ҰЛТ ОРДАСЫ - ҰЛЫТАУ
2024 ж. 29 тамыз
1838
1
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, ақын Қазыбек Иса елмен кездесетін биылғы жазғы дәстүрлі депутаттық іс-сапарын Ұлытау өңірінен бастады.
Бірден Жошы ханның кесенесіне зиярат етуге барды. Оның өзіндік сыры да бар.
Біріншіден, Қазыбек Иса осыдан бес жыл бұрын 2019 жылы 6 қыркүйекте Президент жанындағы Ұлттық кеңестің алғашқы отырысында ҚР Президенті Қ.Тоқаев көтерген Алтын Орданың 750 жылдығын жалғастырып, Жошы ханның 800 жылдығын атауды ұсынған еді.
Ал биыл Атыраудағы Құрылтайда президент Жошының 800 жылдығын атап өтуді тапсырды.
Ұлттық кеңесте талай маңызды мәселелер көтерілгені белгілі.
Қазыбек Иса Ұлттық кеңестің бірінші отырысында Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау мен Жошы ханның Ұлық ұлыстың тағына отыруының 800 жылдығын мемлекеттік деңгейде тойлау мәселесін көтергенінде Ұлтық кеңестің орыстілді, жалған ұлтшыл атанып жүрген мүшелерінің сол күні орысша сайттарда “Қазыбек Иса Мемлекеттік тілдің қамқоршысы болып қапты”, “Жошы ханды ұлықтауды насихаттады”-деп жарыса сынағандары есімізде. Өзіміздің “ұлтшыл” қазақтар да олардан қалыспай, ішінде тіпті “заңгері” де жүр, ақын Қазыбек Исаның рухани-идеологиялық тақырыпта сөйлегенінде шаруасы жоқ, “Жошы ханда неңіз бар, көп балалы әйелдердің мәселесін көтермедіңіз бе?”-деп, қазан-ошақтың қасынан шыға алмай ойбайлағаны да бар…
-Биыл маусым айында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринмен кездескенде есіткен күшті жаңалықтың бірі - Қазақ хандарының бабасы Жошы хан туралы Осман империясы жайлы түсірген деректі драмасы әлемде үздік алтылыққа кіретін түрік режиссері деректі фильм түсіруді бастапты.
Алтын Орда астанасы Сарайшықты, Түркістан мен Отырарды, Ұлытаудағы Жошы хан кесенесін көрген әйгілі режиссер қатты таңғалыпты. Бұл кино жарыққа шыққан соң әлем тарихында теңдессіз маңызы зор тұлға ретінде танылмақ Алтын Орданың атасы Жошы ханның Қазақ жерінде жатуы, қазақ халқымен байланысты болуы дүние жүзінің бәрі қызығар керемет жетістік болады деп бағалапты.
Дайындалып жатқан Қазақ тарихының 7 томдығының бір томы түгелдей Жошы ханға, Алтын Орда тарихына арналады. Айтпақшы, сол Ұлттық кеңестің алғашқы отырысында жасаған көп ұсынысымыздың бірі осы -Қазақ тарихын қайта жазу еді, мұның да қолға алынып жатқанына көңіліміз демделіп қалды.-дейді Қазыбек Жарылқасынұлы.
Екіншіден, былтыр өткен парламент сайлауында “Ақ жол” партиясы сайлау жорығын Жошы ханның басына зиярат етіп бастаған еді.
Сондықтан да биыл аттың басын алдымен қасиетті Ұлт ордасы - Ұлытау өңіріне арнайы бұрды.
1.АЛТЫН ОРДАНЫҢ АТАСЫ - ЖОШЫ ХАН
Депутат Қазыбек Иса Қазақ хандарының бабасы, Алтын Орданың атасы Жошы ханның кесенесін аралап, ұлы ханның әруағына дұға бағыштады.
Жоғарыда айтқан Ұлттық кеңестің алғашқы отырысында да, биылғы ақпан айында депутаттық сауалында да Қазыбек Иса мемлекет басшысының Алтын Орданың 750 жылдығын ұлықтау туралы бастамасын қолдау ретінде Шыңғыс ханға, Жошы мен Бату ханға, Шыңғыс қағанның бәйбішесі Бөртеге ескерткіш тұрғызуды ұсынған еді.
