Бучадағы жағдай бойынша БҰҰ аясында тергеу жүргізу керек – Мәулен Әшімбаев
2022 ж. 07 сәуір
1390
0
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Украинаның Буча қаласындағы оқиғаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер палата спикерінен Украинаның Буча қаласындағы оқиғаға қатысты Қазақстанның ұстанымын сұрады.
«Бәріміз бұқаралық ақпарат құралдарынан да, әлеуметтік желілерден де Бучадағы және басқа да елді мекендерде болған жаңдайды көріп жатырмыз. Бучадағы жағдай – үлкен трагедия. Украина тарапы геноцид деп айтып жатқанын естіп жатырмыз. Ал Ресей тарапы бұны істемегенін алға тартуда. Сол себепті халықаралық ұйымдардың аясында, БҰҰ ауқымында комиссия құралады деген ойдамын. Сол комиссия объективті түрде жан-жақтан ақпаратты жинап, адамдармен кездесіп, сол жерге барып, халықаралық қауымдастыққа мәлімет бергені дұрыс. Бейбіт адамдар қаза болды. Сондықтан бұл жағдай «қалай болды, неге болды» деген сұрақтар аясында халықаралық ұйымдардың қатысуымен анықталу керек», - деді Сенат төрағасы.
Осы орайда М. Әшімбаев бұл оқиғаға қатысты эмоцияға салынбай, БҰҰ аясында үлкен тергеу жұмыстарын жүргізген орынды болатынын атап өтті.
«Мұндай мәселелерге қатысты халықаралық конвенциялар да, халықаралық шарттар да бар. Бұл тұрғыда БҰҰ аясында тиісті жұмыстар ұйымдастырылғаны дұрыс болатыны сөзсіз. Қазақстанның ресми позициясын Сыртқы істер министрлігіне сұрау салып, солардан алғандарыңыз дұрыс болады. Жақында Президентіміз өз мақаласында айтып кеткендей, біз Украинаның территориялық тұтастығын сыйлаймыз. Бұл жерде позициямыз анық. Соңғы айда бұл мәселені бірнеше рет Президент те, Сыртқы істер министрі де айтты», - деді Сенат төрағасы.
Айта кетейік, дүйсенбіде Мәскеу Бучадағы жағдайға байланысты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысын шақыруды талап етті.