Бақытты отбасы - жарқын болашақ кепілі
2022 ж. 22 мамыр
2381
0
Өзіміз өмір сүріп отырған қоғамның дамуына белсенді түрде атсалысу еліміздің әрбір азаматының парызы мен міндеті. Азаматтық қоғам дамығанда ғана адамдарымыздың тұрмысы жақсарып, мемлекеттің іргесі нығая түседі. Азаматтық қоғам мен мемлекет бір-бірімен ажырамас біртұтас ұғым, оларды екі бөлек, жеке- дара қарауға болмайды. Елімізде азаматтық қоғамды дамыту жан-жақты қарастырылып келеді. Бұл мәселе «Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасында» жан-жақты көрсетілген. Аталмыш құжатта қоғамдық ұйымдардың қызметін ұлғайту және азаматтық қоғам институттарының рөлін арттыру қажеттігіне баса мән берілген. «Біз елімізде азаматтық белсенділікті жандандыруымыз керек. Мемлекет пен қоғамның саналы әрі сындарлы серіктестігіне жол ашуымыз қажет» - деген болатын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында.
Алдымен азаматтық қоғамды құрайтын, қалыптастыратын – еліміздің тұрғындары, белсенді азаматтары, яғни сіз бен біз екенімізді ұмытпауымыз керек. Еліміздің әр азаматы еркін ойлы, өз ұстанымы бар, білімді, белсенді болғанда ғана ортақ Отанымыздың болашағы жарқын, мемлекетіміз қуатты болады. Біздің елде қоғамның дамуы мен нығаюына тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ көңіл бөліне бастады. Оны дамытудың қазақстандық өзіне тән, белгілі бір деңгейдегі үлгісі қалыптасты деуге де болады. Дұрыс бағыт-бағдар беріліп, мүмкіндік жасалса, мемлекет тарапынан қолдау білдірілсе белсенді азаматтармымыздың игі бастамалары қоғамның дамуына мол үлес қосады. Елімізде қалыптасқан осындай жағдайдың арқасында түрлі қоғамдық ұйымдар пайда болып, халыққа қызмет ете бастады. Күнделікті тұрмысымызда кездесетін түйткілдердің бірқатары қоғамдық ұйымдардың араласуымен шешілетін болды. Мемлекеттік органдар тұрғындардың жағдайын көтеру үшін атқарылатын қызметтердің сапасын жақсартып, әр бастаманы халықпен, қоғаммен келісе отырып іске асыруға күш жұмсап келеді. Бірақ мемлекеттік органдар қоғамның барлық топтарын түгелдей қамти алмайды. Сондықтан қоғамдық ұйымдардың көмегі аса қажет. Соңғы жылдары үкіметтік емес ұйымдардың қатары артуы мемлекеттегі азаматтық қоғамның күшейе бастағанының, белсенді азаматтардың қатары арта түскендігінің белгісі деп түсінуіміз керек. Бұны билік пен қоғам арасындағы диалогтың дұрыс жолға қойылғандығы деп те бағалауға болады.
Халықымызда «Отан отбасынан басталады» деген қалыптасқан ұлағатты ұғым бар. Отбасы – кез келген адам өмірінің ең маңызды бір бөлігі. Оны белгілі бір әлеуметтік институт десек те болады. Тәрбиенің негізі жанұядан бастау алады. Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда, соны ілерсің», «Ата көрген, оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген өмірлік тәжірибеден алынған мақал-мәтелдер бар. Осы жағынан алғанда бар мәселе отбасынан басталатынын ұғуға болады. Ұлт болашағында отбасы үлкен маңызға ие. Отбасы – адам баласының өсіп-өнер, қанат жайып түлеп ұшатын алтын ұясы ғана емес, отбасы – мемлекеттің іргетасы. Олай болса әрбір отбасының бақытты болуы – жарқын болашақтың кепілі.
