БӘРІН ДЕ ӨЗІМІЗДЕН БАСТАЙЫҚ
2022 ж. 19 сәуір
1228
0
Келеңсіз емес келелі бір іс жайында
Әлеуметтік желі улыған – шулыған!
Кісінің иманы қасым болғандай!
Түркістандық бір «байшыкештің» өзіне көзі тірісінде мүрде соққаны жайындағы бейнежазба мен оған ілескен алып-қашпа сөз желдей есті. «Ойбай, несін айтасың, көзі тірісінде өзіне-өзі мүрде соғыпты. Мұнысы несі?» -дейді жалпақ жұрт. Әуелгіде біздің де денеміз тітіркенді. «Ақшасын қайда шашарын білмей жүрген бір надан байшыкеш шығар...» -дегенді айттық бәріміз бірауыздан.
Әлеуметтік желі улап-шулап кеткен соң, ақыры әлгі көзі тірісінде өзіне кесене соқтырған сабаздың өзі де шықты жарыққа. Мән-жайды түсіндірген болып жатыр. Оның сөзіне сенсек, «Кесенені ол өзіне салмаған. Маңғыстауда жерленген Бекет баба рухына арнап салынған....» Әрине, кейіпкердің уәжі сендірмейді кісіні.
Енді біз ойланамыз.
Біріншіден, қазақы дәстүрде болмауына қарамастан көзінің тірісінде өзіне кесене салу соншалық жан шошырлық іс емес. Тіпті дәстүрде жоқ деп те айта алмайсың. Қазақ жағдайында сирек те болса кездесетін іс. Айталық, ХХ ғ. басында діндар ағартушы ұлы ақын Мәшһүр Жүсіп Көпейбаласы өзіне тірі отырып кесене салдырған. Өлетін күніне дейін өзі айтып өткен. Солай болған да.
Коммунистік идеология қабындай келе, ХХ ғасырдың 50-ші жылдары бір әсіре көргіш қазақ Мәшһүр Жүсіп кесенесін «көрсете» қойып, саяси науқанға айналды. Мақтанышты тарихшымыз Е.Бекмаханов, фольклорист М.Ғабдуллин аузымен Республика басшылары қоғамға жат қылық, зиянды діндарлық іс деп сынап ала жөнелді. Баспасөз бетінде сыналған соң, аудан басшылығы трактор апарып тарихи кесенені сүргізіп тастады. Тамаша тарихи ескерткіш қирады да қалды... Кейін, мың болғыр Ерлан Арын қалпына келтірді.
Ертеде, қазақта осындай «үрдіс» болған. Айта берсек, ол көп сөз. Мұның қайсысы да «соңғы мүшелден» (85 жас) кейін көзі тұрып, асын беріп, жаназасын шығарып қою дәстүрімен сабақтас мәселе. Ондайлар өте көп болған қанағатшыл қазақта.
Екінші бір мысал. Менің Бектөре Асамбаев есімді ағайыным, көзінің тірісінде 2005 (?) жылы болар, өзіне Қ.А.Ясауй кесенесінің сәл шағындау моделінде кесене тұрғызды. Әйелі екеуі қажылыққа барып, оралды. Алдымен әйелі, сосын өзі қайтыс болды. Өсиеті бойынша, Әлгі кесененің ішіне қойылды. Мәңгілікке дамылдап сол жерде жатыр. Мешіт емес, өзіне көзі тірісінде салынған кесене. Аса діндар да кісі емес-ті. Аса бай да емес. Келешегі Түркістандағы туристік маршрутқа кіретін тарихи ескерткіштің біріне айналарына менің күмәнім жоқ.
Осыдан туындатып айтатын болсам, алты алашқа аты мәшһүр меценат, рухани жан байлығы мол Бекет Түрғараевтың көзі тірісінде өзіне келешегі тарихи ескерткішке айналатын кесене салдыруы – соншалықты тұзақ үзген әдепсіздік емес. Ол Қазығұрт тауының осы бір биігіне бұған дейін қазақтың аңызға шыққан азаматтарына арнап (Жалаңтөс баһадүр т.б. ) тарихи ескерткіштер салған. Өз қаржысына. Өле кетсе, иман бұйырып жатайын деп салған мына кесене (мүрде дей қоялық) сол тарихи кешеннің бір компоненті (бір бөлшегі) ғана.
Оны әйелі екеуіне ғана арнап салмағаны көрініп тұр. «Қара бура» кесенесі секілді, ағайын-жұрты, үрім бұтағы осы кесененің ішінде қатар жатпақ. Осында тұрған не бар?
Асылында, біздің түсінігіміз қызық. Белгілі меценат Қазығұрт жотасына тарихи ескерткіштер соғып, айтулы бақ жасағанда (өз қаржысына) «мына кісі қаржыны қайдан алып жатыр?»-деп ойламаймыз да, олай сөйлемейміз. Неге? Халық игілігіне жасалған тарихи кешен. Енді, келіп, өзін, әйел, бала-шағасын қоса айтқанда, әулет, аумақ зиялылары қисая кетсе жататын кесене соқты деп жөн-жосықсыз шулаймыз. «Осыншама қаржыны қайдан алып жатыр?»-деп пендешілік жасаймыз. Бұл дұрыс емес, ағайын.
