Қазақ ғылымының «Ньютоны»
2023 ж. 23 мамыр
2422
5
1970 жылы Қазақстандағы Есік қорғанынан табылған Алтын адам еліміздің символына айналғаны белгілі. Қазба жұмыстары кезінде Сақ қорғанынан төрт мыңнан астам алтын бұйымдармен бірге күміс тостаған шыққаны белгілі. Тостағандағы 26 таңба көптеген ғалымдардың назарын аударғанымен, оның кілтін тауып оқып, ғылымға қажетті мол мәліметті шығарған ешкім болмады. Қ.И.Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінде ұстаздық қызмет атқарған физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент Мағрипа Жылқыбаева 1980 жылдардың соңында Алтын адамның тостағандағы жазуын баспасөз беттерінің бірінен көріп, әр таңбада ғылыми формула бар деген ойға келеді. Сөйтіп, өзінің қызмет орнын тастап, Алтын адамның 26 таңбасының расшифровкасын физика-математикалық әдіс-тәсілдермен зерттеуге көшеді.
Біз танымал ғалымның мұрасын насихаттау мақсатында ол туралы айтылған үздік пікірлерді оқырманға ұсынуды жөн көрдік.
Менделеевті де кезінде мойындамаған
Болат Шарахымбай: – Мағрипа Жылқыбаева – Алтын адамның тостағандағы жазуын фундаменталды тұрғыда ғылыми әдіспен зерттеген жалғыз ғалым. Алтын адам әлеміне терең бойлап, соған отыз жыл өмірін сарп еткен зерттеуші республикада жоқ. Ол кісінің ізін жалғастырғандар да әлі шықпады. Күміс тостағанның қорғаннан шыққанына 50 жыл болса, Мағрипа Шөжеғұлқызы соның 30 жылын таңбаларды зерттеп, мәнін қағазға түсірумен болған. Ғалым 26 таңбадан үш томдық мәтін шығарған. Одан да ары тереңдеп, бұл таңбалардың 49 қабаты бар екенін анықтап, жаратылыстану, гуманитария ғылымдарына керекті орасан мол мәлімет шығарды. Бұл деген әлемде болмаған сенсация! Ғалым мұрасының бір бөлігі 2020 жылы «Нұрлы әлем» баспасынан үш том болып жарық көрді. Ғалымның басқа дүниелерін баспадан шығаруды үкімет қолға алғаны жөн.
Ғалым апамыз 1989 жылдан бастап Алтын адамның көнеден жеткен жазуларын оптика ілімі арқылы зерттеп, еліміздегі және шет елдердегі 1000-нан астам жартас жазуларының, көне каллиграфиялық суреттердің шифрын ашыпты. Ғалымның еңбектерінде күрделі мифтік сөздер бар. Осыдан көп жыл бұрын, ол кісі Алтын адамды зерттеуді алғаш бастағанда тапқан мәліметтерін мақала етіп жазып, қазақ газет-журналдарының редакцияларына апаратын. Сонда редакциядағы кейбір қызметкерлер «бұл кісі қияли» деп сенбейтін. Бірақ уақыт көрсеткендей, ғалымның ашқан жаңалықтары шындыққа айналуда.
Ғылымда жаңа саланың негізін қалаған ғалымды замандастары бірден түсінбейді. Бұл тарихтан белгілі. Әйгілі химик Д.И.Менделеевті де өз кезінде мойындамай, ашқан жаңалықтары кейін шындыққа айналды емес пе? Уақыт өте келе Мағрипа Жылқыбаеваның формулалары да шындыққа айналуда. Республикада қанша Алтын адам табылды? Бесеу ме? Ғалым апамыз әлемде қанша Алтын адам бар екенін алдын ала жазып кеткен. Алтын адам жатқан қорғандардың қайсысын қалай ашу керек, табылған заттардың қандай ғылыми мәні бар? Соның бәрін айтып кетті. Бұл кісінің мықтылығы сонда. Біз басқаға еліктеп, өзінің асыл адамдарын бағаламайтын халықпыз ғой. Мағрипа Жылқыбаева – ұлы адам.
Бұған дейін Алтын адамның жазуын 28 кісі оқыдым деп мәлімдеді ме? Күміс тостағанға жазу түсірудің де құпиясы бар ғой. Ол оптика ілімімен, физика ғылымымен байланысты құпия екенін тұңғыш ашқан ғалым – Мағрипа Жылқыбаева. Алтын адамды дәл осы физик сияқты терең зерттеген ешкім жоқ. Мағрипа Жылқыбаева – қазақ ғылымының «Ньютоны». Егер И.Ньютон тірі боп, осы жазуды көрсетсе, ол оқи алар ма еді? Меніңше, бұл жазуды ағылшын физигі оқи алмас еді. Өйткені, физика ғылымын Алтын адам жазуымен бірге, одан шыққан сілтемелер бойынша жартастағы таңбаларды зерттеуге пайдаланып, соған өмірін құрбан еткен ғалым әлемде біреу, ол – қазақ қызы.
