КІНДІГІМІЗ – АУЫЛДА...
2022 ж. 21 қараша
1392
0
Қазіргі уақытта «нарықты экономика» деген сөз тіркесі жиі қолданылып, орынды, орынсыз барлық мәселенің ұшын экономикаға әкеліп тірейтін болдық. Яғни, ел басшыларының «алдымен экономика, содан кейін саясат» деген бағытына өзімізше бейімделген, соған икемделген түріміз еді. Әрине, экономика ¬– барлық әлеуметтік мәселелердің көш бастаушысы. Ал экономика сөзінің синонимі – қаражат. Өйткені, барлық тіршілік қаражаттан басталып, қаражатпен аяқталады. Бұл жерде айтпағымыз, экономика сөзімен немесе оның салалық мәселелерінен бастау, ол әлеуметтік мәселелердің проблемаларын шешу деп түсіну керек. Бірақ та экономикалық мәселелерді шешудің бірден бір кепілі технологиялық мәселелерді тереңірек зерттеп, зерделеп, тиімді, жергілікті жерге бейімделген түрлерін енгізе отырып, қабаттастырып жүргізбесе, оның да нәтижесі төмен болуы мүмкін.
Ауылшаруашылығындағы үлкен ерекшелік, негізінен, барлық салаларды да, технологияларды да сауатты салалық мамандар, өздерінің практикалық тәжірибелерімен байланыстыра басқарса, нәтиже күтуге болады. Өкінішке орай, кейінгі жылдары, салалық мамандар өздерінің білетін салаларына пайдаланылмай, кездейсоқ қызметтерді атқарып кетті. Жеке адам қандай да бір алпауыт, білгір болса да, ол көп саланы түгелдей игере алмайды. Әр адамның физикалық мүмкіншілігі шектеулі. Әрине, адамдардың бәрі бірдей емес, біреулерінің есте сақтау қабілеті жоғарылау, біреулерінікі төмендеу болады, ол табиғаттың берген сиы, яғни, байлығы.
Десек те, есте тұрақты сақтайтын үлкен мәселе, ол қай салада болсын, жоспарлы экономикадан қол үзбеу. Мәселен, жай ғана отбасылық мәселелердің өзінде бір күндік, апталық, айлық, жылдық жоспарлар қағазға түсіріліп, мөр басылып бекітілмегенмен, ауызша болса да, ойда болады. Бұл одақтық кездегідей жоспар қуып, қағаз жүзінде емес, іс жүзінде жоспарлап, жоспарлы түрде күнделікті, апталап, айлап, жылдап қадағалап отырып, қаралған мәселелерді тиянақты іске асыру.
Осы жерде біздің негізгі айтпағымыз төмендегіше.
Қазақстан жерінің көлемі жағынан, дүние жүзінде тоғызыншы орында бола тұра (жайылымның көлемінен – бесінші, егістіктің аумағынан – екінші орында деп, телевизилық хабардан естіп қалдым) өзінің көп емес (он тоғыз миллиондай-ақ) халқын осынша жерден алуға болатын, сөйтіп керекті, экологиялық таза өнімдерімен қамтамасыз етуіне қажетті мүмкіншіліктерді пайдалана алмауында болып тұр. Негізгі үлкен кемшілік, салалық министірліктердің жылдық жоспарды сауатты ғылыми-өндірістік тәжірибеге сүйене отырып жасай алмауында. Олардың ондай есептерден алшақтап, практикалалық тәжірибелерден қол үзіп қалғандығында. Ескі тәжірибесі бар қызметкерлерді зейнеткерлікке жібердік, орындарына жас кәдірлерді дайындамадық, оларды білімдеріне қарай емес, тамыр-таныстықтарына, қалталарының қалыңдығына, туысқандық қатыстарына қарай іріктедік. Тағы бір үлкен кемшілік, осы күнге дейін мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысы өте төмен болды. Тапқан айлықтары отбасыларын асырауға жетпей жатты. Менің алдағы үмітім, жағдай күн санап жақсарады, қой үстіне боз торғай жүмыртқалайтын заман болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың саясаты мені толық қанағаттандырады, көпшілік қауымның көзқарасы да осыған саяды деген үлкен сенімім бар. Тек, енді сол саясатты қолдап, бір адам басшы болып, қалғанымыз қолдаушы болып, «жабыла көтерген жүк жеңіл» деген қағиданы басшылыққа алып, бәріміз бірігіп іс-қимыл жасасақ, біздер алмайтын қамал болмайтынына сенімдімін.