“Алтын Орданың атасы, қазақ хандарының бабасы Жошы хандай әлем тарихындағы салмағы орасан саңлақ тұлғалар мен Ұлытау, Сарайшықтай маңызы зор қалалар өзге бір елдің еншісінде болса, не болар еді... Әріге бармай-ақ, кішкентай Моңғолияның өзі Жошы ханның әкесі, әлемді билеген Шыңғыс ханның алып ескерткіші арқылы дүние жүзіне дүбірін танытып жатыр... Мүмкін, біз де Шыңғыс ханның зор ескерткішіндей Жошы ханға да одан кем емес кемел ескерткіш кешен тұрғызармыз. Ол кешенде Шыңғыс ханның да, Алтын Орданың ханы Батудың да, әлем әміршісінің төрткүл дүниені билеген төрт ұлының анасы, қазақ қызы Бөртенің де ескерткіші тұрса, тіпті керемет болар еді”-деген болатын осыдан бес жыл бұрын.
Сол ұсыныстан тек Жошы ханға ғана Ұлытауда орташа ғана ескерткіш тұрғызылды. Қалғандары кезек күтіп тұр…
2.ҰЛЫТАУДА ҰЛЫ ЖОШЫ ХАНДЫ ҰЛЫҚТАУ АЛТЫН ОРДАНЫ АСҚАҚТАТУҒА БАСТАЙДЫ
Тарихы терең Ұлытауға Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті ретінде тұңғыш сапар жасап, зиярат еткенде түгел түркі әлеміне түрткі болар ордалы ой айтты:
«Тарихы терең Ұлытаудың қадір-қасиетін бағалай білу – баршамызға ортақ парыз. Еліміздің осындай баға жетпес бай мұрасын өзге жұртқа танытудың жаңаша жолдарын ойластыруымыз керек. Мысалы, Монғолия Шыңғыс хан тұлғасын халықаралық туризмді дамыту үшін өте тиімді пайдаланып отыр. Ал, Шыңғыс ханның үлкен ұлы – Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді. Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру – өте маңызды міндет»-деп атап өтті.
-Иә, Еуразия кеңістігіндегі ерекше зор, алып империя Алтын Орданың атасы Жошы ханның тұлғасын асқақтату –түгел түркіге ортақ игілікті іс. Ал Алтын Орданың алғашқы астанасы Сарайшық та, Алтын Орданың тізгінін баласы Бату ханға тапсырып кеткен әкесі ұлы хан Жошы да Қазақ жерінде жатыр.-дейді ақын депутат.
Соңғы жылдары бұл бағытта нақты жұмыстар іске асырылды.
Біріншіден, 2019 жылы елімізде Алтын Орданың 750 жылдығын аталып өтілді.
Екіншіден, 2020 жылы Ұлытауда Жошыға ханға арналған ескерткіш орнатылып, тарихи-мәдени орталық ашылды.
Үшіншіден, 2021 жылы Жошы Ұлысын зерттеу ғылыми институты құрылды.
Төртіншіден, 2024 жылы Қазақстанда Жошы Ұлысының 800 жылдығы тойлануда.
Әлемдегі геосаяси дүрбелеңдер дүбірінде ел болып, Ұлы ханымызды ұлықтау - ұлттық патриоттық жаңғыруға, рухани жаңаруға ренессанстық серпін беретіні анық.
3.ҰЛЫТАУ АУДАНЫНДА ҚОЗҒАЛЫС БАР
Ұлытау ауданы әкімі Аманжол Батырбекұлы Мырзабек, Ұлытау ауданы мәслихатының төрағасы, Қазақстан Журналистер Одағы басқармасының Ұлытау облысы филиалы төрағасы, ақын Ахат Құрмансейіт Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаға аудан жайлы ақпарат берді.
Ұлытау ауданында Мемлекеттік бағдарламамен “Рәміздер алаңы” салынуда. 320 орындық балабақша ,аурухана салынып іске қосылған.
Жезді кентінде су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға Сәтбаев көшесінің бойынан 80ш.м. болатын үш баспана салынуда екен, оны барып көрдік. Қазіргі таңда үйлер тұрғызылған, ішкі жұмыстары жүргізілуде.
