Қазынаның мүлкін пайдаланатын "Қазақтелеком" тапқан табысын неге халықпен бөліспейді?

Қазынаның мүлкін пайдаланатын "Қазақтелеком" тапқан табысын неге халықпен бөліспейді?

ҚАЗЫНАНЫҢ МҮЛКІН ПАЙДАЛАНАТЫН «ҚАЗАҚТЕЛЕКОМ» ТАПҚАН ТАБЫСЫН ХАЛЫҚПЕН НЕГЕ БӨЛІСПЕЙДІ?

«Қалдарбектің баласы бәрі мәздем,

Алуға бар, кісіге беруге жоқ».

Майлықожа

1. «БҰЛ НЕ ДЕГЕН БАТПАН ҚҰЙРЫҚ?»

        Бүгінгі заманда адам өмірін телефонсыз елестету мүмкін емес. Егер ол бірден өшіп қалса, тас дәуіріне оралғандай боларымыз хақ. Біздің елде байланыстың бұл түрімен негізінен қамтамасыз етіп отырған монстр мекеме – 1994 жылы Байланыс министрлігінің құрамынан бөлініп шыққан «Қазақтелеком» Ұлттық акционерлік компаниясы. Ол халықтың телефон байланысына деген өте жоғары сұранысын тиісті дәрежеде қанағаттандыру мен нарықтық экономиканың заманауи талаптарына сай әрекет ететін болсын деген мақсаттан туған еді.

           Бұл байланыс түрі жұмыс істеуі үшін алдымен телекоммуникация нысандары мен желілік құрылыстар (тірек станциясынан шағын ауданға дейінгі телефон кәрізі, шағын аудан ішіндегі кәріз, оптикалық және мыс кәбілдерін байланыс кәбілдерін төсеу, үйлер ішіндегі тарату кәбілдерін төсеу, сондай-ақ тарату шкаптары мен қораптарының шеткі құрылғыларын орнату) салыну керек. Салыну үшін тапсырыс беруші болуы керек қой. ҚР «Байланыс туралы заңының» 29-бабының 3-тармағы «Тұрғын үйлер мен басқа да объектiлердi салу кезiнде iшкi және орамдар iшiндегi байланыс желiлерiн жобалау мен тарту, сондай-ақ абоненттiк пошта шкафтарын орнату қолданыстағы техникалық нормалар мен ережелер негiзiнде құрылысқа тапсырыс берушiлердiң қаражаты есебiнен жүзеге асырылады» десе, осы баптың 4-тармағы «Тұрғын жай массивтерiнiң кешендi құрылысын, өндiрiстiк объектiлер мен оған iргелес жатқан елдi мекендердi салу кезiнде, азаматтық ғимараттар мен пошта бөлiмшелерiнiң үй-жайларын қоса алғанда, барлық байланыс құралдарын жобалау мен салу тапсырыс берушiнiң қаражаты есебiнен жүзеге асырылады» дейді.

         Ал, бізде тапсырыс беруші кім? Әдетте, әкімдік. «Қазақтелеком» АҚ (ҚТ АҚ) Байланыс министрлігі құрамынан бөлініп шыққан кезде саладағы бәсекелесі жоқ жалғыз қызметші де өзі болғандықтан, өз қаражаты есебінен телекоммуникация нысандарын салу мен телекоммуникация қызметіне деген осындай үлкен сұранысты қанағаттандыра алмағандықтан, заңда оған мемлекеттің көмегі ретінде тапсырыс беруші де біреу – әкімдік болатыны атап көрсетілді. Мысалы, Шымкент қаласындағы «Нұрсат», «Асар» мөлтек аудандары салынған кезде негізгі құрал-жабдықтар ¬– телефондық кәріздер мен телефон кабельдері мемлекеттік бюджеттің ақшасына салынды, сол ақшаға тартылды. Құрылыс аяқталды, нысандар пайдалануға берілді, әкімдік қабылдап алды. Енді күнделікті қызмет көрсету қалды. Сол кезде «Қазтелеком» келді-дағы, дайын нысандар мен дайын желілер арқылы халыққа қызмет көрсете бастады. Бірақ... Сол нысандар кімнің балансында? Әкімдіктің. «Қазтелеком» солардың бәрін пайдаланып, пайда тауып отыр. Бірақ, тапқан пайдасымен бөліспейді – әкімдікке бір теңге де бермейді!.. Бейнелеп айтсақ, сіз машина айдай алмайтын көршіңіздің жеңіл көлігімен адам тасып, ақша тауып жүрсіз, бірақ, тапқаныңыздан оған бір тиын татырмайсыз...

