Балжан ТӘҢІРБЕРГЕН, қолөнерші: ҚОЛӨНЕР ҰЛТТЫҚ ЕРЕКШЕЛІГІМІЗДІ АЙҒАҚТАЙДЫ
2022 ж. 31 тамыз
1099
0
Әлемдегі әрбір ұлттың өзіндік тарихы, өзінің әдебиеті мен мәдениеті, өнері мен салт-дәстүрлері бар екені белгілі. Сол арқылы мемлекеттің, оны мекендеген халықтың өркендеу деңгейін, өздеріне қатысты ұлттық ерекшеліктерін байқап, бағалауға болады. Оны да жасайтын, дамытатын өз адамдарымыз. Он саусағынан өнер тамған сондай жандардың бірі – Балжан Тәңірберген. Оның «Бастау Бизнес» бағдарламасының аясында өз кәсібін жүргізе бастағынына көп болған жоқ. Соған қарамастан өз ісін жете меңгерген ісмер жұртшылыққа кеңінен танымал. Әйелдерге арналған қол сөмкелерін тігумен айналысатын оның қолынан шыққан туындыларын бүгінде қазақстандықтар ғана емес шетелдіктер де тұтынады. Тілшіміздің белгілі қолөнершімен сұқбатын назарларыңызға ұсынамыз
– Балжан, кәсіптің осы түрін таңдауыңызға не түрткі болды?
– Менің негізгі мамандығым – дәрігер-эпидемиолог. Медицина саласында бірқатар мамандық бойынша қызмет атқарғанмын. Кез келген адамның мамандығынан басқа өзін қызықтыратын заттар, осымен айналыссам деген ұнататын істері болады. Өзім бұрыннан ерекше сөмкелерді қатты жақсы көретінмін. Ұнаған сөмкем қымбат болса да бар ақшамды жинап, жеңілдікті күтіп, сол сөмкені сатып алуға тырысатынмын. Қай жерде жүрсем де нәзікжандылардың ең бірінші сөмкесіне қарайтын болдым. Сөмкелерді қызықтап көп қарағаннан кейін бе, осыларды басқаша жасаса деген ой келіп, көз алдыма түрлі сөмкелердің сұлбасы келе бастады. Еш жерде жоқ сөмкелерді жасағым келді. Содан барып, осы кәсіпті бастадым. Қолым қалт ете қалса түрлі сөмкелер жасай бердім. Басында өзім үшін тігетінмін. Кейін туыстарыма сыйға тартып жүрдім. Одан соң бір шамасын сата бастадым. Былтырғы коронавирус үйге қамаған карантин кезінде жеке кәсібімді бастау туралы шешім қабылдадым. Ойлана келе осы сөмке жасау ісіне біржола көшуді ұйғардым.
– Жеке кәсібіңізді қалай бастадыңыз?
–Елімізде шағын және орта бизнесті дамыту бағытында көптеген жобалар бар. Соның бірі «Бизнес Бастау» бағдарламасы туралы естіп, біліп жүретінмін. Аллаға тәуекел етіп, осы бағдарламаға құжаттарымды тапсырып көрдім. Бағдарламаның өзге де қатысушылары іспетті мен де 21 күн оқып, сынақ тапсырдым. Басында қобалжу болғанмен, үміткерге қойылатын талаптар межесінен көріндім, сынақтардан сүрінбей өттім. Бизнес жоспарды қорғауға кіргенімде, өзімді қайрап, тіпті батылдана түстім. Комиссия мүшелері сұрақты жаудырғанмен менен мүдіріс болмады. «Осындай сөмкені қалай қолдан жасауға болады?» деген таңқалыстары да маған күш-қуат бергендей болды.
Осылайша мемлекет тарапынан бөлінген 583 400 теңгені ұтып алдым. Сөйтіп ойға алған кәсібім де бірден басталып кетті. Ұтқан гранттың ақшасына ең қажетті «Family» және «Еlna» атты тігін машиналары мен жабдықтар алдым. Бар-жоғы жарты миллион ақшамен бизнес ашуға болады дегенге өз басым сенбес едім. Бірақ мақсаты айқын адам үшін сол ақшаның өзі керемет демеу екеніне көз жеткіздім.
