ТАБИҒАТ-АНАНЫ ҚАШАНҒЫ ЛАСТАЙМЫЗ?
2023 ж. 06 ақпан
1355
0
Дүниеде шешілуі қиын түрлі дау-дамайдың кездесе беретіні түсінікті.
Адамзат баласының алдында тұрған сол үлкен ділгірліктің ең маңыздысы қатарында – Экономика, Жаһандану және Экология тұрған болар. Әсіресе, экология тақырыбы ХХ ғасырдан бері бүкіләлемдік бас ауруына айналды.
Ауаның ластануы, қоршаған ортаға деген құрметтің жоқтығы, экомәдениеттің төмендігі, қоқысты қайта сұрыптау дағдысының қалыптаспауы кесірінен Жер-ананы жылатып жатқанымызды өзімізді де аңғармаймыз-ау.
Экология мәселесі Президент Қасым-жомарт Тоқаевтың бірде-бір Жолдауында аталмай, айтылмай қалған емес. Мемлекет басшысы жасыл экономика қағидаттары мен қоршаған ортаны қорғау мәселесін қатар алып қарастырып, озық елдердің тәжірибесіне жүгінуге үндеп келеді.
Айта кетелік, бір Жолдауында мемлекет басшысы жаңа Экологиялық кодекс (әрі қарай – Экокодекс, ред.) әзірлеудің қажеттігін баса көрсетіп, сала мамандарына тиісті тапсырма берген болатын. Президент Тоқаевтың атап өткеніндей, жаңарған, кем-кетігі түзелген құжат саладағы көп жылдан бері қордаланған мәселелерді шешуге жәрдемдесуі тиіс.
Қазіргі таңда Каспий теңізінің тартылуы Арал теңізінің жағдайын қайталауына әкеліп соқтыруы мүмкін деген қауіп экологияның шарықтау шегіне жетті. Белгілі болғандай, өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап Каспий деңгейінің төмендеуі байқалады. 1977 жылға қарай теңіз деңгейі үш метрге төмендеп кеткен.
Кейін су деңгейі қайта көтеріле бастады, осылайша 1995 жылы үш метрдей жоғарылады. Осы аралықта су деңгейінің көтерілуі жылына шамамен он төрт см. болды, ал кей жылдары отыз алты сантиметрге жеткен.
Бірақ 2005 жылдан бастап циклдік төмендеу кезеңі қайтадан басталды. Сарапшылардың дерегіне сүйенсек, 2006-2020 жылдар аралығында Каспий теңізінің акваториясына жауын-шашынның аз мөлшері түскен, ал булану процесі керісінше қарқынды болды. Сондай-ақ Еділ өзенінің бассейнінде су аз болғандықтан келетін су мөлшері көп болмады. Басты себебі – климаттың жылынуы. Каспий деңгейінің төмендеуі мен жоғарылауы бұрын да болған және оның ұзақ мерзімді табиғи циклдік сипатқа ие екенін атап өтеміз. Соңғы жылдары Каспийдің жағдайына ғаламдық жылыну да ықпал ете бастады.
Сонымен қатар жыл сайын елімізде сегіз жүзге жуық орман және дала өрті тіркеледі. Өткен жылы еліміздің орман қорында 751 өрт тіркелген, өрттен 167 мың гектар орман алқабы жойылды, экологияға келтірілген зиянды есепке алмағанда, тікелей материалдық залал 6 млрд. теңгеден асты. Ауаға шығатын улы заттардың концентрациясы (ауыр металдар, шаң-тозаң, күкірт тотығы, көмірқышқыл газы және т.б.) белгіленген мөлшерден он есе артық.
Ең ауыр жағдай Тараз, Теміртау, Алматы, Шымкент, Балқаш, Риддер, Өскемен және басқа да қалаларда қалыптасқан. Осы қалаларда лас заттардың концентрациясы жыл бойынша белгіленген мөлшерден бес-он есе артады. Ауа кеңістігінің ластануы пайдалы қазбалар өндіретін аудандарда да тіркелді.
Атмосфераның ластануы Байқоңыр космос айлағында ғарыш кемелерін ұшыру кезінде қатты байқалады.
Өнеркәсіпті аудандарда ауа кеңістігінің ластануымен катар ластану сол жердегі су көздерін қамтиды. Өнеркәсіп орындарының ластаушы заттарына жер игеру нотижесінде пайда болған масштабы химиялық ластанудың көлемі ұлғаюда. Өсімдік жамылғысын қорғайтын әр түрлі химиялық заттар, дефолианттар, пестицидтер, мөлшерден артық қолданған тыңайтқыштар, тек қана қоршаған ортаны емес, тамақ өнімдерін де ластауда. Сол себепті бұған барша әлем назар салып, өз қолдарына алмайынша жер шарының экологиясы нашарлай бермек.
Десе де, еліміздің экоахуалын жақсарту үшін тағы нендей іс-шараларды қолға алуға болады?
Президент Тоқаевтың тал-терек отырғызуға қатысты батыл мәлімдемесін егер тиісті қаржылай қолдау мен жүйелі жұмыс жүргізілсе, жүзеге асыруға болады.
Жасырары жоқ, еліміздегі көптеген елді мекендерде көгалдандыру мәселесі ақсап тұр. Қазақстандағы орманның үлесі тым мардымсыз. Мендегі мәлімет бойынша еліміздегі орман қорының үлесі 1,3 пайыздың шамасында, сексеуіл мен тал-теректерді қоса алғанның өзінде 4 пайыздан әрең асады.
Пайымдай келе, еліміздегі орман қорының алқабын ұлғайту мен экологиялық жағдайдың жақсаруы бір-бірімен тығыз байланысты.
«Осынау құжаттың көмегімен осы күнге дейін білгенін істеп, қоршаған ортаны ластап, ауаны былғап келген өндіріс орындары қатаң бақылауға алынатын болды. Бұдан сырт, Президент міндеттеген халықаралық тәжірибелер және дамыған елдердің экологиялық мәселелерді шешудегі озық шешімдері назарға алынды.
Бұдан былай еліміздегі өндіріс орындары өз бюджетінен арнайы қаржы қарастырып, экология саласындағы қолжетімді әрі озық технологияларды енгізеді. Әлбетте, бұл уақыт ете келе ауаның тазаруы, қоршаған ортаның келбетін кіргізуге жәрдемдеседі. Былайша айтқанда, сіз бен біз тыныстайтын ауадағы зиянды заттардың мөлшері азаяды, экологиялық ахуал жақсарады, тиісінше ауру-сырқаудың көрсеткіші де төмендейді», – дейді сарапшы.
Жаңа Экокодекстің талаптары бойынша 2030 жылға дейін еліміздегі қатты тұрмыстық қалдықтардың қатарына кіретін қоқыстың 42 пайызы қайта өңделуі қажет. Құжат күшіне енгелі бері экобелсенділердің көмегімен 5 мыңға тарта заңсыз қоқыс алаңдары анықталған екен. Жаңа Қазақстан билігі мұндай кемшіліктерді көз жұма қарамай, бүгінгі таңда мұндай заңсыз алаңдардың көпшілігінің көзі жойылған.
Президент көтерген мәселені әркім әртүрлі қабылдағаны да жасырын емес. Кейбіреулердің тарапынан бұл көрсеткішке жету мүмкін емес деген пікір айтылды.
Әрине, мұндай уәжге де орын бар, кез келген мәселеге сыни көзқараспен қарайтын аудиторияның аузына қақпақ қоя алмаймыз.
Аружан Бақытқалиқызы,
Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері Университетінің 2 курс студенті