Ұлытау ауданында – Жезді кентіне су, кәріз жүйесіне реконструкция жасау, Пионер, Борсеңгір, Амангелді, Қоскөл ауылдарына су құбырын салу жоспарланып жоба құны анықталды.
Ұлытау ауданында зиялы қауыммен кездесу Ұлытау аудандық мәдениет үйінде өтті. Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Алмат Қайратұлы, Ұлытау ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Тәшен, Ұлытау ауданы мәдениет бөлімі меңгерушісі және көптеген тұрғындар сөз сөйлеп, түрлі мәселелерді көтерді.
Қазыбек Иса парламенттегі қабылданып жатқан заңдарға тоқталып, мән-маңызын түсіндіріп кетті.
“Ақ жол” партиясының саяси бағдарламасына сай парламентте атқарған жұмыстарына тоқталды.
Ұлытау өңіріндегі елмен кездесулерде көтерілген мәселелердің бәрі “Ақ жол” партиясы фракциясында талқыланып, шешімі табылу үшін үкіметке, тиісті органдарға жолданатынын мәлімдеді.
Биылғы Жошы ұлысының 800 жылдығына арнап салынып жатқан Ұлттық рәміздер алаңын барып көрді.
Едіге тауының етегіндегі «Рәміздер алаңының» 70-80 пайыз жұмысы жүргізілген екен, қыркүйек айында тапсырылады деп баяндады жауаптылар.
4.ЖЕЗДІДЕГІ ЕРЕКШЕ МҰРАЖАЙ
Ұлытау облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарайтын Мәкен Төрегелдин атындағы Жезді кентіндегі тау-кен және балқыту ісі тарихы музейі туралы атап айту ләзім.
Музей 1988 жылы 21 желтоқсанда ҚазССР Министрлер Кеңесінің №285-р Жарлығымен ұйымдастырылып, тақырыбы мен экспозициясы тұрғысынан Қазақстан, Орта Азия елдеріндегі тұңғыш тарихи-мәдени, ғылыми-ағартушылық мекеме ретінде бағаланады. Орталық Қазақстан, оның ішінде Ұлытау-Жезқазған аймағының б.д.д. ІІІ-ІІ мыңжылдықтардан бастап бүгінгі дәуірлерге дейінгі даму тарихы кен өндіру, металлургия кәсібінің өркендеуімен тығыз байланысты. Экспозиция концепциясы жалпы дәуірлер шеңберінде халқымыздың ата кәсіптерінің бірі саналатын металл қорыту ісінің пайда болып, бүгінгі замандарға дейінгі даму сабақтастығын көрсетуге негізделген. Музей 1994 жылы ресми түрде ашылып, саяхатшыларға тарихи-танымдық, мәдени ағартушылық қызмет көрсетеді. Ұйымдастырушысы және тұңғыш директоры – қоғам қайраткері, өлкетанушы, ІІ дүниежүзілік соғыстың ардагері, музейтанушы Мәкен Төрегелдин. ҚР Үкіметінің 2015 ж. 16 ақпандағы № 61 Қаулысымен музейге оны ұйымдастырушы тұлғаның есімі берілген.
Тау-кен және балқыту ісінің тарихы музейі аумағы 4 га табиғат ландшафтын құрайтын бірегей тарихи-мәдени кешен. Экспонат қоры – 20 970, оның ішінде негізгі қор – 17222 экспонатты құрайды, қосымша қоры – 3748. Музейде 8 экспозициялық зал және ашық аспан астында 7 көрме алаңдары бар. Музей құндылығы болып саналатын ашық аспан астындағы алаңдарда қазақ даласында индустрияның дамуы, оның ішінде тау - кен және металл қорыту өндірісінің 3,5-4 мың жылдық шежіресімен танысуға болады. Арнайы алаңдарда өлкедегі алғашқы металлургия өндірістерінде пайдаланылған техникалар мен механизмдер, кен аршу және тасымалдау құралдары, Орталық Қазақстанның полиметалл кен тастарының үлкен көлемдегі үлгілері түпнұсқа түрінде жинақталған. Музейге келушілер ежелгі Сарыарқа кеншілері мен металлургтерінің кәсібімен көрнекі түрде танысуға мүмкіндігі бар. Ол үшін музей алаңында ежелгі Жезқазған мыс балқыту пешінің жұмыс істейтін үлгісі орнатылған.