– Ісіңізді жүргізу барысында қандай қиындықтар кездесті?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, бағдарлама қатысушысы ретінде 21 күн бойы онлайн білім алдық. Дәл осы аралықта қызым ауырып ауруханаға түсіп қалдық. Оқи аламын ба, жоқ па деген күдік те болды көкейімде. Бірақ осындай қиындықтарға қарамастан білім алуды жалғастыра бердім. Телефоным мен қағаз, қаламым қолымнан түспеді. Бұл тұрғыда сабақ берген кураторларымыздың біліктілігін де атап өту ләзім. Зум, ватсап сынды желілер арқылы жиі-жиі байланыса отырып, бар білгенін үйретті. Осындай қиындықтарды да бастан өткердік. Меніңше адамда ең бастысы іс қыламын деген шынайы ниет болса, кез-келген қиындықты жеңіп шығады екен. Әрбір қиындық керісінше сенің одан әрі қайраттандырып, алған бағытыңа берік болсаң мықты маман болуыңа жол ашады. Қиындықпен келген жеңістің жөні тым бөлек.
– Грантты ұту жолында да біраз тер төктім дейсіз ғой... Ал ісіңізді қалай жолға қойдыңыз?
– Меніңше ешбір кәсіп бірден жүріп кетпейді. Жығыласың... Тұрасың.... Жүресің... Жүгіресің... Бастапқыда тапсырыс болмай, ісім тоқтап, тұралап қалған кездерім де болды. Бірақ мойымадым. Керісінше одан әрі шабыттанып, жаңа үлгілерін ойластырып тігіп қоя бердім. Артқа қарай шегінбедім. Осындай сәттерде «Атамекен» бизнес палатасы бізге қолдау көрсетті. Әртүрлі жәрмеңкелер ұйымдастырып, біздің тауарларымызды ел назарына ұсынды. Сонымен қатар, өзім де ақылы жәрмеңкелерге де қатысып жүрдім. Осылайша көпшіліктің назарына ілігіп, тұтынушыларым көбейіп, біртіндеп аяқтан тұрып кеттім.
– Сіздің қолыңыздан шыққан дүниелердің өзге шеберлердікінен ерекшелігі қандай?
– Менің жеке брендім өзімнің аты-жөніммен «Balzhan Tanirbergen» деп аталады. Өз брендімнің атына кір келтірмеу үшін сапалы материалдардан ғана жасаймын. Қажетті материалдарды Түркия және Ресейден алып отырамын. Таза былғарымен көп жұмыс істемеймін. Себебі,бағасы қымбатқа түседі. Барлық адамға бірдей бағасы қол жетімді болуы үшін экобылғары, былғары алмастырғыш, барқыт материалдарын қолданамын. Сөмкелердің көпшілігі арнайы тапсырыс бойынша жасалады. Яғни, тұтынушының өзі арнайы шеберханама келіп, өзінің қандай сөмке қалайтынын айтады. Ең бірінші, тұтынушының пікірімен санаса отырып оның дизайнын жасап шығамын. Сөмкенің ең басты құралы – фермуар десек, тапсырыс беруші оны да өзі таңдауға мүмкіндігі бар. Менің қолымнан шыққан сөмкелердің дені өз формасын ұстайтын қатты материалдан жасалады.
Менің салам трендке тікелей тәуелді болғандықтан, үнемі ізденіс үстінде жүремін. Бұл жерде де болашақ өнімнің көпшіліктің көңілінен шығатындай өтімді болуы үшін оған үлкен шығармашылықпен қарау қажет. Өзгелерді қайталау жұртты жалықтырып жібереді. Сондықтан тың ой, жаңа шешімдер керек. Алдында айтқанымдай, ешкімге ұқсамайтын ерекше қолтаңбаммен өзгелерден дараланып тұрғым келеді. Мәселен, дәл қазіргі сәтте көлемі өте кішкентай сөмкелер сәнде. Сонымен қатар, үш немесе төрт түрлі түстен құрастырылып тігілген сөмкелер сұранысқа ие. Мақсатым – заман талабына сай, сапалы дүниелер жасау. Осы жолда еңбектеніп келемін. Ал ең бастысы – менің қолымнан шыққан өнімдерде өзіміздің ұлттың ерекшелігі көрініс беруі керек. Тауарға қарап ұлтымызды танып жатса одан артық не бар! Айталық жапониялық немесе еуропалық тауар өндірушілер әлем жұртшылығына жақсы танымал. Олардың атақты фирмалары кәсіпорын беделін түсірмеуге тырысып, өнім сапасын көтеруге көп көңіл бөледі. Сондықтан олардың тауарлары өтімді, әлем бойынша үлкен сұранысқа ие болады. Сол ар арқылы өз елдерінің қуатын көрсетіп, әлем жұртшылығы алдында мәртебеге иеленеді. Яғни ұлт мақтанышына айланады деген сөз. Менің ісім олардың қасында теңіздің тамшысындай ғана көрінуі мүмкін. Шындап келгенде де солай. Өнімдері әлемдік нарықта сатылып, миллиардтаған табыс табатын атақты фирмалардың жөні бөлек, олар да бұл деңгейге оңай жетпегені белгілі. Бірақ мәселе тек қана көлемде емес. Кішкене зат шығарсаң да оның басты көрсеткіші сапасы мен сәнінде, қолданыста қолайлығында болса керек. Бұл үлкен жауапкершілік жүктейді. Сатып алушы алдымен тауардың қай елден, қай фимадан шықанына баса назар аударатыны белгілі. Менің кішкентей ғана сөмкелерім Қазақстаннан шығатынын әсте ұмытуға болмайды, үнемі есте ұстауға міндеттімін. Бұл менің ғана емес, бүкіл еліміздің беделі мен атына сын деп есептеймін.