Ол кісінің 1981 жылы Томск мемлекеттік университеті, Сібір физика-техникалық институтында қорғаған еңбегі де Ресей ғалымдарының қызығушылығын тудырып, сонда қалып еңбек ету туралы ұсыныстар айтылған. Бірақ ғалым «Қазаққа қызмет етемін» деп Алматыға келген. Әлемдегі Алтын адамдардың санын да физика-математикалық әдіспен зерттеп тапқан. Бұл кісі фундаменталды ғылымның өкілі. Қазақтың балалары осы жаратылыстану ғылымдарына мойын бұрса, еліміз келешекте аяғынан нық тұрады деп сенемін.
Жетісу жерінде пирамидалар барын алғаш айтқан
Ертай Айғалиұлы:
– Ғалымның бүкіл мұрасы баспадан шығуы керек. Мен «Ана тілі» газетінде істеп жүргенде ғалым апамыз Алтын адам жазуы бойынша ашқан жаңалықтарын таныстыратын мақаласын редакцияға әкелді. Мен ол кісінің мақалаларын оқығанда ой-тұжырымдарына қызығатынмын. Рас, «қиял адам» деп күлгендер де болды. Бұған дейін жазудың оқылуының 12 нұсқасы бар дей ме? Бірақ олар бұл таңбалардың мағынасын ашпаған ғой. Ал физик ғалымның еңбегі әр таңбаның 49 қабатын ашуымен құнды.
Өкініштісі сол, ғалым көзі тірісінде бағаланбады. Ол университетте істеп жүрген жұмысын тастап, Алтын адамды зерттеуге көшті. Егер университетте жұмысын жалғастырса көрнекті профессор, академик болар ма еді? Егер бұл дүниенің қызығын тәрк етпегенде, мүмкін аса бай, дәулетті адам болар ма еді? Алтын адам үшін соның бәрін құрбан етті. Өз денсаулығын аямай еңбек етті. Жетісу жерінде пирамидалар барын да алғаш айтқан осы кісі болатын. Ол кісінің бастауымен мен өзім сол пирамиданы барып көрдім. Сол жерден кірпіш табылған, ғалым апамыз онда бедерленген жазуды оқып, кітабында ол туралы жазған. Мағрипа Жылқыбаеваның ғылыми көрегендігіне мысал, «Аралдың астында 5 қала бар» деп айтып кеткен. Жақында Аралға барғанда білдік, расында 5 қаланың орны табылыпты, зерттеу жұмыстары басталып та кетіпті...
Бірнеше көне жәдігердегі жазудың кілтін тапқан
Шаяхмет Құсайынұлы:
– «Құдайға да жақсы адам керек» деген... Бидай өңді, маңдайы жарқыраған, жүзіне ұдайы мейірімді күлкі үйіріліп тұратын, мінезі ашық, өте парасатты, білімді ғалым Мағрипа Шөжеғұлқызы Жылқыбаева мәңгілік мекеніне кеткенмен оның қыруар өлмес мұрасы жасай бермек, жасап та келе жатыр. Ол кісі бір емес, бірнеше көне жәдігердегі жазудың кілтін тапқан. Ең алғаш Мағрипа апайды 2005 жылдың жазында көрдім. Қолында Алтын адам туралы мақаласы бар, «Қазақстан-Заман» газетінің редакциясына кіріп келді. Мен журналист болып осы ұжымға жаңадан кіргем, ал апамыз болса бұрыннан көптеген өзекті мақалалар жазған, оқырмандарға танымал. Елананың жанына келіп бәріміз сәлем бердік. Ол біздің сәлемімізді жылы қабылдап, өткір де, өзекті, оқырмандар сусындап оқитын мақалаларын бас редакторға табыстап кетті.
Өзім Алтын адам мекенінен болғандықтан маған бұрыннан таныс, ертеректе Еңбекшіқазақ ауданының Түрген ауылынан табылған күміс тостаған туралы ғалым жазған мақаланы көзім шалды. Мүмкін бұл мақала бұдан да ертерек жазылған шығар. Кезінде күміс тостағанның табылғаны жайлы мақала жазғаным есіме түсті. Түрген ауылының маңындағы ашық алаңға соқа түсіп, жер жыртылған. Сол қазылған жерден көне жәдігер тостаған жарқ ете қалады. Мақала жазу үстінде, жиегіндегі майда жазуларға көзім түсті. Ол маған өрнектелген жиек сияқты көрінді. Әріптер екенін түсіндім. Шіркін, мұнда не жазылды екен деп ойладым. Сүйтсем мұндағы жазуды, ғалым Мағрипа апамыз «МАИН ЕР ТҮРІКТІҢ ТЕГІ» деп тайға таңба басқандай етіп талдап беріпті. Міне, мықтылық! Бұл туралы «Түркі әлемі» газетіне мақала жариялаған болатын. Бұдан да бұрынғы жылдары Көк түрік, Хара түрік, Сары түрік, Ахали түрік, Мэсхат түрік туралы жазылса, енді оның қатарына МАИН ЕР ТҮРІК қосылды. Біз бүгін Мағрипа Жылқыбаеваның ғалымдық, журналистік қырына ғана тоқталдық. Негізі физика-математика саласына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Айта берсек, істеген еңбегін айтып тауыса алмаймыз. Жалпы, қарым-қабілет тұрғысынан Мағрипа Жылқыбаеваның деңгейіне жеткен ғалым әлемде жоқ десек болады.
Өз тілшімізден