Психобелсенді және есірткілік заттарды қолдану салдарынан болатын тәуелділік белгілері

Психобелсенді және есірткілік заттарды қолдану салдарынан болатын тәуелділік белгілері

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2024 жылғы наурыз айының 15 –і күні Атырау қаласында Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында:

«Жаһандану үрдісіне, жаңа технологияның дамуына және басқа да себептерге байланысты қоғамға қауіпті жаңа кеселдер пайда болды. Әсіресе, біз мынадай бес кеселмен бүкіл ел болып күресіп, біржола тосқауыл қоюымыз керек. ... Нашақорлық, әсіресе, балалар арасында тез таралып, жастарымыз уланып жатыр. Есірткімен күрес белсенді жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болуы мүмкін...» деп алаңдаушылық білдірді .

2022 жылдың 01 қыркүйегінде де Мемлекетіміздің басшысы « Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына жолдауында: 

«Синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіруде.... ... Синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуге тиіс» деп атап өтті. Мемлекет басшысы деңгейінде синтетикалық есірткінің таралуының алдын алу сұрақтарының көтерілуі -еліміздегі осы аталған проблеманың бар екендігін айқындап өтеді. Есірткі және психобелсенді заттарды қолдану салдарынан тәуелділікке шалдығудың механизмі.

Есірткіні бір рет қолдану бірден тәуелділікке әкеледі . Психобелсенді және есірткілік заттарды қолдану салдарынан тәуелділіктің екі кезеңі бар.

Психикалық тәуелділік -есірткі жайлы ойлау. Бір рет есірткіні қолдану кезінде ерекше рахаттану сезімін сезінген адамда «ләззәт орталығы» немесе «есте ұстап қалу орталығы » деген бас миында орталық бар. Есірткіні алғаш қолданған кезде ол рахаттану сезімі мен босаңсу сезімін тудырғаны себепті , «ләззат орталығына» біріншілік сигнал барады. Ол сигналды «ләззат орталығы» қабылдап алады да , рахаттану сезімін ақпараттық код ретінде сақтап алады. Одан кейін ләззат орталығы сол сигналды іздеп тұрады. Келесі жолы дәл сондай рахатану сезімін сезіну үшін бұрынғыдан көбірек дозаны қабылдауына тура келеді де, бірінші рет қабылданған дозаға организмнің төзімділігі қалыптасады. Бірінші қабылданған күннен бастап адамда сол есірткілік немесе психобелсенді заттардан рахаттану сезімін сезінгеннен кейін адамда «тағы қабылдасам» деген ұстама ой пайда болады. Ол ұстама ой есірткілік затты қабылдамайынша , адамға мүлдем маза бермейді, адам тек есірткіні қабылдау жөнінде өз еркінен тыс ойлай бастайды. Сол ойын қанағаттандыру мақсатында барлық іс-әрекеттерге, жөнсіз материалдық шығындар мен әкімшілік қылмыстарға, ұрлауға және тағы басқа қылмыстарға баруына тура келеді. Психикалық әуестілік есірткі туралы үнемі ойлап жүру, оны қабылдасам көңіл-күйім көтеріледі деп дәмелену, есіртікні қабылдамаса көңіл күйінің төмендеуі, және есірткі қабылдамай жүрсе өмірге деген мотивациясының азаюы психикалық тәуелділіктің белгілері болып табылады. Бұл симптомдар жиынтығы психикаға тәуелділік деп аталады. Бұл есірткіге тәуелділіктің алғашқы белгісі. Екінші рет және бірнеше рет есірткі қабылдау кезінде алғашқы қабылдау кезіндегідей рахаттану сезімі болмай, ондай эйфория тек есірткі дозасын көбейткен кезде ғана мүмкін болады. Адам организмінің есірткінің алғашқы дозасын қабылдаған кезде бұрынғыдан қарағанда тез масаймай , аз дозаны көтере алуы толеранттылық деп аталады. 