– Тапсырыс берушілерді көбіне қандай сөмкелер қызықтырады?
– Еліміздің барлық аймағынан менің тұтынушыларым бар. Әрқайсысының талғамы әртүрлі. Мәселен, қазақы ою-өрнекпен тігілетін сөмкелерге көбіне Атырау, Ақтау, Маңғыстау қалаларында тұратын нәзікжандылар тапсырыс береді. Ал түрлі жылтыр тастармен көмкерілген сөмкелерді шымкенттік арулар қатты ұнатады. Ешқандай артық деталь қолданылмайтын, классикалық үлгідегі сөмкелерге солтүстік жақтағы тұтынушыларымның қызығушылығы жоғары. Бүгінде өз елімізбен ғана шектелмей, шетелдерден де тапсырыс қабылдап жүрмін. Атап айтқанда, Франция, Бельгия, Ресей мемлекеттерінде менің тұрақты тұтынушыларым бар. Әлеуметтік желідегі парақшама жаңа топтамаларды жиі жариялап отырамын. Шетелдіктер парақшама кіріп, менің туындыларыммен таныса отырып, тапсырыс береді. Оларды әсіресе, біздің ұлттық нақыштағы туындыларымыз қатты қызықтырады. Демек, шетелдіктерді жеріміздің кеңдігі мен байлығы ғана емес, біздің сан ғасырлы салт-дәстүріміз бен озық мәдениетіміз, өнеріміз де қызықтырады деген сөз. Ол үшін біз қуануымыз керек, мақтануымыз қажет.
– Құпия болмаса айына қанша табыс табасыз?
– Табысым әр айда әртүрлі. Негізі орташа алғанда 400-600 мыңның аралығында. Қазір бұрынғыдай клиент іздеп сабылмаймын. Өз қолтаңбамды қалыптастыра білдім деп ойлаймын. Сол себепті де бір-бірінен көріп, естіп тұтынушылар өздері келеді.
– Жаңадан өз кәсібін бастағысы келетіндерге қандай кеңес берер едіңіз?
– Қандай кәсіппен айналыссақ та, ең бастысы – атқаратын ісіміз адал болуы тиіс. Әрекет ету – бізден, берекеті – Алладан. Сондықтан да, қолынан келетін іс бойынша әр адам өз бағын сынап көрсе болады. Бұл жолда «Бастау Бизнес» бағдарламасы – таптырмас мүмкіндік деп ойлаймын. Жеңіске ешкім бірден жете қоймайды. Талмай еңбектенсек қана, ғана біз бағындырмайтын биік жоқ.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Қазір брендімнің атауын тек бирка арқылы ішіне ғана жазуға мүмкіндік болып тұр. Ал болашақта ВТ деген атауды өз қолымнан шыққан әрбір сөмкенің сыртына ойып жазатындай жолдарын қарастырып жатырмын. Алдағы уақытта жүзеге асады деген ойдамын. Сонымен қатар, жаныма көмекшілер алып, сөмкелердің түрін көбейтіп, жеке шеберханамды ашуды жоспарлап отырмын. Өз елімізбен ғана шектелмей, өз тауарларымды шетелге экспорттауды көздеймін!
– Әңгімеңізге рахмет! Ісіңізге сәттілік тілейміз!
Сұхбаттасқан: Гүлмира САДЫҚ