Музейде жылына 390 тақырыптық, жалпы таныстыру экскурсиялары,47 жаңа және жылжымалы көрмелер өткізіледі. Жылына 4500-5000-нан астам келушілер болып, ұлы даладағы ежелгі металлургияның тарихымен кең көлемді танысады. «Ежелгі Жезқазған шеберханалары» алаңында мыс балқыту пешінің жұмыс істеу процесімен қатар қола дәуіріндегі кеншілер тұрағының тұрмысымен, қыш-құмыра өндірісінің әліппесімен, алғашқы сумен байыту технологиясымен, далалық ұстахананың еңбек процесімен танысуға мүмкіндік бар.
-Мұражай басшысы Зейпін Зікірқызы зейінді, білігі мол жан екен. Металлургия тарихы мен ел тарихын тереңнен қозғап, талай сырға қанықтырды.
Ұлытау өңіріне жолы түскен жанның міндетті түрде соғатын жері - Жездінің елімізде аналогы жоқ айрықша мұражайы, -дейді депутат.
5.СОҒЫСТАН ҚАЛҒАНДАЙ ЖАЛАҢАШ ҮЙЛЕР
-Әр жерде жетістіктермен қатар кемшіліктер де жетеді.
Ұлытауда ұлы бабалар басына зияраттап, көтеріңкі көңілмен қайтып келе жатып Жездіге желпініп жеткенде көңіліңді су сепкендей басатын нашар көріністі айтпай кетуге болмайды.
Кентке кіріп келе жатқанда алдыңнан соғыстан қалғандай жалаңаш көп қабатты үйлер шыға келеді…
Есік-терезесі жоқ, жалаңаш қабырғалары қорқынышты үйлер өте ұсқынсыз.
Жезді кентінің әкімінен бұның сырын сұрадық.
Қалада жылу мен су тоқтап қалғасын көп қабатты үйде тұратын тұрғындар үйлерін тастап көшіп кеткен. Қараусыз қалған үйлердің жарамды мүліктері талауға түскен.
Ұлытау ауданы, Жезді кентінде 14 үйді әкімшілік өз құзіретіне алып, жөндеу жасайын десе, үй иелерінің келіспеушілігі кедергі келтіруде.
Сонымен, соғыстан қалғандай жалаңаш үйлер қашанғы тұрады?
Бұған әзір ешкім жауап бере алмайды?!.-дейді Қазыбек Иса
6.СӘТБАЕВТАҒЫ СӘТСІЗДІКТЕР
Депутат Қазыбек Иса Сәтбаев қаласында да халықпен кездесу өткізді.
Шынболат Ділдебаев атындағы мұражайда өткен кездесуге Қазақстанның Мәдениет саласының үздігі Гүлсара Жиеналиева,Қазақстанның Құрметті Журналисі, "Шындық" ҚБ төрағасы, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Абдолла Дастанов және қоғам белсендісі, блогер Нұрболат Базарбекұлы, Сәтбаев қалалық “Ақ жол” партиясы координаторы Ақан Жайлаубаев, партия мүшелері мен қала тұрғындары қатысты.
Сәтбаев қаласындағы, Жезқазған, жалпы Ұлытау өңіріндегі басты мәселе - Экология.
Әрине, бұл экологиялық зардапқа алпауыт “Қазақмыс” компаниясының елеулі үлесі бар.
7.ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУ ЖОЛЫНДА
Жезқазған, Сәтбаев қалаларының және Ұлытау ауданының бір бөлігіндегі экологиялық ахуалды, қоршаған ортаны және халық денсаулығының жағдайын кешенді бағалау мақсатында «Экосервис-С» ЖШС жүргізіп жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстары биыл аяқталуы тиіс. Соның қорытындысы егер, әділ болса, біраз мәселенің басын ашуы керек.
Ұлытау облысында қоқыс өңдейтін зауыт салу жоспары да күн тәртібіндегі өзекті мәселе.