Ауылшаруашылығына байланысты нақты ұсынысым: Алматы қаласында Қазақтың малшаруашылығы және жем-шөп өндіру, одан басқа егіншілікпен шұғылдану ғылыми-зерттеу институттары бар. Облыстарда да бірнеше универиситеттер, ғылыми-тәжірибелік станциялар бар, соларды аумақтық жер жағдайына ыңғайлап, олардың жасайтын іс-жоспарларына қатысуға, бірге жасасуларына сондағы бар кадрларды тиімді пайдалануларына, жергілікті әкімшіліктерден тікелей тапсырмалар берілуге тиіс, яғни, әкімшілік жүктемелер ретінде, нақтылай мемлекеттік тапсырмалар беру. Солардың ғалымдарымен бірлесе отырып, республиканың барлық облыстары бойынша, облысқа арнап үлкен астық, малшаруашылығы және жем-шөп өнімдерін өндіру жоспарын жасау. Ондай жоспарлар бұрын Одақтың кезінде болған. Сол жерде, жеке-жеке облыстар бойынша, әр облыстың жерінің көлеміне, мүмкіншілігіне байланысты өздерінің қолдарында бар малдың басын анықтау (оны шартты мал басына айналдыру). Сонда қазіргі бар малдың басы шығады, содан соң, жерінің көлемі (сулы және тәлімі жерлердің), ол жерлердің барлығынан бір жылда қанша астық, жем-шөп өндіруге болатыны шығады. Ол жем-шөптің көлемін, жем-шөп (кормовые единицы) бірлігіне айналдырып, сол көлемге жыл бойынша қанша мал ұстауға болатынын жеке облыстар, аудандар, шаруашылықтар бойынша есептеп шығаруға тиіспіз. Бұл малдың басымен, жем-шөп өндірудің есеп-қисабы болса, енді адамға қажетті тамақ өнімдерінің есебін шығарып көруге болады. Ол да онша қиын шаруа емес.
Мәселен, елде қанша халық бар, оларға азық-түліктің қандай түрлерінен және қанша көлемде керек екінін денсаулық министрлігімен бірлесе отырып, есептеп шығару керек. Біздер тек соларды қандай көлемде дайындаудың жолдарын іздейміз. Ол үшін әр облыста қандай өсімдік түрлері өсетіндігін халық та, үкімет те біледі. Енді солардың ішкі мүмкіндіктерімен есептесе отырып, жерінің, ауа-райының мүмкіндіктерін есепке ала, солармен бірлесіп, қай облыс халық үшін не өндіре алады, қандай көлемде? Халықтың қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында, әр облыстың мүмкіншілігімен санасып, керекті өнімге тапсырыс берілуін талап ету. Ал, оның орындалуын тиісті министрліктер, әкімдер жыл бойы бақылауда ұстап, қажет болғанда материалдық жәрдемдерді ұйымдастыруға міндетті. Тура осындай есеп-қисапты, жеке аудандар бойынша, аудандағы ауыл әкімшіліктері бойынша, ауыл әкімшілігіне қарайтын жеке шаруақожалықтары бойынша (тіпті, ауылдағы жеке отбасыларына да болжамды жоспарлар жасауға міндетті).
Негізінде, ауыл әкімшілігі жылдық жоспар дайындағанда, олар ауылдық әкімшілікке қарасты жеке шаруа қожалықтарының жылдық жоспарларының жиынтығынан, яғни, әрбір шаруашылықтың көрсеткіштерінен құрылған өнімнің жалпы саны болады. Ол есептерді ауыл әкімшілігі жеке-жеке шаруашылықтардың мөрлерін бастырып, бастықтарына қол қойдырып жылдың соңында қабылдап алуға тиіс. Ол үшін, әрбір жеке қожалықтарға жылдың басында «бизнес-жоспар» жасату міндетті. Жоспарларды ауыл әкімдері, өздерінде талқылап, содан соң, мөр басып бекіту, ал жылдың аяғында көрсетілген келісім-шарт орындалмаса, алдағы жылдарда, ол жерлер ол қожалықтардан алынып, басқа тиянақты жұмыс істеп жатқан шаруашылықтарға берілуі мүмкін деп, келісім-шартта көрсетілу керек. Мұндай нақты есептерді жүргізу үшін, осыдан біраз жылдар бұрын, ауыл әкімдерінің өтініштері бойынша, әрбір ауыл әкімдеріне, стат есептерді жасап отыратын қызметкерлер де берілген еді. Бірақта, әкімдер оларды дұрыс, тиімді пайдалана алмай, нәтижесінде қысқартылып кетті. Оның аржағында, әкімдер жылда өтірік есеп жасап, мемлекетке бере салатын. Ол жерде, негізінде жалған жасала салған мәліметтер болатын, яғни, берген өтірік есептері көрініп қалатын болған соң, әкімдер олардан да құтылды.
