"1,5 миллион гектар жер 30 адамның ғана қолында": Депутат Алматы облысындағы жер мәселесін қозғады
2022 ж. 30 маусым
1629
0
Мәжіліс депутаты Зәкіржан Күзиев Алматы облысындағы жер мәселесін қозғады. Ол қарапайым халық жер теліміне қол жеткізе алмай отырғанын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Күзиев жер мәселесі Алматы және Жетісу облыстарының тұрғындарымен кездесулерде жиі көтерілетінін айтты.
"Шағын адамдар тобы шабындықтар мен орман алқаптарын толығымен алып, қалағанын істеп жатқаны наразылық тудырады. Бұл туған жердің әр бөлігін қасиетті санайтын халықтың ашу-ызасын туғызады.
Кеген, Нарынқол аудандарында болдық. Егер Нарынқолды алатын болсақ, 415 мың гектар жер 20 адамға тиесілі. Кегенде 512 мың гектар 11 қожайынға тиесілі. Ұйғыр ауданында аңшылық жасайтын алқаптардың 97 пайызын алты адам жалға алған. Бұл – шамамен 415 мың шақырым жер. Тек Алматы облысының осы үш ауданында бүгінде бір жарым миллион гектар жер 30 адамның қолында", – деді депутат экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевке жолдаған сауалында.
Күзиев қазір тұрғындар санитарлық және ветеринарлық талаптарды бұзып, малды қорада ұстауға мәжбүр болып отырғанын түсіндірді. Оның айтуынша, соңғы 15-20 жылда "жердің қожайындары" аңшылық шаруашылығы аумағына мал жіберуге рұқсат бермейді.
"Бұл адамдар бүкіл аумақты қоршап алған, жергілікті халық жазда мал баға алмай, ол жерден шөп те ала алмайды. Барлығы жауып тастаған, бұл жерлердің иелері Нұр-Сұлтанда, не Алматыда, не Талдықорғанда тұрады", – деп қосты ол.
Күзиевтің айтуынша, мұның бәрі жергілікті халықтың орынды ашуын тудырып, әлеуметтік теңсіздікке әкеледі. Ол жер заңнамасына өзгерістер енгізіп, бұл жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, халық игілігіне беруді сұрады.