«Ақ жол»: Қоғам бейбіт шеруді қасіретке айналдырғандардың кім екенін білуге тиіс
2022 ж. 14 наурыз
920
0
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Бас прокуратура, Ішкі істер, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және басқа да мемлекеттік орган басшылары «қаңтар оқиғасына» қатысты тергеу барысы туралы депутаттар сауалына жауап берді.
Отырыс барысында «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының депутаттық сауалына Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының ауызша жауабы жөнінде» Мәжіліс депутаты, "Ақ жол" фракциясының мүшесі Берік Дүйсенбинов қосымша баяндама жсады.
"Қазақ үні" ақпарат агенттігі баяндаманың толық мәтінін ұсынады.
***
Құрметті Ерлан Жақанұлы!
Құрметті әріптестер!
Биылғы жылдың ақпанында біз, Мәжіліс депутаттары, Алматы және Алматы облысы, Қызылорда мен Семей қалаларындағы «Қаңтар» оқиғасы кезінде ұсталып, тергеу изоляторларына қамалған азаматтармен және олардың туыстарымен, адвокаттарымен жүздестік.
Әсіресе, өсіріп жеткізіп, енді «қызығын көрем» деп отырған балаларынан айырылған, жараланған, оқиғаның алғашқы күндерінде қамауға алынған ұлдарынан хабар ала алмаған аналармен кездесу оңай болған жоқ. Олардың жанайқайын, тіптен қарғыстарын да тыңдап, сабырға шақырып басу айтуға тырыстық. Жеке телефонымды әлеуметтік желіге жариялап, балаларының тағдырына алаңдаған аналар әлі күнге дейін хабарламалар жіберіп, әділдік іздеп бізден үміт күтуде.
Азаматтарды қабылдау кезінде құқық қорғау органдары тарапынан күш қолдану, әсіресе, ұстаған сәтте ұрып-соғу сияқты келеңсіз жағдайлардың болғаны белгілі болды. Әлеуметтік желілерде тарап кеткен азаптау көріністерін баршаңыз көрдіңіздер. Үтікпен тек киім ғана емес, адамды да «үтіктеуге» болатынын ішкі істер органдарының өкілдерінің тергеу «амалдарымен» таныстық.
Сондай-ақ, камераға түскенін сылтауратып, айыпталушының жазасын ауыстыру немесе босату үшін оның туыстарынан белгілі мөлшерде «сыйақы» талап ету үрдісі пайда болып жатқаны да сөз болды.
Президент 11 ақпанда Мәжілістің отырысында сөйлеген сөзінде «еліміз душар болған ауыр қасіреттің себептерін саралап, оның салдарына нақты баға беру – алдымызда тұрған өте маңызды міндет» екенін айта келіп, елдегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, ұсталған адамдардың конституциялық құқықтарын қорғау және тергеу жүргізу барысында әр азаматтың ісін мұқият қарап, әділ шешім қабылдауды тапсырған болатын.
Осы орайда, қоғамдық комиссиялар құрылып, әр істің заңдылығы тексеріліп жатыр. Міне, бүгінде қамалған азаматтарға араша түсіп, үлкен заңгерлік қызмет көрсетіп жүрген Абзал Құспан, Айман Омарова сияқты белгілі заңгерлер арамызда отыр. Олардың атқарған жұмыстарынан хабардар болып отырсыздар. Осы азаматтарға ұстанған азаматтық позициялары, сын сәттегі еңбектері үшін үлкен алғыс білдіргім келеді.
Қазіргі уақытта да бұл мәселе күн тәртібінен әлі түскен жоқ. Ағымдағы жылдың 9 ақпанында «Ақ жол» фракциясының депутаттары мен 9 наурызда Мәжіліс депутатарының атынан Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының атына депутаттық сауалдар жолданған болатын.
Алайда, осы қанды оқиғаны ұйымдастырушылар мен содырлардың кім екені туралы ақпарат әлі де толық емес. Бірақ, қамалғандар мен сотталғандардың, зардап шеккендер мен жәбірленгендердің нақты саны, оларға қатысты жүргізіліп жатқан тергеу амалдары мен қабылданған шешімдер туралы бүгін біраз ақпарат алдық.