Бүгінгі күні кең қанат жайған «Бақытты отбасын» жалпыұлттық бағдарлама десек қателеспейміз. Бұл бағдарлама 2019 жылдан бастап республикамыздың барлық аймақтарын қамтыған. Оның негізгі мақсаты – көпбалалы аналарға, тұрмысы төмен отбасыларына әлеуметтік-тұрмыстық жағынан көмектесу. Орталықтарда көпбалалы және аз қамтылған отбасылар мамандардың кеңестерін тегін түрде ала алады. Мысалы, тұрғын үй, жер қатынастары, АӘК тіркеу, түрлі қажет құжаттарды қалпына келтіру, алименттерді төлетуге ықпал ету, психологтардың балаларды тәрбиелеу, тренингтер өткізу, қиын өмірлік жағдайдан шығу, отбасы ішіндегі жанжалдарды шешу сияқты көмектер көрсетіледі. Аналарды түрлі мамандықтарға үйретіп, соған сәйкес сертификаттар беріледі және мүмкіндігінше жұмысқа орналасуға жәрдемдеседі. «Бақытты Отбасы» орталықтарында ағылшын тілін үйрену, визаж, массаж, шаштараз, пішу және тігу, гимнастика, аспаздық, тоқыма, компьютерлік біліктілік және тағы басқа курстар, түрлі бағыттар бойынша балаларға арналған үйірмелер (арт-терапия, гимнастика, математика және логика, шахмат, ағылшын, тоқу, логопед қызметі) курстары тегін түрде өткізіледі. Сондай ұйымдардың бірі – Алматы қаласы Алатау ауданындағы Ақмарал Басирова жетекшілік ететін «Бақытты отбасы» қоғамдық қоры. Ақмарал Басирова қоғам белсендісі ретінде елімізге жақсы танымал, бірқатар қоғамдық ұйымдардың мүшесі. Ана мен бала құқығын қорғау жөнінде өз пікірін ашық айтып, сол бағытта нәтижелі жұмыс атқарып жүрген көпбалалы ана. Кезінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрдің қабылдауында болып, кездесу барысында бүгінгі аналардың басындағы проблемаларды ашық айтып, сенбесе елді арлауға шақырған батылдығы бар. Алматы қаласының сол кездегі әкімі Бауыржан Байбекке аналарға қалай нақты көмектесу керектігі туралы өз жобасын да ұсынған болатын. «Жобаңызды жүзеге асыруға Сізге не керек?» деп сұраған әкімге: «Бізге кез келген ана кез келген жағдайда балаларын ертіп келе алатындай орталық керек. Онда психологиялық, құқықтық, әлеуметтік көмек көрсетілуі қажет. Аналар мәселелерін айтып, көмектеріңізге жүгінгенде келген сауалының шешімін тауып кетуі тиіс» деген ұсыныс айтқан. Түрлі кедергілер мен қиындықтарды өткеріп, озық ой мен батылдығының арқасында, әкімшілік қолдауымен аналар құқығын қорғайтын «Аq alem» қоғамдық қорын құрды. Одан кейін Алматы қаласында «Бақытты отбасы» орталықтары ашыла бастаған-ды.
Ұйым мүшелерінің барлығына дерлігі көпбалалы аналар. Оларды ұрпақтарын азамат етіп тәрбиелеуге деген ортақ ниеттері топтастырған. Баланың дені сау, білімді болып өсуі үшін лайықты өмір сүретін жағдай болуы шарт. Бүгінгі қатаң нарық жағдайында отбасын асыраудың өзі оңай емес. Азық-түліктің, өзге де күнделікті тұтынатын тауарлардың әлсін-әлсін қымбаттауы, қаржы тапшылығы әсіресе көпбалалы отбасыларына қатты әсер ететіні белгілі. Тұрмыс тауқыметімен бірігіп, ұйым болып күресу, өзгелерге қол ұшын беру тек ізгі ниетті адамдардың ғана қолынан келеді. Ұжымда жылдар бойы көпшілікке қызмет етіп жүрген Меңсұлу Меңдіқайырқызы, Гүлзат Асанхан секілді белсенді аналар бар.