Міне, осы кемшіліктерді болдырмау үшін, ондай қызметкерлер керек. Есеп нақты, дұрыс болғанда ғана, жұмыстың нәтижесі шынайы көрініс табады, сонда ғана әкімдердің жылдық жұмысына дұрыс баға беруге болады.
Қорытынды, барлық жерде есеп-қисап жұмыстары нақты, өтіріксіз шынайы болуға қол жеткізсек, олар қағаз жүзінде емес, іс жүзінде көрініп тұрса, бұрмалауға жол берілмесе, сонда ғана, халықтың қолына, ар жағында ауыздарына бірнәрсе түседі. Халық тойынса, қажеттіліктері қамтамасыз етілсе, дендері сау, киімдері бүтін, уайым-қайғылары сейілсе, ол халықтың еңбегінің нәтижесі көріне бастайды, көңіл-күйі артады, өмір сүруге деген құлшынысы көтеріледі. Содан соң олардан мемлекетте бір нәрсе сұрауларына болады.
Негізгі мақсат, мемлекетімізге жылына өнімнің қандай түрін, қанша көлемде өндіруге тиісті, ішкі қажеттілікті анықтау. Қанша астық, малшаруашылығы өнімдері, жеміс-жидек, көкөніс, жем-шөп керек? Одан, қанша өнім сыртқа сатуға артылады? Егерде, осы есептер нақтыланып, заманауи ғылыми-практикалық есептерге сүйеніп, негізделіп сауатты жасалынса, онда мемлекетіміз өзіміздің халықты толық азық-түлікпен (егістік жерден алынатын, сонымен бірге малшаруашылығы өнімдерімен) қамтамасыз ете алады.
Бұл жерде, қағаз жүзінде емес, нақты іспен, үлкен жауапкершілікпен, мемлекет басшыларынан бастап, әкімшілік қызметкерлері, барлық жауапты мамандар, халық болып, үлкен энтузиазыммен, осы елдің белсенді мүшелері есебінде жабыла іске кіріссек, бұл алуға болатын, (өзіміз зорға, шуылдап жүріп қабырғасын ылаждап тұрғызған, құлап қалудың алдында тұрған, қисық қамалды айтып отырмын) қамал. Оны жаңа мемлекеттің тұсында дұрыстап, халық игілігіне жарайтындай етіп, заманауи талапқа сәйкес тұрғызуға толық мүмкіншілігіміз бар деп ойлаймын. Оған біздің күш-жігеріміз, ақыл-ойымыз, интеллектуалдық қабылетіміз жетеді деген үлкен сенімдемін. Тек алға деп, білекті сыбана кірісіп кетуіміз керек. «Көз қорқақ, қол батыр», ол біздің ата-тегіміз дәлелдеп кеткен, шынайы шындық.
Бұл жерде, ауытқуға болмайтын, тұрақты басшылықта ұстайтын, қатаң қағида мынау болуға тиіс: Қазіргі талап бойынша, әкімшіліктен жылдың аяғындағы қорытынды жұмысын, олардың жыл бойынша атқарған ісінің басты көрсеткішін, «жолдарды істеуіне, жөндеуіне байланысты болсын» деген тапсырма бар. Бұл да дұрыс шығар, ол да әлеуметтік саладағы керекті көрсеткіш. Ал, біздердің пайымдауымыз бойынша, әрі маман есебінде айтатын ұсынысымыз: жылдың аяғында негізгі көрсеткіш, әкімдерге баға беретін критерий – ол, сол аймағындағы, яғни, қарамағындағы жерлерді тиімді пайдаланғандығы болуға тиіс. Себебі, халықты, тек қана халықты емес, жер бетінде жыбырлап жүрген жәндіктерден бастап, үлкен жануарларға дейін, оларға қорек беріп, оларды ашықтырмай, аздырмай-тоздырмай асырап отырған – біздің Жер-Анамыз. Жердің қадірін, тек қана адамдар ғана түсінеді десек, онда қателесіп кетуіміз мүмкін. Жердің қадірін, содан қорек алып, күн көріп жүрген жәндік-жануарларда түсінуі мүмкін, бірақ-та, оны айтарға олардың тілі жоқ. Түсіндіріп айта алатын тілді құдай адамға ғана берген. Соны біле тұра, оны түсіндіріп айта жүруге біздердің сана-сезіміміз жете бермейді, жетсе де оны мойындауға, қадіріне жетуге кісілігіміз, кішілігіміз жібермейді. Тек сол жердің аяғымыздың астында жатқанына мәз болып, шаңын шығарып жүргенімізге ризамыз. Сондай қанағатшыл, өр көкіректілігіміз де жетерлік пендеміз. Немесе сол жердің қасиетін білуге, сезуге тиісті, алдымен түсінетін сауаты бар, көзі ашық құдайдың жаратқан, жараратқанда да, сол жермен бірге дүниені силаған табиғаттың бір өнімі сіздермен, біздерміз ғой. Сондықтан да біздер сол қасиетті Жер-Ананы қадірлеп, оны аялап, бізге сыйға беріп отырған өніміне құрметпен қарап, қадіріне жете беруіміз керек емес пе?