Әрине, мұның бәрі оңай шаруа емес. Дегенмен, ел тыныштығын бұзып, бір сәтте дүрбелеңге айналып кеткен оқиғаға қатысты мәселе – халықтың назарында. Барлық жасалып жатқан шаралар мен тергеу амалдарының нәтижесі барынша ашық, шынайы ақпараттандырылып отырса, кұба-құп болар еді.
Бүгінгі өкілетті органдардың Мәжілістегі есебімен «Қаңтардың» барлық мәселелері шешілмейді. Депутаттар көтерілген сұрақтар өзінің әділ шешімін тапқанша қадағалауда ұстайды және сіздерді де ел алдында ашық та шынайы жауап беруге шақырады.
Қоғам бейбіт шеруді қасіретке айналдырғандардың кім екенін, олардың түпкі мақсаттарын білуге тиіс. Бұл оқиғада кімнің «ақ», кімнің «қара» екенін анықтап, жазықсыз жапа шеккендердің өмірілеріне «балта шаппай», босатып, нағыз кінәлілердің аттарын жариялап, оларды қатаң жазаға тарту қажет деп санаймыз.
Президент Қ.Тоқаевтың «Ауырлататын мән-жайлар болмаған жағдайда, «жазаны жеңілдету» шараларын қабылдау қажет» дегенін назарға ала отырып және «Қаңтар» оқиғасының алғы шарттары мен себептерін ескеріп, бүгінде ауыр емес заң бұзушылық жасаған азаматтарға тек Қылмыстық кодекс тұрғысынан емес, адами гуманистік көзқараспен қараған жөн болар.
Қамалғандармен кездесу кезінде біразының көптің буымен еріп кеткен, жұмыссыз, кездейсоқ табыспен «ата-анасына сеп» болсын деп жан бағып жүрген жастар екеніне көзіміз жетті. Қақаған қаңтар айында дүкеннің алдында қалған ескі жазғы бәтіңке осы кедейшіліктің көрінісі емес пе?! Ендеше, осы жастарымызды жұмыспен қамту және олардың өмір сапасын жақсарту үшін, олар өз бақытын алаңнан емес, адал еңбектен, еңбегіне лайық табысынан іздеуі үшін қандай шұғыл шаралар қабылдануда?
Жасыратыны жоқ, бүгінде азаматтарымыз жұмыс, оқу іздеп, туған жерлерін тастап, ірі қалалардың маңайына шоғырлануда. Елорда мен Алматы сияқты қалалардың қасында 40-50 мың халқы бар агломерациялар пайда болуда. Бұл тұрғындардың басым көпшілігі – жастар. Бірақ, бұл үлкен ауылдарда тек жұмыс орны ғана емес, жастар күш-қайратын жұмсайтын, құрбыларымен кездесетін не бір спортзал, не мәдениет үйі жоқ. Бұл ауылдар Астанамызды жұмыс күшімен, ауылшаруашылық тауарларымен қамтамасыз етіп, азық түлік қауіпсіздік белдеуі болудың орнына қауіпті геттоға айналуда. Осы мәселеге байланысты бірнеше депутаттық сауал да жолдағанбыз.
Жастарды сапалы жұмыспен қамту жергілікті әкімдердің қызмет көрсеткіштерінің негізгі критериіне айналуы керек. Жұмысы жоқ, әркімге бір жалтақтап қолдау таппаған, жігері жасыған әлеуметтік жағдайы жоқ жастардан біз не күтеміз?! Ал егер бүгін бәріміз куә болып отырған Украина сияқты ел басына күн туса, біз осындай жастарды қалай ел қорғауға шақырамыз? Қорыта айтқанда, біз жастарымызға араша түсе отырып, еліміздегі жастар мәселесін кешенді түрде қолға алатын кез келді деп санаймыз.
Құрметті құқық қорғау органдарының өкілдері!
Бүгінгі Наурыз айының «Амал» күндері осы залда көрісіп отырғанымызда да ерекше мағына бар деп есептеймін. «Тентегін тезге ел болып салып», түзеп алатын ел емеспіз бе?!
«Қаңтар» оқиғасын әділ саралап, елдің алдында осы оқиғалардың ақ-қарасын ашып беру сіздер мен біздердің кәсіби міндетіміз деп санаймын.
Алдымызда ауыр да күрделі істер мен шешімдер тұр, әділдік баршаңызға серік болсын!