Халық сұранысы бойынша Жезқазған, Сәтбаев қалаларының ауа құрамын бақылау мақсатында 2023 жылы 4 арнайы көрсеткіш құралы (датчик) қойылған. Бұл өз кезегінде ауаға таралатын ластаушы заттардың шамадан тыс шыққан жағдайда, дер кезінде тиісті шара қолдану үшін қажет. Биыл тағы арнайы 4 көрсеткіш құралын орнату жоспарлануда.
Өңірдегі жылу қазандықтары, су тасуы кезіндегі су құрамы, ауыз су, кәсіпорынды өлкедегі ауа сапасы, газдандыру және өзге де экологиялық мәселелерге қатысты халықтың алаңдаушылығы орынды. Бұл мәселеде үкіметтің өзі кешенді жұмыстар атқаруы тиіс.
Қоғам белсендісі, блогер Нұрболат Базарбекұлы мемлекеттік тіл мәселесін көтерді. Мемлекеттік тіл туралы заңның қабылдануы кезек күттірмес мәселе екенін айта келіп, бұл жолда Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның қайрат көрсетіп келе жатқанына ерекше алғысын білдірді.
“Шындық жыршысы - Шымболат” атанған қазақтың әйгілі жыршы-ақыны Шымболат Ділдабаевтың музейіне бір өзі шырақшы болып отырған жары, ҚР Мәдениет саласының үздігі Гүлсара Жиеналиева музейдің мұңын баяндады. Мұражайға жергілікті әкімшілік қолдау жасауы қажет.
Кездесу соңында ақын Қазыбек Иса биыл қазақтың ұлы ғалымы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының негізін қалаушы тұңғыш президенті, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125 жылдығы екеніне тоқталды.
“Есімізге түсіп отыр, осыдан 25 жыл бұрын 1999 жылы Қаныш Сәтбаевтың 100 жылдығы ЮНЕСКО бойынша аталып өткен еді. Алматыда 167 ақын қатысқан дүрілдеген Халықаралық мүшәйра болды. Мүшәйраның төрағасы - әйгілі Қазақтың Қадыр Мырза Әлісі. Сол жылы дүниеге келген ұлымызға Қаныш деп ат қойып едік анамыздың айтып кетуімен…
Сол аламан бәйгеде Бірінші жүлдені жеңіп алған жырымды Қанышқа арналған жырымды Қаныштың қаласында оқып берейін“-деп “Қазына” атты өлеңін оқып берді.
8. ҰЛТ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ АЙТАРЫ КӨП
Ұлытау облысы, Жезқазған қаласында «Хан Орда»конференция залында зиялы қауыммен кездесу өтті. Ұлытау облыстық аналар алқасы және Жезқазған қалалық аналар кеңесінің төрайымы Телғазина Қаниса Меңдіғұлқызы және де кеңес мүшесі Нескен Хамитқызы сөз сөйлеп, ақын депутат Қазыбек Исаға ақ баталарын берді.
Жас драматург Бахтияр Тұрсын сөз сөйлеп,ұсынысын жеткізді.
1. Талантты әнші-композитор Жақсыгелді Сейіловтің атына көше беру; қала саябақтарының біреуіне өнер алееясын ашу, оған Жақсыгелді Сейілов, Болат Есмұқанов, Ахмедия Есмұқанов, Алтынай Нөгербек есімдерін қосу.
2. Қазақ КСР Еңбек сіңірген металлургі, "Ленин" орденінің кавалері, Жезқазған мыс қорыту зауытының негізін қалаушылардың бірі Тұрсын Смайылұлының атына туған жері Қарсақбай кентінен немесе Жезқазған қаласынан көше беру.
3. Халық ақыны Тайжан Қалмағамбетовтің 145 жылдығын кеңірек атап, Қарсақбай кентіндегі мәдениет үйіне ақын есімін беру.
Қазыбек Иса жас қаламгердің жақсы ұсыныстарын қуана қолдап, жазбаша жіберуге кеңес берді.
Өзі Жақсыгелді Сейілов қайтыс болғанда жазылған “Жекпе-жек” жырын оқып берді.
“Ақ жол” партиясының саяси бағдарламасына сай парламентте атқарған жұмыстарына тоқталды.
