ТҮБЕГЕЙЛІ ӨЗГЕРІС КҮТЕМІЗ!
2022 ж. 12 қыркүйек
1280
0
Қазіргі қоғамдағы басты өзгеріс – халық өз ойын ашық айтып, билікке араласуында ма деп ойлаймын. Осы күнге дейін саясатты билік пен олигархтар «кеңесіп пішті». Енді бұл ортаға Д.Аджемоглу мен Д.А.Робинсонның «Узкий коридор» кітабында жазғанындай, халық та кіре бастады. Бұл, әлбетте, демократия көрінісі.
Әйткенмен, ескі жүйе билігін қолдан бергісі келмейді. Орайы келсе, жон арқадан жонғысы-ақ кеп тұр. Бұған кешегі қаңтар қасіреті дәлел. Қой терісін жамылған қаныпезерлер билікті басып алуды көздеді. Себебі, Президенттің әділетті қоғам құру жөніндегі пайымы «олардың» жоспарын быт-шыт қылды. Рас, саясатта жүрек болмайды. Жуырда тағы да Президентке қастандық жасауға оқталған пасықпейілділер ұсталды. Әлбетте бұл, ескі жүйенің дәрменсіз амалының бір парасы. Әйткенмен, «Олар» (ескі жүйе сарқыншақтары) қасық аяғына дейін қарсыласатыны белгілі.
Жаңа Қазақстан құру жолында бұл үлкен кедергі. Оны саясаткерлер тұрмақ, қараша халық айқын біліп, байқап отыр. Шіркін, «ескінің сарқыншақтарын» сүзіп алса ғой деген арман әркімде бар. Халық одан да әбден мезі болды.
Ақиқатында, халақ Президент айтқан әділдікке зәру. Әділет адамға жұмыс істейтін заман орнағанын аңсайды. Жаңа Қазақстаннан соны күтеді Алаш жұрты.
Әрине, құрғақ уәде, бос әңгіме, халыққа берері жоқ бағдарламалар, ештеңе шешпейтін жиындар мен ұранды сөздер – көпшіліктің зығырданын қайнатты. Тіпті, көзінде от ойнатты, ақырында алаңға алып шықты...
Айталық, Үкімет алдында бүлдіршіндерді балабақшамен қамту 99 пайызды көрсетті деді А.Аймағамбетов. Ал еліміз бойынша 2 млн-ға жуық бүлдіршін балабақшаға зәру.
1,5 млн. қазақстандық берешегін бере алмай, банктер ізіне түсті. Бейбіт заманда, ел-жұрт аманда банк қызметкерінен қашып, көлегейленіп күн кешу қаншалықты қиын екенін елестетудің өзі ауыр. Мұндай күйге неліктен тап болдық?
Осы сұрақтың жауабын іздеп әлеуметтік желілерді қопардым. Өзіме қойған бірінші сұрағым: еліміздегі кедейлік шегі.
Несін жасырайын, қынжылған оқиғаға кезіктім. Министрлік кедейлік шегі тұрмақ, жұмыссыздар санын ашық айта алмай отыр. Әрине, ол цифрды білетініне шүбәм жоқ. Бірақ жасырып-жауып, бұғып-тығу амалдары бар.
Хош, Менделеев айтқан минералдардың бәрі бар мемлекетте жалаңаяқ күн кешіп отырғандаймыз. Егер бәріміз бақуатты ғұмыр өмір сүрсек, алаңдарға адамдар толмас еді, қаңтар қасіреті болмас еді. Аналарымыз көз жасын сығып, әкімдіктерге келмес еді, балаларымыз тірідей өртеніп өлмес еді...
Ал Үкімет халық үніне тыңдамақ түгілі, қос құлағын бітеп алғандай. Әлеуметтік теңсіздік пен жегі құрт жемқорлық қоғамның қол-аяғын матап тастады. Қанша сілкісе де сыр бермек емес. Ендігі мәселе тамырымен жұлу ғана. Басқа жол жоқ. Бұл тұрғыда «Саяси модернизация жасамай, экономикалық реформа жүргізу мүмкін емес» деп тоқетерін айтты Президент Тоқаев.
Саяси модернизация дегеннен шығады, ескі жүйе сарқыншақтарымен жаңа Қазақстан құру – ертегі. Оны бәріміз біліп отырмыз. Яғни, билікке жаңа буын келу керек. Ата салтын сақтаған, ана тілін ардақтаған, рухы мықты, тәуелділіктен ада ұрпақтың келуіне мүдделіміз. Осылай жаңа құрам жемқорлықпен шындап күрескені абзал.
Шындығы сол, жемқорлықты жоймай – қоғам алға жылжымайды. Бұл турасында ой қозғасаң, кейбіреу «Балық басынан шіриді, аяғынан тазаланады» дейтіні анық. Бізге мұндайды қажеті не? Сондықтан тазалауды жоғарыдан бастаған абзал.
Бұл ретте екі жыл ішінде Грузиядағы жемқорлықты жойған Саакашвили: «Сайлауда жеңіске жеткеннен кейін елдегі барлық құқық қорғау органдарын орнынан алдық.
Прокуратура, Ішкі істер министрлігі, шау тартқан менттер, парақорлар полицейлер тайлы-тұяғы қалмай қызметтен кетті. Грузияның Қауіпсіздік министрлігін (СБУ) алдық та қысқартып тастадық.
Су жаңа Ішкі істер министрлігін құрдық. Дәл осы министрлік Грузияны жылдар бойы билеп-төстеп, білгенін істеген криминалды-коррупциялық жүйенің күлін көкке ұшырды.
Айналасы екі-үш жылда елді түрме «авторитеттерінен» түгелдей тазарттық. Бостандықта жүрген бопсалаушылар, қаптесерлер мен баукеспелердің бәрі абақтыға қамалды.
Тек содан кейін барып жаңа әрі дамыған Грузияның іретасын қалауға көштік» – депті.
Рас, әділетті қоғамда ұры-қарылардың орны – түрме. Әйтпегенде, бұзақы пиғылдылармен бопсалап, алға қарай қадам аттатпайды.
Демек, құныққан, дәніккен жемқорланған ескі жүйемен біржолата қош айтыссақ қана шынайы реформалар жүргізуге жол ашылады.
Реформа дегеннен шығады, демократиялық қоғамның тағы бір көрінісі – пікірталас. Болмашы бағдарламаларға үнсіз қол көтеріп келісім беретін «Халық қалаулылары» да жылы креслосынан жалтару керек. Есіңізде болса, 1970 жылдары Испания мемлекеті диктаторлық жүйеден демократияға өткен кезде 18 күн қоғам зиялылары, депутаттар мен қоғам белсенділері пікір-таласқа түскен. Мұндайда қазақ: «Келісіп пішкен тон келте болмас» дейді. Ал бізде әлі де «билік ақылды», айналасы ақымақ дейтін бюрократтық жүйенің «маңдайынан жел есіп» тұр.
Түмен ойдың түйіні: экономика тамырына қан жүгіртіп, етек-жеңімізді жинаймыз десек, тез арада саяси реформа, түбегейлі ауыс-түйіс қажет-ақ. Өйткені, әлем алай-дүлей. Минут тұрмақ, секунд санап құбылып барады. Бұл батыл шешім қабылдау мен оңтайлы өзгерістерге бейімделуді міндеттейді. Әйтпегенде, құс қанатындай сусылдаған заманның ағысына ілесе алмасымыз анық.
Қайнар Жұмағожа,
журналист