Ары қарайғы өміріміздің мәні де, сәні де жерге тікелей байланысты, яғни, одан кейінгі асыраушымыз – Жер-Ана. Міне, осы себептерге байланысты, әр бір қадам жерді дұрыс көзбен қарап, оны керекті қоректік заттарымен қамтамасыз етіп, өңдеп, тиісті агротехникалық жұмыстарды өз деңгейінде атқарып, сол жердің беретін өнімін барынша (максималды) алуға қол жеткізуіміз керек. Ол үшін жылдың басында, алдында айтқанымыздай, жоспар жасап, жыл бойы сол жоспарды тұрақты, жоспарға сәйкес орындалып отыруын қадағалау жауапты мекемелердің, қызметкерлердің сонда тұратын жалпы халықтың басты міндеті болуға тиісті. Ал жылдың аяғында аудан, ауыл басшылары, осы жоспарланған жұмыстың сапалы аяқталғаны туралы есеп беруге міндетті. Оған аудан активінің барлық мүшелері ат салысуы керек. Оларға бағаны осы жерлердің түгел игеріліп (әрбір гектарына есеп беруге тиісті) алған өнімінің санына, сапасына қарай анықталуға тиіс. Жергілікті үкіметке беретін жылдық баға, жылдың аяғында осы Жер-Ананы қалай пайдалалынғанына тікелей байланыстырылса, ол әділ де, орынды болып, жергілікті биліктің жауапкершілігін арттырар еді және өнімнің қажетті көлемде дайындалуына тікелей септігін тигізері анық.
Осы жерде, айтпай кетуге болмайтын, үкіметтің тағы бір жіберіп алған үлкен кемшілігі бар. Ол біреулердің айта салған, жаңсақ пікірін терең түсінбей, жай ғана уақытша алдарындағы қиындықтан қашып, шешудің оңай жолын көрсете салған, халыққа жаны ашымайтын, келешегін ойламайтын, ойлары таяз пысықайлардың ақылын тыңдап, ауылы, яғни, халқы азайып бара жатқан селолардың келешегі (перспективасы) жоқ деген терминді тауып, шағын ауылдарды таратып жібергендігіміз. Бұл деген сөз, сол ауылдың тамырына балта шауып, түпкілікті жойып жіберумен бірдей. Болмаса, мемлекет ауылшаруашылығымен алдағы уақытта шұғылданбайды, шұғылданса, онда істейтін жұмысшыларды қаладан тасимыз деген түсінік пе?
Енді жаңа басшылар «ауылды қайтадан жаңғыртып, ауылшаруашылығын дамытуға көңіл бөлуіміз керек» деп айта бастады. Ең дұрысы да, келешегі кемелді, көңілге қонымды, қайтарымы орасан зор, халықтың қарнын тойғызып, киімін бүтіндейтін, хал-ахуалын жақсартып, жақсылыққа жетелеп, тұрмысын түзетуге апаратын сара жолда осы. Ауылдық жерлерде, бес-он үйден қалса да, сол ауылдың жағдайын жасап, халықты қайтадан селоға шақыра бастауымыз керек. Қажетті инфрақұрылымдарды тездетіп, ел болып, мемлекет көмектесіп орнына келтіруді, халықтың мұқтажын мұқиятап зерттеп, зерделеп шұғыл түрде шешуді қолға алу, бұл кезек күттірмейтін мәселе деп дабыл қағып барлық мүмкіндікті толық іске қосу, мемлекет қызметкерлерінің басты бағыты, негізгі міндеті деп тану, бұл біздің азаматтық парызымызбен қарызымыз екеніне ел болып түсінуіміз керек.