9.”ЖАЙЛЫ МЕКТЕПТЕГІ” ЖАЙСЫЗДЫҚТАР
Жезқазған қаласы, Қабанбай батыр ықшам ауданындағы Мемлекеттік бағдарламамен 300- орындық “Жайлы мектеп “ құрылысы жүргізілуде. Бұл мектептің ішінде ауылдың бүлдіршіндеріне де шағын орталық қарастырылған.
Облыс бойынша 4 мектеп берілді, соның бір мектебі 2023-жылы осы ауылда салына бастады.
Мердігер компанияның бас директоры Жұмаділдә Байділдаевтың баяндауынша мектепті осы уақытқа дейін нақты бекітілген жобасы болмағандықтан, екі рет салуға тура келген. Алғашқы жұмыс жобасында мектептің есігі көшеге теріс қараса, кейінгі жұмыс жобасында мектептің есігі көшеге қараған. Сондықтан іргетасынан бастап, мектепті қайта салуға тура келген. Бұл мердігер компанияға 68 млн тг шығын әкелген. Алғашқы жобада терезелер ақ түсті болған. Терезелер салынып қойған соң келген екінші жобада терезелер қоңыр түсті болғандықтан, алғашқы терезелер жарамсыз болып, тағы 18 млн тг шығын әкелген.
Мектеп құрылысы жоспар бойынша 30 тамызда аяқталады деп жауап берілді. “Нақты жобасы жоқ мектептерді бірінші қыркүйекке дейін салып бітсеңдер де жақсы-ау” деп, Қазыбек Иса “Жайлы мектеп” құрылысын бақылауда ұстайтынын айтты.
Мердігер Жұмаділдә Байділдаевтың басқа да мәселелері мен ұсыныстары жетерлік. Ең маңыздысы - кәсіпкерлерді салықтан босату. Қазіргі таңда ол салып жатқан Жезқазған қаласындағы Кен байытуға арналған реактивті қондырғыны іске қосу үшін 600 млн тг көлемінде қаражат керек болып, жетпей тұр. Ал ол 9 жыл мерзімге 600 00 млн теңге салық төлеген.
Енді еліміздегі ешқандай банк несие бермеуде.
Өзбекстандағы секілді кәсіпкерлерді бизнес бастаған алғашқы бес жылда салықтан босатса, салыққа төлеген 600 млн теңгесі өзінде қалар еді де, зауытын тұрғызып алар еді.
Ал кәсіпкерлікке салықтан жеңілдік жасау - “Ақ жол” партиясы талайдан бері талмай көтеріп келе жатқан тақырып.
10. ТАЗА СУ - МЕН ТАЗА АУА - ЖЕЗҚАЗҒАНДАҒЫ ЕҢ ҮЛКЕН МӘСЕЛЕ!
Иә, Жезқазған қаласындағы ең үлкен мәселе - экология.
Қаладағы “Қазақмыс” зауытының қара түтіні жел қалаға қарай соққан кезде ауа тарылып сала береді. Жезқазғанда қыста жауған қардың түсі қарайып кететіні де сондықтан дейді тұрғындар.
-Кешке мейрамханада ас ішіп отырғанда жігіттер “таза ауағы шығып келейік”-деп, үзіліс жасап сыртқа шықтық. Сырттағы ауа да тарылып тұр екен. “Таза ауаға шығайық” дейсіңдер, Жезқазғанда таза ауа бола ма?”-дедім әзіл-шынын араластырып. “Турасын айттыңыз, таза ауаға зәруміз” деп жатыр жезқазғандықтар.”-дейді Қазыбек Иса.
Жезқазғанда ауыз су мәселесі де күйіп тұр.
Қазіргі қаланың ауыз су мәселесі бойынша бізге жеткен ақпаратпен таныстыра кетейік.
Облыс бойынша сумен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы 1315 шақырым, тозуы 56% құрайды, оның ішінде: аудандарда -417,1 шақырым, қалаларда-897,3 шақырым.
Кәріз желілерінің ұзындығы 539,03 шақырымды, тозуы 75% құрайды, оның ішінде: аудандарда-22,54 км, қалаларда-516,49 км.
2022 жылы қалалық елді мекендер 100%, ауылдық елді мекендер 95,2% қамтамасыз етілсе, 2023 жылдың қорытындысы бойынша ауылдық елді мекендерді сумен қамтамасыз ету 1,7 пайызга өсіп 96,9% - ға дейін жетті.