Осындай болуы мүмкін бе? Мүмкін емес дейсіз бе? «Бет көрсе, жүз ұялады» деген, күніге көретін көршіңізден дым бермеуге ұялатын шығарсыз, бетіңізді қызыл әлі кетпеген шығар. Ал, «Қазтелеком» бермеуге ұялмайды...

 Тағы да ҚР «Байланыс туралы заңына» көз салайықшы. «Байланыс операторлары шарт негізінде инженерлік инфрақұрылым объектілерін, телекоммуникациялық жабдық пен байланыс желілерін бірлесіп пайдалана алады» (29-бап, 4тармақ, 3-тармақша). Негізгі құрал-жабдықтарды ҚТ АҚ-ның балансына беруге болады, бірақ ол үшін ҚТ АҚ мемлекетке ірі көлемде салық төлеуі тиіс. Бірақ, ҚТ АҚ бюджетінде бұндай қаржы қаралмайды, сондықтан оларды балансына ешқашан алған да емес. Ең бастысы заңда тапсырыс беруші мен объектілерді салу аяқталғаннан және пайдалануға бергеннен кейін байланыс қызметтерін ұсынатын оператордың өзара іс-қимыл тетіктері нақты жазылмаған. Заңның өзі айқын, нақты емес, екіұшты, қалай ұғынып, түсінгің келсе, солай бұра салуға мүмкіндік беріп қойған. Ал, «Қазақтелеком» неге бұндай солқылдақ заңды пайдаланбасын?.. Нәтижеде әкімдік пен оның арасында ешқандай шарт жоқ. «Қазақтелеком» да пайдасымен бөліспеген күйінен таймай келе жатыр... Осы жерде бізде бірнеше сұрақ туып отыр.

 1. Аталған негізгі құрал-жабдықтар Әділет органдарында қалай тіркелген? Ал, олар тіркелуі тиіс және жұмысқа жарамды күйде болуы үшін, біреу оларға қызмет көрсетіп отыруы тиіс. Ол қызметті ҚТ АҚ көрсете алады, тек ол үшін тапсырыс берушімен шарт жасасуы міндетті. Әзірге ҚТ АҚ ол қызметтің бәрін өзінің түрлі ішкі нормативтік құжаттарын бұза отырып көрсетуде. Бұның бәрі ҚР заңнамасына сәйкес келе ме?

 2. КТ АҚ өзіне тиесілі емес, басқа заңды тұлғаларға тиесілі негізгі құрал-жабдықтарды пайдалана отырып ақша табатындығы да ҚР заңнамасына сәйкес келе ме?

 3. Мүлік салығын қай мекеме төлеуі тиіс?

 4. Халықтың ақшасына салынған телекоммуникация нысандарының жергілікті өзін-өзі басқару органдарының аудандық, облыстық мәслихатының шешімінсіз жеке меншік түріндегі ҚТ АҚ-на беріп жіберуі заңға қайшы емес пе?

 5. Тапсырыс берушілерге техникалық шарттарды беріп жүрген өзге де түрлі өзге де телекоммуникация операторларындағы дәл осындай жағдайды кім тексеріп-тергеуге тиіс?

 2. БҰЛ НЕ ДЕГЕН АРАСЫ АСПАН МЕН ЖЕРДЕЙ АЙЫРМАШЫЛЫҚ?

Қазақтелеком АҚ қандай негізге сүйеніп заңды тұлғаларға кең жолақты ID Net интернетке қосылуды ұсынғанда, жеке тұлғаларға арналған тарифтен (100 мбит/с – 6000 теңге) 35 есе артық тарифті белгілейді (100 мбит/с - 209999 теңге )? Сондай-ақ кең жолақты Мегалайн беру кезінде өткізу қабілеті 10 мбит/с деп көрсетеді-дағы, кепілдік берілген өткізу қабілеті 4мбит/с дейді. Яғни, 10 мбит/с кепілдік бере алмайды, бірақ қызметін 10 мбит/с ретінде сатады... Ал, бұл жерде заңды тұлғалар да, жеке тұлғалар да станциялық жабдықта бір порттарға қосылады, орнату тәсілдері, материалдар бойынша шығындары мен пайдалану шығындарының бірінен бірінің ешқандай ерекшелігі жоқ. Егер орнату кезінде материалдар шығыны заңды тұлғалар үшін көп болса, ол үшін бөлек төлем жасалады және ол жұмсалатын нақты шығындарға мүлдем сәйкес келмейді. Бір сөзбен айтқанда, бұл – шағын және орта бизнес (ШОБ) пен мемлекеттік мекемелерді, мектептерді, балабақшаларды және басқа да бюджеттік ұйымдарды, демек, мемлекетті ашық тонау.

Өмірзақ АҚЖІГІТ