Ауылшаруашылығын дамыту, бұл біздің елді, мемлекетті алға сүйреу, оның келешегін ойлау. Ауылшаруашылық өнімін өндіретіндер, ол ауылда тұратын халық. Себебі, олардың табысы сонда, күн көру көзі де сондағы жермен байланысты. Оларды таратып жіберу, қалаға көшіру о бастан үлкен қателік болды. Енді оларды қайтадан апару, жерге жегу, малға салу, ол оңай шаруа болмайды. Бірақ, басқа амалымыз жоқ. Сондықтан, тек ауылда тұратын халықтың жағдайын жасап, оларды материалдық қолдау арқылы ғана мәселені шешуден басқа жол жоқ.
Ал, асфальтта туып, жердің ыстық-суығын сезінбеген, «кәсіпкерміз» деген бүркеме, жасанды атпен, халықтың тапқан, өндірген дайын өнімдерін тартып алып, немесе, құйтырқы түрлі әдістермен, іс-қимыл жасап жүрген, тек қана, алып-сатар саудегерлер (соның ішінде, заңсыз зорлық-зомбылықпен, жоғарыдағы біреулердің атын сатып, пайдаланып жүргендер. Бұлар нағыз алааяқтар, қылмыскерлер. Олар, заңға сәйкес, жазаларын алу керек, ол халықтың талабы). Қазіргі таңда, ондай арам-тамақ «жануарлардың» саны, тікелей өнім өндіріп, еңбек етіп жүргендердің санынан бірнеше есе көп. Біз оларды, Абайдың сөзімен айтқанда: «өзі үшін, оттаған хайуандарға» теңеп отырмыз. Себебі, өнім өндіру үшін, еңбек ету керек. Алаяқ, қылмыскерлердің қолынан ондай ерлік келмейді. Олар, тек қана жатып ішуге тәрбиеленген, солай өсіп өнгендер, өйткені тәрбиелеушілері де сондай «жануарлар», одан артық баға беруге, ешнәрсеге теңеуге, тұрмайды.
Біздер бірнеше мемлекетпен бірлесіп экономикалық одақ құрдық. Менің түсінігімде, одақтың негізгі міндеті: сол одақ мүшелерінің арасында, өзара экономикалық байланыс, сауда-саттықтық қарым-қатынас, қажетті өнімдермен алмасу, бірінде жоғын біріне сату, сөйтеп, әр ел өзіне керекті қажеттілікті көрші одақ мүшелерімен бірлесіп шешу емес пе?
Бұл жерде үлкен мәселе, әр мемлекеттің өз халқына, яғни, өнім өндірушілеріне қаржылай (субсидия есебінде) беретін жәрдемінің көлеміне де байланысты. Ауылшаруашылығының өнімін өндіру шығыны (өзіндік құны) өте жоғары. Табысы, шығынын жаппайды. Барлық дамыған мемлекеттерде, ауылшаруашылығы өнімдерін өндірушілерге мемлекет қаржы (субсидия) береді. Ұзаққа бармай-ақ, өзіміздің Одақ мүшелерміздің көрсеткіштеріне қарасақ, ол мынандай: Белорусия – 24%, Россия – 16%, ал Қазақстан, қазіргі күнге – 6% (барлық өндірілген ішкі өнімнің пайызына шаққанда) көлемінде ғана. (Бұл туралы бұрынырақ «Егеменді Қазақстан» газетіне жазған болатынмын). Әрине, бұл көрсеткіштер қазіргі таңға, біршама өзгерген болу керек, Мұндай мәліметті, Қазақстанның бірінші Президенті Н.Ә.Назарбаев (өзі араласып жүріп), біздің мемлекет Бүкілдүниежүзілік сауда ұйымына жиырма жылдан кейін зорға кірген де айтқан еді. Онда да: «Жақын жылдары 8-8,5 пайызға жеткіземіз» деген болатын. Ал осы міндетті жалғастыру, оны үдете дамыту қазіргі құрылып жатқан жаңа үкіметтің басты, негізгі міндеті болуға тиіс. Сонда ғана мемлекет халқын керекті азық-түлікпен, өзіміздің жергілікті өніммен жетпіс пайызға жуығын қамтамасыз етуге қол жеткізе алады. Қалған отыз пайызын, импорттың есебінен толықтыруға мүмкіншілік туады. Әзіргі жетістік керісінше болып тұр.