2025 жылғы дейін ауылдық елді мекендерді 100 % ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 4 елді мекенде су желілерінің құрылысы және 30 елді мекенде кешенді блок-модуль қою көзделген. Биылғы жылы екі ауданда 10 блок модуль орнатылмақ.
2024 жылы 337,8 км сумен жабдықтау және кәріз желілерін салуға және реконструкциялауға 18 жобаны салуда, оған республикалық, облыстық, жергілікті бюджеттерден 14,8 млрд. теңге бөлінген.
Жезқазған қаласы бойынша жалпы ұзындығы жалпы сомасы 9,4 млрд. теңгеге, 215,5 км, жоспарланған желілердің (магистральдық -11,9 км, орамішілік -203,6 км) 181,1 км желілері (84%) қайта жаңартылды.
Орталықтандырылған сумен жабдықтау желісіне Пристанционный, Аварийный кенттері, 1,2 ауылдар және 5 аудан қосылды. 61,63,64,65,66 орамдар, Қабанбай батыр кенті, 6 ықшам ауданындағы көп қабатты тұрғын үйлер жартылай, 9 ықшам аудан жаңа су желілеріне қосылды.
Жалпы ұзындығы 1,6 км. болатын (диаметрі 450-700 мм) жаңа Оңтүстік су желісі және Жаңа Солтүстік су құбыры іске қосылды.
2024 жылы жобаны жалғастыруға барлығы 1,7 млрд. теңге қарастырылды, ағымдағы жылы жобаның 1 және 3 кезектері аяқталып, пайдалануға беріледі.
Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін– суды тазартудың озық технологияларын, яғни мембраналық жүйені қолдана отырып, «Шаруашылық–ауыз су тазарту құрылыстарын (ХПОС) реконструкциялау» жобасы жүзеге асырылуда. 2024 жылға 961,7 млн.теңге бөлінді (2 кезек - 840,7 млн.теңге (ОБ -250,0 млн.тенге, ЖБ - 590,7 млн.теңге), 3 кезек - 121 млн.теңге ЖБ).
Жоба аясында гидроцехтың ғимараты мен тазарту технологиясы қайта жаңартылды. Насос станциясының ғимаратын және сыйымдылығы 500 м3 - 2 дана резервуарларды қайта жаңарту, реагентті шаруашылықпен суды тазарту станциясын, технологиялық насосы станциясын салу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
11.ҮЙТАС-АЙДОС СУ ЖЕЛІСІ САЛЫНУДА
Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынып жатқан “Үйтас-Айдос жерасты су орынынан” Жезқазған қаласына дейін 50 шақырым су құбырын салумен Үйтас-Айдостағы насос станциясын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. (РБ-5,7 млрд.тг.).
Бүгінгі таңда жоба бойынша 27 шақырым су құбыры салынды. Кеңгір су қоймасы арқылы дюкермен диаметрі 800 мм. 432 м құбырлар дәнекерленіп жұмыстар жүруде. Жоба биылғы жылдың желтоқсан айында бітеді деп жоспарланған.
”Үйтас-Айдос” құрылысы Жезқазған қаласын сапалы ауыз сумен қамту үшін қолға алынған «Үйтас Айдос» суағарын толықтай жаңарту ауқымды жұмыстарын биыл аяқтау көзделіп отыр, одан бөлек, облыс орталығындағы көнерген жылу желілерінің барлығы кезең-кезеңімен ауыстырылуда.
Үйтас-Айдос су қабылдағышының 2-ші көтергіш сорғы станциясын қайта жаңарту РБ-5,7 млрд.тг. аяқталу мерзімі 2024 жыл.
«Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС арасындағы Меморандумға сәйкес бүгінгі күні “Үйтас -Айдос” бойынша тағы екі жоба жасалуда. Жобаның екінші кезеңі бойынша ЖСҚ әзірлеуді аяқтау және мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алу 2024 жылдың 1 жартыжылдығында, ал үшінші кезең бойынша 2024 жылдың соңында күтіледі.
Сонымен қатар қалалар мен аудандар бойынша 32 жоба дайындалуда.