Өз басым, Түркістанда ұстазым ұлы түріктанушы Бейсембай Кенжебайұлына арнап «Бейсембай Кенжебайұлының түріктану музейін», «Түрік тілдес халықтар кітапханасын», «Түрік халықтары өнер галереясын» соққан адаммын.Белгілі дәрежеде өзімді руханият меценаты деп есептеймін. Әрине, бұл мәселеде Бекет Түрғараевпен өзімді салыстыра алмаймын. Бекет ағаның руханият саласына жасап жүрген меценаттығы сұрапыл. Солтүстік, Оңтүстік, Батыс, Шығыс... тұтас республиканы қамтиды. Жоғарыда айтқан игіліктерді жүзеге асыруда Бекет Түрғараев, Үмбет Жүсіпбаев, Базарбай Момбеков секілді кәсіпкер азаматтардан қаржылай көмек көргенімді неге айтпаймын?!
Бекет Түрғараев зейнеткер. Бірақ, істің көзін тапқан кәсіпкер. Оның асыл тұқымды жылқы өсіруінің өзі елімізге өнеге етіп айтар ғажап нәрсе! Біз өз Бекетімізді көрмей, Алманияда (Германия) Қазақстаннан барған бір немістің бие зауытын ұйымдастырғанын әуезе етіп айтамыз. Бекет Тұрғараевтың жылқы түлігін кәсіпкерлікке айналдыру жолындағы өнегесі ол қазақуар немісті он орап алады ғой, ағайын-ау.
Өзімнен алайын мысалды. Түркістанда «Түрік тілдес халықтар кітапханасын» 24 түрік тіліндегі кітаптарды жинақтап аштым. Дүние жүзінде аналогы жоқ кітапхана. Тек, Түркістанға ғана жарасады. Түркістанды күллі түріктік өреге көтереді. Өз елімізде елеген адамды көргенім жоқ. Түркиелік азаматқа тұрмысқа шыққан Әсел есімді қыз келіп көріп, кітапхана қадірін жете түсініп, Анкарадағы үш бөлмелі пәтерінде менің кітапханамның электронды нұсқасын ашып еді, біздің теледидар шулап қоя берді. «Ғажап!»-дейді тамсанып. Ұстазыма арнап экспозициялаған музейімді жауып, Мәдениет үйіне қосқысы келеді басшымның. Біз әсіресе, мәдениет ошақтарын ашу, жасақтауда, оны халық игілігіне айналдыру жолы – ГЧП сипатында жүретінін еске ала бермейміз. Өкінішті. Бекет Түрғараев кесенесі де келешек халық игілігіне айналатын рухани кеніш!
Туасында, біз өзімізді өзіміз бағалай бермейтін халықпыз. Ұлыны жерге тығамыз. Ұрыны ұлы (қайраткер) тұтамыз. Өз асылымызды жасық деуге дайын тұрамыз. Өзгенің «қаңсығын» әлдеқандай қыламыз. Қайраткер перзенттерімізді қуалап жүріп өлтіруге дайын тұрамыз. Халтурщикті қайраткер тұтудан бір танбаймыз. 1932-33 жыл, 1937 жыл. –қазақтың өзін-өзі қырған содырлы сойқаны. Сол қанды қырғыннан да сабақ алмаймыз.
Бүгінгі әңгіме атақты меценат, рухани кемел кісі Бекет Түрғараевтың «өзіне» салған кесенесі жайы да біздің халқымыздың «басыр» дүниетанымының көрінісі. Басқа түк те емес. Бекет Түрғараевтың жұрт дүмпуіне шыдамай «ақталуы» да жөнсіз. Ал, шындығына келгенде бұл келешек халқымызға қызмет ететін тарихи кешеннің бір бөлшегі ғана.Бар әңгіме өз зиялымыздың қадіріне жетпей, оның жасап жүрген кешенді тарихи ескерткіштерінің байыбына бармай(көре алмай), әлеуметтік желіге теріс трактовка жасап салып жіберген бір әсіре, рухани кемтар адамның әлегінен туындап отыр-деп ойлаймын бар мәселе.
Әлеуметтік желінің де есейетін, Қазақстан БАҚ қатарына кемелденіп тұратын уақыты болды ғой, ағайын!
«Жаңа Қазақстан» жасақтауды, жасақтау жолындағы реформаны біздің әрбіріміз өзімізден бастасақ, өз ішімізді тазартудан бастасақ етті. Дана Әбіштің (Кекілбаев) «Бағаламағанға бақ қонбайды»-деген әдемі сөзі бар. Алдымен жақсылықты көре білсек етті! Қай нәрсенің де байыбына барып, жамандығынан бұрын жақсылығын көре білсек етті, шіркін!
ТҮЙІН:
«Қазығұрттың басында кеме қалған, Әулие болмаса неге қалған?!....»
Бекет Тұрғараевтың Қазығұрт тауының бір жотасында көптен жасап келе жатқан кешенді ісі басында кеме қалған Қазығұрт тауының Әулиелігін дамыта дәлелдеу жолындағы берекелі бір ісі деп білемін.
Құлбек ЕРГӨБЕК,
Қазақ үні