Қазыбек Иса: МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІ АТА ЗАҢДА АЙҚЫН КӨРІНУІ ТИІС!
2022 ж. 28 сәуір
1428
3
Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса «Ақ жол» фракциясы атынан ҚР Премьер-Министрі Ә. Смайыловқа депутаттық сауал жолдап, мемлекеттік тіл мәселесін көтерді.
"Қазақ үні" ақпарат агенттігі депутаттық сауалдан үзіндіні оқырман назарына ұсынады:
Дәл қазір Конституцияға саяси өзгеріс енгізіліп жатқан кезде, 30 жылдан бері өз тіліміз емес, өгей тілдің күйін кешіп келе жатқан Қазақ тілінің Мемлекеттік тіл ретінде жеке дара айқындау мәселесін шешіп алуымыз керек! Өйткені, Президент Тоқаев айтқандай: «Мемлекеттік тіл мәселесі – үлкен саясат!». Ендеше неге үлкен саясатымыз - Мемлекеттік тіліміз саяси өзгерістерден қалып қалуы керек?!
Бұл қазір елді алаңдатып отырған ең басты мәселелердің бірегейі!
Мысалы, «Ақ жол» фракциясы 2012 жылы Мемлекеттік тілдің қолданылуын арттыру бойынша заң жобасын жасағанда үкімет өткізбей тастады. «Қазақ тіліне қазақ үкіметі қарсы шықты» деп жаздық біз.
Конституция мен заңдарымызда Мемлекеттік тілдің мәртебесін қорғау – еліміздегі ең басты мәселе болып тұр қазір. Осы мақсатта «Қазақ үні» ұлттық порталында Конституциясындағы 7-ші баптың 2-ші тармағын алып тастап, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап еткен Ашық хат үш рет жарияланды. Үшіншісі 2020 жылы қайта жарияланған «МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІ АТА ЗАҢДА АЙҚЫН КӨРІНСІН!» атты Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевқа жазылған Ашық хатқа еліміздің әлемге әйгілі тарландары бастап, 126 215 адам қол қойып, қолдады. Бұл бұрынғы межелерден мың еседей асып түсіп, тарихи рекордтық деңгейге жетіп отыр. Бұл қалың қол ішінде тек қазақтар ғана емес, әртүрлі ұлт өкілдері де (50-ге жуық) жеткілікті.
«Еститін мемлекетке» миллиондардың үнін естірткен, бір жарым айда 126 мыңнан аса Ашық хатқа қол қойған петиция Президентке тапсырылғанына да екі жыл болады жақында.
2021 жылы «Ақ жол» фракциясының Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап еткен депутаттық сауалында айтылғандай ҚР Премьер-Министріне, үкіметке тапсырылған Мемлекеттік тіл туралы заң Концепциясы жобасына да 2 жыл болды...
ҚР Президенті Қ.Тоқаев басқаратын Ұлттық кеңестің 2019 жылғы бірінші отырысында «Конституциядан орыс тілі туралы бапты алатын кез жетті» деп ұсыныс жасағанымызға да үш жылға жуық уақытқа жақындады.
Әлемде бар елде Мемлекеттің азаматы азаматтық парызы мен міндетін орындауы бұлжымас заң! Ол заңға мемлекеттік тілді білу міндеті де кіреді. Бұл міндетін азаматтары да, тіпті мемлекеттік тілді білуі міндетті болуы тиіс мемлекеттік қызметкерлері де орындамайтын әлемде жалғыз ел Қазақстан! Өйткені біздің елдің Констииуциясында ғана мемлекеттік тілді білу әр азаматтың міндеті екенін әдейі жазбай кеткен… Бұл Конституция талабы мен атына сай емес заңсыздық! Осы заңсыздықты Тәуелсіздіктің 30 жылынан асқанда Жаңа Қазақстан, екінші Республикада түзелуі тиіс!
«Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады.»-деген мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың сөзі енді іске айналып, Атазаңға жазылуы керек.
Конституцияның тіл туралы бабының бірінші тармағын орындамай, сызып тастап, оған қарсы екінші тармағын орындайтын ел әлемде тағы да жалғыз тек Қазақстан!
Қазыбек Иса,
Қазақ үні