Ауылды дамыту, ол халықтың ең керекті қажетін қамтамасыз ету. Халыққа алдымен тамақ, киім-кешек керек. Содан кейін барып жақсы үй, жүйрік көлік артық болмас. Мемлекеттің негізгі мақсаты да, міндеті де осы мәселенің төңірегіне келіп тоқайласса, сонда біз халықпен біргеміз, алда да алшақ кетпейміз деп айта аламыз.
Мен ауылшарушылығы саласының барлық сатыларында істеген маманмын. Өмірге келген соң, бес-алты жасымнан, малшының баласы болғандықтан, малшаруашылығына араласа бастадым. Орта мектепті бітірген соң, төрт жыл ауылда жұмысшы, малшы есепші, болдым. Институтты үздік бітіргеннен кейін, өзімнің аулымда табаны күректей он тоғыз жыл, бөлімше агрономы, аға және бас агрономы қызметтерін атқарып, одан соң басшылардың ұсынысымен аудан ауылшаруашылық басқармасын басқардым. Партия тарап, ауданда Әкімшілік құрылғанда, аудан әкімінің бірінші орынбасары болдым. Сол қызметтен, аудан басшыларының қолдауымен ҚР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланған болатынмын, кейін екінші рет жаңадан қос палаталы Парламент құрылғанда, парламент Мәжілісіне депутат болып қайтадан сайландым. Одан кейін, мемлекет басшыларының ұсынысымен, Ауылшаруашылық министрлігіне Комитет төрағасы болып тағайындалдым. Одан соң отбасылық жағдайыма байланысты өзім өтініш жасап, Алматы облысының Ауылшаруашылық министрлігіне қарайтын, ауылшаруашылық басқармасына бастық болып ауыстым. Сол қызметті, зейнеткерлік жасқа жеткенше, яғни, он бір жыл атқардым.
Зейнеткер болғаннан соң да, Қазақ мемлекеттік малшаруашылығы және жем-шөп өндіру ғылыми-зерттеу институтында бес жыл аға ғылыми қызметкер болдым, оған да институт басшыларының шақыруымен бардым. Себебі, мен Одақтың қайта құру кезінде (1987 жылы), Мәскеу қаласына дейін барып Жоғарғы мемлекеттік аттестациялық комиссиясының шақыртуымен қайта қорғадым. Негізінде, кандидаттықты сырттай аспирантурада төрт жыл оқып, өзімнің институтымда қорғаған едім.
Мемлекеттік сыйлықтың иегерімін. Оны да мемлекет, үлкен ғылыми-институтың бір топ ғалымдарымен бірге, институттың ұсынған ғылыми ұсыныстарын, өндіріске, солармен бірге енгізгеніміз үшін мемлекет қаулысымен берген болатын.
Енді, тағы да бұл жерде, қосымша айта кетуге болатын бір жағдай, мен қайда жүрсем де – ауылшаруашылығы мәселесімен шұғылдандым, одан қол үзбедім. Кейінгі жылдары, баламыз екеуміз Алматы облысынан жер алып, сол жерге егін ектік, мал бақтық, ол он жеті жылға созылды. Яғни, мен нағыз зейнеткерлікке, жетпіс бес жасымдашықтым, содан бері ғана демалыстамын. Бұл жерде, айтпағым: маған ауылшаруашылығы бұрыннан таныс, себебі, бұл кәсіп менің ата-бабамның кәсібі, оның үстіне кәсіби мамандығым да осы сала болды, яғни, ата-баба кәсібі қаныммен келіп, бойымда қаныммен бірге әле кетіп барады. Мен оны мақтаныш сезіммен, аузымды толтырып, айқайлап тұрып айта аламын.
Қорыта келе, халқыма айтарымыз, үгіттеп шақырарымыз: ауыл біздің қанымыз тамған жер, бізді және барлық тірі жанды асырап отырған Жер-Ананың қадіріне жете білейік. Қарнымыз тоқ, көйлегіміз көк болса, қалғанының барлығы одан кейін бола береді. Елге оралыңыздар, балаларға түсіндіріп, оларды да елге қайтарыңыздар, біздің тамырымыз осы жерден тараған, жайылған. Оны кептіріп, қуратып алмай, ертерек қолға алайық, ағайын.
Нұрмахамбет Айтуғанов,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері,
ауылшаруашылық ғылымдарының кандидаты