Депутат Қазыбек Иса Үйтас-Айдос жерасты су орынынан Жезқазған қаласына дейін 50 шақырым су құбырының салынып қойған 27 шақырымын аралап көрді. Жезқазған қаласының шетіндегі Кеңгір көлі бойына оргаласқан уақытша далалық кеңсесіне барып, құрылыс жұмысымен танысты.
Мердігер “BI Global” компаниясы бас директоры Ғалым Сағынаев депутатқа құрылыс жұмысындағы мәселелерді баяндады. Қаржы төлемі кешеуілдеп жатқанын жеткізді.
12.МҰРАЖАЙ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ МҰҢЫ КӨП
Аңызға айналған әрбір жері аспан астындағы көрме деуге лайық Ұлытау өңіріне келгенде мұражайына соқпай кетуге бола ма?
Сондықтан Жезқазған қаласындағы «Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейі мен
көрме залына» арнайы ат басын тіредік.
Музейде Ұлытау облысы қоғамдық даму басқармасы басшысы, белгілі ұлтшыл журналист Дархан Мұқанды көріп қуанып қалдық.
Дархан бауырымыз музей тарихы туралы сөз етті.
«Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейі мен көрме залы» КМҚК Жезқазған тарихи-археологиялық музейі /облыстық тарихи-өлкетану музейі /1978 жылы 10 мамырда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Қаулысымен ЖКМК мекемесінің тарихи-өндірістік музейі негізінде ашылды. 1983 жылы музейге Алашахан даңғылы, 22 үйде орналасқан 2 қабатты ғимарат берілді. 1988 жылы Жезқазған облысының көне заманнан қазіргі кезеңге дейінгі табиғаты мен тарихын бейнелейтін тұрақты экспозиция ашылды. Облыстың таратылуына байланысты 1997 жылдың 4 маусымынан бастап музей тарихи-археологиялық болып аталды. 2024 жылдың 12 наурызында «Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейі көрме залы» КМҚК-ы болып өзгертілді.
Жалпы аумағы – 1202,2 ш.м, оның ішінде 940,3 ш.м. негізгі ғимарат, көрме залы – 261,9 ш.м., 1, 2 қабаттарда орналасқан экспозиция – 413,2 ш.м., көрме залының экпозициялық аумағы – 151,5 ш.м., мәжіліс залы – 55,2 ш.м. аумақты құрайды. Ғимараттың жертөлесінен археологиялық жәдігерлер, палеонтологиялық жәдігерлер, тастар мен минералдар, этнографиялық жәдігерлер, тері материалдары, ағаш, ХХғ. 50-70 жж. тұрмыстық заттары, құжаттар, кітаптар мен мұрағат құжаттарын сақтау үшін 129,2 ш.м. аумақ берілген.
Музей қызметінің негізгі бағыттары – ғылыми зерттеу, жинақтау, тіркеу-сақтау, экспозициялық және насихаттау жұмыстары. Музейде 14 ғылыми қызметкер өлке тарихы және музейтану мәселелері жайында ғылыми ізденістермен айналысады, ал 3 суретші экспозициялық және көрмелік жұмыстарды жоғарғы деңгейде орындайды. Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің құрамында 5 бөлім жұмыс атқарады:
• Тарих және археология бөлімі;
• Экспозиция бөлімі;
• Қор сақтау бөлімі;
• Экскурсия-бұқаралық бөлімі;
• Көркем-көрме бөлімі.
Негізі қазіргі ғимараттың өзіне кейіннен қосылып жатқан экспонаттарға орын жетпей жатыр дейді қызметкерлер. Сонымен қатар музей қызметкерлерінің жалақысының төмендігі де айтылып қалды.
Мемлекет басшысы мұражайларға мұқият қарап, қолдауды талап етіп отырған кезде Жезқазған музейінің мұңы да шешіледі деп сенеміз.
Депутат Қазыбек Исамен бірге “Ақ жол” партиясы Ұлытау облыстық филиалы төрағасы Мұсабек Төлегенов, Ұлытау облыстық мәслихат депутаттары Ақылбек Аманов, Бекзат Дайрабайұлы, Аяна Мүкеева және жергілікті қала, аудандық мәслихат депутаттары, партия белсенділері болды.
Азамат Тасқараұлы,
Ұлытау облысы
Қазақ үні