Алғашқы жылдары санаулы ғана мүшесі бар ұйым уақыт өте келе өз қатарына белсенді аналарды тартып, тәжірибе жинақтап жұмыс ауқымын кеңейте түсті. Орталықта өмірдің қаншама қиындығын бастан өткерген белсенді аналар еңбек етеді. Сондықтан да ұжым қызметкерлері орталыққа келетін әр әйелдің жанайқайын жақсы түсінеді. Алатау ауданы қаладағы жаңадан құрылғандардың қатарында. Оның құрамына бұрынғы облыс аумағында болған елді мекендер кірген. Сол себепті қала орталығына қарағанда ауданда тұрмысы төмен отбасылар жиірек кездеседі. Көмек алуға сұраныс білдірген халықтың саны да өзге аудандарға қарағанда көп. Олардың бәрін бірден қамту мүмкін болмаса да қоғамдық қор сол алғашқы 2019 жылда Алатау ауданы бойынша 78 көпбалалы аналарға көмек сетрификаттарын тапсырды. Оның ішінде азық-түлік алуға 29 және киім-кешек алуға 49 сертификат берілді. Бастапқы кезең үшін бұл жақсы нәтиже еді.
Орталықта әйелдерге арналған ондаған курстар ұйымдастырылған. Онда көпбалалы аналар түрлі мамандықты игереді. Оқу кезінде аналардың кішкентай сәбилерін қарайтын тәрбиешілер жұмыс істейді. Бұл аналардың алаңсыз оқуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, әйелдерге бизнес негіздерін үйретіп, аналарды жұмыспен қамтуға арналған «Іскер ана» бағдарламасы да жемісті жұмыс істеп келеді. Бұл бағдарлама аясында қаншама әйелдер өз кәсібін бастап, күнкөріс қамын жасап жүр. «Іскер ана» бағдарламасы бойынша кәсіп бастау үшін 34 әйел 5 млн. теңгенің грантына ие болды. 860 әйел 555 000 теңгедден грант алды. Соларды ары қарай жүзеге асырып, әйелдердің өз бетінше табыс табуына, кәсіптерінің алға басуына әрі жасап жатқан заттарының сатылуы мен тендерге қатысуына көмектескен «Аnadan–qasiet» ассоциациясы құрылған болатын.
Алғашқы күннен-ақ қарқын алған қоғамдық жұмыс бір де бәсеңдеген жоқ. Керісінше жылдан жылға табысты жалғасып келеді. Қазіргі кезде қорда 12479 көбалалы аналар мен тұрмысы төмен отбасылар тіркелген. Оларға 5749 заңдық кеңес, әлеуметтік көмек секілді түрлі қызметтер көрсетілді. Бұл бір ғана қоғамдық қор үшін аз көрсеткіш емес. Биылдың өзінде жыл басынан бері 153 адам түрлі мамандықтарды игеріп, сертификаттарды иеленді. Оның қатарында 65 адам тұрақты жұмысқа орналастырылып, тұрмыстық жағдайын түзеуге мүмкіндік алды. Орталықтың ұйымдастыруымен 11 тренинг, 2 конкурс өткізілді. Сонымен бірге аса мұқтаж отбасыларға 60 азық-түлік себеттері мен 54 киім-кешек тауарлар табысталды.
Қор өзінің негізгі жұмысында «Балық берме, қармақ бер» деген принципті ұстанады. Дегенмен, отбасының төмен тұрмыстық жағдайына орай осындай әлеуметтік көмекке де жүгінуге тура келеді. Ол үшін түрлі демеушілермен тығыз байланыс орнатып, кәсіпкерлерді мейірімдік танытуға шақырады. Мысалы, Алматыдағы «Апорт» ірі сауда орталығы солардың бірі. Сауда орталығы көпбалалы және тұрмысы төмен отбасы мүшелеріне 50 пайыз, одан төмен бағамен киім-кешек, басқа да тұрмыстық заттарды береді. Бұдан басқа кәсіпкерлер өз қолғабыстарын тигізеді. Бірақ мейірімділікке, өзгенің демеушілігіне арқа сүйеп қарап отыру тұйықтан шығар түпкілікті шешім емес. Әрбір ата-ана өз ұрпағын өзінің еңбегімен өсіргенге жетпейді. Оларға қарап балалары да ертеңгі күні еңбекқор болып өсетін болады.
Жасыратыны жоқ, біздің қоғамда «мемлекет неге көмектеспейді» деген ұғымдағы адамдар аз емес. Олар мемлекеттің өзі сияқты жекелеген адамдардан, халықтан тұратынын естеріне алмайды. Қуатты мемлекетті, дамыған қоғамды сол адамдар өз қолымен жасауға міндетті. Оның бір үлгісі біз әңгіме еткен қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтарымыз. Олардың қатары көбейген сайын әрбір отбасы бақытты, өміріміз жарқын болады.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz