Жастар саясатын дамыту – ел болашағын анықтайды
2022 ж. 30 сәуір
2020
0
Адамзат қандай саяси-экономикалық жүйеде өмір сүрсе де қоғамның қозғаушы күші жастар болып келгені белгілі. Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің болашағы білімді де, білгір жастардың қолында. Алдағы уақытта Тәуелсіздік туын берік ұстап, Қазақстанды қуатты мемлекетке айналдыру да жастардың үлесінде. Олар әке-ағаларының жолын лайықты жалғастырып, озық идеялармен қаруланып, еліміздің дамып, өркендеуіне барынша үлес қосуға тиісті. Уақыттың кез келген сынағына дайын, бәсекеге төтеп бере алатын, заманауи технологияларды меңгерген, білікті жастар ғана сынақтардан сүрінбей өте алады. Ол үшін біздер бүгінгі күннің өзінде жастарымызға сапалы білім мен ұлағатты тәрбие беруге міндеттіміз.
Бұл міндетті ойдағыдай атқару мақсатында белгілі бір дәрежеде жастар саясатын қалыптастыру өте маңызды. Жастардың бүгіні мен болашағына қамқорлық жасау мемлекетіміздің ұстанған негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Жыл сайынғы мемлекет басшысының дәстүрлі Жолдауларында жастар саясатын жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар беріліп келеді. Жастарды жұмыспен, баспанамен қамту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Жұмыссыздық проблемасын жою үшін елімізде «Дипломмен ауылға», «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту-2020», «Әрбір отбасына «7-20-25» бағдарламасы аясында баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру, «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» сияқты бірқатар бағдарламалар қолға алынып, бар аймақтарда ретімен іске асырылуда. Оған қоса 2019 жыл арнайы Жастар жылы ретінде ресми жарияланып, көптеген істер атқарылды. Одан кейінгі қауіп төндіріп, түрлі қиындықтар әкелген пандемия кезінде жастар өздерінің қуатты күш екенін көрсете білді. Волонтерлік қозғалыс кең етек алып, жастар қиын-қыстау жағдайда қалған адамдарымызға көмек көрсетіп, игі істердің ұйытқысы болды. Бұл жалпы халықтық шараларға Алатау ауданы Жастар ресурстық орталығы ұжымы да өз үлесін қосып келеді. Әлеуметтік жағынан осал отбасыларына кәсіпкерлердің қолдауымен азық-түлік себеттерін үлестіріп, жалғызбасты зейнеткерлерге көмек көрсетеді. Жетім балалар мен қарттар үйіне де түрлі іс-шаралар ұйымдастырып тұрады.
Жастарымызға түрлі әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасау олардың өз тарапынан ешқандай әрекет болмасын деген сөз емес. Керісінше олардың белсенділігін арттырып, қоғамды дамытуға барынша өз үлестерін қосуға бағыттау аса маңызды. «Жас келсе – іске» деп босқа айтылмаған, өндірісті өркендету, еліміздің өзге де материалдық және мәдени байлығын арттыру негізінен соларға жүктеледі. Бұл ретте еліміз бойынша Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының негізінде жастардың түрлі қоғамдық ұйымдары жұмыс істейді. Солардың бірі – Алматы қаласындағы Алатау аудандық жастар ресурстық орталығы.
Алатау ауданы бұл мегаполистегі құрылғанына көп бола қоймаған жаңа аудандардың бірі. Шаһардың шет аймақтарын ала орналасқан бұл аудан құрамына көбінесе бұрынғы облыс иелігінде болған елді мекендер енгізілген. Соған орай ауданның инфрақұрылымы қала орталығына қарағанда әлсіздеу дамыған-ды. Соған қарамастан соңғы жылдар аудандағы елді мекендерге су, кәріз құбырлары жүргізіліп, газ отынымен қамтасыз етілді. Көше жолдары жөнделіп, жаңа мектеп пен балабақшалар салынды. Әлі де жоспарланған атқарылар жұмыстар жетерлік. Бұл істе әрине жастардың үлесі мол екені айтпаса да түсінікті. Аудан аймағында бір ғана жоғары оқу орны орналасқан. Қалғандары колледждер мен мектептер. Демек жастардың негізгі бөлігін осы оқу орындарының студенттері мен оқушылар құрайды деген сөз.
Аудандық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Қадырбек Файзулллаевтың айтуынша бүкіл қала сияқты аудан көлемінде де жастармен жұмыс жүргізу тұрақты түрде іске асырылуда. Оған аудан әкімдігі тарапынан да қолдау көрсетіліп, түрлі мемлекеттік және қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыс орнатылған. Орталықтың негізгі жұмысы – аудандағы жастарды оларға арналған мемлекеттік бағдарламалармен, жобалармен таныстырып, мамандықты дұрыс таңдауға көмектесіп, жұмыспен қамтамасыз ету. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша ашылған бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізіп, жастарды өздерінің қалауы бойынша жұмысқа орналастыру. Бұл жұмыстар әдетте Жұмыспен қамту орталықтымен бірігіп жүргізіледі. Сол сияқты түрлі семинарлар мен тренингте өткізіп, өз кәсібін ашуға көмектесу. Бұл бағытта Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұсынатын қызметін пайдалану өте маңызды. Олар кәсіпке үйретіп өз ісін ашуға мүмкіндіктер жасайды. Одан басқа түрлі бағдарламалар бойынша мемлекет тарапынан бөлінетін 1-3 миллион аралығындағы, тіпті одан да жоғары қайтарымсыз түрлі гранттар бар. Соны біліктілікпен пайдалануға үйрету. Нәтижесінде грантқа иеленген жастар өндіріс ашып, өзгелерді де жұмыспен қамти алады. Ол үшін белгілі бір дәрежедегі білім мен тәжірибе қажет. Бірлесіп өткізген семинарларда оның алғашқы сабақтарын алуға болады. Одан әрі әрбір жастың өз іскерлігі мен ынтасына қатысты болмақ.
Оқушылар мен студенттерден басқа ауданда ешқайда оқымайтын және тұрақты жұмыс істемейтін жастар да баршылық. Негізгі жұмыс жастардың осы тобымен жүргізіледі. Біріншіден, олардың жұмысқа орналасуы үшін соған сәйкес мамандығы болуы қажет. Сондықтан оларды түрлі мамандықтар бойынша оқу курстарына жіберу ұйымдастырылады. Мамандықты игеріп сертификат алған соң жұмыс орындарына жіберіледі. Бұл ретте «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыс», «Бірінші реттік жұмыс орны» сияқты бағдарламалар бар. «Жастар практикасы» бойынша мамандығы бар жас бір жылға жұмысқа алынады. Толық жалақы төленіп, зейнетақы қорына қаржы аударылады. Бір жыл жұмыс істеген маман одан кейін аталмыш кәсіпорында түпкілікті қалуына мүмкіндік беріледі. Маман өзін жақсы жағынан көрсете білсе тіптен жақсы. «Қоғамдық жұмыс» бағдарламасы бойынша да дәп осындай мүмкіндіктер беріледі. Олар түрлі қоғамдық ұйымдарға жұмысқа орналастырылады. Бұлардан басқа тағы бір бағдарлама бар. Кәсіпорында көтеген жылдар жұмыс істеген мамандар зейнеткерлікке шығар алдында өзінің қалауынша жастарды қарамағына алып, бірнеше ай үйретіп ізбасар дайындайды. Бұны тәлімгерлік тәжірибе деуге болады. Яғни зейнеткерлікке шығатын маман өз орнына қажетті қызметкерді немесе жұмысшыны дайындап кетеді. Бұның кәсіпорын үшін де, жас маман үшін де пайдасы мол.
Осы тұста мына бір іс-шараны да айта кеткен жөн. Жұмыссыз жүрген жастардың бәрі өздігінен Жастар орталығын келмесі белгілі. Олар осы ұйымның бар екенін, оның мақсаты қандай екенін білмеуі мүмкін. Сондықтан орталықта жылжымалы кеңес орталықтары ұйымдастырылып тұрады. Олар уақытша жұмыс істейтін орындарды тауып, ондағы жастарға жоғарыда аталған тұрақты жұмысқа тұратын мүмкіндіктерді түсіндіреді. Келіскен жағдайда оларға қолдау көрсетеді. Осындай әдіспен жүздеген жастар орталық мамандары өткізген іс-шараның нәтижесінде тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілді.
Өкінішке орай, бүгінгі күні жастарымыз түгелдей жұмыспен қамтамасыз етілді деп айта алмаймыз. Істеймін деген адамға жұмыс қашан да табылады. Бірақ, бүгінгі жастарды сол нарықта бар жұмыстар қанағаттандырмайды, кез келген істі атқаруға құлықсыз. Біріншіден, төлейтін жалақысы төмен десе, екіншіден талғамына сай келмейтінін айтады. Одан да басқа айтар себеп-салдарлар жетерлік. Жалақы жағы түсінікті, бүгінгі нарықтағы азық-түлік, басқа да күнделікті тұтынатын тауарлар бағасы тым жоғары, соған байланысты лайықты өмір сүру үшін алатын айлық та айтарлықтай болуы керек. Ал талғам туралы талас тудыруға болады. Қолына диплом алысымен жоғары қызметке орналассам дейтіндер де табылады. Бұл өз мүмкіндігін дұрыс бағламаудан туындайды. Жоғары қызметке ие болу үшін мықты, білікті маман болу керек. Ал ондай шеберлік тәжірибемен келетіні түсінікті. Алдымен жастар өздерін іс жүзінде көрсетуі міндетті, жоғары білімі бар екен деп ешкім оны лауазымды қызметке бірден отырғыза қоймайды.
Абай атамыз айтқандай, жұмыссыздық адам баласын аздырады. Әсіресе жастардың оқымай немесе жұмыссыз бос жүруі қауіпті. Өйткені өздерін қоярға жер таппай жүрген жастар өзге жат пиғылдағылардың жетегінде кетуі әбден мүмкін. Ондай жағдайлар да кездеседі. Айталық, ұрлықпен айналысу, кісі тонау, әсресе ішімдік пен нашақорлыққа салыну сияқты қоғамға жат қылықтармен айналысып кетеді. Онымен құқық қорғау орындары күресіп жатқаны белгілі. Бірақ бір ғана құзырлы орындар жұмысы түпкілікті нәтиже бермейтіні белгілі. Онымен бүкіл қоғам болып күресу қажет. Бұл жерде Жастар орталығы да шет қалмауға тиісті. Сондықтан Жастар орталығы мамандары Ішкі істер департаменті қызметкерлерімен бірігіп түрлі рейдтер жүргізіп, қылмысқа қатысы барларды анықтауға көмектеседі. Осы қылмысқа бейімді деген жастармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, дұрыс жолдан тайдырмаудың алдын алады. Мысалы, оқу орындары мен еңбек ұжымдарында заңгерлердің қатысуымен түрлі кездесулер өткізудің де тиімділігі жоғары. Бұндай кездесулерде қозғалатын тақырыптар да әртүрлі. Алдымен жастардың азамат ретінде өз құқығын білуі, соған орай бүкіл қоғамға ортақ заңды сыйлап, оның талаптарын орындау міндет екені түсіндіріледі. Заң талаптарын орындамаған жағдайда, заңды бұзғанда оның соңы немен аяқталатыны, қандай жауапкершіліктер болатыны егжей-тегжейлі айтылады. Жасаған қылмыс үшін жауапкершілікке тарту ешқайда қашпайды, ал оның алдын алу анағұрлым тиімді екенін тәжірибе талай рет дәлелдеген. Нәтижесінде жастар көптеген қажетті ақпараттар алып, өздерінің әрбір ісіне жауапкершілікпен қарайтын болады.
Жастарды тәрбиелеуде жалынды, ұранды сөздер мен бос уағыздың әсері шамалы. Сондықтан олардың бос уатыттарын өткізу үшін тұрақты түрде көптеген нақты іс-шаралар өткізіліп тұрады. Әсіресе мәдени-ағарту, түрлі шығармашылық, әскери-партиоттық, спорттық тақырыптағы іс-шаралар жастарды көбірек қызықтыратыны байқалады. Ауданда қоғамдық ұйымдардың ұйымдастыруымен әртүрлі бағыттағы жүздеген тегін үйірмелерге мыңдаған жастар тартылған. Оның ішінде әлеуметтік жағынан нашар қорғалған отбасыларынан шыққан балаларға баса назар аударылады.
Әрине, жастрадың бос уақытын тиімді өткізуде спорттық шаралардың орны бөлек. Бұл бағытта аудандық әкімдіктің қолдауымен, өзге де қоғамдық ұйымдардың қатысумен жеіл атлетика, қазақша күрес, футбол, волейбол, теннис сияқты спорт түрлеріненжарыстар жарыстар жиі өткізіледі. Жақында ғана мини-футболдан отызға жуық команда қатысқан жарыс аяқталып, нәтижесінде «Өжет» ықшамауданы спортшылары бас жүлдені жеңіп алып, одан әрі қалалық жарысқа жолдамаға ие болды. Енді өжеттіктер аудан намысын қала деңгейінде қорғайды.
Алатау ауданы бір-бірінен алшақ орналасқан шағын ықшамаудандардан тұрады. Сондықтан оларды бірден қамту оңайға түспейді. Сондықтан ауданда Жастар кеңесі құрылды. Бұл жастар кеңесіне барлық ықшамаудан өкілдері қатыстырылған, ешқайсысы шет қалмаған. Жергілікті жерде орын алған мәселелер осы кеңесте айтылып, оны шешудің жолдары бірігіп қарастырылады.
Жастар – ел болашағы дегенді жиі айтамыз, оның артықшылығы жоқ, шын мәнінде солай. Бүгінгі мемелекет, қоғам болып қолға алған жастар саясатын дамыту ¬– еліміздің жарқын болашағын қамтамасыз ететін берік бағытқа айналады деп сенгіміз келеді.
Зейнолла АБАЖАН