Нашақорлыққа ұшыраған кезде, зат тамақтану немесе ішу сияқты басқа мінез-құлық сияқты маңыздылыққа ие болады. Миыңыздағы өзгерістер сіздің нақты ойлауыңызға, мінез-құлқыңызды басқаруға немесе эмоционалды теңгерімді сезінуіңізге кедергі келтіреді. Есірткіге тәуелді адамда әлеуметтік маңызға ие адами қасиеттері төмендейді, есірткі қабылдау оның жұмысынан, достарынан немесе отбасынан гөрі маңызды бола бастайды. Адамның барлық мақсаты мен ойы есірткі қабылдауға бағытталады. Одан басқа ешнәрсені ойлағысы келмейді. Осы қасиеттер адамда болса, ол есірткіге психикалық тәуелді болды деген сөз.

Физикалық тәуелділік дегеніміз – есірткіні тұтынуды қолдануды тоқтатқаннан кейін пайда болатын организмнің қатты ауырсыну белгілері. Негізгі белгілері – есірткіні қабылдауды дереу тоқтатқаннан кейін пайда болатын дірілдеу, тырысу, аяқ қолдарының тартылуы, есірткіні тоқтатқаннан кейін пайда болатын үрейлену белгісі, галлюцинациялар, сандырақтар және т.б. Осындай белгілердің жиынтығын абстинетті синдром деп атаймыз. Ол есірткіні қолданып жүріп дереу тоқтатқан кезде болатын соматикалық, неврологиялық және психикалық бұзылыстармен көрініс береді. Емдеу мекемелерінде физикалық тәуелділіктен арылуға болатын болса, ал психикалық тәуелділік өмір бойына қалып қояды. Есірткінің болмауына қанағаттанбаушылық арқылы байқалады. 

Есірткі тәуелділіктің тағы бір белгісі толеранттылықтың яғни, есірткі дозасын масаймай көтере алуының өзгерісін айтуға болады. Есірткіге тәуелділіктің бастапқы кезеңінде есірткінің бұрынғы дозаларына төзімділік жоғарылай береді, яғни бұрын қолданылған есірткі мөлшері бұрынғыдай наркотикалық масаюды тудырмайды.Сол себепті бұрынғыдан көп дозаны қабылдауына тура келеді.

Есірткіге тәуелділіктің келесі белгісі – тұлғалық төмендеу деп аталады . Мысал ретінде , өмір бойы тәрбиелі болып өскен бала есірткі таппаған сәтте ең жақын адамына, ата анасына бұрын таныс емес ерекше әдепсіздік таныта бастайды. Яғни , адам әлеуметтік ортада өз мінез құлқын бақылаудан шығарып алады, моралды этикалық төмендеу байқала бастайды.

Ұзақ уақыт есірткіні қолдану есірткіге тәуелділіктің жоғары деңгейі - бас миының есірткі салдарынан органикалық өзгерісі , немесе құрылымының өзгерісін айтамыз. Оған бас миының токсикалық зақымдануы немесе токсикалық энцефалопатия , психоорганикалық синдромды жатқызуға болады. Психоорганикалық синдром дегеніміз бас миына ұзақ уақыт психобелсенді зат әсер етуі салдарынан орын алған адамның мінез құлқының психикалық өзгерісі. Психоорганикалық синдром тұлға деградациясына алып келеді. Сонымен қатар , қоршаған ортаға адаптациясы төмендеп, мүгедектікке алып келеді. Есірткі қолданудың соңы – жүрек қан тамырларының тарылуы салдарынан, жедел жүрек жеткіліксіздігінен болған кенеттен өлім болып табылады. Есірткі қолданушының орта жасы – 10 жылды ғана құрауы мүмкін. Сондықтан, есірткіні ешқашан қолданбауға шақырамыз.

Молдаханов Еркебулан Серикович,

Жетісу облысы Денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық психикалық денсаулық орталығы» МҚК психиатр-нарколог дәрігері

Нургалиева Нагима Турлыбековна

Жетісу облысы Денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық психикалық денсаулық орталығы» МҚК дәрігер наркологы, наркологиялық қызмет бойынша орынбасары