегі сіңген ерлеріміз, ұлт мүддесін қорғап жүрген қайраткерлеріміз, әдебиет пен өнер тарландарымыз бұл медальмен марапатталып келеді.
Иә, “Дүниежүзілік Көшпенділер ойынын олимпиада деуге болады” деп, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың өзі айтқандай, әлемнің 89 елінен іріктелген кілең үздік спортшылардың аламаны ешбір олимпиададан кем емес!
Кешегі әлемді шулатқан қазақ-қырғыз көкпары сайысының өзі неге тұрады?!.
Айқайы мен аттаны аспан астындағы ақша бұлттардың өзін желпілдеткен Арқа төсіндегі атышулы көкпардың қиқу салған ұраны Бразилиядағы футболдан өткен әлем чемпионатында да болған жоқ шығар…
Негізі, егер көкпар әлемдік олимпиадаға кірсе, тек финалда алтынға қазақтар мен қырғыздар таласатыны анық екен!
Сондықтан да, ұлттық спортымыздың төресі - көк түріктен бері келе жатқан көкпарды ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың өзі қолдауға депутаттарды бастап барды. Нәтижесі - Әлемдегі ең мықты көкпаршылар - Қазақтар атанып, алтыннан алқа тағып, Көк туымызды көкке көтерді!
“Әр қиындықтың да өз жақсылығы бар” дегендей, біржағынан қазақтардың жеңісін мойындауға ерліктері жетпеген қырғыздардың шу шығарғаны да жақсы жарнама болды! Жанжал болмаса, әлем Көшпенділер ойынына көңіл аудармайтын еді!
Әлем футболдан да күшті спорт бар екенін білді!
Бұндай жарнаманы ешқандай ақшаға сатып алып та жасай алмайсың?!.
Ендеше, мемлекет басшысының өзі олимпиадаға теңеп жатса, Көшпенділер аламанының алтын алған жеңімпаздарын неге олимпиада чемпиондарындай құрметтемейміз?!.
Мысалы, осы “Алыптар айқасы” олимпиадаға кірсе де, осы атан түйедей алыптар жиналар еді де, атан жілік Азаматымыз “Алыптардың алыбы” атанып, алтыннан алқа тағар еді.
Ендеше неге Азамат Мақұлбекті құрметтемеске? Азамат та, кешегі көкпарда алтын салымды салған шабандоз Құрбанбек Тұрғанбек те көлік мініп, үй алып жатқан Олимпиада жеңімпаздарынан кем емес!
Ертең Көк туымызды көкке көтеріп, мемлекеттік әнұранымызды шарықтатқан Азаматты, көкпаршыларымызды Түркістан облысы, Шымкент қаласы қалай қарсы алады?
Барлық жеңімпаздарды олардың облыстары лайықты қарсы алып, құрметтеуі тиіс! Бұл рухымызды биіктетер ұлттық, мемлекеттік маңызы зор, патриоттық тәрбиесі мол мәселе!
Ұлы даланың жылқының ғана емес, қырандардың да иесі екенін көрсеткен Құсбегілер сайысында ұлттық рухымыз қыран көтерілер қияға самғады!
Алтын және күміс жүлде иеленген бүркітшілерге автокөлік сыйланды! Міне, үлгі алатын үздік қолдау!
Бәрін күшті ұйымдастырған Республикалық “Құсбегілік” федерациясының президенті Берік Уәли бауырымызға ел алғысы зор!
Ұлттық рухымызды көкке көтерген Көк тулы Қазақ Еліндегі “Ұлы Дала дүбірі” Көшпенділер даңқын көкке көтеріп, жақсы жалғасын таба бергей!
Қазыбек ИСА, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты